ПАРИЖ КОНЦЕРТІ
Париж қаласындағы үлгілі сауық көрмесіне жіберілетін әнші-музыканттардың Мәскеуде сыны болып, күншығыс елінен барған әнші-жыршылар туралы, Ресейдің бір композиторы (ән шығарушысы) газет жүзінде күншығыс елінің ортасынан шыққан әншілерге сүйсінгендігін білдіріп отыр. Күншығыс орталығының сымбатты өнерге бейімділігін көрсетіп, әсіресе, ең алдымен, қазақ пен армян әндерін Германияның музыканттарының үнімен салыстырып баға береді.
Композитордың толғауы бойынша, біздің тұсымыздағы не түрлі сұлу ән-жырлар, сымбатты күйлер, бұл күнге шейін ел арасында лайлы толқынға араласып, нелер сұлу үндердің, мағыналы орындардың қасиетіне халық түсініп баға бере алмағаны көрініп, белгісіз, ажары жоқ нәрседей, кім көрінгеннің аузында, саудагердің ләпкесінде шаңның астында басылып, талай асыл әндердің негізгі сұлулығы азайғаны айқын.
Қазіргі уақытта күнделік қойып отырған сауықтағы үлгілі ән-жырлар – ескіліктен келе жатқан асыл сымбаттың жұрнағы; бұны тексеріп, дәуірден алғы дәуірге жүргізіп отырған ел ортасынан шыққан әр ұлттың белгілі жыршысы, музыканты, бұларсыз сұлу үндері тарихта, ел аузында қалмақ емес, әлгі айтқанымыздай тозаңмен араласып, ақырында тамыры құрып, әннің тек әлсіреген ізі қалмақ ия таза жоғалмақ.
Мәскеудегі әншілер жарысында композиторлардың көзіне алдымен түскен башқұрттың қурайшысы Есен, қазақтың әншісі Әміре Қашаубаев, өзбектің биші-жыршысы Тамара ханум, армянның күйшісі Сокиасов, міне, осылардың бәрі де күншығыс елінің адамдары. Еуропаның атақты композиторларынан кейін екінші қатардан орын алып, өздерінің сымбатты сұлу әндерімен аз да болса, еуропа халқына ләззат бере алып отыр. Күншығыс Азиядан барған музыкант-әншілер ішінде қазақтың Әміресі мен башқұрттың Есені абзалырақ. Сондықтан қыр сахарасында табиғатпен бірге туысып, бірге өсіп сырласқандай. Табиғаттың сұлу түрінен үн алған қазақ баласының ілгеріде өнерге баюына, өмірі сымбатты өнерге пісуінде күмән жоқ.
Бұған Әміре дәлел.
(«Қазақ тілі» газеті, 21 шілде, 1925 жыл.)