Үлкен кісілерімізде кішкене мінез
Біздің қазақ жұрты нешеме жылдардан бері құдайдың кең даласында еркіншілікте өсіп, көктен жауып, жерден өскеніменен тіршілік қылып, төрт аяқты малының өсуіменен ішіп-жеп малданып жүргеннен басқа жұрттай күн көру қайғысы аз еді. Бұларда жұрттан қорқу, жаудан сақтану болса да өзге жұртқа қарағанда жан сақтау қайғысы, уайымы жоқ еді.
Бұлардың байлығы мехнатпенен табылғандықтан байлары кең пейілді, мол қолды, жомарт, ағайын-қарындасқа қайырымды, маңайындағыларға жəрдем жақсылық қылуды борыш біліп қарайласып, жаяуға ат, ашқа тамақ беретін еді. Бұл мінез басқа жұрттан қазақта артық еді. Осы кеңшілікте үйренген қазақ баласы алдыңғы күнде түзу тіршілік ету үшін ғылым, өнерге ұмтылады. Таршылық көрмеген қазаққа ғылым, өнер керекті нəрсе көрінбейді. Соңғы замандарда қалаға жақын жердің бəрі, алыс жерден ауып көшіп келген орыстарға берілетін болып, қазақтың қонысы тарылған соң, емін-еркін кең далада өскен қазақ малы шыдай алмай жұтай бастады. Əр қазақтың дəулеті азайып қолы қысқарған соң, баяғы тегін ат, еркін тамақ табылмайтын болды. Бұдан кейін ел ішіндегі кедейлер кəсіп қылып, жан сақтайтын кентті жерге кетті, басқаларды да өз ыңғайына аударған заман. Асау тайдай еркіндікке үйренген қазақ арасына келіп ардақты болған төрелер, қалаға жақын тұрған адамдар дəреже үшін болса да орысша оқуға кірісті. Қазақ балаларына қазынадан школ салған соң, байлар өз балаларын орыс мектебіне беруге қорқып, ел ішіндегі кəдірсіз жетім-жесірдің балаларын берді. Бұл оларға пайда болып, оқудан қорыққан байлардың балаларынан гөрі, адам болып кетті. Кешегі кəдірсіз көріп берген балаларды көрген соң, байлар өздері де балаларын оқытуға қызықты. Бұған заманның тараюы да себеп болды. Сөйтседе байлардан гөрі, кедей балалары көбірек оқыды. Осы күнгі оқыған мырзалардың жүзден тоқсаны кедей баласы. Бұрынырақ таз молдадан, жаман қожадан оқыған мұсылманның реті болмаса да, соңғы кезде ноғайлардың тəртіпті мектебі бола бастаған соң, көбі аш-жалаңаш болса да, қазақтың көндім бай талапты жігіттері ноғай мектептеріне кіріп, молдакелер, мұғалімдер шыға бастады. Мұсылманша оқыған жігіттеріміз қазақтың арасына кіріп, олардың балаларын оқытып, пікір таратып, оқудың от пен судай керегін ұғындыруға кірісті, бұлар қазақтың салқын қабағына көбірек ұшырады. Үйде отырып қақсай берген соң (еңбек қой) төте оқушылар қайда барса да өздеріне жолдас көбейтті. Бұлар жалғыз дінді ғана үйрен деп отырмады. Мүмкін болса, орысша оқуға, пəн үйренуге қызықтырды. Бұлар өздерінің аз біліміне қарай көп қызмет етті. Келесі заманда да бұлардан үміт көп. Қазақ тілі, қазақ мектебіне өз тілдерінде жазылған кітап кезекті, турасында олар дауыстарын өзгелерден бұрын шығарды. Сол ниетпен мектеп кітаптар жазып, аз да болса соларды бастырып таратты. Бұлардың жазғандары төрт аяғы түп-түгел болмаса да олардың мақсұттары, тілектері, үміттері жақсы еді. Жаңа құрылған, негізгі басталғаннан кім жазса да шаласыз болмайды.
Мұнан бірнеше жыл бұрын орысша оқыған жігіттеріміздің көбі қазақ оқуды керексінбейді, олар сөзді ұқпайды деп қазақтан алысырақ тұратын еді. Шынында да бұрынғылар дінді сыртқы формаға қарап өлшегендіктен орысша оқитындарға салқын қарайтын еді. Осы күні айтқанына сүттей ұйып отырған жігіттеріміз бұдан алты-жеті жыл бұрын сүттен ақ, күннен анық сөздеріне құлақ салдыра алмаған еді. Олар айтса, орысқа сатайын деп жүр деп нанбаған еді. Жəне орысша оқығандар орыс қызметінде болғандықтан қазаққа артық иілмейтін еді. Дұрыс бұлардың арасында қазақ үшін қайғырып, күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмегендері де бар болса да көпшілік солай еді. Бұлардың ішінен арымай, талмайтын бірекі учитель шығып, бір-екеу болса да кітап жазып ақтады. Алты миллион алаштың мұң-мұқтажын қайғыратын «Айқап» туып қалды. Шыққанынан бері осы күнге дейін жұрттың қамын қайғырды, сөйледі, жазды əлі де сөйлемекші, қазақты ілгері бастырмақшы, былтырдан бері «Қазақ» газеті шығып, өзінің алашына айбарлық қылды. Тұңғыш ұлы «Айқапты» сүйген қазақ «Қазақты да» сүйе бастады. Бұларды сүю қазақтың баласына борыш, парыз, бұларды сүймеген, сүйемеген елде болмас.
Бұл газеттерді бастап кеткен бір-бір батырлар болғанда бүтін алты миллион қазақ олардың қаруы, жарағы, панасы, күші, көмегі, серігі, жолдасы болса, сонда бұл газеттер ілгері басады. Күш біріктірсе бүтін қазақ адам болады. Бір газет, бір журнал сонша қазақтың айналдырған екі баласы сияқты. Екі баланы тəрбие қылып кемшілік келтірмеу қиын ба? Екеуі түгіл, тағы да əлденеше газет, журнал керек. Дүниенің толқыны оны болдырмай қоймас. Европадағы əлде қашан озып кеткен жұртты қоя тұрып, өзімізбен діні, қаны бір ноғай қарындасымызды мысал қылайық! Олардың осы күнде жиырма-отыздай газеті, журналы, он мыңдай мектебі, мектепте оқытуға жетерлік мұғалім, мұғалимасы бар қала жерінде болғандықтан олардың балаларының көбі оқып жүр, бұған қарағанда бізге əлі сансыз көп нəрселер керек.
Ынтымақ.