Серәлі ҚОЖАМҚҰЛОВ
ДҰРЫС АЙТЫЛFАН СӨЗ
Талантты қастерлеу — өнерді, өнер тарихын қадірлеу.
Халық талант қадірін ұмытпайды.
Редакцияға хат жазып, тініш білдіріп отырған Б. Айтжанов жолдас дұрыс айтады. Әнші Әміре, оның орындау шеберлігі жайлы бұрыннан-ақ белгілі болса да, әсіресе, оның өз дауысы табылғаннан кейін жұрт ықыласы бұрынғыдан да арта түсті. Ол жөнінде талай өнер адамдары пікір білдіріп бағалады. Республикамыздың белгілі азаматтары Әлкей Марғұлан, Сапарғали Бегалин, Жүсіпбек Елебеков, тағы басқалардың Әміре өнері жайлы ойлары құнды. Бұл тек бір адам ғана емес, бүкіл әншілік дәстүрімізге де қатысты пікірлер. Жуықта
«Әміре» атты салмақты зерттеу кітабы жарық көрген өнер зерттеуші Жарқын Шәкәрімовтың да әнші дауысын тауып, насихаттаудағы еңбегі үлкен. Мұның бәрі көңілге қуаныш ұялататын жақсы жай, жарысымды лебіздер.
Ал, енді «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясына түскен жоғарыдағы автор хатына орай өз ойымды ортаға салғаным жөн болар. Әуелгі сауал күйтабақ жөнінде екен. Күйтабақ осы Жарқынның ұйымдастыруымен бір рет шығарылды ғой. Ұмытпасам, 1975 жылы болатын. Онда Әміренің замандастарының естелігі және «Балқадиша», «Жалғыз арша», «Бесқарагер», «Дударай», «Ағашаяқ», «Үш дос», «Смет» әндері орындалады. Бұл біз үшін аз олжа емес. Осы әндер арқылы Әміре даусын тануға да, ән айту мәнерін аңғаруға да әбден болады. Әлгі «Әміренің тоқсан жылдығы алдында дауысы жазылған күйтабақтарын ала алар ма екенбіз?» — деген өтінішке орай осы жайды еске салғым келеді. Менің естуімше, республикалық әуен жазу мекемесі арқылы ондаған мың күйтабақ таратылған екен, енді әнші мерейтойына орай тағы да шығару жоспарланып отырған тәрізді. Өте жөн іс …. Атақты әнші дауысын халықтың қалауынша тыңдап отырғанына не жетсін.
Сөз орайы келгенде, Әміре атына байланысты айтар әңгіме көп. Әншімен сегіз жылдан аса уақыт бірге жүрдік. Талай қуанышқа ортақ болдық. Әміре Қашаубаев 1927 жылы Германияда өткен өнер фестиваліне шақыртылды. Онда бір
топ әнші, күйшілер Ақтөбеде гастрольде жүр едік. Әміре сол жерден аттанды. Бәріміз қуанышпен шығарып салдық.
Парижде болғанын да, ондағы өнерпаздық даңқын да жақсы білесіздер. Оған қосарым Ә. Қашаубаевтың Одақтың, шет елдің сахналарына шығып, көзге түсуіне бір жағынан белгілі қоғам қайраткері А.В. Луначарский қамқорлық жасады. Парижге де әншіні өзі шақыртып алып жіберген-ді. 1927 жылы Қазақстаннан оншақты әнші, көркемсөз оқушы адамдар Мәскеу театрларында өнер көрсеттік. Қалибек, мен, тағы басқаларымызды Чайковский атындағы концерт залында көрермендер арасында А.В. Луначарский зайыбымен болып, тамашалады. Соңынан бізге жолығып танысып, әңгімелесті. Сонда да байқадық, Әмірені жақсы танитынын білдіріп, арнайы хал-жайын
сұрап отырды.
«Домбыра қалай?» — деп, иек қағып қойды (кейін білдік, Әмірені Парижге жіберерде әзірліккезінде, осыкүні Орталық музейде тұрған әдемі домбыраны А.В. Луначарский арнайы жасатқан екен). Сол жылы бәрімізді қуантып, желпінткен ол кісінің бір сөзі еді. «Міне, көрдіңіздер ме? Жап-жақсы театр болып қалыпсыңдар!» – деген-ді бәрімізбен қол алысып танысып тұрып. Бұл сөздерді еске алуымның себебі бар. Қазақстанда театр ашу жөнінде сөз болғанда, жауапты қызметтегі жолдастар: «Бұл мәселені А.В. Луначарскийдің өзі қоштап, асықтырып отыр», – дегендері есімде. Сірә, бұған сол кездегі халық таланттарының өнері, Затаевичтің «Мың бір әні», Әміре таланты – бәрі-бәрі себеп болған тәрізді … Әрине, Әміренің Парижге барған сапарының театр ашылу қарсаңымен үндес келуінің де өз заңдылығы болса керек.
Иә, ол күндер бәріміздің ортақ қуанышымыз еді.
Әміренің әншілігі, орындаушылық шеберлігі жөнінде де айтылар сөз мол. Мен өзім байқаған бір жайды ғана бөле-жара білдірмекпін. Ең басты артықшылығы — әнші дауысының жақсылығы, күштілігі еді. Әлгі ел ішінде айтыла беретін: «Әлі жеткен алып та жығады; шалып та жығады» – деген есті сөз осы жерге дәл келеді. Ол қандай қиын әуендерді де дауысымен, табиғатынан біткен орындаушылық ұшқырлығымен алып шығатын. Ол нота білмесе де, өзіне лайық дауысымен, талант күшімен қандай әнді болсын жеріне жеткізе орындайтын. Тіпті, қайсыбір әндерді айтқанда құйқылжыта нұрландырып, әсерлендіріп, әдеттегіден де өзгеше құлпыртып жіберетін. Басқалардан оқшау қасиеті де осы. Оған көзіміз әбден жеткен.
Қазір ойлап отырсам, сол Әміре, сол Майралар – өз кезеңімен, өз ерекшеліктерімен бір мектеп. Қайталануы қиын өнер мектебі екен. Олар – өзара дара, әншілік орындаушылықты шығармашылық биікке, шынайы өнер тудырушылыққа («творение» — дейміз ғой) көтергендер. Майра дауысы да осындай. Бірақ, Майра біздің ортамызға келе алмай кетті. Ол өз алдына әңгіме. Оның есесіне, бізге келіп қосылғаннан кейін Құрманбек екеуі Майраның әні деп талай әуенді айтып жүрді. Әміре «Сметті», «Жалғыз аршаны», «Қарғаны», тіпті қай өлеңді болсын өзінше айтатын, өзінше әуелететін. Басқаша айту, басқаға ұқсау, әдеттегі әуенді қаз- қалпында қайталау оның қолынан келмейтін. Ол – сондай сирек, сергек таланттың ғана қасиеті. Мұны күйтабақтағы әндерден де байқау қиын емес.
Әміре жөнінде әңгіме етер жайлар жеткілікті. Ол турасында айтылып та, кітаптарда жазылып та жүр. Әншінің ескерткішін жасасақ деген ұсыныстар құптарлық. Әміре әні, табылған даусы жайлы қысқаша айтар пікірлерім осындай.
(«Қазақ әдебиеті» газеті, 23 маусым, 1978 ж.)