Садық ҚАСИМАНОВ ӘМІРЕ ЖӘНЕ “АFАШАЯҚ”


Садық ҚАСИМАНОВ
ӘМІРЕ ЖӘНЕ “АFАШАЯҚ”

Әйгілі әнші, халқымыздың ардагер азаматы Әміренің өз үні жазылған фонограф лентасының табылуы соңғы жылдардағы үлкен қуанышты олжамыздың бірі болды. Мен әнші Әмірені де, қазақ даласынан барып сонау жатқан Сена мен Майн алқабын кернеген “Ағашаяқ” әнін де; Ағашаяқтың өзін де бірнеше рет көріп, өнерлерін қызықтағам.
Қазақ совет энциклопедиясы 1 томының 101-бетінде Ағашаяқ туралы былай деп жазылған:
— Ағашаяқ — шын аты Берікбол Көпенұлы (1861 —1932 ж.) қазақтың аты аңызға айналған әнші-домбырашысы, талантты өнерпаз. Семей облысы, Абай ауданы, Мұқыр ауылында туған. Ағашаяқ әншілік, күйшілік, ақындығының
үстіне биші, жүйрік, спортшы әрі күлдіргі болған. Екі аяғына бақан байлап жүгіру, шапқан аттың сауырында төбесімен тұрып билеу, тұғырда отырып шалқалап, аузымен жерден тақия алу сияқты цирктік ойындарды шебер орындаған.
Ұртымен, көмейімен, мұрнымен неше түрлі жануарлар үнін, әр жастағы адамдар дауысын айнытпай салған. Домбыраны қолымен де, аяғының башпайымен де, алдына ұстап та, артына ұстап та шерткен. Әміре Қашаубаевтың репертуарындағы “Ағашаяқ” әні осы Берікбол Көпенұлынікі екені мәлім…
Марқұм Қайнекей Жармағамбетовтың “Әнші азамат” атты кітабында да Әміре және “Ағашаяқ” әні туралы өте жақсы айтылған лебіздер бар. ««Ағашаяқ» деп аталып кеткен, әнші Әміренің Париж бен Франкфуртта шырқап әлемді таңғалдырған әні кәдімгі өзіміз білетін тобықты Рақымберлінің “Қалды-ау, қалды-ау, ойбай, қыз қайда?” дейтін әні еді”, – дейді Қайнекей. Осы арада Ағашаяқты Берікбол демей, Рақымберлі деп атаудың қалай болғанын түсіндіре кеткен жөн сияқты.
Мұқыр тобықтыларымен көрші отыратын Берікбол Малдыбаев дейтін бай болған. Ол Ағашаяқ-Берікбол екеуі әрі аттас, әрі құрдас екен. Бір жылы бай Берікболдың үйіне елге аты белгілі бір құдасы қонаққа келеді де, ойын- сауық көрсету үшін Берікбол бай Ағашаяқты алдырады. Ол ән-би өнерін көрсетумен қатар “Берікболдың төсегі” деген күлдіргі күй тартып, байды келемеж етеді. (Берікбол бай сол жылы жас тоқал айттырып алған болатын). Бай Берікол: “Ағашаяқ, сен екеуміз аттас болғанды да, құрдас болғанды да бұдан былай қоялық, мынау күйіңді құрт”, — деп Ағашаяққа бір семіз бие береді.
— Рақымың түскен екен, күйді ойнамайын, биеңді алайын, бірақ, осыған қоса менің Берікбол емес атыңды да өзің қойып бер, — дейді Ағашаяқ Берікбол.
— Олай болса, жаңа өз аузыңа түскен Рақымберді болсын сенің атың, — депті бай Берікбол.
Ағашаяқ Берікболдың аты содан кейін кейде Рақым- берлі болып аталып кеткен екен. Ал “Берікболдың тоқал алған күнгі төсегі” деген күлдіргі күйді қазір Абай ауданында тұратын Жұмақұлбай Базарбаев дейтін қарт шебер орындап жүр.
Кейбір баспасөз беттерінде және бірен-саран кітаптарда Әміре мен “Ағашаяқ” әні, Ағашаяқтың өзі туралы бірқатар құнды деректер айтылса да, бұл екі өнерпаздың шығармашылық байланыстары жайында айтылмайды. Сондықтан өз көзіммен көрген бір деректі мен, осы бір жайға түрткі болар деген оймен, жұртшылық есіне салғым келеді.
1923 жыл. Ақшоқыдағы ауылда сауат ашумен шұғылданып жүргенмін. Бір күні Семейден бір топ қонақ келді. Олардың ішінде Мұхтар Әуезов пен Әміре Қашаубаев та бар. Ауыл оларды мейлінше сый-құрметпен қарсы алды. Солар келісімен әр ауылдан өнерлі жігіттер шақыртылды. Ауыл той-думанға қарық, әркім өз өнерін көрсетіп жатыр. “Ауылдың алты ауызының” өзі екі тәулікке созылды. Әміре бұл күндері ән салған жоқ.
Ауыл дүрмегі үшінші күн Орда тауына аттанды. Жүк пен сойыс малдарын Ордаға жеткізу Мүрсейіт молданың баласы Қисық екеумізге тапсырылды. Ертеңіне машиналы қонақтар да келді. Бірақ, олар бұрынғысынан көп. Сөйтсек, Ақшоқыдан тура тартып, “Бұзылған там” дейтін жатақтарға барып, атақты өтегелді мен Орынбасар дейтін мергендерді алып, одан “Боқай” жатағындағы Ағашаяқты алып, “Қара қойтас” жатағындағы Абланбек құсбегінің үйіне қоныпты да, ол кісіні бүркітімен алып келіп тұрған беттері екен.
Киіз үйге келіп отыра берісімен Ағашаяқ тез құбылып алып Абайдың “Қатыны мен Мысықбай” дейтін сықақ өлеңін кексе бір бәйбішенің даусына салып орындады да. “Келді ойбай, салды айғай!” деп қойып, бір көзін сол жағындағы Әміреге, бір көзін оң жағындағы өтегелдіге қаратып, екі құлағын қайшылап-қайшылап қойғанда жұрт ду күлді.
Ертеңіне аңшылар тобы екі арқар атып алып, Кіші Ордадағы Еңлік-Кебектің үй тасына түстікке жиналды. Топ ішінде Орынбасар жоқ. Ол бір қодығаның соңына түсіп Керегетас жаққа кеткені мәлім болды. Осы арада Мұқаң бір қызық жасады. «Орынбасарды бір қорқытайық», — деді де Әміре мен Ағашаяқтың біреуін еркек, біреуін әйел етіп киіндіре қойды. Әйел киіміне сүлгі орамалдар мен жібек дастархандарды жаратты. Әміреге «сен Жапалсың», Ағашаяққа «сіз Еңлік боласыз» деді. Сөйтті де Абланбек балуанға айналдырған тон кигізіп: «Сен Орынбасардың жолын тосып тұр да, арт жағынан келіп бас салып, көзін байлап ал», – деп түсіндірді. Бір мезгілде шаршап- шалдығып келе жатқан Орынбасардың алдынан Жапал мен Еңлік ән салып шыға келді. Орынбасар шошып кетіп жата қалды. Сол кезде Абланбек: «Ақмаралда нең бар еді, ақымақ!» — деп басынан асыра мылтықты бір атты да, бас салып Орынбасардың екі көзін байлап алып, желкелеп қойып, үй тасқа қарай сүйрей жөнелді. Жұрттың ішек- сілесі қатып қалыпты. Есі шығып кеткен Орынбасар: “Ағатай-ау, ол қатында менің жұмысым жоқ. Арқар аңдып жүр едім. Жан сауға, жан сауға!” – деп жалынды.
Ордада сол жолы бес күн бойы ойын-сауық болды. Оның бәрін айтып жеткізу мүмкін емес. Әміре мен Ағашаяқ сол бес күн бойы жұптарын жазған жоқ. Бірінен-бірі ән үйренеді, неше түрлі ойын көрсетіп, өнер шыңдады. Бір күні Әміре:
— Ақаң (Ағашаяқты айтады) менен жиырма жеті жас үлкен. Бірақ, екеуміз баяғы Қаражан байдың үйінде жүрген кезімізден дос, құрдас едік. Қазір Ақаң екеуміз қосылып, “Қалды-ау, қалды-ау, ойбай, қыз қайда?” деген Ақаңның әнін орындаймыз, — деді.
Міне, осыған қарағанда, халықтан шыққан бұл екі әншінің достығы ертеден қалыптасқан болса керек.
(“Қазақ әдебиеті”, 16 шілде, 1976 ж.)

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *