Шәкәрім Құдайбердіұлы
Аң ауламақ обал емес. Бірақ соған айналып жүріп, парыз — уәжіп, ғибадат қылса, обал болады. Аң атқанда бисмил-лаһи Аллаһу акбару деп атып, дағды қылу керек. Сөйтіп, бисмиллаһи айтып атқан аң өзің еш нәрсеге айналмай барғаныңша өліп қалса, адал болады деген. Оқты дәл қадап атқаныңа тимей, өзге біреуіне, яки екеу—үшеуіне тиіп, жеткеніңше өлсе де адал деген. Бірақ мылтықтың оғын өткірлігі жоқ деп, бундука деген домалақ балшықтан жасап ататұғын нәрсеге ұқсатып, «Ибн абидина» деген кітапта мылтықпен атқан аң өліп қалса, бисмил-лаһименен атса да арам дейді. Оған үш түрлі сөз айтқан екен. Бірі — отпенен күйдіресің, яғни дәрінің оты, бірі — дәрінің күшіменен барады оң—қол күші емес. Бірі — оң салмағыменен өлтіреді, өткірлігі жоқ дейді. Бұлар менің көңіліме нашарлау сықылды көрінеді. Себебі отпен күйдіресің дегені мылтықтың жайын білмегеннен айтылған. Дәрінің оты он екі, он бес кезден артың жерге бармай қалады және оң суық қалыбында барады, қызатұғын болса, қорғасын ерімей ме!
Екінші дәрінің күші дегені де нашар сөз. Себебі садақтың оғы бір қайыс, бір мүйіздің күші. Ол неге адал болады. Оны қолменен тартып барып жібереді десе — садақ орнына күшті пружинаменен тарттырып байлап қойып, соны шығарып жіберсе де өлтіреді ғой!
Үшінші себебі — өткірлік жоқ дейді, о да нашар сөз. Себебі өткірлік дегеніңіз шапшаңдық емес пе екен. Не айламенен шапшаң барып кесіп, яки тесіп өтсе, ол өнерлік болмас па! Ағаш, яки таспенен бауыздағанда соншалық өткір бола ма? Қолдың қуатыменен шапшаң егегеннен қырқады ғой және оң салмағыменен ұрып жықпайды, шаншып кетпейді, тесіп өтеді. Хәттә бек нашар нәрселерді де шапшаңдығынан құлатпай, яки жармай өтіп кетеді. Бірақ мен аса молда кісі емеспін. Осы сөзді тексеріп сұрап біліңіздер. Менің сөзім «Кашфул-асрар» деген кітаптан табылар. Бірақ ондай аң тасқа түсіп, яки суға түсіп өлсе, онда жылынбайды. Себебі неден өлгені мағлұм емес және атқан соң бір нәрсеге айлансаң, яки және біреуін атпақ болып мылтық оқтасаң да, онда өліп қалса, арам болады.
Бисмил-лаһи Аллаһу акбаруды арам аңды атқанда әдет қылу керек. Бауыздаса арам аңның да қаны, сөлі тиген нәрсе намазға жарайды. Бірақ бисмил-лаһименен бауыздалсын. Бисмил-лаһисіз бауыздалса, адал аң, адал мал бәрі арам болады. Бірақ бұрын айтып жүріп, сол жолы ғана ұмытып кетсе, онда адал болады атқанда да, бауыздағанда да солай. Қаршыға менен итті жібергенде бисмил-лаһи айтса, барғанша өлтірсе адал деген сөз бар. Ол бізге керек те емес — оның шарттары бар.