Ахмет ЖҰБАНОВ ӘМІРЕ

Ахмет ЖҰБАНОВ
ӘМІРЕ

«Әміре сахнада. Ол халық сыймай отырған залды бір шолып өтіп, домбырасына қарады. Әміре залдағылардың құлағын жарып кететіндей бір-екі айқай дыбыстар алды, бірақ ол тек бастауы екен. Онысы залдың дыбыс ерекшелігін байқайын дегені болу керек, енді өзінің дауысының да, домбырасының да қандай күш дәрежесінде шығуы керек екенін түсініп алғандай болды. Енді аз ғана уақыт өткенде әнші залды да, онда құлаққа ұрған танадай болып тыңдап отырған публиканы да ұмытып кеткендей болды. Оның ойында осы бір ән тыңдап отырғандар бұл арадағы жағдайды ұмытып, онда осы сияқты адам жүрегі қуанышпен де, ренішпен де соғатын сонау отарланған малмен, алқақотан отырған ауылдары бар сахараға қарай ойлары ауысса деген пікір болу керек. Әміренің даусы күннің күркірегеніндей кейде аспанды жерге түсіріп дүрілдеп, кейде баяу соққан самал желмен қозғалған бидайықтың шашағындай сусылдап, сыбырлап кетеді”, — дейді, 1927 жылы сәуір айында Мәскеуде болған бүкілодақтық советтер съезінде шыққан концертке жазылған бір мақалада. Әміренің аты тек Қазақстан емес, бүкіл Одаққа, бүкіл Еуропаға әйгілі болды. Әміре арқылы қазақтың әншілік өнері мемлекеттік шекараны сонау жиырмасыншы жылдардың ортасында-ақ аттап өтті, орыстың, батыстың ұлы мәдениет қайраткерлерінің ауыздарына түсті. Әміре — қазақтың, қалай мақтаса да, қалай мақтанса да бола беретін, сыя беретін асқан өнерпазы.
Әміре 1888 жылы (кейбір деректерде 1886 жылы) Семей облысы, Абралы ауданына қарасты Дегелең тауының етегінде туды. Әкесі Қашаубай кедей адам болып, тек күнелту айналасында ғана, күнбе-күнгі өмірді қуып жүрді. Ауылды жерде тиянақты кәсіп болмаған соң, Қашаубай көп ұзамай Семейге көшіп барды. Қалада да кәсіп істеу оңай болған жоқ. Дала байы мен қала байының кедейдің, жалшының еңбегін жеуде қандай айырмасы болсын, Әміре әрең дегенде үй ішін асырап тұрды. Бірақ жасынан бейнет шегіп, иықбасты болып қалған Қашаубайдың денесі нашарлап, қажып, бара-бара қара жұмысқа жарамайтындай халге келді. Ал, Әміренің шешесі Тойған да үй-ішінің ұсақ- түйегі болмаса білекпен келетін ауыр жұмысқа о да жарамай қалды. Мұның бәрі келіп, ақыры жас Әміренің мойнына үлкен ауыр бейнет қамытын кигізудің басы болды. Басқа амал болмаған соң, жас Әміре Жаңа Семей жағында тұратын Исабек деген байдың (кейбір деректерде Қаражан деген бай) көлік айдаушысы болады. Әміреге бұл бөгет болған жоқ. Өйткені, ашық ауада, аузы бос, жол қысқарту үшін болса да, іштен лықсып шыққан үн болса да Әміре ыңылдап әндетіп жүретін болды. Бара-бара Әміре дауыстап, өзінің үн қабілетінің барлығын сезіп, кей кездерде ат айдаушы екенін ұмытып кетіп, әннің қызығына түсіп, қожасынан, біздің тілімізбен айтқанда, сөгістер, қатаң сөгістер алып қалып жүрді. Бірақ оның бәрі де Әміре үшін мәнді нәрсе емес, әйтеуір аузының бостығы да әбиер болып, осы алған бетінен қайтпады.
Әкесінде айта қалғандай өнер жоқ болса да “жаман” Қашаубайдың баласының музыкаға деген қабілеті оның атшылығынан бұрын “әнші бала”, бері келе “әнші жігіт” деген атағын шығарды. Көшенің екі жағында тұрған, ашық қақпаның ішінде самауыр қойып жүрген қыз-келіншек, кешкітұрым әңгіме-дүкен құрып отыратын үлкендер тобы, ойында жүрген бозбала фаэтонның “ешкісінде” отырып, арбаның доңғалағының айналған ырғағымен қосылып, кешкі Ертісті жаңғыртып салып бара жатқан Әміренің әнін сілтідей тынып тыңдап тұрысты. Бүкіл Жаңа-Семей болып енді Әмірені жақсы білетін болды. Ол арада болған ойын-сауық Әміресіз өтпейтін болды. Әншілігінің үстіне әсем мінезді, ақкөңіл жігіт халықтың назарын үнемі өзіне тез аударып алатын. Осындай екі бірдей қасиетінің арқасында Әміренің атағы көп ұзамай Ертісті кесіп өтіп Семейдің қаласына жетуге айналды. Бұрынғы бұрынғы ма, енді Қашаубайдың “жаман баласы” бүкіл қаланы аузына қаратуға айналды.
Мұның бәрі де Исабек байға ұнамай, ол қалай да Әміренің, мына бір кедейге “келіспейтін” қылығын тоқтатқысы келді. Бірінші шара есебінде ол Әмірені жәмшік айдағанда қаланы аралап, көзге түседі, қалаға танысады, құлағын түріп, оның әнін тындайтындар көбейеді, сондықтан бір жерге қадап қою мақсатымен, Әмірені тері күзеттіріп қойды. Ондағысы Әміренің жолын кесіп тастау, әншіні сүйген халықтан айыру еді. Бірақ, ол мақсатына Исабек жете алмады. Әміренің дауысы түнгі Семейді тегіс аралап, көше бойы қыдырып, сайрандаған жастар, терезесін ашып қойған әнқұмар үлкендер құлақтарын тосып тыңдап ләззат алды. Жаратылыстан күшті дауыс кешқұрым салқынмен бұрынғыдан да дүрілдеп, “мына байлаудан құтқар, еркіндікке жібер, қанатымды бір қарыштайын, аспанға бір шырқайын” деген сияқты болып, Әміренің дауысы өзінен бұрын Исабектің сасық иісті тері складынан іргені аулақ салуды сұрап тұрғандай Арқаның жазығына, Ертістің еркін ағысына шыққысы келгендей кейіп білдіретін.
Бұл кездерде Әміре аз да болса бірқатар ақылай табысқа ие болып, оларын үйіне беріп, өзі Семейден сыртқа шыққысы келді. Қаншама қиын болғанымен, мейірімді әке-шеше өнерлі баланың алған бетінен қақпады. Әміре енді әніне бостандық алатын болды. Бірнеше күн тынығып, Исабекпен есеп айырысып, Арқа әншілерінің Меккесі болған Қояндыға жол тартты. Бұл Әміре үшін үлкен, игі сапар болды. Жалпы кең дүниеге шығумен қатар, Әміренің бұл ән сапарына, музыка жәрмеңкесіне тартқан сапары болды. Өйткені, осы күнге дейін өзінің ғана білгенін айтып келген Әміре, небір саңлақ, топтан озған ән иелеріне кездесті. Жасы келіп қалса да, әлі қунақ, күлдіргі қалпынан таймаған, қарт дауысымен әлі де әннің нақысын бұзбай айтатын аға әнші Жаяу Мұсаны көрді. Семейде жүргенде оның “Ақ сисасын”, “Гауһар қызын”, “Хаулауын” айтып, Жаяу Мұсаның өз жүзін көрмесе де шығармашылық жүзіне қанық болатын. Енді, міне, “құлақ естігенді көз көреді” болып, қарт әншінің өзін де көрді. Жас талапкер үшін бұл үлкен рухани олжа болды. Ал, тап осы кезде нағыз бабында тұрған Бапидің Мәдиі, Ғаббастың Айтпайы, Байжанның Қалиын есіткенде Әміренің бұл күнге дейінгі орындап жүрген әндерінде көптеген “күнәлар” бар болып шықты. Ол бір дүниені сындырып алған жазықты баладай, үндемей, томпиып, құлағымен де, көзімен де бірдей тыңдады. Мынау әннің базары Әмірені еліттіріп, енді қайтып Исабектің терісінің иісіне оралмастай іштей уәде етті. Қандай жолмен болса да Әміре бұдан былай өзін бүтіндей ән өнеріне бағыттауға бел байлады. Жоғарыда айтылған әншілерден жаңа ән үйреніп, репертуарын біраз байытты да, оның үстіне Семей әндері мен Баян, Көкшенің, Ақмоланың ән дәстүрлерінде аса алшақ жатпаса да ептеген айырма бар екендігін сезді. Әр әнді өзінің стилінде орындауға бар күшін салды. Қабілетті әнші ол мақсатына да жетіп қалды. Жеке дара жүргендегі ән түсінігі бұрынғыдан көп байып қалды. Тек қана сан жағынан емес, сапа жағынан да Әміре бұл Қоянды жәрмеңкесінен түрлі айна, тарақ, иіс су, шүберек — пұл, кәмпит, шекер алып қайтқан қалашылардан өзінше олжалы қайтамын деп қуанды. Он үш жасынан ән салып, Жаңа Семейдің шала қазақ, татарлар арасында “әнші бала” атанып, жасы он сегізге жаңа таянғанда мына Қояндыға келуі Әміре үшін ән дүниесін ашуын былай қойғанда, басқа да дүниелік, өмірлік үлкен жаңалықтар көрген жүрісі болды.
Әміре қойын-қолтығын әнге толтырып қайтып, Семейге келеді. Енді бұрынғы жәмшік, күзетші Әміре емес, ысылған, өмір көрген, жақсылардың қасында болған тәжірибелі Әміре болып келді. Семей оны бұрынғыдан да қызу қарсы алды. Әміре енді жиі шақырылатын болды. Оның үстіне бұл кезде Семейге келіп жатқан атақты Майрамен кездесіп, екі ән алыбы біресе домбырамен, біресе гармоньға қосылып, Семейдің ән базарын қыздыра түсті.
Қазан революциясының қазақ даласына келуі саяси- экономикалық өзгерістермен қатар, мәдениетте де үлкен революция жасады. Қазақтың кешегі заманда еңсесін бейнет басып, кеудесін көтере алмаған Әміре сияқты әншісі, қараңғылықты жарып шыққан Майра сынды өнершісі шүйделерін көтеріп, дауыстары бұрынғыдан да сыңғырлады. Майра Кереку мен Семей арасында ән базарын көтеріп, Әміре Семейде жиынның, кештің сәні болып кетті. Әміренің күшті үні революцияның дүбіріне қосылғандай аңқылдап аспанға шығып, бір күні ұлы астана Мәскеуге да жетіпті…
Семейдің губерниялық халық ағарту бөліміне “Қазақ әншісі Әміре Қашаубаев Парижде болатын Жержүзілік көрмеде қойылатын этнографиялық концертке қатысуға келісім бере ме екен? Соның хабарын тез білдіруіңізді сұраймын. Жол қаражаты, гонорары төленеді. Мерзімі— маусым, шілде айлары. РСФСР Халық Ағарту Комиссары — Луначарский” деген жедел хат келеді. Халық ағарту бөлімі де, Әміре де сасып қалады. Күні кеше Исабектің терісін бағып, жәмшік айдаған Қашаубайдың баласын қапелімде Парижге шақырғанына түсіне алмай, оны-мұнымен біраз күн өткізіп алды. Бұлар солай тамсанып-таңырқап жүргендерінде Мәскеуден тағы: “Әнші қазақ Әміре Қашаубаев туралы менің берген жедел хатыма жауапты тездетулеріңізді сұраймын. Парижде болатын біздің концерт мәселесінің мемлекеттік маңызы бар” деген Луначарскийдің қолымен тағы жедел хат келді. Енді ойланатын, кеңесетін уақыт жоқ, жедел хатты тек орындау қалды.
Әміре Мәскеуге жол тартты. Қоянды барғанын Меккеге барғандай ұзақ сапар көрген Әміреге енді мына бір жол тіпті қызық сияқты көрінді. Кедей Қашаубайдың баласы анау- мынау ауыл арасын қойып, міне, Совет үкіметінің арқасында ата-бабасының түсіне де енбеген шетелге шықпақ. Бұл не деген бақыт! Теміржолдың әрбір рельсінің қосқан жеріне соққан пойыз доңғалағының ырғағымен бірге Әміренің жүрегі де соғады. Мезгіл-мезгіл вагонды басына көтеріп әндетіп, кейде үлкен ой теңізі билегенде жай сызылтып, ыңырсып қана отырады. Әміре енді мына бір жағдайға ие болған кезде құдайдың да, пайғамбардың да, оларды уағыздаған молдалардың да жақсылықты әрі ысырып, о дүниеде болады деп уақыт несиесіне қаратқанында бір шикілік бар шығар дегендей де бір тұжырымға келе түсіп, бірақ алысқа бармай, пойыздың тербетуімен нәрестенің ұйқысындай таза ойын аяқтауға түсінік қауқары жетпей, көзін жұмып, қорылдай кетті.
Парижде болатын концертке қатысу үшін Мәскеуге Қазақстаннан басқа ұлт республикаларынан белгілі өнерпаздар келді. Бұл шеберлердің, оның ішінде Әміренің Париж концертіне дайындық есебінде өткен Үлкен Театрдағы концертке шығуы үлкен табыс болды. Бұл жөнінде “Правданың” 1925 жылғы 26 маусым күнгі нөмірінде:
“Керемет концерт! Маусымның “шын шыңы”. Керек болса — башқұрттың қурайшысы Исенбаев, қазақтың әншісі Әміре Қашаубаев, өзбектің бишісі және әншісі Тамара Ханум, армянның аспап триосы Сукиясов, Харибекишвили және Кахуров — шын мәністегі Одақтық республикалардың халық әртістері (үкімет берген құрметті атақпен емес). Олардың “жабайы өнерлері” шығармашылығының көркемдік сатысы жағынан, орындаушылықтан еуропалық шеберлердің тәуір деген нөмірлерінен кем түспейді, ал, қолдарындағы аспаптарын салыстырсақ, олар тағы бірінші орын алады: тыңдаушыларға эмоционалдық, эстетикалық әсер етуде олардың қолдарындағы қандай жұпыны құрал десеңізші”, — деп жазды. Айтушылар Әміре “Ағашаяқтың” басындағы жоғарғы нотасын шырқап алғанда, партердің алдыңғы қатарында отырған бір әйел: “Мынау не деген күшті дауыс!” – деп, шошып кетіпті деседі.
Әміре этнографиялық ансамбльмен Парижге барады. Париж халқы неше түрлі өсек есітетін совет елі туралы мәліметтерінің үстіне өнер өкілдерін көретініне қуанады. Көздерімен көріп, есіткеннің жаңсақ жерлерін түзетіп алғысы келеді. Сонымен қатар, олар бұл келе жатқан совет елін жайлайтын халықтың бірқатарының ғана өкілдері екенін жайылған жарнамалардан есітеді. Совет өнершілері Париждің залдарында 11 концерт береді. Сол концерттерде Әміре өзінің сүйікті әндері: “Ағашаяқ”, “Үш дос”, “Екі жирен”, “Дудар”, “Қос барабан”, “Қызыл бидай”, тағы басқаларын айтады.
Ансамбльдің концерті бұрын-соңды ондай музыканы тыңдамаған Париж халқына қатты ұнайды. Неше түрлі ұлттардың әндері, олардың сан-алуан түрлі аспаптары, неше түрлі түсті киімдері, орындау шеберліктері совет өкілдерін үлкен табысқа бөлейді. Әсіресе, бұрын аттары шықпаған Ресейді жайлайтын аз ұлттардың Совет үкіметі орнаған аз мерзім ішінде мұндай табысқа жетуіне дос сүйініп, дұшпан күйінеді. Бір кезде Ертістің асау толқынының аккомпанементімен ән шырқаған Әміренің енді Сена өзенінің сылдырап аққан дыбысына сиқырлы үнін қосуынан тек ән өнеріндегі емес, халықтар достығын нығайтудағы совет саясатының өнерді үлкен рухани құралға айналдырғаны көрінді. Совет өнер өкілдерінің үндері “Идеяның шекараны танымайтыны” сияқты бір жағынан советтердің әділ ұлт саясатын да үгіттеп кетті.
Париждің газеттері совет өнершілерінің концерттері жайлы үзбей жазып отырды. “Париж апталығы” атты газет өзінің 1925 жылғы 31 шілдедегі нөмірінде:
““Комедия” залында өтіп жатқан орыстың этнографиялық өнері әдеттегі біз болып жүретін концерттерден ерекше. Біз аса жоғары, қызықты сахна көрдік, біз Түркістанның, Украинаның, Оралдың, Кавказдың таза шынайы қалпында тұрған, жүрек қылыңды қозғайтын музыкасын есіттік. Олардан гармониялық, мелодиялық бұрмалау, дыбыс құрылыстарын өзгерту сияқты өзінің ерекшелік характерін бұзатын нәрселерді таба алмайсың. Қазақтардың, баш- құрттардың, орыстардың әндері олардың төл интонациялары арқылы, ал аспаптық пьесалар өздерінің қолдан жасаған аспаптарында орындалды… Қазаyтың әншісі Әміре
Қашаубаев өзінің халықтық манерада айтылатын емін- еркін даусына ұлт аспабы домбырасының сүйемелін қосып, өз елінің жаныңды толқытатын әндерін орындады. Солардың бәрінде де өздерінің өнерлерін Парижге көрсетуге келген адал көңілді әртістердің өз Отанына деген жалынды сүйініші сезіледі”, — деп жазды.
Француздың белгілі музыка зерттеуші ғалымы “Ле Мюзикаль” журналында Әміренің сирек кездесетін музыкалық көрініс екенін жазды. Сорбонн университетінің профессоры Перно фонографқа Әміренің орындауында қазақтың бірнеше әндерін жазып алды. Бір айта кететін жай біз осы күнге шейін Әміренің сол фонографқа түскен әндерін шетелмен байланысты мекемелер арқылы қанша талаптансақ та, ала алмай жүрміз.
Әміре Парижден елге келеді. Мәскеуде болып, одан туған қаласы Семейге келеді. Бірақ, онда көп бола алмай, күзге қарай Қызылордаға келіп, ол кездегі Қазақстанның астанасында ашылғалы жатқан театр труппасына кіріп, солармен бірге дайындық жұмысқа кіріседі. Келесі 1926 жылы қаңтардың 13 күні Мұхтар Әуезовтың “Еңлік-Кебек” пьесасымен қазақ тарихында бірінші рет профессионалдық театрдың шымылдығы ашылғанда Әміре қойшы Жапалдың рөлін ойнайды. Оны сол кезде көрген адамдар әлі күні аузынан тастамайды. Өйткені, Әміре тек әнші емес, жақсы әртіс те болды. Ол сахнада жасанды қимыл-қозғалыссыз, қандай образда болса да, шын жүректен, нанымды, қарапайым етіп келетін. Солай бола тұрса да Әміренің шын шүйдесі көтеріліп, шоқтығы аспанға шығатын кезеңі концерттерде болатын. Афишада Әміре шығады деген концерттер ол кезде үнемі лық толы болады екен. Күлкілі сөз шебері Қалибек, поэзияның жас перісі, әнші Иса, характерлі нөмірлерді жандырып шығаратын Елубай, от боп жанған Құрманбек — бәрі бірінің артынан бірі шыққанда концерт көп уақытқа созылып, публика уақыттың қалай өткенін сезбей де қалады екен.
1927 жылдың сәуір айында Әміре тағы Мәскеуге шақырылады. Онда, осы әңгіменің басында баяндалғандай, советтер съезінде концертке шығып, үлкен табысқа ие болады. Сол жылдың жазында Әміре Германияның Майндағы Франкфурт қаласында болатын Жержүзілік музыкалық көрмеге жіберілді. Бүкілодақтың шетелмен байланыс жасаушы қоғамы онда көрменің советтік бөлімін ашты. Бөлімнің концерттерінде біздің әр ұлтымыздың өкілдері шықты. Шілденің 22-сі мен 31-і арасында көрмеде орыс музыкалық апталығы болып, онда қатысуға РСФСР-ға еңбегі сіңген артист, профессор Г.Любимов бастаған советтік этнографиялық ансамбль құрылды. Сол ансамбльдің ішінде Әміре де болды. Ансамбль Франкфурттың Үлкен театрында 9 концерт берді. Концерттер аса қызғынмен қабылданды. “Франкфуртер цейтунг” газеті: “Аса қабілетті жеке орындаушылардың қатынасуымен профессор Г.Любимовтың

көрсеткені біздің күткенімізден асып шықты… СССР-дың ұлттық музыкасының бай жақтарынан нағыз шыншыл, айта қалғандай етіп көрсету арқылы ВОКС өзінің уәдесін орындады”, — деп жазды. Советтер Одағы халықтарының өнерлерін екінші рет шетелде көрсетуде, осылай, Әміре екінші рет көзге түсті. Қазақ халқының ән байлығын шетке көрсетуде өнер қайраткерлерінің ішінде Әміре пионері болды.
Әміре қайтып Қызылордадағы қазақ театрына келді. 1928 жылы театр Алматыға көшкенде Әміре де бірге келді. Әміре драма театрында бірнеше рөлдер атқарды. Әсіресе концерттерінде басты әртіс болып жүрді. 1933 жылы драма театрының бір бөлек адамынан құралған “Музыкалық студияның” ішінде бірінші болып Әміре кетті. Ол студия келесі 1934 жылы қаңтардың 13 күні “Музыкалық театр” болып, Мұхтар Әуезовтің “Айман — Шолпан” атты музыкалы пьесасымен ашылды. Әміре “Айман — Шолпанда” басты рөлдің бірін ойнады. Бірақ, өмірі ұзақ болмай, сол жылдың күзінде қайтыс болды.
Әміренің негізгі ресми қызметі театрда болғанымен, ол үнемі концерт беруде болатын. 1926 жылы Қ.Жандарбековпен бірге Шымкент, Ташкент қалаларында концерт берді. Қала халқы, оқушылар үлкен ынтамен қарсы алды. “Әміренің залды күңірентіп жіберген ащы айғайы мен сыңғыраған көмейінен бұралып шыққан үнге таңырқамаған жұрт болмады. Бір кешті Әміренің бір өзі алды”, – дейді, өзінің “Әміре — топтан озған әнші” деген мақаласында Қ.Жандарбеков.
“Әміренің дауысы — тенордың жоғарысы” деген мақаласында жалынды ақын, әнші Иса Байзақов: “Әлі есімде, 1926 жылы Қазақстан мемлекет театры ең бірінші рет ел аралауға шықты. Бастығы Әзез Байсейітұлы болып, барлығы жиырма-жиырма бір адам едік. Қызылордадан шығып, Түркістан, Шымкент, Әулиеата (Жамбыл), Пішбек (Фрунзе), одан Алматы келдік. Концерт әншілерінің ағасы Әміре Қашаубайұлы болатын. Әсіресе, Әміреге бір риза болған жеріміз Қарқара жәрмеңкесінде болды. 1916 жылдың “Албан көтерілісіне” 1926 жылы он жыл толуымен байланысты Алматыдан Жандосұлы Ораз бен Көшкінұлы Ыдырыс келді. Бір күні ерте менекі-үшмыңдай кісі жиналды.
Ыдырыс пен Ораз жолдастар патшаға қарсы он алтыншы жылдың көтерілісі туралы баяндамалар жасады. Соңынан қазақ тобының әртістері бастығы Әміре болып концерт берді. Күндікке демонстрацияда жүріп, ән салып, өлең айтып, шаң жұтып, шаршағанына қарамай, әртістер концертті жақсы өткізді. Әсіресе жұрттың ынтамен тыңдағаны Әміре әндері болды. Әміре шығады дегенде жиылған жұрт қол соғып, сахнаға шығуын қошеметтеді. Әміре жайтаңдаған бойы көпке басын иді де, орындыққа отыра салып, шалқып, даусын бір көтеріп алды да қоңыраулатты. Біраз әнді айтып, кетпек болып еді, жұрт үсті-үстіне қол шапалақтап жібермеді. Әміре “Жалғыз арша”, “Сырғақты”, “Ісмет”, “Қанапия” әндерін айтты. Қасында бір-екі жігіті бар, қалыпты “Қыз-Жібектің” қиссасын жазған Шайқы-Ыслам Жүсіпбекұлы келіп, сахнаның сыртында Әміреге танысып, рахмет айтты. Әміренің бұдан басқа да талай үздік шыққан жерлерін көрген едік. Бір есте қалғаны осы”, — дейді.
Өзінің “Екі естелік” дегенінде Қалибек Қуанышбаев 1924 жылы Семейде өнерпаздардың ақпан айында болған жиналысында болғанын айтады. Ол Қарқаралы, Өскемен, Павлодар, Баян — бәрі бір облыс екен. Павлодардан Майра, Семейден Әміре, Қарқаралыдан Қали Байжанов болады. Басқа әншілер жарысқа түсіп, кезектесіп әндер орындағаннан кейін, топталып келе жатып, қарақшыға жақындағанда шұбалып, біртіндеп шыға бастайтын бәйге аттарындай аяғында Қали мен Әміре қалады. Бұлар баста әрқайсысы әртүрлі ән айтып, кейін бір әнді екеуі бірінің аузынан бірі жұлып алып айтып, біресе домбыра, біресе гармоньмен сүйемелдеп, қыза-қыза екеуі сахнадан шықпай қояды. Қазақтың ескі әдеті қала ма, Қали айтқанда Қарқаралы, Павлодар, Баяндықтар қошеметтеп, Әміре айтқанда Семейдің көпшілігі шулап, айқайлап қостайды. “Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды” дегендей, екі әншінің бірінен-бірін бөлмей, екеуінің де пірлі екенін көрген төреші топ, бірінші, екінші бәйгені қосып жіберіп, Қали мен Әміреге бөліп береді.
“Әміренің адамшылығы аса зор еді. Барынша әділ, жүректі еді. Қаннен-қаперсіз, қалай болса-солай жүретін. Дүние үшін қабақ шытып, бір тарықпайтын. Қоң етін кесіп беретін жомарт еді… Біздің Әміре Қасым жомарт қой, – деп күлуші едік. Кейде бір нәрсеге үлкен ерні томпайып, балаша өкпелейтін. “Ой, сорлы Қашаубайдың баласы-ай!” — деп, бір саусағыңды шошайтып, қытықтасаң, күліп, ол өкпесін әп- сәтте ұмытып кететін… Әміре ән салғанда әнді көркемдеп, иықтандырып, аспандата айтар еді. Қандай әнді болса да түзеп, кесек бейнелі ән қып жүрсе де, “мынаны мен түзедім” демес еді. .“Ағашаяқ”, “Шіркін-ай”, “Баянауыл”, “Қарға”, “Екі жирен”, “Толқын”, “Қос барабан”, тағы толып жатқан әндерде Әміренің аса көп еңбектері бар. Әміре ән салғанда қандай күшпен, айғаймен бірнеше әндер айтқанда, түсі бұзылмас еді. Күшпен айтатын әндердің алдында демін бір-ақ жиып алатын. Оң жақ алқымында мойнының қалтасы бар еді. Соған бар демді толтырып алып, үнемдеп шығарып, көпке дейін дем алмайтын. Әміре әнді ылғи сүйіп, ұнатып, өзі әнге ғашық болғандай айтатын. Халық көп болса делебесі қозып кететін… Халықтың ішінде өзінің жақсы көретін жолдастары отырса немесе сырттан біреулер болса, тіпті құйындай ұйтқып, құландай ойнақтап, жүйткіп, дабылдай саңқылдап, кішірек театр, клубтарға сыймай кетер еді… Аса көтеріліп ән салғанда, біресе қуанғандай күлімсіреп, біресе жеке келе жатқан бәйге атындай жарқылдап, ойнақтап кетер еді. Кейде өршеленіп, даусынан әртүрлі құбылыстар, бұрма- бұрма иіндер, біресе сұңқылдаған, біресе толқынданып, әсерлі үндер үсті-үстіне боздап шыға берер еді. Әміре қала мен даланы кезген, ел дәстүрін анық білетін сері әнші еді. Қыз ұзату, жар-жар, шілдехана, дүбірлі тойда Әміре талай сайраған болатын… Әміре халық қазынасын советтік Қазақстанға өз қолымен алып келіп, тапсырып кеткенін атап айтуға тиіспіз”, — дейді сол естелігінде Қ.Қуанышбаев.
Әміремен бірінші кездескенін Қалибек былай деп жазады:
“1925 жылдың қазан айының ішінде “Еңбекші қазақ” газетіне бірсыпыра адамдардың аттары жарияланды. Солардың басын қосып, құрастырып, театр кұру керек деп, Оқу Комиссариаты шақырған болатын. Семейден Әмірені, Исаны, Павлодардан Майраны, Қостанайдан Серкені, Орынбордан Елубайды, Ташкенттен Құрманбекті, Қарқаралыдан мені атаған екен. Осылардың соңын ала желтоқсан ішінде мен де келіп жеттім. Қызылордаға келісімен Әміренің үйін іздедім. Біреуден біреу нұсқап, көрсетіп, әйтеуір таптым-ау.

Келген бетімде есігін қағып едім, қысқа маңдай, үлкен ауыз, шашын тап-таза қып қырған, кіршіксіз таза киінген, тығынын алған шақшадай таңқиған, жап-жас, түрі сарылау, бір инабатты жігіт есік ашты. Маған жақсылап тұрып сәлем берді. Оның маған сәлем беретін жөні де бар: менің сақалым жоқ болғанмен, қияқтай қалың қара мұртым бар еді. Түлкі тымақты шалқайта киіп, қара шапанды желбегей салып, ойда-жоқта есігінің алдында тұрған мені өзінен бес-алты жас кіші деп ойламаған сияқты. Оның үстіне өзі туып-өскен Қарқаралының киімімен тұрған соң сәлем беру Әміреге міндет болды.
Амандасқаннан кейін:
— Әміренің үйі осы ма? — деп сұрадым. Осы дегесін үйге кіріп шешініп, жуынып жатқанымда, Әміренің өзі орамалды ұстап, күтіп тұрды. Жайланып болып, шайға отырғанда, әйелімен амандасып, аз кідіріп:
— Әміре ағай қайда? — дедім. Ерлі-зайыпты екеуі біріне- бірі қарап күлді. Сол сәтте Иса кіріп келді. Ол екеуміз бұрыннан таныс болатынбыз. Ар жағын Иса жөндеп әкетті,— дейді.
Қалибек өзінің қысқа естелігінде Әміренің сырт түрін, адамшылығын, әншілігін әдемі-ақ суреттейді. Әміремен көп жылдар жолдас болған, советтік қазақ өнерінің алыбының, іргетасын қалаушысының, талантты әртісінің бірі Қалибектің айтқанын біз оқушыларымыздың алдына әдейі тарттық. Өйткені оның ішінде көп жайлар кездеседі. Әміренің қазақ әндерін көп ажарлағанын, байытқанын, қазақтың тұңғыш режиссері, халық әртісі, үлкен өнер қайраткері Жұмат Шанин де, ұлы жазушы Мұхтар Әуезов те айтып кетті. Сонымен қатар қазақ музыкасын жинауда, қағазға түсіруде үздік енбек сіңірген А.Затаевич те Әміреден әндер жазып алған кезде оның әншілігі жайында пікір айтып кетті. Оны да келтіргіміз келеді.
“Әміре Қашаубаев, — дейді, А.Затаевич, өзінің “Қазақтың 500 ән-күйі” деген кітабының соңындағы түсінік сөзінде, — Қарқаралының атақты әншісі, 1925 жылдың көктемінен қазақтың мемлекеттік театрының тобында. Қазіргі қазақ әншілерінің ішінен шетелге шыққанының біріншісі, ол: 1925 жылдың жазында Парижде, бір жылдан кейін (А. 3. бұл жерде қателескен, екі жыл кейін деу керек. А. Ж.) Майн өзені бойындағы Франкфуртте болды, екеуінде де Росфил (Париж), ВОКС (Германия) ұйымдастырған, белгілі музыка этнографиясының қайраткері, еңбегі сіңген әртіс Гр. П.Любимовтың басқаруындағы этнографиялық топпен барды.
Қ.-тың көркем, күшті, нық, даусы (тенор) бар, демі кең, қорлы, үлкен. Оның әншілігіне, музыканттығына баға беру үшін, “ақын” Ғаббас Айтпаевпен, “қарадүрсін” Қали Байжанов сияқты қарқаралылық екі дарынды әншімен салыстыру керек. Ондай жағдайда Қ. екеуінің арасынан орын алған болар еді. Өйткені, сахарада көбірек жүрген ана екі әншіге тән ашық, күшті әсерге жетпесе де, ол екеуінің жанрында да айта қалғандай орындау дарынын көрсеткен, репертуар жағынан ол екеуінің де әндері бар. (Қ. қалада көп тұрды, әлі тұрады). Таза дауыс жағын алғанда Қ. ол екеуінен де асып түседі. Сахарадан қол үзіп, қаланың алданышына түсу бұл сияқты жақсы әншіні, табиғи сезімді таза адамды бірден тартып кететін шынайы, қарапайым шығармашылығын қаланың жасанды, суық, белгілі бір қалыппен орындауына түсіріп кете ме деген қауіп бар.
Бірақ, шетелге де шығып, көріп келген әнші бұл байқаудан өзінің қазақтың ән өнерінің көрнекті өкілі екенін түсініп, үлкен абырой, ұтыспен өтеді деп сенеміз де, соған тілектеспіз”, — дейді.
Әрине, А.Затаевичтің Әміре қалада жүріп, қазақтың халықтық ән орындау дәстүрінен айрылып қала ма деп қорқуы дұрыс та шығар. Бірақ, жас басынан халықтың әншілік дәстүрін бойына әбден сіңірген Әміре ол жолға түспестен кетті. Екінші, Әміренің дем алысының аса үлкен, созымды екендігін “алқымында қалтасы бар еді, соған демді толтырып алып, біртіндеп шығарып отыратын еді” деп Қалибекше суреттемесе де, А.Затаевич те оның демінің шамадан ұзақ екенін анықтап айтып кетеді. Дем алу – әншінің шеберлік сатысына көтерілуіндегі бірінші шарт. Дем алысы тәртіпке түспеген профессионал әнші де көздеген мақсатына жете бермейді. Әнді көркемдеп айтуда, белгілі идеялық- көркемдік мазмұнын ашуда демалудың үлкен мәні бар. Міне, ешбір консерваторияда “дауыс қою, демалысты тәртіптеу” сабақтарын өтпеген Әміренің табиғи түрде ерекше ұзын демалысының әншілік үшін үлкен мәні болумен байланысты А.Затаевич те ол жайды бөліп айтып отыр.
1934 жылдың қыркүйек айында Қазақстан Халық ағарту Комиссариатының үйінде көптеген өнерпаздар бас қосқан үлкен мәжіліс болды. Оған әншілерден: Әміре Қашаубаев, Темірболат Арғынбаев, Қуан Лекеров, Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Биби Сәрсенбаева тағы басқалары келді. Мәжіліс алдағы 1935 жылда Алматыға келетін граммафон пластинкаларына ән- күй түсіретін бригаданың жұмысына дайындық, музыкалық нөмірлерді, орындаушыларды саралап алудың басына арналған болатын.
Әнді сазбен асықпай қоңырлатып айтатын, баритон дауысты Темірболат, салған жерден қырандай аспандап, шырқап кететін Қуан, әр нотасынан сахараның кең тынысы сахнаға ере келіп тұрған Манарбек, әнді еркелетіп, уілдетіп, лебізімен жыланды іннен шығаратын Жүсіпбек, дауысының жоғарысы әйелдің сопраносының “бақшасына кіріп кететін” Ғарифолла, жүрекке жылы тиетін, жұмсақ меццо- сопрано Биби – бәрі де бәйгеге түсетін болғасын, бірінен-бірі оздырамын деп, бар шеберліктерін салып, небір сүбелі әндерді комиссияның алдына табақтай тартып жатыр. Қазанның арқасында еркіндік алған елдің ән шеберлерінің дауыстары да еркіндеп, сонау Алатаудың басынан асып кеткендей болып жатыр.
Ең артынан бір бұрышта бүкшиіп қана, жұпыны киімде отырған Әміре басын көтерді. Аздап сырқаттанып жүрген кезі болатын. Сондықтан біреулер оны келмес деп, енді біреулер келгенімен жай басқаларды тыңдап, ән айта қоймас деп отырған. Бірінші қараған кісіге сырт түрі қораш көрінетін шын жүйріктей, айғай шыққаннан кейін Әміре лезде басын көтеріп, бет-аузына жаңа бір өң еніп, қысқа мойынды, өзінен басқа кісі құлақ күйін түсіріп тарта алмайтын қара домбырасын дыбысын қатты шығармай, бір-екі тықылдатып бұрады да, Қалибек суреттегендей әншейіндегіден мойны жуандап, алқымы кебіңкіреп, екі ұрты бір томпайып, бір қусырылып, алдыңғы отырысынан тікейіңкіреп алды да, айғайға басты. “Ағашаяқ”, “Үш дос”, “Екі жирен”, алдында Манарбек айтқан “Смет” тағы басқа әндер кетті. 7—8 әнді бірінің артынан бірін тастап жібергенде отырғандар біріне- бірі қарап, бір сәт пауза болды. Алдыңғы әншілер де бастарын шұлғып: “О, сорлы-ай, сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпеген екен ғой”, – десіп, рахаттанғандықтарын білдірді. Әміренің әні Наркомпростың аласа төбелі кабинетін көтеріп тастай жаздады. “Әміренің дауысы қалды, енді бізбен таласа алмайды”, – деп, әншілердің кейбіріне тән әңгүдіктеніп, барын ортаға салып “қырдым” деп отырғандар бүгінгі Әміренің әніне тең келе алмағандарын сезсе де, сыр бермегенсіп, жасанды күлкіге салып, басқалармен бірге мақтау хорына қосылып жатты. Өзінің адресіне деген осындай өсектің барын білетін Әміре соңғы әннің аяғында маңдайдан аққан терімен бірге, жұртқа білдірмей ғана көзінен шыққан ызалы жастың моншақ тамшыларын да сүртті де, ар жағындағы оқиғаның не болатындығында жұмысы болмай, кабинеттен жылдам басып шығып кетті. Отырғандардың ішіндегі орындаушылар асықпай, аспаптарын қабына салып, енді қашан, қайда жиналатындарын сұрап, тарасты да, комиссия мүшелері әдетше мәжілістің белгілі сарынымен жұмыстарын соза берді. Әміренің бұдан кейін сахнада ән салмағанын көрген біздер үшін осы бір күн халқы сүйген, қазақтың ән абыройын Сена мен Майн өзендерінің ағысымен жалғастырып, дүниеге әйгі еткен, өзіне тиісті құрметті өнер атақтарын ұсақ өтірік-өсек үшін ала алмай кеткен ардақты әншісінің “бой жасағаны” сияқты болып көрінді.
Әміре оқуы көп болмағанымен, тоқығаны, ескергені көп адам еді. Осы жолдардың авторы Алматының музыка техникумында істеп тұрған кезінде ол бір күні техникумға келіп, екі сағаттай сөйлесті. Әңгіменің мазмұны — өзінің бұрынғы заман өктемдігімен оқи алмай қалғаны, енді мына бір кішкене қыздарын музыкаға оқытқысы келетіні болды. Оның үстіне Әміре: “Сіз, шырағым, жасыңыз кіші де болса мамансыз ғой, осы жұрт менің даусымды түрлі-түрлі бағалайды, бір тыңдап көрсеңіз деп едім”, – деді. Екеуміз келісіп, күн белгіледік. Бұл 1933 жылдың күзі болатын. Мен онда да Әміренің дауысынан тоқырауды таппадым. Әміренің ән формасын жақсы түсінуі, орындау кезінде дыбыс топтарының өршу мен бәсеңдеу кездерінің кезектесулерін өте заңды түрде беруі, драмалық және лирикалық әндердің әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктерін тауып айтуы, неше түрлі өрнектер, әшекейлер, Кәлләкише (драма театры коллективінің Қалибекке жақсы көріп қойған аты) айтқанда “бұрмалары”, “иректері”, біресе самғап көкке шығып, біресе құлдилап төмен түскендегі ән делбесін (бозжысын) қатты ұстап, ерікті үнге біржолата беріп жібермей отыруы, мың бұралған әсем дыбыстардың бірінен-бірі асып түсіп, еркіңді билеп кетуі, әсіресе, басқада жоқ (кейін Жүсіпбекте қалған) өз алдына бір музыкалық “әңгіме” болып жататын домбырадағы сүйемелі — оқудан жаңа келіп, кең байтақ Қазақстанның жер-жерінің әншілік дәстүрлерімен танысып болмаған біз сияқты нота сауаты бар да, халықтық музыка дәстүрінің небір жарқыраған асыл тастарының түстерін танып, аттарын біліп болмаған кісіге ұмытылмастай әсер қалдырды. Бірақ, жоғарыда баяндалған, Әміре “бастаған” әншілер тобының Наркомпрос үйіндегі әсерінің бойы бұдан әлдеқайда биік еді. Сондықтан, осы жазда “Қазақстан правдасы” бетінде республиканың бір облысында Әміренің қызы Күләш әншілердің тобын басқарады, ән орындағанда халық жақсы қарсы алады дегенде, бір жағынан, осыдан отыз жыл бұрынғы Әміремен кездескенім еске түсіп, екінші — оның ізін қуған жұрағаты болғанына қатты қуанып қалдық.
Әміре — ұлы әнші, азамат. Оның өмірі мен қимылы әлі де зерттеле түседі. Ол жөнінде талай кітаптар, дастандар жазылмақ. Оның аты ән-би мектебінде мәңгі қалды.
(“Замана бұлбұлдары” кітабынан. А.1975 ж.)

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *