ДЕМБІ ҚАҒУ ТУРАЛЫ
Тайаммум дегенді біздің қазақ тілі келмей дембі дейді. Далада сусыз жерде дәреті жоқ кезде намаздың, уақыты болып қалса, жеткенше намаз етіп кететұғын болып, тура мың кезден жақын жерде су жоқ болса — дембі қағып намаз оқиды. Дембі деген таза жерге екі алақанын бір соғып, соныменен бетін жуатұғын жерін сипайды және бір соғып, екі қолын тірсегіне шейін жуатұғын жерін сипайды. Бұл дембінің парызы — әуел ниет қылмақ онан соң, жер таза болмақ. Қордалы тезекті жер, оттың орны, көлдің үсті жарамайды. Онан соңғы парызы — бетін сипамақ жерге соғып һәм және бір соғып, қолын сипамақ. Білегін жалаңаштап сипамаса болмайды және анық таза жер болсын. Бұл дембіні дәретті бұзатұғын нәрселер бұзады және суға жолыққанда бұзылады. Біреудің біраз ғана суы болып, оныменен дәрет алайын десе, не өзі, не көлігі шөлдеп өлетұғын болса, дәрет алмай дембі қағады, яки су бар да болса құдық тереңдіктен, яки басқа себеппенен суды алуға құдіреті жетпесе, яки бір науқасы болып, оған су тисе, науқасы ұлғайып кететұғын болса, мұндайлардың бәрінде де су жоққа есеп болып, дембі қағып оқиды.
Ғұсыл, дәрет, дембі үшеуінде де ниет қылу керек. Ғұсыл қылуға ниет қылдым жұныбылықтан тазармақ үшін, яки таһарат, яки тайаммум қағуға ниет қылдым хайыздан тазармақ үшін дегендей және бүл ғұсыл, дәрет, дембі үшеуін де жоғарғы айтылған ретін бұзбай, ауыстырмай істеу керек. Мәселен, бір кісі дәрет алғанда бір жерде бетін жуып, онан соң өзге жерде, яки сол беті кеуіп құрғап кеткен соң бір заманда білегін жуса, ол дұрыс дәрет болмайды.
Бұл ғұсұл, дәрет, дембі үшеуін де жұнып болған бұзады. Ол жұнып деген қайтсе болатұғыны жоғарыда айтылды. Дәрет пенен дембіні түзге отырған, бір жері қанап қан, ірің, сары су шыққан бұзады. Ұйықтаған, осырған, жынданған, талған, мас болған, тісі қанаған, намазда тұрып дыбысы шығып күлген, қан құсқан, ауыз тола өзге нәрсе құсқан — осылардың бәрі дәрет пенен дембіні бұзады. Дембіні бұлардан басқа су тапқан, суға құдіреті жеткендік бұзады. Жұнып кісі де су таба алмаса, дембіменен намаз оқи береді, су табылғанша және су жоқта денеге, яки киімге бір нәжіс тисе, топырақтан шамасы келгенше кетер еді. Намазда дыбысы шығып күлген кісінің намазы да бұзылады, қайта оқиды.
Ш.Құдайбердіұлы