НАМАЗ, ОРАЗА, ЗЕКЕТ, ҚАЖЫ ТУРАЛЫ НАСИХАТ (Ш. Құдайбердіұлы)

НАМАЗ, ОРАЗА, ЗЕКЕТ, ҚАЖЫ ТУРАЛЫ НАСИХАТ
Уа достар, көбіңізге мағлұм, иманнан соңғы мұсылман менен кәпірдің айырылатұғын белгісі намаз оқымақ. Аятта: «иннас-салаата танһа ғанил-фахшағи уал-мунка-ри уа лазикрул-лаһи акбару» — мағынасы: әлбетте, намаз адамды жаман бұзықтықтан тыяды, ал Алла тағаланы зікір қылу — ғибадаттың үлкені. Және Алла тағаланың бендеге қыл деп бұйырған істерінің иманнан соңғы зоры осы намаз. Парыздың парыздан артық-кемі жоқ. Бәрі Алланың бұйрығы екені рас. Олай да болса, бүл намазды оқуға мал да керек емес, денсаулық та керек емес. Хәттә олар халге жақындағанда да, халің келсе отырып, яки жатып оқуға міндеттісің. Және бүл намаз күнінде бес мәртебе тазаланып алса, Алла тағаладан тілек қылатұғын дұға мұны парыз қылғаны бендесіне үлкен рахыметі. Оның үшін бір күн, бір түнде бес мәртебе Алла тағаланы көңіліне келтіріп, ғибадат қылған соң, күнәні қылуға көңілі де бара алмас және ғибадат уақытында қолы да тимес. Біз оқығанмен, Алла тағала пайдаланбайды, оқымасақ — зиян қылмайды, өзіміздің жанымыз үшін оқимыз. Олай болса, бұл намазға не себептен салаң боламыз? Парыз емес деп айта алмаймыз, онда пайғамбар менен Құранға нанбаған болады. Егерде ерініп оқымаймыз десек дүниелік пайда үшін, яки қызық-құмарлық үшін, не қиындыққа шыдап, ерін-бейтұғынымыз кәні. Бір күн, бір түнде бес-ақ мәртебе құлшылық қылуға мұнша неге еріншек боламыз?
Ей, достар, оразаға қалайша салақпыз? Оны да парыз емес демейміз. Қарынымыз ашады десек дүние ісі үшін неше күндер аштыққа, қиыншылыққа шыдайтұғынымыз қайда? Және ораза тұтқанда аузымызға не келсе, соны сөйлеп, күнә сөзден, істерден тыйылмай жүріп ұстайтұғынымыз қалай? Құдай тағаланың он бір айы біздің күнә қылуымызға жетпеді ме? Осы бір ғана айды күнә қылмай, шамамыз келгенше құрметтеп өткізуге шыдай алмағанымыз қалай? Ей, достар, зекетті неге ескеріп, түгелдеп бермейміз? Оны да парыз емес демейміз. Намазға ерінеміз, оразаға қарнымыз ашады, бұл зекетке не деп айла табамыз, мал аяймыз дегеннен басқа дауымыз бар ма? Жә, малды жақсы көрелік бірақ дүниелік үшін, біреуді зор, біреуді қop қылмақ болып мақтан үшін болсын, би болмақ болып шашқанда, параға бергенде мың теңге ақша бір тиындай болмай, ақшамыз партияға өтсе, саудамыз кәсиет болғандай қуанатұғынымыз кәні. Онда малды неге аямадық. Міне, Құдай тағаланың пақырлар үшін жүз қойдан бір қой зекеті бізге осынша ауыр көрінгені қалай? Тегінде, байқасаңыз, бізге көрінбей тұрса да, бізді теріс жолға қызықтырып, оң жолдан жиіркендіріп тұрған бір нәрсе бар емес пе! Сол шайтан деген жауыңыз. Не қылсаңыз, соған алдатпа.
Уа достар, малымыз жеткеніміз қажға неге бармаймыз? Оған да малды аяймыз десек жоғарғы айтылған дүние жұмысына мың-мыңнан шашамыз, жанды аяймыз десек партия араздың үшін, арамдық үшін тура мылтық сойыл алып, өлімге қарсы тұрысамыз. Және қажға барсақ Алла тағаланың парызын ғана төлемек болмай, қаж — бұл кісінің көрмеген жері жоқ дегізбек болатұғынымыз қалай? Және келген соң тәубеменен отырмай, бейне бір тергеуден біржолата құтылған кісідей мұндағылардан да антұрған болып, партия басы болатұғынымыз қалай? Ақырында Алла тағаланың адал ғибадатына мал сарып қылмақ түгіл, біреуден алдап, біреуден зорлап, біреуден ұрлап, не қылсақ та малға мал қоса бергеннен басқа, мақтанға тақтам, айлаға айла қоса бергеннен басқа мақсұттарыңыз бар ма? Байқаңыз, ойлаңыз, Құдайшылығын айтыңыз, тым болмаса өзіңізге-өзіңіз айтыңыз, кісіге білдірмей-ақ қой. Пайғамбарымыздан сахабалар «адамның ең жақсысы кім?» дегенде, «көпке пайда тигізген кісі» деп, «ең жаманы кім?» деп сұрағанда, «көпке зияны тиген кісі» деген екен. Әлбетте, ақылға да солай, енді біз соның бәрін біле тұра, көпке пайда қылмақ былай тұрсын, көпке зияны тиетұғын әлде-неше түрлі бәлені шығарып, елді бүлдіріп, жастарды соған үйретіп, артымызға жамандықтың ұрығын егіп, дүниеде бір көзіміз тоймай, көңіліміз толмайтұғын ынсапсыздық бізді қайда апарады? Сопы Алдияр хазіреттің айтқан сөзі мынау: «Тамағ бірлән семірген нәфс имәз» — мағынасы: кісіден үміттеніп, содан семірген нәпсі деген антұрған аузын тіліп жатсаң да, үлкенірек тіл деп сұрайды, яғни аузыма көп нәрсе сыятұғын болсын дейді. Соның бәрін біле тұрып, нәпсімізге еріп, Алла тағаланың адал ризығы жоқтан жаман, қайдағы арам нәрсеге құмар болып, мал жисаң, арамиан жиып, шашсақ, қайдағы арам орынға шашып, ал шап, ал қыр, мықты-ақ батыр-ақ, береген-ақ дегенге мақтанып, екі көзіміз қызарып алды. Артымызды байқамай кететұғынымыздың арты бек қатты қорқыныш, жоғарғы айтылған аяттағы тура аяқты хайуаннан да төмен дегені біз болмай не болды.
Менің жайымды білетұғындар, осынша суылдап айтып отырғаныменен, өзінің де қылған ісі белгілі болатұғын дерсіздер. Оныңыз ақылдылық емес, себебі мен жаман болсам, сіздер де жаман бол деп пе. Және сондайдан тыйыларлық қайрат, яғни кітапша ғайратпен де жоқ болса, сіздерде бар шығар. Және кім сөйледі, оған қарама, не сөйлейді, соған қара дегенді білесіз бе? Мұсылманның күнәкары түгіл, кәпірдің білімдісі айтса да сөзі дұрыс болса, алмағаның бола ма. Менің өзім қара болсам, сөзім aқ. Құдай тағала әрі өзі, әрі сөзі, әрі көңілі қарадан сақтасын. Тыс қарасы жазылар, іш қарасы киын болар. А, Құдай, содан сақта. Әмин.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *