АСҚАҚ ӘНШІ ӘМІРЕ

Серке ҚОЖАМҚҰЛОВ
АСҚАҚ ӘНШІ ӘМІРЕ

…Әміренің өзін көруден бұрын алдымен атына, атағына әбден қанық болатынбыз. «Семейден шыққан Әміре деген әнші сонау Еуропаға, Парижге барып келіпті, жер жиһанның сол өнер жарысында екінші бәйгені алып келіпті, дауысы ғажап екен» деген сөз ауыздан-ауызға тарап, Әміре аты аңызға айнала бастаған, алғашқы қазақ газеттері оның Париж сапары туралы жарыса жазып жатқан шақта, яғни 1925 жылы, Әміренің өзін көрудің де сәті түсті. Халық Комиссариаты қазақ театрын ашуға қаулы қабылдап, арнайы шақыртқан соң келсем, онда Иса Байзақов отыр екен, кешікпей Әміре де келді. Жанында әйелі бар. Алғашқы жүздескеннен кейін-ақ өзін жоғары ұстамай, Парижге барғандағы әңгімелерін айтып отырды. Бұл сапарға оны РСФСР Халық ағарту комиссары Анатолий Васильевич Луначарскийдің екі рет телеграмма жолдап, арнайы шақыртқаны газет оқырмандарына, әрине, жақсы белгілі. Луначарский, тіпті, Әміренің домбырасын да қайта жасатып беріпті. Қолындағысы үні жақсы болғанымен, сырт көзге қораштау екен, Луначарский: «Мына домбырамен бару ыңғайсыз. Ондағы жұрт жас Совет өкіметінің әр қадамына сын көзбен қарайды, мен шеберлерге айтайын, дәл осындай домбыра жасап берсін», – депті. «Кешікпей- ақ пернесіне перне қосылмаған, әдемі ағаштан шабылған, кәдімгі қазақтың қара домбырасын алып келді, тартсам күмбірлеп тұр, бұрынғысынан да жақсара түскен», – деді Әміре сол кездесуде. Ол домбыра қазір Қазақ ССР Орталық музейінде сақтаулы тұр.
Көп ұзамай өзіміз талайдан аңсап жүрген дауысты, Әміренің әйгілі даусын күн сайын ести алатын болдық. Әміре салған әндердің әсерін айтып жеткізу, меніңше, мүмкін емес. Ғасырларда ғана қайталанар, бүтін бір халыққа табиғаттың тартуындай, сирек сыйындай саналуға тиіс бұл дауыс сезімінде сәулесі, көкірегінде көзі бар адамды бейтарап қалдыра алмайды. Музыкалық тілде жоғары тенор деп аталатын Әміре дауысының мөлдір тазалығы, мінсіз сұлулығы туралы таңдана, тамсана айтылған пікірлер көп. Соның бәрі рас. Расында да, Әміре қай әнді орындаса да әуен-сазды ақындық зердемен сезіп, сырлы сөзді әншілік жүрекпен жеткізетін. Мен Әміре әншіліктің ақыны да, артисі де еді дегім келеді. Ән әуенін соншама сергек сезініп, терең түсінуіне, ой көкірегінде қорытып алған өзіндік әсерін сұлу да асқақ дауысымен жан жүрекке жеткізуіне оның актерлігі де керемет көмектесетін.
Әміре – сирек талант, таңданарлық қабілет иесі. Қара танымаса да өзі ойнайтын рөлдердің сөзін біреу yш-төрт рет оқып берсе болды, жаттап ала қоятын. Тыңдап- тыңдап отырады да, бір кезде «бопты» дейді. Сенбей сұрай қалсаңыз, кез-келген жерін зулатып тұрады.
Әншілігімен осыншама әйгілі Әміренің адамгершілік қасиеттері де бөлек еді. Ашулану дегенді білмейтін, жолдастыққа риясыз жан болатын. Әсіресе, кісі көңілін құрметтеуі әлі күнге таңдандырады. Егер көшеде келе жатқанда бір адам тоқтатып: «Сіздің әніңізді ести алмай жүрмін», – десе, «Қай әнді қалайсың?» – дейді де, сол жерде тұрып алып бес-алты ән салып береді.
Әдетте, Әміре есімін атағанда біздің бәріміз атақты Париж, Майндағы Франкфурт сапарларын еске аламыз. Әрине, бұл заңды да. Сонымен қатар, Әміре өнерінің, Әміре өмірінің қалың жұртшылық назарына онша ілікпей келе жатқан тұстары да аз емес. Ең алдымен, Әміре Қашаубаевтың драма театрындағы көп жылдық жемісті еңбегі жан-жақты зерттелмей келеді. Әміре – қазақ театрының тұңғыш актері. Оның «Еңлік – Кебектегі» — Жапал, «Бәйбіше–тоқалдағы» — қойшы, «Айман – Шолпандағы» — ақын, Д. Фурмановтың «Бүліншілігіндегі» — шайхана қожасы, М. Тригердің «Сүңгуір қайығындағы» – қарт секілді рөлдері – арнаулы сөз етуге тұратын күрделі образдар, 1934 жылы дүние салған Әміре музыкалық театрдың сахнасына шыға алмай кетті. Шіркін, сол әсем дауысты, сол актерлік шеберлікті классикалық операларды орындау сәтінде көрер ме еді! Батыс Еуропа және орыс музыкасының классикалық үлгілері Әміре әншілігінің бұрын байқалмаған жаңа қырларын, тың мүмкіндіктерін ашар еді.
1925 жылдан 1934 жылға дейін театрда өнер көрсеткен Әміре халқымыздың сол кезеңдегі рухани мұқтажын өтеуде қыруар еңбек сіңірді. Әміре қатысқан әр спектакль, әр концерт сол ауылдың ұмытылмас мерекесіне айналатын. Әнқұмар ынта-ықыласы айрықша еді. Кейде спектакль барысында ән орындағанда дуылдасқан жұртшылық оны сахнадан жібермей қоятын. Талай рет ойынды ортасынан бөліп жіберіп, Әміреге бес-алты ән айтқызуға тура келгені бар… Қай өнер адамының да қадір-қасиетін ең алдымен оның өз туған халқына еткен қызметімен өлшеген жөн. Ал, Әміре осы он жылға толмас кезеңнің өзінде сан мыңдаған адамдардың жүрегіне өнер сұлулығымен ізгі дәнін себе білді, солардың ақ алғысына бөленді. Әміре Қашаубаевтың санаткерлік қызметіне, халыққа мәдени қызмет көрсетудің алғашқы қарлығаштарының бірі екеніне жарқын мысал- дардың бірі – театрымыздың 1927 жылғы жазғы гастролі.
Сол жолы Әміренің суырып салмалық шеберлігі, ең бастысы – азаматтық белсенділігі, суреткерлік парызды терең сезінуі айрықша көрінген болатын.
Осы «Социалистік Қазақстанның» 1974 жылғы 12 март күнгі саны бүкіл халқымызға айрықша қуанышты хабар ала келді. Елу жылға жуық уақыттан кейін бәріміз сарғая күткен Әміре даусы табылды. Осынау құнды қазынаны оның туған халқына қайта оралтқан Жарқын Шәкәрімовтің игі ісіне ризалығымды қайталай айтқым келеді. Әміре үні жазылған валикті реставрациядан өткізіп, күйтабақ етіп шығарған. Жарқын онан кейін зор талант иесі әншіміз туралы «Әміре», «Ән жұлдызы» деген екі кітап жариялады. Бұларда да дәйекті деректер, маңызды материалдар мол.
Әміре Қашаубаевтың артына қалдырған мұрасын игеру мұнымен шектеліп қалмауға тиіс. Әншілік өнерін жан-жақты зерттеу, тың мәліметтер табу оның ән орындау мәнерін, қайталанбас шеберлігін үйренумен ұласса, нұр үстіне нұр.
Өнерге салыстырушылық, теңестірушілік жүрмейді. Солай дей тұра, қазақ халқы үшін өлең атасы – Абай, күй атасы – Құрманғазы, ән атасы — Әміре деген пікірдің ақиқаттығына деп қойған жөн. Халқымыздың әншілік өнерінің шырқау шыңы — Әміре Қашаубаев шығармашылығы– ұлттық мәдениетіміздің аса бағалы бөлігі, мәңгілік игілігі.
(«Социалистік Қазақстан», 2 тамыз, 1978 ж.)

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *