Қазақ қарындастарыма

Қазақ қарындастарыма
Құрметті қазақ қарындастарым! Мен сіздердің тұңғыш балаңыз орнында үмітті ең бірінші журналыңызға құтты болсын айтып, бір-екі сөз жазамын. Сіздер Россия қоластында алты миллиондай халықсыз. Сіздерге əлдеқашан өз жайларыңызды жазып тұруға, өзіңізді басқа халыққа танытуға һəм халық арасына пікір, ой таратуға бір журнал керек еді. Оның керектігін оқыған адамдарыңыз, шығаруға талаптанса да түрлі себеппен болған жоқ еді. Мінеки, Серəлин Жəнаплəрі өзінің үміті һəм халқына болған махаббаты арқасында бұл «Айқапты» шығарды. Енді мұны алға жіберу Һəм оның пайдасын көру сіздердің мойныңызға борыш. Сіздер жаңа ғана оянып келе жатқан халық болғандықтан бəлки журналдың халық үшін қандай пайдасы барлығын жете ойламассыздар. Бірақ дүниеге көз салып қарасаңыз, дүниедегі халықтың барлығының сол газет-журнал арқасында ілгері кеткенін көресіз. Бұл заманда халықтың ғылым, өнер дəрежесі газет һəм кітаптардың көптігі-аздығыменен байқалады. Бағызы бір молдалар газет-журнал шариғатта жоқ, оны оқуға бодмайды деп айтады. Бұлар бұрын газет көрмегендіктен, оның не екенін біле алмай қапаланып айтады, болмаса газет шариғат қосуы бойынша пайдалы саналады. Мысалы, шариғат мұсылмандарға сіздер баршаңыз бір қарындассыз, əр уақыт бір-бірімізге жəрдем қылсаңыз дейді. Бұл турада «Құранда» һəм «Хадисте» дəлел көптігін əрбір молда білсе керек! Егерде арамызда газет-журнал болмаса, түрлі жерде тұрған мұсылмандар бір-бірінің халін қайтып біледі? Бір-бірінің не халде екенін қалай білігі, жəрдем ете алады?
Əлбетте бұл істерді газет арқылы шариғаттың жоғарыда айтылған бұйрығын жеріне жеткеруге болады. Сөйтіп мұсылманшылық құт табады. Міне, соның үшін Мысыр, Стамболдағы мұсылмандар жүздеп, мыңдап газеттер таратады. Барша ғалымдары сол газеттерге сөз жазып, халықты жақсылыққа шақырады. Бұл «Айқап» журналы дүниеге туып түр, Іликин мұның жалғыз дүниеге шығуыменен ғана халыққа пайдасы болмайды. Ғұмыры ұзын болса пайдалы болады. Мұның дүниеде тұруы һəм халыққа пайда тигізуі үш түрлі адамдардың жəрдеміменен болмақ. Əуелі, байлар, мырзалар өздері тілін алатын жолдастарына көбірек алғызуменен. Екінші, оқыған адамдар қолынан келгенше елге пайдалы сөздер жазуменен. Үшінші, молдалар халыққа оқыттыру һəм журнал алуға қызықтыруменен болады.
Бұл «Айқап» қазірде кішкене болса да ілгері кете қалса, келер заманда қазақ тарихында бəлки ең бас жолға жазылар. Бəлки қазақ халқы келешекте «Айқаптың елу жылдық һəм жүз жылдық юбилей тойын да жасар. Сол тойдың арқасыңда əлдеқандай пайдалы істер де қылар. Сол уақытта ықтимал Сералин есімі де халық тілінде артық құрметпенен жат етілер. Сіздер осы күннен-ақ үмітті жігіттеріңіздің қадірін біліп, олардың бастаған ісіне қолыңыздан келгенше жəрдем етуге тиіс деп білемін.
Мұғалім Файсəлірахман Жиһандаров

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *