Қазақ партиясы «Алаштың» тұтынатын жолының жоспары

Қазақ партиясы «Алаштың» тұтынатын жолының жоспары
Мемлекет билеу түрі.
1. Россия жерінің қолайына, елінің кəсібіне, шаруасына қарай бөлініп, əр бөлімнің (штаттың) билігі өзінде болып, ортақ іске одақтасқан, жалпы жұрт билейтін мемлекет болу (федеративная демократическая республика).
2. Қазақ облыстары Сібірмен қосылып, уақытша бір штат бола тұру.
3. Шамам келді деген күні қазақ Сібірден бөлініп, өз алдына бір штат болу.
Жер мəселесі.
4. Жерді мүлкі біліп иелену қалып, жалпы жұрт меншіктеуге тапсыру.
5. Жер үлеске түскенде əуелі тұрғын жұрттың керегін беріп, риза қылу. Үлес жергілікті жер мекемелерінің шаруа түріне (малға, егінге) лайықтап шығарған мөлшерімен учредительное собрание құрған негізге тіреліп берілу.
6. Жер билігі жергілікті мекемелерде (обласной, үйезный, земство жер комитеттерінде) болу.
7. Қазақ осы күні қай жерде отырса, содан жер алу. Қазаққа жер берілгенде əлеуметке (ру, ауыл, болысқа) деп беру. Əлеумет ішінде жерді тең пайдалану.
Солдаттык мəселесі.
Дайын əскер ұстау бірте-бірте бақылаушылыққа (жалпы жұрт күзетшілігіне) айналу. Солдаттыққа алынған кісі елінен, жерінен аулаққа кетпей, шаруадан бос уақытта əскерлік өнерін үйреніп, тұрған жерінде бақылаушы болу.
Жергілікті мекемелер.
Жергілікті мекеменің өрісі кең. Билік ауданы мол. Аздың ақысы кетпейтін, санға қарай кісі енетін болу.
Сот мəселесі.
Сот сайлаулы, түспейтін болу. Сот ісі əр жұрттың өз тілінде жүргізілу.
Сот законын əр штаттың шығаратын өз мекемелері жасау.
Дін мəселесі.
Дін ісі мемлекет ісіне қатыспайтын болу. Діннің бəрі бірдей болу. Əр жұрт дін ісін өз қолына алу.
Жұмысшы мəселесі.
Бірте-бірте сегіз сағаттық жұмыскер күнін кіргізу. Кəсібі бір беткей таптар ұйымдасуға бостандық болу. Жұмыскерді қорғайтын мемлекет заңы болу.
Оқу мəселесі.
Жалпы міндетті оқу болу. Мемлекет қазынасынан жалпы жұрт оқуына жұмсалатын ақша қай тілде оқытатын оқу ордасы болса да, алаламай бірдей берілу. Бастауыш пен ортаның, орта мен жоғарының арасында жалғау болу.
Бас бостандығы.
Сотсыз ешкім тінтілмей, тұтқынға алынбай, жазалы болмай, бос болу. Тұтқынға алынған кісіге бір сөткенің ішінде кінəсін мойнына қою.
Əйтпесе, тұтқан кісі жауапты болу.
Жиылыс бостандығы.
Хəкімнен рұқсат сұрамай, мейлі далада, мейлі үйде топ жинап, əр түрлі мəселелер жайынан кеңесуге əрбір адам еркін болу.
Баспасөз бостандығы.
Хəкімнен қысымшылық көрмей, рұқсат сұрамай, газет, кітап, жарнамалар басып таратуға əрбір адам ерікті болу. Баспасөз бостандығы болғанда цензура (сөз аңду) болмау. Ауызша яки баспасөзбен кірлеу, сөгу, өсектеу, кісі өлтіру секілді жұмысқа сот алдында жауапты болу.
Жүру-тұру бостандығы.
Паспорт алу міндетті болмай, ешбір кедергі көрмей, əр адам бір жерден екінші жерге баруға ерікті болу.
Одақтасу бостандығы.
Көпке бірдей мақсаттарына жету үшін қосылушылар еш рұқсат сұрамай одақтаса беру.
Осы көрсеткен жоспарды қазақ халқының алдына салып, Алаш партиясынан сайланатын депутаттар топқа түсіп, тартысатынының қысқасы осы дейміз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *