СЕМЕЙДЕ

СЕМЕЙДЕ

Ақкөңіл, әзілшіл, әнші Әміре Ертістің аржақ- бержағындағы елді аузына қаратты. Оның әншілігі өз алдына, адамшылығын айтсаңызшы. «Ауырмаса қоң етін кесіп береді» дейтіннің тап өзі. Кедейлігіне қарамай сондай мырза, аңқылдаған ақ көйлек. Кісі көңілі қалсын демейді, арамдық пікірден түйір жоқ.
Әмірені халықтың ерекше еркелетуіне бірінші себеп оның әні болса, екінші себеп осы мінезі еді.
Әміреөнердіүйренгенүстінеүйренеберуденжалықпайтын, бір үйге келсе, сол үйдің кесесі дейсіз бе, стаканы дейсіз бе сол сияқты ыдыс-аяғын столға тізіп қойып, оларды ағаш қасықпен қағып әнге келтіретін.
Адамның бала күнінде көргені ұмытылмай ма деймін, қайта оның есейе түскендегісі есінде көп сақтала бермейтін сияқты. Өйткені, көргені көбейген сайын олар бірімен бірі шатасып, тұмандана беретін тәрізді.
1915-1916 оқу жылдары мен Жаңа Семейдегі екі кластық орыс-қырғыз мектебіне түстім. Анық білем, ақырғы алтыншы бөлімде Қамза Нахынжанов, Ыдырыс Мұстамбаев дейтін екі қазақ баласы оқыды. Екеуі де шұбар еді. Біз оларды қос шұбар дейтін едік. Екеуі де өте зерек болды.
Сол Ыдырыстың әкесі Мұстамбай өте кедей болды. Үйі біз оқыған мектептен алыс емес-ті. Кәсібі жоқ, пима жамап үйде отыратын. Не себеп екенін білмеймін, сол Ыдырысқа Әміре үйір болды. Бір күні менің көзімше: «Мынаны балаң кисін, оқып жүр ғой, аяғы тоңар», – деп жап-жаңа пимасын аяғынан шешіп берді Мұстамбайға.
Әміре бертін келгенше бала сүймеді, бұрынғы әйелінен де бала қалмады, ал енді өзінің балажандығы керемет еді. Ерінбей-жалықпай балалармен ойнап, олармен өтірік төбелесіп жүретін. Бір күні мен келсем таман баланы жиып алып, қамбасының ішінде солармен жұмбақ айтысып отыр. Әміре жұмбақ айтса, балалар шешеді, ал балалар айтса, Әміре шешеді. Заты көп айтысқан болу керек, жаттамалы жұмбақтары бітіп қалғанға ұқсайды, ыңыл көбейіпті. Бір қара бала:
– Мен айтайын, – деді.
– Ал айт, – деді Әміре.
– Уащамси, уалқамари, уассамаи, уальарзи. Бұл не? – деді әлгі бала.
– Әй, сен орысшылама!
– Орысша емес.
Әптиек оқып көрмеген Әміренің құран сөзіне шамасы қайдан келсін. Оған мен болыстым.
– Ол күн мен ай, аспан мен жер деген арабтың сөзі, – дедім.
– Уәй, ит! Сөйтпесең молданың баласы боласың ба?! – деп Әміре қара баланың басынан сипап жатты.
«Әзілің жарасса, атаңмен ойна» деген мақал бар. Әміренің әзілі үлкенге де, кішіге де ұнап тұратын. Оның сондай бір әзілін келтіре кетейін. Әміре бір қымызшыдан шығып келе жатса, ауылдас жігіт Баймағамбет жолыға кетеді.
Әміренің киім киісіне, жүріс-тұрысына қарағанда, оны ешкім де кедей деп ойламайды. Бір байдың солқылдақ мырзасы екен деп ұғады. Үстінде көк шұға костюм қара желетке, қатырма жаға шатырдай ақ көйлек. Аяқта қонышынан бет көрінетін лакты етік. Оның үстіне қымыздың қызуынан саршабдарлау бетіне алқызыл қан жүгірген соң Әміре гүл-гүл жайнай түседі.
Әлгі арада Баймағамбет Әміренің осы түрін көріп аңырып тұрып қалады.
– Бәке, қашан келдің? Немене, жай ма? – деп Әміре бастырмалата жөнеледі.
– Иә, Әміре, тіпті жай да емес, қалаға келіп, біраз кәсіп істейін бе деген ойым бар еді. Соған бір пәтер таба алмай сандалып жүргенім, – дейді ренжіп.
– Қой, халық көп емес пе, неге табылмасын.
– Әй, болмады ғой. Шаршатып тұр. Әміре аз ойланғандай болып:
– Апыр-ай, қиын болған екен. Онда біздің үйге тұр, – дейді қынжылған пішін көрсетіп.
Баймағамбет қуанып, мекенжайын жазып алу үшін қалтасынан қағаз-қарындашын ала бастайды.
– Өй, Бәке-ау, адрес жазбақпысың? Оның керегі не? Әміренің үйі қайсы десең кім білмейді бұл қалада? Қазақ зиратының жанындағы астылы-үстілі көк төбел үйді көрген жоқсың ба? Міне, сол үй, мына дөдеңдікі, – дейді бармағымен өзінің кеудесін түртіп.
– Ендеше ертең барайын, – дейді Баймағамбет рахметін айтып.
Ертеңінде Баймағамбет қазақ зиратына жақындай бергенде-ақ көк төбел үй анадайдан көз тартады. «Бәсе, айтса айтқандай, анадайдан-ақ атой беріп тұр ғой үйі», – деп ойлайды Баймағамбет ішінен. Баспалдақпен баса көктей үстіңгі үйге тартады. Бір есікті қағады, ешкім дыбыс бермейді. Екінші есікті қағады, дыбыс жоқ. Үшінші есікті қаққанда барып аржағынан беті табақтай, ұзыны мен көлденеңі бірдей былшиған сары қатын есік ашады. Көзінің былшығын кимешегінің ұшымен сүртіп, Баймағамбетке бедірейе қарайды.
– Сізге кім керек?
– Әміре.
– Әмірең кім?
– Осы үйдің иесі.
– Мұнда ондай кісі тұрмайды, – деп сарт еткізіп жауып алады есікті әйел.
Баймағамбеттің қуанған жүрегі су сепкендей басыла қалады. Ол қайтерін білмей кішкене тұрады да, көшедегі кісілерден әлгі үйдің иесін сұрайды. Сөйтсе, бұл үй – Мұсатай деген байдікі болып шығады.
– Алда құдай-ай! Әміре мені қатырған екен ғой, – деп Баймағамбет санын бір соғып, ізінше қайтып жүре береді…

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *