АМАНАТ ТУРАЛЫ
Аманатты өзінің қатын-баласы, яки сенімді жалдаған малшысынан басқа жерге сақтап, содан жоғалса, яки бүлінсе, сақтаған кісі төлейді. Егер де оз үйіне қойса, өрттен, яки судан дегендей қауіп болған соң бөтен жерге қойған болса, онда төлемейді. Аманатты иесі сұрағанда бермей қалса, яки алғаным жоқ деп танып қалса, яки өз малына, яки бір нәрсесіне қосып жіберіп, айырып ала алмайтұғын болып қалса, яки киім болса киіп тоздырса, ат болса мініп арықтатса, өлтірсе, яки иесі қойма деп тапсырған орынға қойып бүлдірсе, яки жоғалтса төлейді. Егерде аманат алған кісінің өзі қоспай, бір себеппен өзі бір нәрсесіне қосылып кетіп, аманат берілген нәрсе кеміп қалса, яки жоғалса төлеу жоқ. Егерде ондай қосылып кеткен нәрсе жоғалса, зияны екеуіне бірдей болады. Бөлінгенінде екеуіне бірдей, мәселен, сүтке сүт қосылып кетіп төгілсе дегендей. Егерде екі кісі, яки көп кісі бір нәрсені біреуге аманат қойып, қайсымыз келсек те бер демесе, біреу келіп сұраса берілмейді. Егерде беріп жіберсе, қалғандары аманатты сақтаған кісіден даулайды, алған жолдасын тауып, мойнына салмаса, төлеуге міндетті болады.
Ш.Құдайбердіұлы