ОРАЗА ЖАЙЫ

ОРАЗА ЖАЙЫ
Әр жылда рамазан айында ораза тұтпақ парыз. Ораза кісі күндіз еш нәрсені ішіп-жемейді, күндіз ұрғашыға жатпайды, темекі тартпайды, насыбай атпайды, сағыз да шайнамайды.
Рамазан айын көріп ұстайды, болмаса көрдім деп бір кісі куәлік ант берсе, күн бұлтырақ болса, соның антыменен ұстайды. Бірақ олайша ұстағанда отыз күнге толған coң ай көрінбесе, аузын ашпай, отыз бір күн ұстайды. Егерде оразаның басында екі кісі, яки бір еркек екі ұрғашы ай көрдік деп ант берген болса, отыз күн ұстаған соң бұлт болып, ай көрінбесе де, ашып жібереді. Егерде бұлтсыз ашың болса, көп кісі көрмей, яки әр жақтан көрдік деп хабар келмей ашпайды. Бірақ, шағбанды анық отызға толтырып ұсталған болса, отызға толса ашады. Егер де рамазан айын ешкім көре алмаса, не көрген анықты хабар болмаса, онда оразадан алдыңғы айды отызға толтырып, содан кейін ұстайды. Бірақ, есіңізде болсын, кітапта айды көрген күні бірі деп саналмайды, ертең бірі деп санайды. Сол себептен рамазан айын көретұғын күні ораза бола алмайды. Сол сықылды оразадан бұрынғы айды көрген күнінің ертеңінен бастап санап отызға толтырып, отыз бірінші күні берік болады. Егерде оразадан алдыңғы шағбан айының да басы анық біліне алмаса, одан бұрынғы режеп айын да отызға толтырып һәм шағбанды да отызға толтырып, содан coң ұстайды.
Құрбан айы да осы сықылды. Егерде құрбан шалатұғын зұлхижа айынын, басын біле алмаса, алдыңғы зұлқағданы отызға толтырып санап, одан coң зұлқыжанын кітапша оны күні құрбан шалады. Егерде зұлқағданың да басы белгісіз болса, одан бұрынғы ауыз ашқан шавал (шауал) айын да отызға һәм зұлқағданы да отызға толтырып, содан coң зұлхижаның кітапша оны, қазақша он бірі күні шалады. Осы айды отыздан толтырғанға пайғамбарымыз бір ай жиырма тоғыз, бір ай отыз дегені бар және қай күні ораза болсаңыз, сол күні құрбан шаласың. Яғни жұма күні берік болсақ жұма күні құрбан болады дегені бар деп кей молдалар айтатұғыны болады. Олай емес — отыздан толтырған дұрыс және календарь һәм басқа есеп ғылымына қарағанда бір айды жиырма тоғыздан бітіріп санаған тура сықылды болса да, отыздан толтырмай болмайды. Бүл сөзіме сенбеген кісі «Фатхул-қадыр» деген кітаптан қарасын.
Егерде бірталай айлардың басы белгісіз болса, онда бәрін де отызға толтырмайды. Олай болғанда хазірет Алиден рауаят қылынған былтырғы оразадан торт күн өтіп, бесінші күні тұтсын деген дұрыс болар. Уал-лаһу ағламу — ол мынау: мәселен, былтыр жұма күні ораза болған болса, сенбі, жексенбі, дүйсенбі, сейсенбі төртеуін қалдырып, бүл жылы шығар сенбі күні ораза болады. Бүйтіп ұстаған кісі отызға толмай ашпайды, ай көрініп қалмаса. Ай көрінсе, қашан да ашып жібереді. Егерде оразаның бір күні кем болса, оразаның басында ай көрінгені анықталып, кім екені білінсе, қазасын ұстайды. Болмаса ұстамайды. Егерде екі күні кем болса, онда да басында ұсталғаны анық дәл алғанда бір-ақ күні кем болып, жиырма тоғыздан біткені білінсе, бір күн қаза төлейді. Ораза боларда ай көре алмай, өзгелер көрген шығар деп күдіктенген кісі ертеңінде түске шейін тамақ жемей берік болу керек. Оған шейін кеше ай көрдік деген анық хабар келсе, сол күні ниет айтып, ораза болады. Егерде хабар келмесе, ашып жібереді. Егерде тамақ ішіп қойған соң түстен кейін хабар келсе, қалған күнге күн батқанша тамақ жемей қояды да, соқырға бір күн қаза ұстайды. Жалғыз өзі ай көрген кісі өзінен басқа көрген кісі жоқ болса, оразаның басында да һәм аяғында да берік болады. Егерде анық өзім көрдім ғой деп, оразаның аяғында ашып жіберсе, бір күнге бір күн қаза төлейді. Оразада әдейі ашып жіберген кісі бір күнге алпыс күн кінәрат, яғни тұтас екі ай ораза ұстайды. Халсіз ауру, халі келмейтұғын шал-кемпір, жолаушы үш күндік жолға шыққанда ұстамаса болады. Бірақ жолаушы тым қиыншылық болмаса, ұстаған жақсы және жолаушы үйге келген соң, ауру кісі жазылған соң қазасын ұстайды. Шал менен кемпір әр күн үшін пітір садақасындай бидай береді пақырға және буаз қатынның баласына, яки емшекте болса, бар қатынның баласына өзі ораза болғаннан зиян келетұғын болса, бұлар ашық болады да, артынан қазасын ұстайды. Аса шөлдеп не қарны ашып өліп кетерлік болған кісі де ашып жіберіп, күніне күн ұстайды. Жеңіліп, яки ұмытып ашып жіберген кісі артынан тамақ ішпей қояды да, күніне күн қаза төлейді. Ұрғашылар бала тапқан қаны тазарғанша һәм етеккірі келген кездерде оразаны ашып жіберсе, артынан қаза қылса болады. Бірақ, ол кездегі намаздарын қаза қылып оқымайды және оразада шама келгенше күнәдан сақтану керек. Қалай болса солай күнәдан тыйылмай, аузына не келсе соны сөйлеп жүргендей ораза сауапты болмайды. Бәлкім, қабыл да болмас деген қауіп бар.

Ш.Құдайбердіұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *