ТАЛАҚ ҚЫЛМАҚ ТУРАЛЫ
Байы талақ қылдым деген қатын босайды. Бірақ үш хайыз өтпей тұрып байы қайта алдым десе, қатында ерік жоқ. Егерде ғиддәті өткен соң қайта аламын десе, онда қатын разы болса алады. Егерде үш талақ деген болса, онда ғиддәтін толтырып, басқа біреуге некеленіп, одан талақ болып, оның да ғиддәтін өткізіп, сонан соң басқа байы алса болады. Біреу қатын қосылмай тұрып һәм қалыңмал атамай тұрып талақ қылса — киерлік киім береді. Халіне қарай — бай болса байша, кедей болса кедейше. Талақ қылғанда бір хайыздан тазарған кезде талақ қылмақ дұрыс қылмай тұрып. Егерде біреу қол ұстаған соң яки оңаша жолыққан соң талақ қылса, ол қатыннан қалыңмалын қайырып алмайды һәм еш нәрсе жесірім кетті деп алғаны дұрыс болмайды. Аятта: «уа ла йахиллу лакум ан тағху-зау мимма атайтумуһунна шайған» — деген, мағынасы: адал емес сіздерге талақ қылған қатыннан еш мал алуға деген. Бірақ ерлі-қатын екеуі разыласып ұнасса, шариғат жолын орнына келтіре алмайтұғын болдың. Қатын біраз мал берсе босасын десе, сонда мал алуға болады. Мұны кітапта халағ дейді. Бұл туралы аятта айтқан: «фәин хиф-тум әлла иуцима худудал-лаһи фала жунаха галайһима фима афтадей биһи» — мағынасы: егерде қауіп қылсаңдар Алла тағаланың бұйырған орнына келтіре алмаймыз деп — сонда разыласып айырылғандағы малды алу дұрыс деген. Егерде біреу қол ұстамай, яки оңаша жолықпай тұрып қатынын талақ қылса, онда қалыңмалдың жартысы қатынға тиеді. Аятта: «уа ин таллацтумуһуна мин қабли аң тамас-суһунна уа қад фарадтум лаһунна фаридатан фа нисфу ма фарадтум» — мағынасы: егер талақ қылсаңыз, қосылмай тұрып қалыңмал атаған болсаңыз, соның жартысын бересіз қатынға деген. Талақ қылынған қатынға ғиддәті өткенше отырар үй, киім, тамақ беріп тұру байына міндет. Ғиддәті өткенше байы өліп қалса, мирасқорларға міндет. Аятта: «уа лил-муталлақати мата ғұн бил-мағруфи» — мағынасы: талақ қылған қатындары пайдаландырмақ, яғни үй, киім, тамақ бермек керек ғиддәті өткенше деген. Талақ болған қатын, яки байы өлген қатын ғиддәті өтпей тұрып байға тие алмайды.
Ш.Құдайбердіұлы