Түркістанда жер алынудың қысқаша тарихы

Түркістанда жер алынудың қысқаша тарихы
1. Əскери отаршылдығы
Патша хүкіметі Түркістан топырағына аяқ басқаннан бастап Түркістаннан жер алу жұмысына кірісті. Мұның екі түрлі мəнісі бар еді.
Біріншісі, патша хүкіметі Түркістанды аттың күші, найзаның ұшымен қан төгіп, бағындырып алды. Түркістанның екі мұсылман жері Орта Азиядағы мұсылман мемлекеттері һəм күн шығыста Қытай мемлекетімен шектес. Сонымен, Түркістан кіндік Россияның оңтүстік-күншығыс жағындағы оқшау жатқан бір шет аймағы болды. Білектің жуандығымен бағындырған Түркістан жергілікті халықтарына сенбеді. Бұл сенбестік орынсыз да емес еді. Жердің шалғайлығы, күшпен төбелеп қаратып алғандық. Түркістан топырағында орыс бəлесінің аздығы. Сондықтан, хүкімет жергілікті халықтар хүкіметке қарсы бас көтереді деген ойдан шықпады. Егер де орыс хүкіметіне қарсы жергілікті халықтар жанжал шығара қалса, Азия бойын бермей, Россия уысынан шығып кетіп қалса, жоқ жерде əбігершілік шығарып, хүкіметті забитаға ұшырата ма деген қауіп еді жəне ол заманда Түркістанда темір жол жоқ. Жанжал шыға қалса, жуырда ішкі Россиядан əскер жеткізуі де оңай емес еді.
Сондықтан, патша хүкіметі Түркістанды уыстан шығармай, жергілікті халықтар қылық етіп, бас көтерсе төбесінен тоқпақтау үшін хүкіметке Түркістан топырағында сенімді əскер ұстауға тура келді.
Мінекей, алдымен Түркістанға ала келген əскер солдаттарынан əр жерге қала қылып, орналастыра бастады. Бұлар жаңа қосынға алаңсыз түпкілікті орналасулары үшін хүкімет олардың қатын-балаларын да алдырды.
Осы ретпен Түркістан алынудан бастап, Түркістанның əр жерінде орыс (қазақ-орыс) қалалары пайда болды. Əскер бірте-бірте ілгері қарай жылжып, Түркістан жерін алған сайын сол келе жатқан жол бойында əскер тұратын орындар түзеліп отырды. Соңынан, Түркістан тегіс Россия қолына кіріп болғанда ғана басында əскери орны болған жерлердің бір парасы орыс қалаларына, қалғандары ауылдарына айналып кетті.
Осы күні Түркістанға қарайтын жерге орыс баласының бірінші аяқ басқаны 1831 жыл. Сол жылы Жетісу облысы Шұбар ағаш (Лепсі) уезі еді. 1831 жылы Семейден шыққан Аягөз өзенінің бойында тоқтап, сол жерге əскер тұратын орын салды. Ол орын осы күнгі Аягөз (Сергипополь) қаласы.
Орыс əскері ілгері жылжыған сайын жүрген жол бойына казак-орыс қызыл үйлерін (бекеттерін) түзеп отырды. Ондағы мақсат: алған жерлерді сақтау, артындағы жортуыл басшыларымен ат салысып тұру.
Осы күнгі Жетісу облысының Семей жақ шетінен бастап, 1853 жылға шейін Сырдария облысына келген жол бойына тізілдіріп əскер қызыл үйлерін түзеп отырды. 1846 жылы Талдықорған (бұрынғы Қапал) қаласы, 1854 жылы «Алматы қамалы» салынды. 1862-1864 жылдарда Пішпек, Тоқмақ қалалары да алынды. Сол жылдарда Əулие-ата, Шымкент қалалары да алынды.
1868 жылы Пішпек уезінің оңтүстік жағымен Қарақұл (бұрынғы Прежевал) уездері, қырғыздың Алатауы алынды.
1871 жылы Іле уезінің алабы алынды.
Міне, сонымен осы күнгі Түркістандағы қазақ-қырғыз аудандарын бірте-бірте алып, Орта Азияға аяқ салып орыс хүкіметі қамаулар салып, күшін жинап туын тігіп, орныға бастады.
Жоғарыда айтып өттік. Қан төгіп, қара күшпен Түркістан жерін орыс хүкіметі өзіне қарата бастаған. Бір жағынан іргелес Қытай мемлекеті орыстың жаңа қонысына көз алартпас, екінші жағынан жаңа ғана бағындырған жергілікті халықтарды айдап өргізіп, өріп-жусату, бұлардың арасында өзінің заң түрлі тəртіптерін жүргізуге орыс хүкіметіне Түркістан топырағында əскер ұстауға тура келді деп 1847 жылы Жетісуға Семей арқылы Сібірден келген «Сібір қазақ – орыстарына» «Жетісу қазақорыстары» деп азан шақырып ат қойды. Оларды Жетісу топырағына түпкілікті отырықшы қылып орналастырды.
1847 жылдан 1868 жылға шейін – 20 жылдың ішінде Жетісуда 14 қазақорыс қаласы, 5 мыңдай жаны бар пайда болды. Мұнан кейінгі жылдарда қазақ-орыс қалалары да, олардың жаны да, жерлері де көбейіп кетті.
Россияда қазақ-орыс тобы патша хүкіметінің сүйеніші, тіреуі болған хүкімет оларға неше түрлі жеңілдіктер, басқа қаражатынан оларды өзгеше қылып ұстады. Бұрынғы жер-суың аз еді дегендей, 1914 жылы олар пайдасына тағы да қазақ-қырғыз халқының жерлерінен жер алып беру үшін заң шығарды. Бұл заң бойынша, қазақ-орыстардың пайдасындағы жер мөлшері мынадай болмақшы еді. Əр еркекке жақсы жер-судан 30 десятинадан, шіркеуі үшін 300 десятинадан. Егер де орта есеппен əрбір қазақ – орыстардың үй басына 3-тен 4-ке шейін еркек жаны бар десек, үй басы 90-нан 120 десятинаға шейін жері болмақшы. Осы есеппен Жетісу қазақ-орыстары пайдасына жаңадан 345 мың десятина жер алынбақшы еді.
Бұл заңды жүзеге шығармаққа жұмысқа да кірісе басталған еді. Сызық жүргізіп, шек тартудан басқа тиісті жұмыстары бейнетіне қалған еді. Енді сызық жүргізіп, жерді кеспекші болып жатқанда 1917 жылғы үлкен өзгеріс сап ете түсіп, жұмысы тоқтап қалып, ана 345 мың десятина жер алынбай қалды.
«Қайтсын, алса да байғұс, атын атап алды ғой» дегендей, қазақ-қырғыз жерлеріне алуға көне хүкімет жол-жөн таба берді. Əрбір қара орыстың үй басына 90-120 десятинадан жер беріп, жарылқаудан басқа да қазаққырғыз жеріне ие болушылар табыла берді.
Əскері һəм хүкімет қызметінен белгілі уақыты толып, қызметтен шығып, үйде жантайып жатып, ас ішетін əскербасы төрелерге хүкімет өлгенінше айлап, жылдап беріп тұратын жəрдемі (пенсия) дейтіні болатын.
Бұл жəрдемдер хүкімет тарапынан көбінесе ақшалай берілетін. Патша хүкіметі Жетісуда ондай жəрдемге «ақша шығын қылмай-ақ», баяғы «тегін жатқан» қазақ-қырғыз жерін беретін еді.
1915 жылғы санақ (статистика) мағлұматына қарағанда, қазақ-қырғыз жұртынан Жетісу қазақ-орыстар пайдасына 667.157 десятина жер алынған екен.
Басында əскер жүретін, жол бойына таяқ тастам қылып тізілдіріп салған қызыл үйлер, казак-орыс ауылдары бертін келген соң бір сыпырасы қалаларға айналып кетті. Бұл қалаларда тұрушылардың бір парасының (мещандар), қала халқы бола тұрып егістік, мал жайылымдық, шабындық жерлері болды. Жетісуда осындай қалалардың жерлерінің шамасы 36,947 десятинадай. Түркістан топырағындағы басқа орыс қалаларының Жетісудағыдай емес жерлері жоқ.

1. Келімсектер отаршылдығы
Жоғарыда қысқаша əскер отаршылдығын айттық. Яғни, патша хүкіметінің Түркістанда отаршылдық саясатының бірінші дəуірін, енді, келімсектер отаршылдығы, яғни, патша хүкіметінің Түркістандағы отаршылдық саясатының екінші дəуіріне келелік.
Түркістанға іштен қара шекпенділерді алып келіп, оларға қазаққырғыз халқының іске татар, тəуір жер-суын алып орналастырудың екі түрлі себебі бар:
1. Ішкі Россияда жерсіз, жері аз қарашекпенділер көп. Онда жердің көбі маңыздысы байлар, ақсүйектер қолында, жерсіз, жері аз қарашекпенділер ана байлар жеріне көз алартты, аламыз деп дəме қылды.
Соның үшін жерсіздерді Россияның Түркістан сияқты шет аймақтарына жіберіп, көзден таса қылу.
2. Хүкімет бұл ниетті, сырды жұртқа екінші түрде көрсетпекші болды. Шет аймақтарда жер көп. Ондағы жергілікті жұрттар еңбек сіңіріп, жерде жатқан тегін алтынды тауып, мемлекет байлығын асыра алмады. Ішкі Россиядағы қарашекпенділер жерді жыртып, жергілікті «жобасын» халықтарға үлгі, өнеге көрсетеді деп сылтау қылды.
Түркістан, Қазақстандағы тіршіліктің негізі – мал шаруа болған. Қазақ-қырғыз ертеде алапты қыстау, ойпаңды күзеу, төскейді жайлау қылып, «көшерімді жел, қонарымды сай білсін» деп жүрген дəуірлері бар еді. Неше ғасырлардан бері ата-бабасынан бері қарай өсіп-өніп, кір жуып, кіндік кескен, іркіп ішіп, шайқап төгіп жүрген, асқар тау, айдын шалқар көл, мөлдір сулы өзен, бетегелі биік бел, нулы тоғай, тамылжыған қонысында төрт түлік мал айдап, май шайқап жүрген қазақ-қырғыздың күні болған. Оның бер жағында, оянса өңінде, ұйықтаса түсінде көрмеген жаңа жұрт. Жаңа көрші пайда болды. Ит арқасы қияннан келіп 2030 жылдың ішінде құдайдан соңғы қожа өзім деп жүрген қоныстың ортасынан ойып олар орын алды, қала салды. Жердің бетін айғыз-айғыз қылды. Тіршіліктің текпісінде, өмірдің соқпағында жаңа келген жұртпен тағдыры байланды.
Бұл жұрт қайдан қазақ-қырғыз ортасына қалай, неге келді? Мұны білетіндер де бар шығар. Сонда да жалпақ жұрттың барлығы тегіс біледі деп айтуға болмайды. Соның үшін қазақ-қырғыз даласына келген қарашекпенділердің жайынан олардың басынан кешірген түрлі ауыр халдеріндің жайынан, бұл жаққа келуінің себептерін қысқаша жазып отыруды ылайық көреміз.
Орыс патшалығының Европадағы, оның ішінде əсіресе, оңтүстік пен оңтүстік күн шығыс жағындағы жерлері жақсы егістік.
Россия мемлекетінің негізгі шаруасы ауыл шаруа яғни, диханшылық. Халқының көпшілігі де егінмен тіршілік қылатын қара шекпендер, сандары жүзден 85.
1861 жылға шейін ішкі Россияда жердің көбі, маңыздысы патша хүкіметінің тіреуі болған патшаның өзінен, тұқымынан бастап, ақсүйек, аруақ қонып, нар шөккен шынжар қатар жуан тұқым, төрелер, алпауыттар, байлар, жуан жұдырықтар қолдарында болатын. Россия халықының көпшілігі болған қара шекпендердің жастары байлаулы, аналардың құлақ кесті құлдары болатын. Қара шекпендердің басында ерік жоқ, қожаларының мүлкі болып саналып, сатса да, шапса да, өлтірсе де, тірілтсе де, итке, құсқа айырбастаса да ерікті еді.
Қара шекпендердің ері құл, қатыны күң болып, байлардың жерін айдап, жұмысын істеп, табан ақы, маңдай терімен табылған пайда байлардың кеңірдегіне түсетін. Қарашекпендер еңбегіне аштан өлмей, көштен қалмайтын азық-түлік ғана алатын.
Қарашекпендер байларға құл болып жүргенде, көрмеген қорлық, ұрлық, жемеген азап, тартпаған қасіреті жоқ. Орыс қара шекпендерінің құлдық заманы орыс жұртының тарихында ең қараңғы дəуір. Бұл турасында уақытында орыс халқының өз арасында жазылған қорлық кітаптар да көп.
Адам баласының адамшылық сезімін сыртқа теуіп шықпай, көрген қорлық, зорлығы елеусіз ешуақытта өнбекші емес. Бұл табиғаттың жалпы заңы.
Россия байлары қара шекпендерді тіске жұмсақ, тілге тəтті хайуан есебінде ұстаса да, өздерінің байлар сияқты бір басты, екі аяқты адам екендіктерін көрсетіп жүрген байларға қарсы талай бас көтерген. Жанжал шығарған, қан төккен. Жалпы жұрттың надандығы, əсіресе, əскер қызметінде жүрген сол қара шекпендердің балалары надандық арқасында патша хүкіметіне тілсіз құрал болып азаттыққа, бостандыққа, теңдікке ұмтылған қара шекпендерді қынадай қырған, қандарын селдей ағызған, күлін көкке ұшырып басатын.
ХVІІІ – ғасырдың аяғында ХІХ ғасырдың басында құлдықта жүрген қарашекпендердің ауыр халдері орыстың ақсүйек – адалниет, елін – жұртын сүйетін, ұлтшыл азаматтарын ойға қалдырады. Бұл кемшілікті, масқарашылықты жоғалту керек. Қара шекпенділерді «азат» қылу керек деген орыс майданға шығады. Оқыған зиялылар арасында пікір жүзінде үлкен қозғалыс басталады.
Бір жағынан заманның ағымы. Тіршіліктің тепкісі, жұрттың талқысы. Екінші жағынан қарашекпендер кескекті болса да, арсылдап хүкіметтің тақымынан алуды қоймай, шыдатпайды. Ақырында, патша Александр ІІ 19 февральда 1861 жылы «Россияда құлдық жоқ, қарашекпендер азат» деген Жарлық шығарды.
Бірақ, қарашекпендер «азат» болғанмен, төрт құбыласы сай болып, қой үстінде бозторғай жұмыртқалай қоймады. Дүниеге келген адам баласының тұрмысында тесік тамақ текпісі күшті. Тесік тамақты бітеу үшін түрлі қаражат, түрлі əрекет керек. Осылар арқылы адамдар баласы дүниеде тұрмыс үшін тіршілік майданына белсеніп түседі.
Александр қарашекпендерге «азатсың» деген құр қағаз бетіндегі қуарған қу сөзден басқа «азат» болған қарашекпендерге еш нəрсе бермеді.
Азат болған қарашекпендерге өз бетімен тіршілік қылу үшін егістік жер, ол жерді жыртатын көлік, аспап, сайман керек. Азат қылғанда, қарашекпендердің бір парасына ғана аздап жер берілді. Көбіне жер де берілмеді. Аспап, сайман, көлік бұлай тұрсын.
Қарашекпендерді құл кезінде асырау қожаларының міндеті еді. «Азатсың» деген Жарлықтан кейін байлар енді бастарың бос, «біздің жұмысымыз жоқ» деген күйге түсті. Барар жер, басар тау жоқ, дəмдес, тұздас болып едік ғой, бізді өлтірмессің деп қарашекпенді жалынтты, жалбартты. «Сен маған басқа да керегің жоқ еді, қайтейін, сені тал түбіне аштан өлтірейін бе? Қайтадан бұрынғы орныңа бара ғой» деген болып, байлар бұрынғыдан жаман қарашекпеннің қанын соратын жолға түсті. Байлар енді, қарашекпендерді құл күнінде тамақ, киім беруге міндетті болса, енді ол міндеттен құтылып, өзінің мейірімділігімен ғана қарашекпендерді алып отырған болды. Қайтадан байларды паналаған қарашекпендердің күні бұрынғыдан да жаман болды. Өз алдына тіршілік қылмақшы болған талапты қарашекпендер байлардан жер, көлік, аспап жалдап алып бақытын сынады. Бірақ жалдап алған жер, аспаптың шарттары ауыр болып, талаптының таудай жігері құм болып, ілгері басқан аяқ кейін кетіп, шаруасы оңала алмады.
Уақытында байларға жалақыларын төлей алмай кешіккенге байлар өсімді жалғап сала берді. Сонымен, байлар малын балалап өсіруде, қарашекпендер борышқа белшеден батып шырмала берді.
Азат болған қарашекпенділердің екінші бір парасы құлақтары салбырап, қайтадан «мені қайтсін» деп байларына бармады. «Бадырақ көз, сенен мен, менен сен аулақ» дегенді сарғайтып келген «бостандық», «азаттық» екпіні қатты, толқыны күшті болды. Құлдық қорлық маңдайына тиген сорлылар кіндік кесіп, кір жуған, қайғы-қасірет тартқан жерді тастап, «бостандық», «ерік» іздеп балапан басына, тұрымтай тұсына жөнелді, жөңкілді.
Сондағы қарашекпендердің бет алып жөнелген жақтары Россия патшалығының «бұратаналар» тұратын шет аймақтары: Орал тауынан аса Сібір, Қазақстан, Кавказ тауы болды.
Сонымен, мұнан 60 жыл бұрын ішкі Россиядан шет аймақтарға қарай азат болған қарашекпендердің «бостаншылық», «кең орын», «кең қоныс» іздеген қозғалыс дəуірі басталды.
Бұл дəуірдің бастапқы 30-40 жылдарында іштен қарашекпенділердің көшуі аса күшті болмады.
Оның себебін жоғарыда айттық. Азатықтан бұрын қарашекпендер байлардың жұмысшысы ақысыз, пұлсыз бар шаруаларын істейтін еді деп қарашекпендер құлдықтан құтылған соң, өз алдарына түтін түтетіп, тіршілік қылу қамына кірісіп, «бостандық», «кең қоныс», «еркін тіршілік» іздеп əр жаққа көше бастады. Бұлар көтеріле кетсе, онда байларға тіске жұмсақ, тілге тəтті жалшылардың табылуы оңай емес. Сондықтан, байлар қарашекпендердің беріле ауып кетуіне қарсы болды.
Үкіметке қарашекпендердің көшуіне неше түрлі бөгет, заң тəртіптер шығартты.
Қанша заң, тəртіп шығарғанмен, іштен қарашекпендердің көшуі аз да болса үзілмеді. Хүкіметтің рұхсатымен, онан рұхсатсыз, өз беттерімен жалпы құлдықтан құтылған қарашекпендерді көшірмейтін заң тəртіптері болса, хүкіметке де рұхсат беріп, қарашекпендерді көшіруін үзбеді. Мұның мəнісі мынау: «Россия патшалығы орыс үшін ғана» деген патша Александр үшінші айтқандай, патша хүкіметі тұтынған саясаттың бір негізі «Россия мемлекетіне қарайтын түрлі бұратана халықтарды орыс қылу, орысқа айналдыру болатын. Олардың (бұратаналар) тілін, дінін, елдігін жойып, орыс «ұлығы Россия» біргелкі ғана жұрттан болуы тиіс деген пікір көне хүкімет заманында өшпеген. Оны жүзеге шығаруға керекті түрлі шаралар да істелген. Ішкі Россияда «бұратаналар» арасында, бұл мақсаттың жүзеге шыққан орындары да болды. Мысалы, шоқынған ноғайлар, мешерлер, мардуалар…
Сондағысы, көздеген мақсаты – шет аймақтарда жүзеге шығармаққа патша хүкіметінің қолданған «керекті шараларының» бірі іштен қарашекпендерді көшіріп, орналастыру еді.
1905-1906 жылдардағы халықтың хүкіметке қарсы қозғалысын басып, 1907 жылы 3 июнь заңы бойынша, іш министрі, аты шулы Столыпин таққа мініп, «Шолақ Дума» ашып, хүкімет шымылдық қылып, бетіне ұстап, халыққа «өксіген арманың» беріліп отыр деген қылып, хүкімет мемлекет тізгінін тағы жиып алды. Россияны тағы қара бұлт басты, 1910 жылдан кейін патша хүкіметі қол-аяғын бауырына алған соң, елді айдап, өргізіп, иіріп жусататын болды.
1912 жылы орыс хүкіметінің бас мекемесі (святейший Синод) Россияның шет аймақтарындағы бұратаналардың жерлерін алып, ол жерлерге қарашекпендерді көшіріп, орналастыратын бас мекемесіне (Переселенческой управлениеге) құпия хат жазды. Мұнан былай шет аймақтарға бұратаналар жерін алып, ол жерлерге қарашекпендерді орналастырғанда бұратаналардың арасына орыс балаларын араластырып отырғызу тиіс. Түбінде орыс қарашекпендер орналасып болғанда бір бұратанаға екі орыс келетін болсын. Осы жағын өте ескеру керек деп.(*)
Бұл құпия хатты қолға түсіріп, жұртқа жария қылушы киіз туырлықты қазақ-қырғыз халқына аты таныс, ісі қанық ардақты Əлихан Бөкейхан баласы. Бұл кісі жоғарыдағы хатты қолға түсіргеннен кейін Дума арқылы хүкіметке, бұл рас па, рас болса, мұның не деген сауал бергізіп, мезгілінде орыс газеттеріне, Орынборда шығатын «Қазақ» газетіне басқан. Əрине, сауал жауапсыз қалды.
Түркістан топырағында қарашекпендердің бірінші аяқ басып кіруі 1868 жылдарда басталды.
Басында келген қарашекпендердің көбі «өз беттерімен жер іздеушілер» болды. Келімсектер ішінде қарама хүкімет рұхсатымен көшіп келгендер де болды.
Түркістанға келген қарашекпендер берсе қолынан, бермесе жолынан жергілікті халықтардың пайдаланып, тіршілік қылып отырған жерлерінің жақсысына орналаса бастады. Жерден айрылған ел хүкіметке келімсектердің істеп жатқан зорлық-зомбылғын айтты. Бірақ, тыңдаусыз болды.
Патша хүкіметі Түркістанды орыс баласы қан төгіп бағындырған соғыста түскен «олжа» деген пікірмен жергілікті жұрттың мұң-мұқтажына құлақ салмады.
«Азаттықтан» соң «бостандық», «кең қоныс» іздеп өз беттерімен шет аймақтарға қарай жөнелген қарашекпендер болмаса, іште ұлтарақтай жері, төбесінде күркесі бар қарашекпендер тұрған жерлерін тастап еш жаққа қаңғымады.
Сондықтан, хүкімет шет аймақтарға қарашекпендерді көшіргісі келгенде, оларды алдап-арбайтын орындары да болған. Көшуге қызықтыру үшін қарашекпендерге түрлі жəрдем, жеңілдіктер беретін еді. Мысалы, Жетісу облысына келген қарашекпендерге үй ішіндегі еркек жан басына 30 десятинадан қолайлы жер берді (соңынан қарашекпендер көбейіп кеткен соң, ер басына берілген 30 десятина жерді 10 десятинаға шейін кемітті). Əртүрлі мемлекеттің міндетті қызметтерінен, салықтарынан 15 жылға азат қылды, Түркістанның жергілікті халықтарының қатарында келімсектердің келгенде жасы 15ке толмаған балаларынан бастап, келесі уақытқа əскер қызметінен азат қылды.
Түркістанға келген келімсектер егін шашатын сулы жерлерге орналасып, оның үстіне, хүкімет тарапынан түрлі жеңілдіктер көрсетілгендіктен тіршіліктері аз уақыттың ішінде оңала бастады. Бұл хабар іштегі қалған көршілес қарашекпендерге жетіп, басында орнын қимай көшуге самарқау болғандарды желіктірді. Іштен шет аймақтарға көшуші қарашекпендер көбейе бастады. Оның ішінде Түркістанға да.
Түркістанға келімсектер екі жолмен ағылды: 1) Сібірден Семей облысы арқылы Жетісу, Сырдария облыстарына, 2) Самар, Орынбор арқылы Сырдария, Самарқанд, Ферғана облыстарына.
Келген келімсектердің хүкімет көшіргенінен өз беттерімен келушілері көп болды. Көшіп келіп қалғандардың көбі жергілікті жұрттардың жерлерінің жақсысына өз беттерімен орналасып орын тебе бастады. Шаң жермен оңай емес: жергілікті халықтар мен келімсектер арасы жаманға айналды. Ұрыс-төбелес, қан төгістер басталды. Ойламаған жерде хүкіметке жұмыс шығып қалды: қандай да болса келіп қалғандарды орналастырып, келімсектер мен жергілікті халықтардың арасын реттеу, уақытша болса да жаңадан келімсектер келтіруді тоқтату керек болды.
Келімсектердің төнігіп орнай бастаған орны – Жетісу облысы болды. Сондықтан, хүкімет жұмысын Жетісудан бастады. Соның үшін 1905 жылы Жетісуда келімсектерді орналастыратын жер өлшеушілер партиялары түзілді. 1906 жылы ол партиялар аудандық келімсектер орналастыратын мекемеге айналдырылды (районное переселенческое управление). Бұл мекеменің жұмысы келіп қалған келімсектерді орналастыру жергілікті жұрттан қанша жер – су алуға болады? Ол алынған жерлерге орын қанша қарашекпендер алып келіп орналастыруға болады?
Өз беттерімен келген келімсектер жалғыз Жетісу облысы емес, Сырдария, Ферғана облыстарына да аяқ салды.
1906-1907 жылдарда іштен шет аймақтарға қарай қарашекпендердің көшуінің екінші дəуірі басталды. Мұның себебі: 1905-1906 жылдарда Россияда патша хүкіметіне қарсы қозғалыс болды. Ол қозғалыста көбінесе қолға «Қызыл ту, ауызда жерлерін» деген ұранмен майданға іштегі жерсіз, жері аз қарашекпендер түсті.
Ол қозғалыста патша хүкіметі тəлтіректеп барып, аман қалып, есін жиып алуымен мына қызыл көзді пəлелерді: қарашекпендерді орналастыру, тынышыту керек екен деген пікірге мінді. Оларды разы қылу үшін алдымен тіршілік қылатын жер беру керек, іштегі байлардың жерлерін оларға алып, үлестіріп бере алмады. Оның орнына оларды ит арқасы қияндағы, шет аймақтарға айдады: Сібір, Қазақстан, Түркістан, Кавказдағы «Қазына жерлеріне».
Төрт жүз үй орналасты. Сонымен, 1910 жылдан бастап Түркістанда оның ішінде қазақ-қырғыздың ауданында (Жетісу, Сырдария, Ферғана облыстарында) келімсектер үшін жердің көбі алынып, отаршылдық саясатының ең күшті уақыты еді.
1913 жылдан кейін отаршылдық екпіні басылып, жер алыну саясаты алынғандай болды. Жер алынбағанмен, келімсектерді орналастыратын мекеме қарап отырмады. Келіп қалғандардың түпкілікті орналасып болмағандарын жайластырумен болды.
1913 жылдан соң Түркістанда жер алынудың себебі болғандығының екі түрлі мəнісі бар еді: 1) Түркістанда іске татар келімсектер тіршілік қылатын жерлердің алынып болғандығы. 2) 1914 жылы басталған сұрапылды Европа соғысы.
Жаңадан келімсектер орналастыру үшін патша хүкіметі жаңадан жер, су ауыр жұмысын ойлап, хаттагей бір орындарда жұмысқа да кірісіп еді. Бірақ, соғыс ашылған соң, ондай жұмыс жүргізбек түгіл, байтал түгіл, бас қайғы деген күйге ұшырап, жұмысты тоқтатты.
(Қысқартылып басылды) М. Шағырша, Ташкент

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *