ЗЕКЕТ ЖАЙЫ

ЗЕКЕТ ЖАЙЫ
Қой, ешкі екеуі жиылып қырыққа толса, бір жылдан соң сол қырықтан кем болмаса бір қой зекет бересіз. Жүз жиырмаға шейін одан бір қой асса да екі қой береді. Екі жүзге шейін онан және бір қой асса үш қой зекет береді. Үш жүзге шейін мұнан соң жүз басына бір қой зекет береді, жүзден кеміне бермейді. Мысалы, торт жүз тоқсан тоғыз болса төрт қой береді. Зекетке орта қой, яки орта қойдың бағасы беріледі. Қайсысы алушы пақырға пайдалы болса соны берген жақсы. Әр малдың бәрі де солай.
Сиырдан отыздан кемге зекет жоқ. Отыз болса бір тайынша береді. Қырықтан — бір құнан сиыр. Алпысқа шейін алпыстан екі тайынша береді. Жетпістен сексенге шейін тайынша, бір құнан сиыр береді. Сексеннен тоқсанға шейін екі құнан сиыр. Тоқсаннан жүзге шейін үш тайынша, яки бағасы.
Түйеде бестен кемде зекет жоқ. Бес түйеге бір қой зекет береді. Жиырма түйеге шейін әр бес түйеден бір қой, жиырма бес түйеден бір ұрғашы тайлақ. Отыз алты түйеге бір құнанша ұрғашы түйе. Қырық алтыға дөнежін інген. Алпыс бірге бесті інген, жетпіс алтыға екі ұрғашы тайлақ. Тоқсан бірге екі құнажын түйе.
Жылқының зекеті — мінгеннен артылғанына беріледі. Ақшаға бағалап қанша болса да қырық сомнан бір сом беріледі.
Қай мал болса да еркек ұрғашысы аралас болса, зекет беріледі. Мысалы, тоқсан тоғыз еркек бір ұрғашы болса да, яки ылғи еркек болса да саудаға салатұғын ниеті болса зекет беріледі. Және зекет жыл сайын беріледі. Жылдың басы менен аяғында зекет беруге толса, болғаны, ортада кемігені, артқаны есеп емес. Малдың төлі яғни баласы жылға жасы толмаса да үлкендеріменен бірге есептеліп кетеді. Бірақ зекетке үлкені беріледі.
Бидай, тары, сұлы дегендей егіндерден оннан бірі беріледі. Мысалы, он қадақтан бір қадақ. Он пұттан бір пұт.
Ақшадан жиырма сегіз сомнан кемде зекет жоқ. Ол жиырма сегіз сомнан алпыс бес тиын зекет береді. Есебі қырықтан бір — қырық сомнан бір сом. Қанша болса да сол есебімен береді.
Зекетті түк малы жоқ кісіге береді. һәм малы зекетке толмайтұғын кедейлерге береді. Үйінде малы болса, жақсылық жолда жүріп мұқтаж болғандарға береді. Малынан борышы артылын төлей алмағандарға береді. Оқу, ғылым іздеп қаражаты жетпей тұрғандарға береді. Біздің жерде беретұғындар солар. Мұсылман патшалы жерде бұлардан басқа кәпірменен соғысқа баруға қаражаты жетпегенде малыменен болсын сатып алмақшы болған құлға һәм әдейі зекет жиюға қойылған зекетшіге береді.

Ш.Құдайбердіұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *