АТА-АНАНЫҢ ХАҚЫ
Ата-ананың хақы ешбір ғибадаттан кем ескерілмесін. Оларды ренжіткен кісіге Алла тағала разы болмайды. Бірақ шариғатқа қарсы орындарда ренжиді деп шариғаттан шыға алмайсың. Олай да болса, сонда да әдеппенен жылы созбенен жауап қайырасыз. Аятта айтқан: «уа бил-уалидини ихсанан имма иаблуғунна ғиндакал-кибара ахадуһума ки-лаһума фала такул лаһума уффин уа ла танһарһума уа кул лаһума каулан кариман» — мағынасы: ата-анаңызға жақсылық қылыңыз. Егер біреуі, яки екеуі де сіздің қасыңызда қартайса, оларға уф дегендей зиян қылмаңыз һәм ақырмаңыз, не сөйлесеңіз жақсы, майда сөйлеңіз деген және пайғамбарымыз айтқан: «анта уа малука ли абика» — мағынасы: сенің өзің де, малың да әкең үшін деген. Сол себептен біреу әкесін асырамаса, әкесі оның, малын, киім, тамағын сұраусыз сатып жіберуге шариғат рұқсат қылады. Бірақ үйін, қыстауын, жерін сата алмайды. Шешесі малын да еріксіз сата алмайды. Бірақ шариғат еріксіз асыратады, одан баласы құтыла алмайды.
Ш.Құдайбердіұлы