Мақсyтбек МАЙШЕКИН ӘН ШЕБЕРІ — ӘМІРЕ

Мақсyтбек МАЙШЕКИН
ӘН ШЕБЕРІ — ӘМІРЕ

Мен Әмірені Парижден қайтып келгеннен кейін, Семейде ең бірінші рет көрдім. Ол 1925 жылдың тамыз айының бас кезі еді. Бір күні кешке жақын біз жатқан үйге үстіне қайырма жаға қоңыр шапан, басына тобықты үлгісімен тігілген қара елтірі тымақ, аяғына биік өкшелі жеңіл етік киген орта бойлы, ашаңдау, ақсары жігіт сәлем беріп, кіріп келді. Оның қасында оң қолына гармонь, сол қолына домбыра ұстаған ұзын бойлы, қала адамдарынша киінген бір жастау жігіт бар.
Артынан үй иесінен сұрастыра келгенімізде… олардың алғашқысы – Әміре, соңғысы оның шәкірті – Мұқатай әнші болып шықты. Байқасақ, бұлар сол үйдің әдейі арнап шақырған қонақтары екен.
Жайлана, жөн сұрасып біраз отырғаннан кейін, әлгі қарапайым, жайдары мінез, жарқын жүзді, ақпейіл ашық сөзді Әміре әңгіме бастап, Парижде көрген-білгендерін, онда өзінің қандай баға алып, қандай орынға ие болғанын бастан-аяқ бізге тәптіштеп айтып та үлгерді. Сөз арасында ол: «Айналайын, қазақтың әсем әндері, Қашаубайдың мына қалқан құлақ сары баласын әлемге бір танытты ғой», — деп отырғандарды ду күлдіріп те қойды.
Сонымен әңгіме аяқталғаннан кейін, енді бір мезгілде, әдет бойынша әнге де кезек келді. Әміренің лебізін естуге құштарланып, бағанадан бері асыға күтіп отырған біздер құлақ түре, ән тыңдауға ерекше назар аудара қалдық. Бұл кезде Әміре шәкірті – Мұқатайға бірнеше әндер айттырды да, соңынан домбыраны өз қолына алып, біраз безілдете түсті де, «Топай көк» атты халық әнін шырқата жөнелді.
Әміре әнді а деп бастасымен-ақ, адамның жүрек қылын шертіп, жан дүниесін еріткендей, аса шебер орындаушылығымен отырғандардың ой назарын өзіне аударып әкетті. Оның аспанға өрлей ұшқан асқақ үні
– Сейдәлінің кең сарайдай үлкен залдарына сыймай, атыраптағы көше алаңдарын жаңғырықтыра түсті.
Әміре сол кеште кейде домбыраға, кейде гармоньға қосыла: қазақша, орысша және татарша түрлі әндер айтып, тыңдаушылардың жан сезімін сергіте, сонша сүйсіндіргені, әсіресе, оның ән айтуын тұңғыш рет естіген біздерге ерекше әсер етіп, тамаша таңдандырғаны әлі күнге дейін есімде қалыпты.
Ал енді осындай ән өнерінің алыбы — Әміренің қысқаша өмірбаянымен, өнер саласындағы шығармашылық өсу жолымен таныстыралық.
Әміре Қашаубаев 1892 жылы, Семей облысына қарасты Абыралы ауданындағы Дегелең тауының бөктерінде, кедей шаруаның отбасында өмірге келген. Жасынан жоқшылықтың тақсіретін тартып, көп азап шеккен Әміре өзінің балалық шағында ақысыз-пұлсыз тек тамақ үшін ғана ауылдас байлардың есігінде жалшылықта жүріп, отымен кіріп, күлімен шығуға, жаз болса қозысын бағып, қойын күзетуге мәжбүр болды.
Алайда, «таң атпайын десе де, күн қоймайды» демекші, дарынды жастың бойына біткен табиғи талант оның ой- сезіміне түрткі салып, өнер жолына түсуіне үлкен себепкер болды. Демек, ол отбасында, ошақ қасында отырғанда да, қолындағы көсеуін домбыраша қағып, өзінің сынаптай толқыған сұлу үнімен, сыңғырлата ән салуға әуестенеді.
Сөйтіп, жоқшылықтың желке бастылығына жасымаған, жасынан әнқұмар Әміре – жаңбырлы, жеті қараңғы түндерде, қырық жамаулы қоңыр шекпен жамылып, қой күзетінде отырғанда да ән айтуын қоймады.
Әміренің аспан әлемін шарлап, айналадағы тау-тасты жаңғырықтыра шырқаған асқақ үнін естіп, шырт ұйқысынан оянған жастар:
-Үнің асқақ, өрең кең, үлкен өнерлі жанның бірісің-ау, Әміре! Бірақта амал не? Сенің өскелең өнеріңе өгей өмір өре салып, өрісіңді тарылтып тұр ғой. Әттең, шіркін! Шерленген көңіл шаттанып, күрмелген тұсау шешілер ме еді, — деп арман ететін көрінеді.
Ал, Әміренің әншілік өнері өркендеп, өсе беруіне тілектес әлгі ауыл жастарының осындай ізгі ниеттеріне қарама-қарсы, осы тұстағы кейбір тоңмойын топас қауым өкілдері:
«О, тоба! Ауызы асқа жарымай жүріп, әнші болмағына не дерсің бұл жаман неменің», – дегендей кекете келемеждеп, мысқылдай күлісетін сияқты. Бірақ әуелден сергек сезімді, жас талант Әміре ондай сасық ой, пасық пікірлердің бәрін аулаққа серпе тастап, өзі сүйген өнер жолына түсуге талаптана берді.
«Өзің де біл, өзгеден де сұра» дейтін халықтың нақыл сөзін есінде сақтаған Әміре өз білгенін осылайша айта жүріп, енді ел ішіндегі ең жақсы әншілерден де ән үйренуге, орындаушылық өнерінен үлгі алуға көбірек көңіл бөледі. Олардың айтқан әндерін әп-сәтте-ақ үйреніп алып, оны көп алдында кемеліне келтіре, керекті жеріне жеткізе айтып бере алатын болады.
Міне, осындай ән үйрену жайын әңгіме еткенде: «Маған ең алғаш ән үйретіп, ұстаз болған кісі, әкемнің досы – Жұмаш әнші еді», – дейтін-ді Әміре марқұм. Ал, енді осыған орай, мына бір мәселені айта кетуге тура келеді.
Әміре бір жылы, жаз айларында, әдейі арнап шақыртуы бойынша өзінің нағашысының ауылына барып жатады. Бір күні ол ауылдан алысырақ жерде қозы қайырып, ән шырқап жүргенінде, бір жақтан жолаушылап келе жатқан жаңағы Жұмаш әнші жанындағы жолдасымен екеуі оның асқақ әнін алты қырдың астынан-ақ естиді де, әсем әнінің әдемі ырғағына сүйсіне түсіп, құлақ түре тыңдайды.
Амал не? Өкінішке орай, енді бір сәтте ән әуені естілмей тына қалған соң, жолаушылар сол маңда қозы айдап жүрген екі баланың жанына келіп:
– Жаңағы ән айтқан қайсың еді? Кәне, аты-жөніңді айтшы, — дейді Жұмаш. Осы кезде олардың бірі – ашаңдау, ақсары бала тұрып:
– Ол мен едім, атым – Әміре, әкем аты – Қашаубай, — деп жауап береді.
– А… солай ма? Онда бөтен емес екенсің, балам. Ал басқа жайды ауылыңа барған соң айтыса жатармыз. Менің атым – Жұмаш, — дейді де анадайда көрінген ақ ауылға бет ала жүріп кетеді.
Жолаушылар кеткеннен кейін Әміре таңдана қалып:
– Апыр-ау, әлгі кісі мені бөтен емес екенсің деді-ау. Бірақ, оны мен танымаймын. Мүмкін, әлде сен білетін боларсың, ол кім өзі? – деп жанындағы жолдас баласынан сұрайды.
– Иә, оны мен бұрыннан білемін. Ол осы атыраптағы әйгілі әнші — Жұмаш деген кісі. Өткен күзде біздің үйде қона жатып, ән салып, ауыл адамдарын бір тамсандырған болатын-ды, — дейді оның серігі.
Сонымен жаңағы жолаушылар сол ауылдағы Мұрат дейтін бір таныс жігіттің үйіне ат маңдайын тіреді. Жасынан ойын-сауықшыл жан болғандықтан да, кейіннен жаяу сал атанып кеткен, әлгі үйдің иесі келген қонақтарды құшағын жайып, қуана қарсы алады, барынша сый-құрмет көрсетуге айналады.
Сөйтіп, шілденің сол бір аса ыстық күндерінде ұзақ жол жүріп шаршаған жолаушылар қымыз ішіп, біраз жайланғаннан кейін, «Жұмаш келді», — деген хабарды естіген ауыл адамдары ән есту үшін қонақтар отырған үйге жинала бастайды. Олардың ішінде көктен іздегені жерден табылғандай қуанып, ән тыңдауды асыға күтіп жүргендердің бірі Әміре де бар еді.
Бұл келген ауыл адамдары жолаушылармен амандасып, жөн сұрасқаннан кейін, төр жақта отырған бір қария:
– «Айран сұрай келсең, шелегіңді жасырма» дегендей мына жиналған жұрт сенің лебізіңді естігелі келіп отыр. Кәне, енді қонақ кәдеңді бастап жібер, — дейді де Жұмашқа қарай сөз тастайды. Бұл кезде әлгі қарияның сөзін үй иесі Мұрат та қостай кетіп:
– Иә, өнерлі қонақтан кәде күткендердің бірі – мына домбыра да сіздің қолыңызға барып қонақтауға асығып тұрған сияқты, — деп әзілдей күлді де, керегенің басындағы ілулі тұрған домбыраны әкеліп, Жұмаш әншіге ұсынады.
Ежелден дағдылы әнші қолына домбыра тиісімен көп іркілмей-ақ, түлеп ұшар қыранша қомдана отырады да, қос ішекке тіл бітіргендей, күңгірлетіп тарта бастайды. Бір кезде үйдің оң жақ босағасын ала отырған бағанағы көрген әнші бала Әміреге көзі түсе кеткен Жұмаш оны шақырып алып, өзінің жанына отырғызады. Мұны көрген үйдегілер таңдана қарап:
– Апыр-ау, бұлар қайда жүріп таныс болып қалған? – десіп, өзара сыбыр сөзге айналысады. Осы кезде үй иесі Мұрат әзілі жарасқан қонағына күлімдей, көз қиығын тастай беріп:
– Жұмаш! Сен қиядан көре қоятын қыран сияқтысың- ау. Бұл Әміре біздің бәйгеге енді ғана қосқалы жүрген жас үміткеріміз еді. Мұнымен сен бұрын қайда кездескенсің? – дейді. Мұраттың осы сөзіне орай, Жұмаш тартып отырған домбырасын тоқтата тұрады да, әңгімеге кірісіп кетеді.
– Бұл баланы мен бұрын емес, дәл бүгін ғана көрдім. Анығырақ айтқанда бағана осы ауылға беттеп келе жатқанымызда айдалада асқақтата ән шырқап, қозы қайырып жүрген екі балаға кездескенбіз. Солардың бірі менің әрі замандасым, әрі әріптес досым болған Қашаубайдың баласы – тап мына жанымда отырған Әміре екен.
– Ал, Қашаубайды әріптесім дейтін себебім – ол бір кезде жап-жақсы әнші еді. Онымен біздер ауыл ішіндегі талай той- думан, ойын-сауықтарда бірге болып, барған жерімізді сан рет ән базары еткенбіз. Сондықтан да, «ат аунаған жерінде түк қалады» демекші, сол сыйлас досымның артында, оның әншілік өнерін ұстап қалған осындай мұрагер ұрпағы барлығына қатты қуандым да, мен қайтқанша қасымда болуға шақырған едім, — дейді Жұмаш.
Бағанадан бері Жұмаштың осы бір тартымды әңгімесін тыңдап отырған қауым көңілдеріндегі түйткіл мәселенің түйіні шешілген соң, енді әнге кезек берілуін тілейді.
Сонымен, сөзден сөз туып, біраз кідіріс жасаған Жұмаш домбырасының құлағын босаңдау бұрап, күйіне келтіріп алады да, ән айтуға кіріседі. Ең алдымен ол өзінің даусына жайлы Естайдың “Жайқоңырын” баяулата айтып береді.
Жұмаштың құлаққа жағымды, көңілге қонымды қоңыр дауыспен ғана, сан алуан сұлу ырғақтарына келтіре салған бұл кербез әні тыңдаушыларын тамаша сүйсіндіре түседі. Бұдан кейін ол тағы да Біржанның “Бурылтайын” айтып болған соң, домбыраны қасындағы Әміреге ұсынып:
– Мен жол жүріп шаршаңқырап келген адаммын ғой. Ал, ендігі әнді, Әміре шырақ, сенен тыңдайық,- дейді Жұмаш.
Ән кезегі кенеттен келіп, оның үстіне дағдылы үлкен әншінің алдында суырыла ән салып қоя берудің өзі де бірден оңайға түсе қоймай, біраз дағдарып қалған Әміре әр әннің әуенін домбыраға қайталап қоса береді.
Бұрын топқа түсіп, көп алдында ән айтуға әлі де төселе қоймаған жас таланттың әуелі қандай әнмен бастауының ретін таба алмай, тосаңсып отырғанын түсіне қойған Жұмаш оған күлімдей қарап:
– Шырағым Әміре! Сенің мына домбыра шертісіңе қарағанда әрбір ән – әуелі мені айтшы,- деп мазаңды да алып тұрған сияқты. Сондықтан басқасын қоя тұрып, домбыра тіліне ең алғашқы орала кеткен Ақан серінің “Қара торғайынан” бастасаң қайтеді? – деп ұсыныс жасайды.
Әнші ағаның айтқан осы бір сөзі арна толы ән тасқынының тиегін ағытуға себепкер болады да, Әміренің күміс көмейінен сынапша сырғи аққан ән бұлағы да сыңғырлай бастайды. Ол енді өзінің тоқсан толқыған, кіршіксіз таза, сымға тартқандай сұлу даусымен айтылатын “Қара торғай” әнін сызылта жөнеледі.
Әміренің «құлақтан кіріп, бойды алатын» әсерлі әсем әндерін үнсіз ғана ұйып тыңдап отырған үйдегілер ән аяқталысымен-ақ, ду қол соғып, әншіге қайта-қайта көп алғыс айтады, тағы да ән айта түсуін тілейді.
Алғашқыдай емес, беті бір ашылып алған соң-ақ бүйірі қызып, бауырын жазған жүйріктерше, жайраң қаққан жас әнші Әміре енді “Ардақ” атты халық әнін асқақтата айтып береді.
Осы кезде бұрын әңгімеге көп араласа қоймай, барлық ынта-назарын тек, ән тыңдауға ғана аударып, шеткерілеу отырған бір ақсақалды адам Әміреге қарап:
– Ой, өркенің өссін, өмірлі бол, қарағым. Әншілік өнерің мұнан да гөрі өсе берсін, – деп батасын берді де, сөзінің аяғын Жұмашқа қарай аударып:
– Шырағым Жұмаш! Елдің еркесі де, серкесі де сендер сияқты ән шебері-саңлақтар ғой. Бүгін “ауылда қозы баққан баладан өзіме серік таптым” деп қуанып отырсың. Тек жүрген жолың әрдайым осындай олжалы бола берсін. Ал, ендігі айтарым: мына Әміре деген бала қанша айтқанмен де, әзірше май шамдағы тұтанбаған білте тәрізді. Осыған қамқорлық жасап, қанаты талмай, жетер жеріне жөн сілтегейсің, – дейді.
– Дұрыс айтасыз, ақсақал, мен баланың келешекте қозының қожасы, қораның күзетшісі емес, ел мақтанышы, үлкен өнер иесі болып өсуіне өз қолымнан келгеннің бәрін де, әрине, аямаспын-ау. Бірақ мұның бойына біткен табиғи таланты жаңағы сіз айтқан теңеуден анағұрлым алшақтау жатқан тәрізді. Демек, бұл Әмірені мен қазірдің өзінде-ақ алдыңғы саптағы әйгілі әншілердің деңгейінен орын алуға сай тұрған, болашақтың тірі Біржаны, оның ән аруағы тап осыған қонған дер едім. Себебі, бұл орындаған әндердің ішінен қырып-жонып тастарлық мін бар деп айта алмаймын. Қайта мұның аузынан шыққан ән туындылары әуелгі қалпынан да әдеміленіп, түрлене түсетін көрінеді.
Мысалы, жаңағы Әміреайтқан“Ардақ” аттыәнді Арқадағы белгілі ән шеберлерінің бірі – Жарылғапберлі ести қалса: “Бұл ән менікі емес, сенікі. Бұл ән – сен қанаттандырып ұшырған балапан”, – деген болар еді. Өйткені, менің байқауымша, Әміре айтқан әрбір ән өзінің нағыз иесін жаңа тапқандай болып, адамның жан жүйесін жылыта, жүрек пернесін тап басатын сияқты, — деп Жұмаш әнші Әміре жөніндегі әңгімесін аяқтайды.
Сыншының осы сөздерін өзгелер де түгел қостай түсіп, талапкер жастың шығармашылық өсу жолына тілектестік- терін білдіре тарасады. Ал, сонан келесі күндердің бірінде аталған Жұмаш әнші Әмірені қасына алып, ауылдарда ән дүкенін құру үшін ел аралауға аттанады.
Міне, осы сияқты Әміренің өмір жолында нелер ащы да, тұщы да, аянышты да, қуанышты да оқиғалар бірінен соң бірі тізбектеле өтіп жатады. Ал, олардың әрқайсыларына оқушыларымызға түсініктірек болу үшін, тұс-тұсында толығырақ тоқталуға тура келеді.
Әміре бір кездерде, әкесі Қашаубай мен шешесі Тойған бәйбішенің ұйғарулары бойынша, үй іштерімен бірге Семейге көшіп барады. Ондағы мақсаттары: ауыл ішінде тұрудың өз тұрмыстарына қолайсыздығын еске алып, “қалада жеңіл- желпі кәсіп істеу орынды болар” деген ой еді.
Сөйтіп, онда барғаннан кейін, Әміре Жаңа Семейде тұратын Исабек дейтін бай саудагерге ат айдаушы болып жалданады да, әке-шешелері де өз әлдері келгенше түрлі кәсіптер істеп, шама-шарқынша күнелтумен ғана тұра береді.
Жасынан әнқұмар Әміре, онда да сол әдетін ұмытпайды, қолы жұмыста болса да, аузы әннен босамайды. Оның арба үстінде, божы ұстап отырғанда асқақтата шырқаған әсем әндерін қала тұрғындары аса құштарлана тыңдайды. Олар аздан соң-ақ Әмірені “әнші бала” деп атайды. Оған аса сый- құрмет көрсете бастайды. Қалада болған той-думан, ойын- сауықтарға арнаулы қонақтар қатарында шақырып, төрден орын беретін болады. Бұл Әміренің 13-14 жастағы ғана кезі екен.
Жас таланттың тамаша ән шебері болып, жұрт алдында осылайша беделі арта түсуін онша ұната қоймаған Исабек бай оны енді ат айдау жұмысынан ауыстырып, түнде тері- терсек күзетуге қояды. Бұл оның Әмірені жаңағыдай жиын- тойларға жібермеу үшін әдейі жасаған әрекеті болса керек.
Сөйтіп жүрген кезде, бір жылы саяхат жасап, Абай ауылынан қайтқан сапарында сол қалаға әйгілі әнші Қали Байжанов келе қалады. Ол біреуден “осында бір керемет әнші бала бар” деген хабарды естиді де, бір күні әдейі соны іздеп, әлгі Исабек байдың үйіне барады.
Тап сол күні өзінің қызын ұзату тойын жасап, Исабектің де аса бір көңілді отырған кезі екен. Сондықтан да ол, тойға жиналған жұрттың қалауы бойынша, өзінің қарауындағы жалшысы Әміреге ән айттырып отырған үстіне Қали да тура келеді. Ол жайланып отырғаннан кейін жаңағы ән салып отырған — алақан көз, ақ сары балаға қадала қарап, бұрын көрмесе де көңіл жорамалымен оның Әміре екендігін жақсы біледі.
Бір мезгілде ән тоқталып, тойшылар тарауға айналған соң, Қали: «Әнші бала тағы бір ән айтса екен», – деп тілек білдіреді. Соңырақтау келген бөгде қонақтың бұл сұрауын өте орынды санаған үйдегілер де оның сөзін түгел қостай түседі.
Міне, осы кезде, Әміре тамағын бір кенеп алып, “Көк көбелек” атты халық әнін көкке өрлете шырқай жөнеледі. Ән аяқталысымен Қали Әміренің қасына барып, бетінен бір сүйеді де:
– “Естіген құлақта жазық жоқ” демекші, жұрт айтса айтқандай-ақ, аса жақсы әнші болғалы тұр екенсің, Әмірежан. Тек, өмірлі бол, өнерің өрістей берсін. Менің саған айтар ағалық кеңесім: сен енді басқа жұмыстардың бәрін де тастап, бірыңғай әншілік өнер жолына түс,- деп ойындағы ізгі тілектерін білдіреді. Қалидың осы айтқан сөздері жанына жаға қоймаған жатыпішер Исабек бай кекесін тілмен:
– Уа, қауым! Мына жаңа келген қонақтың өзі әнді өте сүйетін сияқты. Соған қарағанда, әлде өзі де ән айта білетін болар. Ендеше осы кісіден қонақ кәдесін тыңдап көрсек қайтеді? – деп қарқ-қарқ күледі. Оның ондағы ойы – Қалиды ән айта білмейтін, әлдебір ашық ауыз көріп, сонымен ұялтпақ болса керек. Исабектің мысқылдай сөйлеген, кекесін тіліне түсіне білген Қали да оған есесін жібермей:
– Иә, аздап болса да, ән айта алатыным да рас. Ал, жақсы әнді бір ғана мен емес, бүкіл атамыз қазақ баласы қадірлейтінін сіздің әлі күнге дейін білмей жүруіңіз, әрине, үлкен өкінерлік жай екен және сіз бен бізден гөрі де өмір жолын жақсырақ түсіне білетін ақын Абай да:
Құлақтан кіріп бойды алар,
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең менше сүй, —

деді емес пе? Ал, осыған орай айтарыңыз бар ма? – деп Исабектің топастығын топ алдында бетіне басады да, Әміренің ақ домбырасын қолына ала салып, Қали “Жалғыз арша” атты халық әнін айта береді.
Қалидың таңдай қақтырғандай, шабыттана шырқаған осы бір тамаша әсерлі әнін тыңдап, таңдана қалған үйдегілер енді оның аты-жөнін тәптіштеп сұрай бастайды. Ол:
– Қонысым Қарқаралы, атым Қали, Байжан деген кісінің баласымын, – десімен Әміре орнынан ұшып түргеліп, төрде отырған қонаққа әдеппен қол береді де:
– Ардақты Қали аға! Мен сіздің атыңызды көптен бері естісем де, өзіңізді бір көре алмай, үлкен арман үстінде едім. Ал, бүгін ойда жоқ жерде ол мақсатыма да жеттім, – деп ол өзінің қуанышты ойын ортаға салды.
Осы кезде Қали да орнынан тұрып, оған жылы шыраймен шын достық білдіре:
– Бауырым Әміре! Мен дағы сені сыртыңнан естіп, осында әдейі іздеп келіп отырмын. Ал, енді келешекте бал жаласқан тату-тәтті дос болудың белгісі үшін, келші бері төске-төс тигізелік, – деп Қали Әмірені қаусыра құшақтай алады.
Бұл екі өнер алыбы: Қали мен Әміренің ең алғашқы кездесулерінің бір ғана көрінісі еді.
Мұнансоңғыжылдарыоларбелгілі Қояндыжәрмеңкесінде, Семейде болған өнерпаздар жарысында, Мәскеуде сан рет кездесіп, ілгеріде айтылғандай екеуі өмірлік дос болып кетеді.
Әміре өмірінің жаңағы Исабек үйінде болған оқиғадан соңғы кезеңіне тоқталалық.
Әміре аздан соң-ақ, ат жалын өзі тартып мінуге жарап, ержеткен сайын өзінің асқақ әншілік өнерімен жұртқа жағып, жылдан-жылға халық арасында беделі арта береді. Бірақ та Исабектің құлдауынан көпке дейін құтыла алмай жүреді.
Әміренің әншілік өнерін өте жоғары бағалайтын қала тұрғындары оның табиғи таланты жалшылық торынан шыға алмай жүргеніне аянышты көзбен қарап, өзара бас қосады да, қайткенде оны малайлықтан босату қамын ойлайды. Сол мақсатпен олар бір күні Әмірені орталарына алып отырып:
– Қарағым Әмірежан! Сен енді қара жұмысты қой. Егер саған керегі қаражат жағы болса, онымен біздер сені толық қамтамасыз ете аламыз. Атап айтқанда, Исабек байда жалшылықта жүріп, табатын жылдық табысыңды біздер бір- ақ күнде жинап бере аламыз. Сондықтан, сен енді жасыңнан өзің сүйген әншілік өнерін іздену жолына түс. Ол үшін бір ғана Семей қаласында тұра бермей, атқа мін, ел арала, тәжірибелі үлкен әншілермен таныс, олардың орындаушылық өнерінен үлгі алып, тапқан олжаңды өз білген өнеріңе қос. Сөйтіп, көп алдында айтарлық әніңді көбейте бер, – деп достық ақылдарын айтады.
Достарының бұл қамқорлығына қатты қуанған Әміре сол күннен бастап, біржолата Исабек баймен есеп айырысады да, енді жаңағы дос-жарларының айтқан ақылдары бойынша ел аралауға аттанады. Ол өзінің осы тұңғыш сапарында, ең алдымен халық аса көп жиналатын Қоянды жәрмеңкесіне баруға ұйғарады.
1913 жылдың жазы. Белгілі Қоянды жәрмеңкесінің мейлінше қызып тұрған кезі. Бір күні Әміре сол алғашқы көрген жәрмеңкенің түрлі қызықтарына таңдана қарап, көшені өрлей тартып келе жатқанында, таяу жердегі қаз- қатар тігілген қымыз сатушылар үйлерінің бірінде асқақтаған әсем әннің бір әдемі үні естіле қалады.
Ән десе ішіп отырған асын да қоя сала ұмтылатын Әміре алды-артына қарамастан, қуана-қуана әлгі үйге түсе қалады да, атын белдеуге байлай тастап, сәлем бере кіріп барады. Онда отырғандардың бірі – өзіне бұрыннан таныс әнші Қали. Оны көрісімен-ақ орнынан ұшып түрегеле келіп, құшақ жая қарсы алады да, өз қасынан орын береді.
Әміре жайланып отырғаннан кейін, Қали оны үйдегілерге, соңынан оларды Әміреге біртіндеп таныстыра бастайды. Сол сәтте, алты қанат ақ үйдің оң жақ қабырғасын ала орнатылған үлкен қара сабаның алдында, құлашын кере қымыз сапырып отырған Семейлік саудагер әйел Ажар да Әмірені тани кетіп, оны көпке таныстырудың Қалидан қалған кем-кетігін толықтыра түседі.
Сөйтіп, Ажар әңгімесі аяқталысымен, өзінің сұлу көркіне сай, ұлт киімдерін сәнді киінген керекулік әнші Майра:
– Иә, Семейде Әміре деген бір әнші бала бар деп естуші едім. Ал, міне, бүгін өзін де көріп отырмыз. Сондықтан “жігіт қадірі өнермен өлшенеді” демекші, кәне, енді лебізіңді естірте отыр, замандас,- деп Әміреге қарай сөз тастайды.
– Оныңыз дұрыс. Бірақ та, мен алыс жерден іштеріңізге келген қонақпын да, сіздер осында бұрыннан орын алып отырған ауыл адамдары сияқтысыздар ғой. Сондықтан алдымен ауылдың алты ауызы дейтін салт бар емес пе?- дейді Әміре.
– Апыр-ай! “Жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін табады” деген осы екен-ау, аңдамай сөйлеп, ақыры ән айтуға өзім борышты болып қалғанымды қараңыздаршы, – деп Майра үйдегілерді бір күлдіріп қояды да, қолына он төрт баспалы гармонын ала сала:
Қызы едім Уәлидің атым Майра,-
деп басталатын өз атындағы әйгілі әнін әлденеше түрлендіре, шыңға өрлете, шырқай жөнеледі.
Ән, әсіресе, тосын тыңдаған Әміреге өте ұнайды. Оның орындаушылық әдістері оған үлкен әсер етеді. Ән болған соң Майра Әміреге күлімсірей қарап:
– Ал, әнші жігіт Әміре! “Орамал тон болмайды, жол болады” демекші, әзірше осыған риза болып, енді қонақ кәдесін орындауды өзі де көп кешіктіре қоймас деп сенеміз, – дейді.
Майраның бұл сөзін басқалар да түгел қостай түсіп, Әміренің қолына домбыра береді. Міне, осы кезде ол домбыраны біраз безілдете шертіп-шертіп алады да, белгілі “Ағашаяқ” атты күлдіргі әнді айтып береді.
Әміре әнді ә деп бастасымен-ақ, музыка тілін түсіне білетін өңшең өнер саңлақтары бірде күліп, бірде тынып, құлақ түре тыңдап отырады да, ән аяқталысымен әрқайсылары өздерінің ой-пікірлерін ортаға салады. Ең алдымен ақмолалық атақты әнші Сәтмағанбет сөз бастап:
– Ау, шырағым Әміре! “Білім көпке жеткізеді, өнер көкке жеткізеді” дегендей біз бүгін сенің әншілік өнердің шыңына шығып, көкке өрлей қанат қаққан тамаша талант иесі екендігіңді көрдік, тағы қатты қуанып қалдық. Сондықтан келешекте де құлашыңды кең жайып, көздеген мақсатыңа жете беруіңе шын ниетпен тілектестік білдіреміз, – дейді. Сәтмағанбеттің осы сөздерін Қараөткелдік Ғазиз ақын да қостай кетіп:
– Иә, Сәке! Сіз де өте дұрыс айттыңыз. “Жігіт қадірі өнермен өлшенеді” деп жаңағы Майра айтқандай-ақ, бәріміз де ән салып, сан рет өнер жарысында сайысқа түсіп жүрміз ғой. Бірақ та, “өнерлі өрде озады” демекші, Әміренің өнер салмағы таразының бір жағын баса беретін тәрізді көрінеді, – деп әңгімесінің аяғын әзілге айналдырып әкетеді.
Ғазиз сөзін бітірісімен Әміренің қасында тізелес отырған Қали да қалыңдау қара мұртын бір сипап қойып:
– Әрине, есеп бар ма, (есеп бар ма дейтін оның әуелден сөз салты болатын-ды). Бұл Әміренің әйгілі ән шебері боларын мен мұнан гөрі де жасырақ, бала шағында-ақ байқағанымда:
– Шырағым Әміре, “өнер өрлейді, үміт сөнбейді” деген халық сөзі бар. Сондықтан да, алдағы уақыттарда сенің өнер төрінен орын алуыңа мен кәміл сенемін. Ендеше, осы әншілік өнеріңді өміріңше тастамай, талпына бер, алға қарай қарыштай қадам баса бер», – деп ағалық ақылымды да айтқанмын.
Ал, енді мұның жігіт шағында, қандай өнерлі жан болып өскендігін бүгін өздеріңіз де көріп отырсыздар, — деп танауын тыржита күледі де, Әмірені арқаға қағады.
Тыңдаушыларынан, әсіресе, белгілі ән сыншыларынан аса жақсы баға алып, көңілі үлкен қуанышқа бөленген Әміре оларға өте ризашылығын білдіре отырып:
– Ардақты ағалар! Құрбы-құрдастар, замандастар! Сіздер мен туралы талай тәтті сөздер айтып, азды-көпті талабыма жаңадан табыс қосқандай болып отырсыздар. Оларыңызға, әрине, көптен көп рақмет. Бірақ, мен сіздер айтқандай дәрежеге әзірше жете қойғаным жоқ. Өздеріңіз сияқты үлкен өнер иелерінен үлгі алып, әлі де үйрене түсуім керек.
Ал, енді осы отырған сіздердің құрметтеріңіз үшін, Семейге бір барған сапарында, мына Қали ағадан үйреніп қалған “Жалғыз арша” атты әнді айтып көрейін, — дейді де Әміре тағы да әнге басады.
Жұртқа әйгілі осы бір кербез әнді шабыттана шырқаған Әміре өзінің керемет шебер орындаушылығымен тыңдаушыларын тағы да тым таңдандыра түседі. Олар әншіге алғыс айта, сатыр-сұтыр қол соғып, мақтау хорына қосылғандай болады. Міне, осындай қызу құттықтаулар аяқталысымен Әміре отырып:
– Мен сіздерден үлгі алып, үйренгім келетін ойымды жаңа да айтып едім ғой, әлі де сол ниеттің үстіндемін. Ал, ендігісін өздеріңіз біліңіздер, — деп ишарат етеді.
– Ендеше, алдымен мен-ақ бастайын! – Қали өзінің дүріл қаққан, сиқырлы даусымен “Шама” дейтін әнді жүйткіте жөнеледі. Онан соң Ғазиз “Аттандым Ғазиз ақын бала жастан” деп басталатын өз әнін қалықтатып, ән базары барған сайын қыза түседі.
Міне, осылардың бәрін де бар ынтасын сала, үнсіз тыңдап отырған Әміре әлде бір ән мектебінен өткендей сезінеді. Өйткені, бұл оның мұндай үлкен өнер иелерімен тұңғыш рет кездесуі еді.
Сөйтіп, әр арнадан сынаптай толқып, судай тасыған сұлу әндерге сол үйде отырғандар әбден сусындағандай болған кезде, Сәтмағамбет көпке қарап:
– Уа, жігіттер! Күн бір бұл емес қой, өмір болса тағы да талай рет кездесерміз. Сондықтан, бүгінгі ән сауығын, сірә, осымен аяқтауымыз жөн болар, — деп ұсыныс жасайды. Бұл ұсынысты басқалар да қостай түсіп, бәрі де біртіндеп үйді- үйіне тарасады да, Әміре ол күні өзінің таныс жерлесі, осы қымыз сатушы Ажар атты әйелдің үйінде қонып қалады.
Әміренің өнер іздеу жолындағы саяхат жасаған ең алғашқы сапары осылайша басталады да, бір ай бойы болатын сол Қоянды жәрмеңкесінде жүріп, жаңағы айтқандардан басқа да әр жерден келген: Иса, Ғаббас, Темірболат сияқты бірсыпыра ән шеберлерімен танысады.
Әміре Қоянды жәрмеңкесіне барған осы жолынан Семейге үлкен олжамен оралады. Демек, ол онда көптеген көркем өнер уәкілдерімен кездесіп, бұрын өзі білмейтін талай таңдаулы халық әндерін үйренді. Сонымен қатар, ол сол жәрмеңкеге әр жерден жиналған көп жұртқа өзінің тамаша талант иесі екендігін таныта білді.
Сөйтіп, Семейге осындай шығармашылық табыспен келген Әміренің беделі қала тұрғындарының арасында бұрынғысынандаартабастайды. Оларөзорталарынаншыққан керемет ән шеберінің өнер шыңына өрлеп, орындаушылық қабілеті шыңдала түскендігін шын көңілден үлкен қуаныш етеді, кезекпен қонаққа шақырып, сый-құрмет көрсетеді.
Сонымен арада жылдар өтеді. Бір кездерде Ұлы Октябрь социалистік революциясының жеңіс туы желбіреп, алтын арай бақыт таңы атқан шақта Әміре де зор шаттыққа бөленіп, ежелгі аңсаған арманына жетеді. Оның шабыттана шырқаған әсем әндері енді бүкіл аспан әлемін шарлап кетеді.
Әміре осылайша ән салып, Семей қаласында сейіл құрып жүрген кезінде, бір жылы өзінің әріптесі керекулік әнші Майра келе қалады. Бұрын Қоянды жәрмеңкесінде тұңғыш рет танысқан досын ол құшағын жая қарсы алады. Оны көрген семейліктер де үлкен қуанышты сезіммен ең сыйлы қонақтары қатарында санап, ерекше құрмет көрсетуге кіріседі.
Сөйтіп, екі өнер саңлағы Семейде әннің туын тіккендей, тізе қоса ән салып, талай күндер қызықты сауық кештерін жасайды. Барған жерлерін базар етіп, тыңдаушыларының құлақ құрышын әбден қандырғандай болады. Бірақта, ән адамның рухани жан азығы екендігін жақсы түсіне білген, әнқұмар қала халқы олардың айтқан әсерлі әндерін тыңдаудан тіпті жалығар емес. Сондықтан да Майра қашан еліне қайтқанша үйде де, клубта да, Ертіс жағасындағы орман арасында да ән айттыруды әдетке айналдырып алады. Майраның Әміремен үшінші рет кездесуі 1924 жылы ақпан айында Семей қаласында өткізілген облыстық өңшең өнер шеберлерінің жарысында болған екен. Ол кезде: Қарқаралы, Өскемен, Павлодар, Баян – бәрі де Семей облысы деп аталатын-ды. Сол кезде Семейде болған Совет Одағының халық әртісі Қалибек Қуанышбаев ақсақалдың айтуына қарағанда, сол жарысқа Павлодардан — Майра, Семейден
Әміре, Қарқаралыдан – Қали, тағы басқа да көптеген әншілер қатысқан көрінеді.
Сондағы жарыс қорытындысын Қалекең былай деп баяндайды:
– Әрбір әншілер жарысқа түсіп, кезектесіп әндер орындағаннан кейін, топтанып келе жатып, тап қарақшыларға таянғанда ғана шұбалып, жекелене бастайтын бәйге аттарындай аяғында көптен іріктеліп Қали мен Әміре қалды. Бұлар әуелде әрқайсысы әртүрлі әндер айтып отырды да, кейіннен бір әнді екеуі бірінің аузынан бірі жұлып алғандай кезекпен айтып, біресе домбыра, біресе гармоньмен сүйемелдеп, қыза- қыза екеуі сахнадан шықпай қойды.
– Қазақтың ескі әдеті қала ма, Қали айтқанда: Қарқаралы,
Павлодар, баяндықтар қошеметтеп, ал Әміре айтқанда Семейдің көпшілігі шулап, айқайласа қостап жатты. Ақырында, “Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымас” дегендей, екі әншінің бірінен-бірін бөлмей, екеуінің дарынды әнші екенін көрген төреші топ бірінші, екінші бәйгені қосып, Қали мен Әміреге бөліп берді, – дейді Қалекең.
Әншілік өнерін ең алғаш рет ауылдағы көрші-қолаңдар арасында, киіз күрке көлеңкесінде отырған кезінен бастаған жас талант Әміре жыл сайын сатыдан-сатыға өрлеп, енді міне, сол өнердің ең биік шыңына шықты. Оның құрметті даңқы бүкіл кең-байтақ қазақ даласын кезіп, шартарапқа тарап кетті. Енді бір кездерде Әміренің аты республика көлемінен асып, астанамыз Мәскеуге да барып жетті.
Әміре 1925 жылдың аяғында, сол кездегі РСФСР халық ағарту комиссары А. В. Луначарскийдің екі рет жедел хат жіберіп шақыруы бойынша Парижде болатын бүкіл дүниежүзілік өнер қайраткерлерінің концертіне қатысу үшін сапарға аттанды.
Әміре осындай бақыт сапарына аттанып, Мәскеуге барғаннан кейін басқа да республикалардан келген өзі сияқты өңшең таңдаулы талант иелерімен бірге 25 маусым күні Үлкен театрдың сахнасында қойылған концертке шықты. Оның тұңғыш рет Үлкен театр сахнасында асқақтата шырқаған әсем әндері Мәскеу жұртшылығына, оның ішінде, әсіресе, музыка тілін тереңірек түсіне білетін өнер сыншыларына да өте ұнайды.
Парижге бару алдындағы дайындық есебінде берілген осы концерт жөнінде “Правда” газеті өзінің сол жылы, 26 маусымдағы санында арнаулы мақала жариялап, Әміренің әншілік өнеріне жақсы баға береді. Расында да, “Әміре сияқты әншіні сирек кездестірдім”, – деп А. Барбюс те, әрине, кездейсоқ айтпаған.
Мәскеуде сыннан сүрінбей өткен советтік сан алуан өнер саңлақтары Парижге барып, дүниежүзілік өнер сайысына түсе бастады. Олар онда әлденеше күн жатып, он бір рет концерт берді. Совет өнерпаздары үнемі алдыңғы сапта болып, сыбағалы жақсы орындарды иеленіп отырды. Бұған дәлел есебінде мынадай фактілерді айта кетуге тура келеді:
Сол өнер сайысы өтіп жатқан кездегі совет өнерпаздарының орындаушылық шеберліктері жөнінде Париждің түрлі газеттері үзбей мақалалар жазып тұрды. “Париж апталығы” деп аталатын газеттің сол жылы 31 маусым күні шыққан санында, Совет Одағынан барған бірсыпыра өнерпаздар жайлы айта келіп:
“Қазақтың әншісі Әміре Қашаубаев өзінің жанрлық айтылатын емін-еркін дауысына, ұлт аспабы домбыраның сүйемелін қосып, өз елінің жаныңды толқытатын әндерін орындады. Солардың бәрінде де өнерлерін Парижге көрсетуге келген адал көңілді әртістердің өз Отанына деген жалынды сүйінші белгісі сезіледі”,- делінген.
Әміренің асқан әншілік өнеріне француздың атақты жазушысы әрі әйгілі сыншысы Р. Роллан да өте жоғары баға берген. “Қашаубаевты тыңдап отырғанда, — деді Роллан, — Шығыста әншіні бұлбұлға не себепті теңейтінін түсіндім, онда әншілік қабілет өте басым”.
Әміре сол Парижде берілген концерттерде әуелден өзі ұнататын, жұртқа белгілі: “Ағашаяқ”, “Ардақ”, “Қанапия”, “Қарға”, “Қос барабан”, “Үш дос”, “Смет” сияқты көптеген әндер айтқан екен. Солардың бірсыпырасын Париждегі Сорбонна университетінің профессоры Перно фонографқа жазып алыпты да:
– Қашаубаев мырза! Бұдан былай сіздің дауысыңыз ғасырлар бойы мәңгі сақталады! – депті.
Амал не? Әміренің сол фонографқа жазылған әндері әлі күнге дейін біздің қолға түспей келеді.
Ән шебері Әміре Қашаубаевтың шет елдерге бірінші барған осы сапары өте сәтті болады, ол жоғары дәрежелі баға алып, елге үлкен абыроймен оралады.
Бір кездерде Исабек байдың тері-терсегін күзетіп, есігінде жүрген жалшы Әміренің сонау Париж сахнасының төрінде ән шырқап, бүкіл совет өнерінің мақтанышына айналуы қандай үлкен бақыт, қандай зор қуаныш десеңіздерші.
Әміре Қашаубаев сол Париж сапарынан қайтқан жылдың күзіне қарсы Қызылорда қаласында жаңадан ұйымдасқан қазақ драма театрына шақырылады. Онда ол Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Иса Байзақов, Құрманбек Жандарбеков, Қапан Бадыров сияқты өңшең өнер қайраткерлерімен қол ұстаса қызмет істеді. Астана халқына қызықты ойын-сауық көрсете бастады.
Театр ең алғашқы жылдары бір пьесаны бүтіндей қоюға кадр жағының жетімсіздігіне байланысты әрбір сауық кештерінде, алдымен, пьесадан үзінділер ойнаудан бастап, аяғын концертпен бітіретін болған. Сондықтан да ол кездегі ойындарда күштің көбірек салмағы Әміреге түсетін-ді. Себебі оның жүрекке жылы, құлаққа жағымды сыңғырлаған сұлу үнімен жан сүйсіндіре салған әсерлі әндерін бір тыңдаған жұрт қайта-қайта қол соғып, көпке дейін сахнадан жібермей қоятын-ды.
“Әміренің әнінде ақындық тазалықтың шамшырағы жанғандай, жүректі тербеп қуантатын аспандаған қуаныш белгісі бар. Әміре – әншіліктің ақыны. Әнінің әрбір ырғағына жанын салған шыншылдығы көрінеді. Оның жүрегінің түкпірінде жылтырап жанған өнер оты сезіледі”, — деп Мұхтар Әуезов жазғандай-ақ, оның айтқан әндерін халықтың аса сүйсіне тыңдайтындығы соншалық, Әміре концертке шығады деген күні театрға келушілерге тіпті орын да жетпей қалатын-ды.
Анығын айтқанда, Әміре тек әнші ғана емес, ол керемет кейіпкер, нағыз актерлік өнердің де үлгісі еді. Мысалы, сол кезде театр сахнасында жиі көрсетілетін “Еңлік- Кебек” пьесасындағы Жапалдың, “Айман-Шолпандағы” Жарастың рөлдері сияқты комедиялық образдарды жасауда ол көрермендерді күлкіге батыра тым тартымды етіп орындайтын-ды.
Әрі әртіс, әрі әнші Әміре театрда осылайша қызмет істей жүріп, советтік өнер қайраткерлерінің құрамында еліміздегі талай үлкен қалаларды, сонымен қатар шет елдерді де аралады. Атап айтқанда, ол 1927 жылы сәуір айында Мәскеуде болған Советтер съезінің делегаттары үшін берілген өнер шеберлерінің концертіне қатысып, бұл жолы да өте жақсы баға алып қайтты.
Әміре сол жылдың жазында Германияның Франкфурт дейтін бір қаласында болған бүкіл дүниежүзілік музыкалық көрмеге барып, сол көрменің советтік бөлімінде тоғыз рет берілген концертке шықты. Қазақ әндерін шет ел халықтарына мейлінше жақсы таныстыра білді. Әміренің шет елдерге осымен екінші рет баруын еске алғанда, ол қазақ өнерінің уәкілі есебінде, басқа халықтарды ең алғашқы аралаған өнер пионері екендігін де айтпай кетуге болмайды.
Әміренің әншілік өнері мен адамгершілік қасиеттері жайлы әңгімелер айта берсе таусылмайды. Алайда, өзімен бірге қызметтес болған әріптестерінің кейбір қызықты естеліктерін, сондай-ақ ол жөніндегі қайсыбір музыка мамандарының ой-пікірлерін және оның озат өнеріне берген арнаулы бағаларын айта кету керек сияқты. Ең алдымен советтік қазақ өнерінің ақсақалы Қуанышбаев Қалибекке сөз берелік:
– Әміренің алқымында үлкен тыныс бар болатын-ды. Ол әрбір ән айтар алдында сол тынысқа іштегі демін толтырып алып, оны үнемдеп қана шығаратын-ды. Сондықтан да оның үні созымды, тынысы кең жататын, керекті жеріне талмай, еркін жетіп отыратын,- деп бастаған әңгімесін Қалекең.
– Әміренің адамгершілік қасиеті де аса жақсы еді. Ол өзінің асқан әншілік өнерінің үстіне, жайраң қаққан жайдары мінезімен де жұртқа жаққан, ақкөңіл, адал ниетті жан еді. Ол дүние үшін қамығып, қабақ шытпайтын, қолда барын ешкімнен аямай бөліп беретін аса жомарт адам еді. Ол әрдайым қағытып қалжың сөздер айтып, қасындағыларды күлкігеқарққылыпотыратынөтеойыншыл, әзілқойболатын- ды. Егер кейде бір нәрсеге ренжісе, үстіңгі ернін томпитып, төменгі ернін салпитып, балаша өкпелей қалатын-ды. Бірақ, ол кекшіл емес еді. Демек, сол өкпе үстінде отырғанның өзінде де, “ой, сорлы Қашаубайдың қасқасы-ай!” – деп бүйірінен бір түртіп, қытықтай қойсаң болғаны кеңкілдеп күліп, әлгі өкпесін әп-сәтте ұмытып кететін-ді.
Әміренің басқа әншілерден тағы бір ерекшелік қасиеті – ол өз репертуарындағы әндерге үнемі өңдеулер жасап, бұрынғы қалпынан анағұрлым артығырақ ажарландырып жіберетін. Сондықтан да, оның елегінен өткен әрбір ән өзіне тән жаңа түр, жаңа ырғақтар тауып, тамаша түрлене түсетін- ді. Мысалы, “Ағашаяқ”, “Шіркін- ай”, “Баянауыл”, “Қарға”, “Екі жирен”, “Толқын”, “Қос барабан”, “Қызыл бидай”, “Жиырма бес”, “Көк көбелек” сияқты көптеген әндерге қосқан едәуір үлесі бар.
Әміренің үлкен дарын иесі екендігін толық дәлелдерлік толып жатқан түрлі көрсеткіштер бар ғой. Бірақ та оның бәрін тәптіштеп, түгел айту үшін көп уақыт керек. Әйтсе де оның көз көрген кейбір елестерін еске түсіргім келеді.
Ерте кездегі ескірек тілмен айтқанда, Әміре нағыз перілі әнші еді. Олай дейтін себебім: ол әнді жайшылықта айтқандағыдан гөрі халық аса көп жиналған ұлы дүбір той-думандарда делебесі тым қозып кететін-ді. Демек, ол ән айтар алдында томағасын сыпырған қырандай-ақ жан- жағына жалт-жұлт қарап, қомдана отырып қолындағы домбырасын безілдете қағып, шырқата жөнелетін-ді. Қандай күшті айғаймен айтылатын әндерде де оның өңі ешбір бұзылмайтын еді,- деп баяндайды Қалекең Әміре жайындағы естеліктерінде.
Әміремен көп жылдар бойы театр сахнасында да, сахарадағы ауыл еңбекшілері арасында да түрлі ойындар көрсетіп, көптеген концерттер бергенде жанында бірге жүріп, бірге тұрған әріптес достарының бірі — Қазақ ССР-ның халық әртісі Елубай Өмірзақовтың да ол туралы талай қызықты естеліктері бар. Солардың ішіндегі газет жүзінде жариялаған мынадай бір естелігін айта кетуді мақұл көрдік:
– Әміренің мінезі жас баланың мінезіндей аса қызық еді. Алдаса нанатын, айтса тыңдайтын, аңқау да, арлы да адам еді Әміре. Қарқара жәрмеңкесінде алғашқы ойын көрсеткен күні “Жұрт көп жиналсын, алдымен сен шырқап ән сал”, – дедік. Тілалғыш баладай елгезек Әміре айғайға басты. Ән біткенше сары масаның ызыңы естілгендей тып-тыныш еді. Әміренің шарықтаған әсем әні аспан әлемін кезіп келіп, төмендей сорғалап барып, кенет үзіліп тынғанда тып-тыныш тұрған халайық аттары бәйгеден келгендей-ақ у-шу болды да қалды.
– Ой, көп жаса!
– Сені тапқан шешеңнен айналса болмас па!
– Уа, бәрекелді, шырағым! — деген алғыс сөздер, ақсақалдардың айғайы айналаны азан-қазан қылды… Соншама құрметке жасынан-ақ бөленсе де, жұрт аузына ерте ілініп, өнерінің игілігін ерте көрсе де Әміре таспайтын, шарасынан аспайтын аса әдепті жан еді,- дейді Елағаң.
Міне, сол Қарқара жәрмеңкесіне концерт беру үшін барған бригаданың құрамында Байзақов Иса марқұм да болады. Оның осы сапарында Әміре жөнінде айтқан естеліктерінің қысқаша мазмұны былай екен:
– Әміреге аса бір ырза болған жеріміз Қарқара жәрмеңкесінде болды. Бір күні жұрт көп жиналған бір үлкен концертте бригада құрамындағы өзге орындаушылар ішінде Әміренің әншілік өнері ерекше көзге түсті. Мүмкін оның есімін және әйгілі ән шебері екендігін ертеден естігендіктен- ақ, халық ду қол шапалақтап, құрмет көрсете бастады.
Әміре әдеттегісінше отырғандарға сәлемдесу ишарасын білдіре, әдеппен басын бір иді де, ортаға қойылған орындыққа отыра қалып, Қанапияның әнін қалықтата жөнелгенде жиналған қалың жұрт қыбыр етпестен, үнсіз отырып, ұйып тыңдай берді. Әміре оған жалғастыра: “Жалғыз арша”, “Сырғақты”, “Смет” сияқты біраз әндер айтып, енді кетпек болса дағы көпшілік тұс-тұстан үн қоса айғайлап, “тағы да айта түссе екен” деп тілек білдірді де, оны көпке дейін жібермей қойды.
Әуелден ән айтуға ерінбейтін елгезек Әміре халықтың қалауы бойынша, сол күні тағы да әлденеше әндер айтып, тыңдаушыларының көңіл сүйінішін дәл тапқандай болды. Осыған орай, жұрт та оған деген алғыстарын үсті-үстіне жаңбырша жаудырып, өте ризалықтарын білдіріп жатты. Ән аяқталғаннан кейін жанында бір-екі жігіті бар, “Қыз Жібек” қиссасын жазған Шайқы Ыслам Жүсіпұлы сахнаның сыртына келіп, Әміреге танысты да, үлкен рақмет айтты.
Әміренің бұдан басқа жерлерде де үнемі оза шауып, жүлде алып жүргенін сан рет көрген едік, солардың ішіндегі бір есте қалғаны осы,- дейді Иса марқұм.
Әміре туралы айтылған осындай түрлі деректерге қарағанда, ол театр сахнасындағы еңбектеріне қоса, үнемі ел аралап, ән айтуды әдетке айналдырғандығын, сонымен қатар ол қайда жүрсе де халықтан өте жақсы баға алып отырғандығын аңғаруға болады. Оған дәлел үшін, жоғарыдағыларға қосымша тағы да мынадай бір фактіні айталық.
Әміре 1926 жылы театр ұжымының бірнеше адамдарымен бірге Шымкент, Ташкент қалаларында болып, көптеген концерттер береді. Ол бригаданы басқарушы Қазақ ССР-нің халық артисі Құрманбек Жандарбеков сол жүрген сапарында аталған қала тұрғындарының өздерін тамаша жақсы қарсы алғандығын, берген концерттерін, әсіресе, Әміренің шырқата салған алуан әндерін аса назар сала тыңдағанын айта келіп:
– Әміренің залды күңірентіп жіберген ащы айғайы мен сыңғыраған көмейінен бұралып шыққан үнге таңырқамаған жұрт болмады. Бір кешті Әміренің бір өзі алды, — деп жазған өзінің “Әміре – топтан озған әнші” деген мақаласында.
Сол сияқты, Әміренің асқан ән шебері екендігі жайлы советтік қазақ өнерінің көрнекті уәкілдерінің бірі Жұмат Шанин де және қазақтың музыкалық асыл мұраларын жинап, оны нотаға түсіруде мейлінше көп еңбек сіңірген Александр Затаевич те өте жоғары баға берген көрінеді.
Профессор Ахмет Жұбанов 1933 жылдың күзінде Әміремен кездескенін, оны тыңдап көргеннен кейін өзінің қандай пікірде болғанын баяндай келіп:
– Әміренің ән формасын жақсы түсінуі, орындау кезінде дыбыс топтарының өршуі мен бәсеңдеу кездерінің кездесулерінөтезаңдытүрдеберуі,драмалықжәнелирикалық әндердің әрқайсының өзіне тән ерекшеліктерін тауып айтуы, неше түрлі өрнектер, әшекейлер Кәлләкише (драма театры ұжымының Қалибекке жақсы көріп қойған аты) айтқанда “бұрмалары”, “иректері”, біресе самғап көкке шығып, біресе құлдилап төмен түскендегі ән делбесін (божысын) қатты ұстап, ерікті үнге біржолата беріп жібермей отыруы, мың бұралған әсем дыбыстардың бірінен-бірі асып түсіп, еркіңді билеп кетуі, әсіресе, басқада жоқ (кейін Жүсіпбекте қалған) өз алдына бір музыкалық “әңгіме” болып жататын домбырадағы сүйемелі, оқудан жаңа келіп, кең-байтақ Қазақстанның жер- жерінің әншілік дәстүрімен танысып болмаған біз сияқты нотаға сауаты бар да, халықтың музыка дәстүрінің небір жарқыраған асыл тастарының түстерін танып, аттарын біліп болмаған кісіге ұмытылмастай әсер қалдырды, — деп жазған.
Осылардың бәрін айта келгенде, аса өкінерлік бір жай – Әміренің өз орындауымен бірде-бір ән пластинкаға немесе пленкаға жазылып қалмауы. Осыны еске алғанда: Әттең шіркін! Оның кіршіксіз таза, сыңғырлаған сұлу үні өзінен соңғылар үшін мәңгі сақталса еді деген ойға келесіз.
Ал, енді бұл жөнінде қуанарлық бір жағдай: “Нелер шебер ұста бар, олардан қалар нұсқа бар” демекші, оның айтқан әндерін өз аузынан үйреніп, орындаушылық әдістерінен де үлгі алған кейбір шәкірттері әнді Әміреше айтуға әдеттеніп, онан үйренген әлденеше әндерін пленкаға жаздырды.
Мысалы, дауыс сұлулығы жағынан болсын, орындау шеберлігі жағынан болсын, өзінің сол ұстазына өте ұқсас кешегі Ержанов Манарбек марқұм өзінің бір әңгімесінде:
– Мен Алматыға келіп, ең алғашқы актерлік қызметіме орналасқаннан кейінгі, көптеген әндер үйренген және ән айту әдістерінен үлгі алған нағыз ұстазым Әміре болатын- ды. Менің қазіргі концерттік репертуарымдағы: “Ардақ”, “Ағашаяқ”, “Үш дос”, “Смет”, “Топай көк”, “Келіншек”, “Қарға”, “Қорлан”, “Ақ сиса”, “Сырғақты” сияқты әндердің бәрін де мен содан үйренгенмін-ді,- дейтін еді. Сондай-ақ, жаңағы Ахаң айтқандай, Әміренің ән айтуға асқан шеберлік үлгісі Жүсіпбекте де қалған.
Өзінің асқан әншілік өнерімен көпке үлгі көрсеткен халқымыздың ардагер адал перзенті, үлкен өнер иесі Әміре Қашаубаев 1934 жылдың күзінде, 42 жасында мезгілсіз қайтыс болды. Бірақ, оның ардақты есімі ешуақытта ұмытылмайды, еліміздің есінде мәңгі сақталады. Өйткені, ол халқымыздың қалаулы ұлы, сандуғаштай сайраған бұлбұлы еді.
(«Портреттер» кітабынан А. «Жазушы» , 1969 ж.)

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *