ЯСОННЫҢ ЭЕТКЕ БАРУЫ

ЯСОННЫҢ ЭЕТКЕ БАРУЫ
Аргонавтар ертеңiне ерте оянды. Өзара кеңескеннен кейiн Эет патшаға Фрикстiң ұлдарын ертiп Ясонның баруын ұйғарды. Аргонавтарға жабағыны беруiн сұрасын, егер такаппар патша бас тартса, сонда ғана күш жұмсармыз деп келiстi.
Ясон бейбiтшiлiк асасын қолына ұстап, Эет сарайына жөнелдi. Батырларға Колхида тұрғындары тiл тигiзiп жүрмес үшiн Гера құдай Ясон мен оның жолдастарын қою бұлтпен тұмшалап жiбердi. Батырлар Эет сарайына жеткен бойда бұлт сейiлiп жүре бердi. Эет сарайы тым-ақ сәулеттi едi. Қабырғалары соншалықты биiк, аспанмен тiлдескен мұнаралар, күмбездер. Сарайға мәрмәрмен өрнектелген кең қақпа арқылы кiрдi. Каз-қатар тiзiлген ақ шаңқан бағандар күнмен шағылысып тұр.
Зет сарайы iшiндегi көз тартар көрiктi заттардың бәрiн, барлық бай жиҺаздарды Гефест жасаған едi. Бiр кездерi алыптармен алысып, әбден қалжыраған кезде оны Эеттiң әкесi, күн құдайы Гелиос алтын күймесiмен Флегрей даласынан алып кеткен. Гефест өз еңбегiмен бұлардың сол жақсылығын өтедi. Ауланы айнала сан алуан сәулеттi мекен-жайлар қоршаған. Олардың ең салтанатты бiреуiнде Эет әйелiмен, екiншi бiреуiнде ұлы Абсирт тұрады. Асқан сұлулығы үшiн колхидалықтар Абсирттi Фаэтон (нұр шашқан) деп атаған. Қалғандарында Фрикстiң жесiрi, Эеттiң қызы Халкиопа, кiшi қызы Медея тұрады, Медея әйел құдай Гекатаның жолын қуған керемет сиқыршы едi.
Ясон өз серiктерiмен Эет сарайы ауласына келiп кiрген кезде Медея бөлмесiнен шығып, Халкиопаға бара жатқан. Жат жерлiктердi көрiп таңданғаннан ол айғайлап жiбердi. Медеяның дауысынан шошынып тысқа шыққан Халкиопа өз ұлдарын көрдi. Олардың керi оралғанына қуанғаны соншалық, Халкиопа жүгiрiп барды да, ендi мәңгi көрмеспiн деп жүрген ұлдарын құшақтап сүйе бастады. У-шуға Эет шықты. Ол жат жерлiктердi сарайына шақырып, қызметшiлерiне той тағамдарын әзiрлеуге бұйырды. Ясон Эетпен сәлемдесiп жатқан кезде аспандағы Олимптен алтын қанатты Эрот түстi. Ол колонналардың тасасына жасырынып тұрып садағы мен алтын жебесiн сайлады. Содан соң ешкiмге көрiнбей Ясонның артына тұра қалды да Медеяның жүрегiне алтын жебесiн тартып кеп жiбердi. Жебе қыз жүрегiне тура қадалып, Ясонға бiрден ғашық болды.
Ясон өз серiктерiмен Эет сарайына ендi. Колхида патшасы оларды той дастарқанының жиегiне жантаюға шақырды. Аргос дәм үстiнде кемесi апатқа қалай ұшырағанын, бұны бауырларымен толқын айдап Аретиада аралына шығарып тастағанын, аштан өлуге қалған бұларды аргонавтардың қалай тауып алғанын бастан-аяқ баяндап шықты. Аргос сонымен бiрге Ясон өз батырларымен Колхидаға неге келгенiн де айтты. Ясонның алтын жабағыны алғысы келетiнiн естiгенде-ақ Эет бiрден қаҺарлана қабағын түйiп, жанарында ашу-ыза лап еттi. Батырлар тек алтын жабағы үшiн ғана осынау жер түбiне жүзiп келдi дегенге Эет сенбедi. Фрикстiң ұлдары бүкiл Колхидаға билiк жүргiзудi көздеп, осы мақсат үшiн грек батырларын алып келмедi ме екен деп ойлады. Эет неше түрлi ренiш сөздер айтып, Ясонды айыптады, оны сарайдан қуып, тiптi өлтiрмек, жазаламақ болды. Патшаның бай-байына ызаланған Теламон қаҺар төгуге ыңғайлана берiп едi, Ясон бiрақ тоқтатып тастады. Ол Эетке басу айтып, Колхидаға тек алтын жабағы үшiн ғана келгендiктерiне сендiруге тырысты. Егер патша алтын жабағыны беретiн болса, қандай қызметi болсын атқаруға, қандай тапсырмасы болсын орындауға әзiр екенiн ескерттi. Эет ойланып қалды. Ақыры, Ясонның көзiн құрту үшiн ол:
– Жарайды, сен жабағыны аласың, – дедi. – Алайда, алдымен менiң мына бiр тапсырмамды орындайсың: Ареске бағышталған жердi менiң темiр соқаммен жыртасың, ал соқаға аузынан жалын атқан жез аяқты бұқаларды жегесiң, жыртылған жерге айдаҺардың тiсiн егесiң. АйдаҺар тiсiнен өнiп шыққан сауытты жауынгерлердiң бәрiмен де соғысып, түгел қыруға тиiссiң. Тек осыны орындасаң ғана алтын жабағы сенiкi.
Ясон Эетке бiрден жауап бермедi, сәлден соң барып:
– Мен келiстiм, Эет, – дедi. – Бiрақ, сен де берген уәдеңде тұр. Тағдырдың айдауымен Колхидаға келiп қалғаннан кейiн, сенiң тапсырмаңды орындаудан бас тарта алмайтынымды өзiң бiлесiң ғой. Осыны айтты да, Ясон серiктерiн ертiп шығып кеттi.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *