ТҮЗЕТКЕН ЖЕР ҺӘМ ЕГІН — ПІШЕН, СУҒАРАТҰҒЫН СУЛАР ТУРАЛЫ

ТҮЗЕТКЕН ЖЕР ҺӘМ ЕГІН — ПІШЕН, СУҒАРАТҰҒЫН СУЛАР ТУРАЛЫ
Бір бос жерді біреу түзетіп ағаш ексе, егін салса, яки шоп шығарып, пішендік қылса, сол кісі ие болады. Және ұлықтар тыймаған бір сусыз жерден құдық қазып, су шығарса, торт жағынан да қырық кездей жерге ие болады. Егерде бұлақ ағызса, бес жүз кездей жерге ие болады. Және ыдысқа құюлы су болмаса, әрбір судан, адамдардың үлес еншісі бар ағын өзен суынын арың алып, егін салуға, пішендік суғаруға әркім-ақ ерікті болады. Бірақ ондай қылғанда өзге біреулерге зиян болатұғын болса, олардан рұқсатсыз қазбайды. Мәселен, басқылар арың алса, төменгілерге зиян болатын болса, онда арың қазбайды һәм ұлықтар қаздырмайды. Ондай көп халықтың үстінен өтіп ағатұғын өзеннен әуелі аяқтағылар пайдаланып, содан жоғары қарай пайдаланады. Мұндай суға сен коп, мен аз алдым деп дауласса, егіндік пішендіктің көптігіне қарай су бөліп алады. Жоғарыларға төменгілер суды байлатпаса, ерікті болады, бірақ разыласып өз үлесін алса, төмендегілерге зиян болмаса, сонда ғана алады. Және көптен рұқсатсыз ешкім ондай өзен судың арасын кеңітіп, яки тарылтып өзгертуге жол жоқ.
Біреу бір нәрсенің майына, яки пайдаланғанына ақы алса, оны кітапта ижәра дейді. Мұндайларды көбінесе күн кесіп анықтау керек. Бір жыл, яки бір ай, яки бір күн деген сықылды, бірақ жер менен салулы үйге, қораға үш жылдан артыққа жалдаған дұрыс емес. Және кейбір нәрселер болады — анықтап атамаса болмайды. Мәселен, мына нәрсені пәлендей киім қылып тік деген сықылды. Ондай жалдаған нәрсені басында ақыңды тұрып беремін демесе, бітіріп болмай ақы ала алмайды. Бірақ айтқанындай болған соң, ақы бермей кете алмайды. Егерде жалдағаны пәтер үй болса, босатып берген соң кірмей тұрса да, ақы аламын десе алады. Және киім тік кірніш құйып бер һәм нан салып бер деген сықылдылар бітіріп берген соң ақы алады. Егерде біреуге өзің істеп бер, өзгеге істетпе деп бір нәрсе берсе, оны өзге біреуге істетіп бүлінсе, яки жоғалса төлемейді. Біреуге пәлен жердегі пәлендей пұт нәрсені, яки пәлендей кісілерді жеткіз десе, ол барғанша ол нәрсенің, яки кісінің жартысы, яки біразы жоғалса, қалғанын алып келсе, жалданған ақысы пұт басына, яки кісі басына неден келсе, алып келгеніне есептеп ақы алады. Жоқ болғаны үшін ақы алмайды. Егерде біреу бір хатты, яки азықты пәлен шаһардағы, яки ауылдағы кісіге тапсыр деп жалдаса, ол кісі барып тапсыр деген кісі өліп қалып, яки кетіп қалған соң тапсыра алмай қайта алып келсе, ол туралы ешбір ақы алмайды.

 

Ш.Құдайбердіұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *