Иса БАЙЗАҚОВ ИСАНЫҢ ӘҢГІМЕСІ

Иса БАЙЗАҚОВ
ИСАНЫҢ ӘҢГІМЕСІ

…Содан тамыз айы ішінде, — деді Исекең әңгімесіне көшіп, — Орынборға бара жатып, Семейге соқтым. Мұхтар, Жұмат, Әміре, яғни, ескі достар орнында екен. Дүрілдетіп концерт, спектакльдерін беріп жүр. Бір кеште концерт болардың алдында, Әміре халық әні «Назқоңырды» шертіп отырып кенет: «Әй, Иса, осы ән маған қатты ұнайды, тек сөзі тебірентпейді жанымды, сен бір әдемі қызға айтылған сөздер жазып, өзгертіп берші. Қазір халық әндерінің ескішіл, діншіл жерлерін өзгертіп айту керек деген сөз болып жүр ғой», – дегені. Сол сәтте жақында ғана таныссам да көңіліме талай әсем ән ұялатып, ойымды билей бастаған Шәрбану көркі көз алдыма елес берді де, мына бір сөздер жарыққа келді», — деп Исекең баяу ғана әндете жөнелді.
«Ай қабақ, алтын кірпік, қызыл ерін,
Кел десең неге аяйын аттың терін.
Сар ағаш сазға біткен секілденіп,
Қай жерде отыр екен бұраң белім.

Базардан алып келген күміс құман,
Жігітті адастырған қалың тұман.
Арадан қыл өтпестей тату едік,
Біздерді араз қылған қай антұрған!»

– Байқайсың ба, балақай, — деді папам ән соңында, – бәрі Исанікі боп кетпесін деп, соңғы шумақта халық әндері стилін сақтадым, өйтпесе тағы болмайды.
– Әміренің зеректігі ғажап болатын, — деп Исекең бір серпіліп, ескі досы еске түскенде сонау бозбала шағы, жас дәурені бір сәт қайта оралғандай, көзі балбұл жанып, сөзін шатты бір үнмен жалғастыра берді. – Не бары 10-15 минутта жаңағы сөздерді жаттап алды да, кешке «Назқоңырды» тамылжыта сайрады-ау, шіркін. Бар дауысымен шырқағанда қайда оған жететін әнші десеңші! – деп ақын бір күрсініп қойды. Аздан соң: – Міне, осылай сендердің аналарыңа арнаған өлеңім дүниеге келді. Содан соң халық әні
«Қалқаның» сөзін де Шәрбануға арнадым. Жұрт халық ақыны Қалқаның әні дейді, ол қате, — деп бір шындықтың бетін аша кетті, осы тұста.
(Таңдамалы, ІІ том, А. 1983 ж. (қызының естелігінен)

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *