Қазақ съезі

Қазақ съезі
Кешегі келмеске кеткен кесірлі үкіметтің заманында тіл күрмеліп, аяққол матаулы еді. Сол қаһарлы қара күндерде «бас қисалық, съез ашалық» деп толғағы толмаған қатынға бала таптырмақшылар да болып еді. Бірақ ол уақытта қойдан қоңыр, қояннан қорқақ едік. Сондықтан ол кездегі бас қосу пайдасыз қысыр сөз еді. Енді міне, бостандық таңы атты. Не қыламыз десек те ерікті болдық. Бас қосқыш болсаң, қос енді басыңды, аш съезіңді, тоқтату қылар ешкім жоқ. Бірақ бас қосудан мақсат не? Соны жұрт жақсы білу керек. Бас қосуды, съезге баруды жұрт қызылдыжасылды киініп, тана-моншақ тағынып, тойға барғандай, қызыққа жиналғандай көрсе, ондай съезден, өлі де болса пайда жоқ.
Съезд пайдалы болады, егер жиылған адамның əрқайсысы неге келгенін білсе, халыққа шын жаны ашитын таза ниетті болса, халықтың қалпына-салтына жетік болса, тіршілік-шаруа істеріне таныс болса, саясат істерінен мағлұмат болса. Осындай адамдар жиналып, мынау алынған бостандыққа ғұмырлық ие болу үшін, халықтың мұң-мұқтажын кеңесіп, мынау пайдалы дегенді іске айналдырып, мынау зиянды дегеннен халықты құтқаруға қам қылса, съезде жасалған қаулыларды елге қайтқанда əркім халыққа түсіндіріп іске айналдыруға ыждаһат етсе. Олай етпей, съезд қаулысы сөйлеген жерде құр сөз болып яки қағаз бетінде ғана жазылып қалып, елге қайтқан соң сары қымыз, салқын үйдің қызығында бəрі ұмыт болса, ондай съезден де халыққа келер пайда жоқ.
Енді біз өзімізге-өзіміз өкпелемесек, өзгеге өкпелей алмаймыз. Қолымызға берген бостандықты ұстай алмасақ, пайдалана алмасақ, келінді күң, жібекті жүн еткен мысалында боламыз. Олай болсақ, біз жұрт бола алмаймыз. Өз ісімізді өзіміз басқара алмасақ, бізді біреу келіп түзетер деу адасқандық. Əр жұрт бұл күнде өз қамын ойлап жатыр əркім өз аты бəйгеден келуіне, өзі шыққан тауы биік болуына жанталасып қызмет етіп жатыр. Біз де солардан қалмалық. Уақыт өткізбелік. Өкініп жүрмелік. Қазіргі бір күн бұрынғы жүз жылдан қымбат. Оян жұрт, талпын жұрт, қамдан жұрт! «Батырсыған жігітті жау келгенде көрерміз, шешенсіген жігітті дау келгенде көрерміз» деген мақал бар. Бұрын сылтау бар еді. Заман тар, халыққа амалсыздан қызмет ете алмай жүрміз, əйтпесе өйтер едік, бүйтер едік деуші еді. Енді тісін қайрап, жігері қайнап жүрген ерлер болса, жол ашылды. Көрсет өнеріңді, қыл қызметіңді, баста жұртыңды! Бос сөзден пайда жоқ, бұрынғыдай сылтау жоқ, жаңды ортаға салып, іске кіріс! Ер көңілді алаштың азаматына енді зор сын!
Міне, қазақ уалаяттарының бəрінде де үздік-создық съездер болғалы тұр. Тұңғыш съез Торғай облысының съезі болды. Бұл сьездің толық отчеті орысша-қазақша жеке басылып шығады, қазіргі қысқаша қаулысын жазып отырмыз.
1. Комитеттер ашу
1. Ауылной комитеттер. а) ауылной гражданский комитеттерді бір ауылной елдің 21 жасқа толған еркек-əйелінің түгел жиылысы əр 10 адамнан бір ағзадан шығарып сайлайды. б) Бұл комитетке сол ауылдың ортасында болған басқа соңдай қауымдардан бір-бірден өкіл кіріседі. Ауылной комитеттер өз арасынан испольнительный комитет сайлап шығарады. Мұның кісілері: председатель, оған орынбасар, секретарь (хатшы), оған жолдас, қазынашы екі ағза.
Ауылной комитеттер сайланғаннан кейін бұрынғы ауылнойлардың лауазымы исполнительный комитеттерге тапсырынады.
Қажет орындарда ауылной комитеттер милиция сайлап қояды. Бір ауылной елге ортақ істерді ауылной гражданский комитеттің жалпы жиылысы тексереді. Оның жасаған қаулысын ауылной исполнительный комитет орнына келтіреді. Жалпы жиналыста комитет ағзаларының 3/2 (үштен екі бөлімі) болса, кеңес құруға болады.
2. Болосной комитеттер
Болосной гражданский комитеттерді ауылной комитеттер əр 10 ағзадан бір кісіден артық жібермеу шартымен өз араларынан сайлайды. Болосной комитетке де уақ-қарыз серіктігі һəм сондай қауымдар бірбірден өкіл сайлайды. Болосной гражданский комитеттер өз арасынан исполнительный комитет сайлайды, кісілері: председатель, оған орынбасар, хатшы оған жолдас, қазынашы екі ағза һəм оларға екі кандидат.
Болосной исполнительный комитет ашылғаннан кейін бұрынғы болыстардың лауазымы осы комитетке тапсырылады. Қажет орында болосной комитеттер милиция сайлап қояды. Бір болыс елге ортақ ісіер, мысалы: жер мəселесі, алым-салық һəм басқа сондай істерді болосной комитет ағзаларының жалпы жиналысы тексереді. Жалпы жиылыста комитет ағзаларының 3/2 болса, кеңес құруға болады.
Уезный комитеттер
А) уезный комитеттерді əр 10 ағзадан бір өкіл жіберіп болосной комитеттер сайлайды. Б) Уақ-қарыз серіктері һəм сондай қауымдар өкілдері де мұнда бір-бірден болады.
В) Солдат һəм жұмысшылар советінен бір-бір өкілден кіреді.
Г) Басқа мекемелерден де бір-бір өкілден кіреді.
Д) Городской гражданский комитеттерден əр 1000 кісіден біреуден артық болмау шартымен өкілдер сайланады.
Уезный комитеттер өз арасынан исполнительный комитет сайлайды, кісілері: председатель, оған екі орынбасар, хатшы һəм оған екі жолдас, қазынашы һəм 4 ағза.
Түрлі халықтар аралас уездерде уезный комитеттер ортақ болады.
3. Облосной комитеттер
Бұл комитеті де уездный комитеттер жоғарғы тəртіппен сайлайды.
Қосымша: Өзіне ағза болмаған кісілерді де уезный комитет, облосной комитетке өкіл қылып жіберуге ерікті.
Облосной комитет өз арасынан исполнительный комитет сайлап шығарады. Қосымша: Сайлау біткеннің бəрінде (ел екі партия болса) аздан аз, көптен көп сайланады, əйел-еркек айырылмайды. Комитеттерді халық өзі сайлайды. Сайлаудың дұрыс-терісін бақылауға, талас болған жерлерде сайлау құруға участок сайын 3 кісіден қазақтың өзінен комиссия қойылады. Керекті орындарға бұл комиссия ағзаларын жіберіп тұрады, бірақ мұндай ағзалар өз елін сайлауға жібермейді.
4. Съездер
1. Бүкіл қазақ халқын біріктіруге, мұң-мұқтажын кеңесуге жалпы қазақ сьезін шақыруға қаулы қылынады. Сьезде қаралатын мəселелерді даярлауға, орнын Һəм уақытын лайықтап, жұртқа хабар беруге айырықша бюро құрылды. Бұл бюроның ағзалары: Əлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сейітғазы Көдірбаев, Ғұмар Есенғұлов, Имам Əлімбеков, Есен Тұрмұхамедов, Керей Тұрымов.
2. Мəскеуде 1-8 майда болатын жалпы мұсылман съезіне Торғай облысынан 4 өкіл сайланды: Ораз Төтіғұлұғлы, Сейітғазы Кəдірбаев, Аққағаз Досжанқызы, Сұлтанғазы Асқақұғлы.
5. Учредительное собрание
1. Мемлекет тəртібі қандай болуын кеңесіп, съез мынадай қаулы шығарды: Россия мемлекеті демократическая, парламентарная, децентралистическая республика болсын.
2. Учредительное собраниеге əр халықтың санына қарай депутат сайлансын. Сайлауға əйелдер де кіріссін.
6. Дін мəселесі
1. Дін ісі мемлекет ісінен айырылсын.
1. Торғай облысының қазағы уақытшаОрынбор мүфтилігіне қарасын.
2. Мүфти һəм қазыларды сайлауға əр ұлт өзінің санына қарай қатыссын.
3. Духовное собрание туралы жаңғыртып низам шығарғанда қазақ өкілдері бірге болсын.
4. Имам һəм мүфтиді халық сайлайды, ақындарды имамдар өз арасынан сайлайды, қазыларды ақындар сайлайды. Имам, мүфти, ақындардың дəрежелеріне лайық шаһоднамасы болсын.
5. Мешіт саны халықтың тілегінше болсын.
7. Бастауыш оқу
Жалпы міндетті оқуды съез аса қажет көргеннен кейін қазіргі бастауыш мектептерді көбейтуге қаулы қылды, 100 үйге бір мектептен кем болмасын делінді. Оқу ана тілінде болсын һəм əйел-еркек балалар бірге оқысын. Мектептер земский һəм мемлекет ақшасына ашылсын.
8. Жер мəселесі
Мемлекет керегіне деп қазақтан жер алатын болса, əуелі қазақтың өзіне жеткілікті жер беріліп, артығы алынсын. Учредительное собраниеде жер мəселесі ашылғанша бұл күнге шейін мұжық орнамаған участкілер, мұжық жамансынып тастап кеткен жерлер, отробной, оброщной статьялар мал бағуға деп һəм монострски учаска деп алған жерлердің бəрі бұрынғы иелеріне (қазаққа) қайтарылсын. Законсыз ұзын срокпен арендаға берілген мал бағатын участкалар да иелеріне қайтарылсын. Қымыз ішуге ашылған ауруханаларға алынған жерлер иелеріне қайтарылсын. Жаңадан алуға жоба жасалған жерлерге енді мұжық жазу тоқталсын.
Жер алу дала уалаяттарында һəм Түркістанда тоқтатылсын. Алуға жоба жасалған жерлердегі қазақтардың қыстауы көшірілмесін. Айрықша қазына мүлкі санажан ағаш ішіне кеткен қазақтың егіндік, пішендік мүлкі һəм жайылымына жаңадан бөлік болып, бұрын жасалған шекара түзетіліп, қазақтан орынсыз алынған егіндік-пішендігі қайтсын. Бұл ағаштардың арасындағы шөбін қазақ тегін шапсын һəм қыс мал жаюға ерік берілсін. Қазақтың өзі қорыған ағашы өзіне қайтсын. Ағаш маңындағы кедей қазақтарға қора-қопсы салуға ағаш берілсін.
9. Суд
Жаңадан негізгі өзгеріс жасалғанша қазақ билері бұрынғыша қалсын. Бірақ билер халыққа сенімді болмаса, қайта сайланып қойылсын. Билерді ауылной комитет сайласын. Ауылной гражданской комитеттер исполнительный комитет сайлаған кезде билікке екі кандидат белгілейді.
Оның бірі таланмен би болады, біреуі кандидат болады. Талас шыққан орындарда екі кандидаттың бірі өз жағынан көрсетіледі, егер аз жақтың ауылной комитеттегі ағзалары барлық ағзалардың 4/1-інен артық болса, жеке билердің жазу-сызуларын ауылной комитеттердің хаштылары тегіс жазады, қаламхақы алынбайды.
Болосной съездің жазу-сызуларын да, қалам хақын алмай, болосной комитеттің хатшылары жазады. Чрезвычайный съездер елде комитеттер түзеліп біткенше ашылмайды. Онан кейін чрезвычайный съез ашу ықтияры уездный комиссарға тапсырылады, Бұл комиссарларға крестъянский начальниктердің лауазымы тапсырылуға тиіс. Чрезвычайный съездің жазу-сызуын уезный комиссар жіберген кісі жазады, бұ да қалам хақы алмайды.
Дала уалаяттарында следственный (тергеу) істер мировой студиялардан алынып, судебный следовательге тапсырылады.
Торғай облысындағы жалпы судтарда пресяжный заседательдер болсын.
10. Земство
Торғай облысына земство берілсін.
11. Баспасөз
1. «Қазақ» газеті жиі шықсын һəм халыққа мағлұмат беретін кітапшалар бастырылсын.
2. Газет, кітап, хат-хабарларды тез альш тұру үшін болосной һəм ауылной комитеттер жұма сайын екі рет почта алып һəм жүргізіп тұруға һəм қылсын.
12. Жұрт ақшалары
1. Ескі үкімет заманында орынсыз жиналған халық ақшалары бар. Сол ақшалардың қай орында екенін Торғайский облосной правлениеден һəм крестъянский начальник мекемелерінен біліп, Торғайский облосной комиссардан өтінеді, халық өзі ұйғарғанша жоғарғы ақшалардың жұмсалып кетпегендері сақталып тұрсын.
2. Азаттық жолында қызмет еткен саяси ерлердің мұқтаждарына «Қазақ» басқармасы арқылы көмек беруге қаулы қылынды.
13. Крестъянский начальниктер һəм халыққа залалды чиновниктер
1. Халыққа зияннан басқа түк пайдасы жоқ крестьянский начальник мекемелері жоқ болсын.
2. Торғай облысында халыққа зиянды чиновниктер (аттары аталады) орнынан түсіп, судқа берілсін һəм бірсыпыралары абақтыға жабылсын.
14. Соғыс
Бостандықты нығайту үшін жауды жеңуге қазақ халқы қолынан келгенінше жəрдем етпек: мал, азық-түлік бермек (жұмысшылар туралы съез қаулысын жігіттер қайтатын болған соң, мұнда баспадық).
15. Торғай облысында болған уақиғалар
25 июнь жарлығы тақырыпты Торғай облысында болған қанды уақиғаны тексеруге айрықша тергеу комиссиясы құрылсын.
Жоғарғы мəселелерді қарап бітіргеннен кейін жаңа үкіметке құттықтау телеграмы һəм күнбатыс майданында бұратана бөліміндегі телеграм беріп, съез тарады.
Мадияр

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *