Қала болған қазақтар жайынан

Қала болған қазақтар жайынан
Қапал уезінде арғын қазақтарының ерге мұрындық болып, қала болуды сұранып жүрген 64 үйі өздеріне «Қарамола» деген жерден жер кестіріп алған еді. Инженерлер келіп қаланың орнын, һəм оның ішінде мешіт-медресеге деп біраз жер пішіп кеткен еді. Бұл қазақтар сонда егін салып, тамдарын қалап, мұжықша Жаһудшыл тірі боламын деп қимылдап еді һəм мұжық тəртібінше старосталарын да сайлап қойған еді. Бірақ олар қамданғалы үш жыл өтіп барады. Жөндігіп кеткен бір істері көрінбейді. Қала болғаннан бері өз араларында дау-жанжал, араздасу көбейіп кетті. Көзге толық там да салғандары көрінбейді. Бұрынғы лас тұрмыстың иісі бұлардан əлі аңқиды. Мал қорасы, астық сарайы, қақпа секілді мəдени тұрмыстың мың нұсқадан бір нұсқасы жоқ. Егінді де тек немқұрайды қалыбында салып жүр. «Жер тарылды, малдың өрісі құрыды» сондықтан онды жерлерімізге өзіміз «қала болайық, үйтпесек қазақ жұрт бола алмайды…» деп жүрген қазақ жастары солардың халін тексеріп қарап тұрса, мəдени тұрмыстың жайын айтса, олардың қаласына барып бес-он күн жатып, ол бейшара бауырларына сөзбен болса да демеурін берсе, кім біледі, олар мəдени тұрмысқа үйреніп кетер еді. Ə дегенде ескі тұрмыстан жаңа һəм жат тұрмысқа жатырқамай үйрене қою оңай емес.
Енді үкімет кісілері бұларға өз беттеріңмен жеке қала болып отыра алмайтын көрінесіңдер, дау-жанжалдан бір арылмадыңдар. Сондықтан сіздерді құрдың боғындай бытыратып он үйден орыс қалаларына қосамыз, яки орыстарды сендердің қалаларыңа орналастырып, соларды басшы қыламыз. Сол уақытта сендер, олардан көріп дүниеде қалай тұру керек екендігін үйренерсіңдер деп жатыр.
Бұлар қала болса да жаз жайлауға шығып жүр еді. Енді «мұжық болған қазақтарға жайлаудың керегі жоқ, олардан жайлау алынады» деген сөз шыққаннан бері бұлардың салы суға кетіп сасып тұр. Кейбір шолақ ойлылары қайтадан қазақ қалпына шығамыз деп қопаңдап тұр. Қала болған қазақтардың жайы осы. Сондықтан бұл жақтағы қазақтарға қала болыңдар дейтін болсақ: «Қала болған арғындардың да шекесі қызарған жоқ!» деп жауап қайырады.
«Қыс»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *