Шорай ислам
Оқушыларға мағлұм, май басында Мəскеуде жалпы мұсылман съезі болып өтті. Бұл съезде де, мұнан басқа да жұрт жұмысын қарайтын орындарда да өкілдер əр ұлттан, əр таптан санына қарай болуға тиіс. Бірақ Мəскеу съезінде қазақ халқының саны барлық Россия мұсылмандары-ның 3-4-тен бірі бола тұрып, қазақ өкілдері 20-30-дан артпағаны мағлұм болды. Барлық өкілдер 800-900 болыпты. Аздан аз, көптен көп болғанда, қазақ өкілдері 200-ден артық болуға тиіс еді. Бұлай болмады. Оның себебі қазақ жерлері шалғайлығы һəм қазақ жерінде теміржолдың жоқтығынан жүріп-тұрудың қиындығы.
Съез тарапында бүкіл мұсылман істерін басқарып тұратын «Шорай ислам» болуға қаулы жасаған. «Шорай ислам» ағзасының бар саны 30. Оның 10-ы ноғайдан, 7-і Түркістандықтан, 5-уі Қазақстан, 2-і Қырымнан, қалғандары Кавказ һəм Литвадан, бірақ бұлар өкілдерін біржола елден сайламақ болған. 30 ағзамның ішінен 12 кісі басқарушы болып «Шорай ислам» жұмысын аткарып тұрмақ. «Шорай ислам» сияқты барша мұсылманға ортақ істерді басқаратын орын болуы дұрыс-ақ делік. Онан арғысын дұрыс дей алмаймыз. Əуелі «Шорай ислам» ағзаларының саны Россия мұсылмандарының əр халықтың табына қарай көптен көп, аздан азша болуы тиіс екені даусыз. Қай есеппен ноғайдан 10, Түркістаннан 7, Қазақстаннан 5, Кавказдан … ұйғарылғаны белгісіз.
Екінші, съезге жұрттың көп-азша күйде бармай, бір елден көп барса, бір елден аз, тіпті бүтін бір облыстан бір адам бармаған да елдер бар екені съезге көрініп тұр. Солай болған соң съез «Шорай ислам» болуын қолайлаған қаулысын жасап қана, ағзалар санын əр жұрттан аз-көбіне қарай арнап қана, кімді сайлап жіберегін жағын халықтың өзіне қалдыруы тиіс еді. Халық өкілдерін жібергенде «Шорай исламға» деп емес, съезге де жіберген жоқ па? Съезге лайықталған адамдарынан «Шорай исламға» қолайлайтын адамдары тіпті басқа болуы ықтимал. Міне, сондықтан сьезге барған адамдардың съезден сайлануы негізінде дұрыс емес дейміз. Оның бер жағында съезде басқалар дұрыс-дұрыс емесіне қарамай сайлап жатса да, қазақтан барған 20-30 ғана өкілдер өзімізді өзіміз қалай сайлаймыз? Жұрт съезге ғана өкілдік берді, сайлау өкілдігін берген жоқ еді деп ойлауға тиіс еді һəм Кавказ өкілдерінің істегеніндей ағзалар елден сайлансын деу керек еді.
Съезге Ақмола облысынан барған Мағжан Жұмабаевтың өткен нөмерде жазған сөзі дұп-дұрыс. «Шорай исламға» ағза сайлау жағының негізі де, былайғысы да дұрыс болмағандығын Мағжан да айтып келіп отыр.
«Оны біліп отырып «Шорай исламға» сайланған қазақ ағзаларын халық тарапынан сайланған ағзалар дей алмаймыз һəм олардың қазақ атынан деп істеген істерін, сөйлеген сөздерін халықтікі демейміз.
Ахмет Байтұрсынұғлы, Əлихан Бөкейханов,
Жанұзақ Жəнібеков, Міржақып Дулатов, Сейітəзім Қадірбаев, Елдес Ғұмыров, Имам Əлімбеков, Нысанəлі Бегіметов
Жалпы қазақ съезінің қаулысы
Жалпы қазақ съезі 21 июльде Орынборда ашылып, 26 июльде жабылды. Съезде Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Сырдария, Ферғана облыстарының өкілдері болды.
Съез председателі Халел Досмұхамедов. Председательдің серіктері: Ахмет Байтұрсынов, А.Көтібаров. Секретары: Міржақып Дулатов, Ақылбек Сейітов.
Съездің программасы:
1. Мемлекет билеу түрі;
2. Қазақ облыстарында автономия;
3. Жер мəселесі;
4. Халық милициясы;
5. Земство;
6. Оқу мəселесі;
7. Сот мəселесі;
8. Дін мəселесі;
9. Əйел мəселесі;
10. Учредительное собрание сайлайлауына даярлану һəм қазақ облыстарынан депутаттар;
11. Бүкіл Россия мұсылмандарының кеңесі (Шорай ислам);
12. Қазақ саяси партиясы;
13. Жетісу облысының уақиғасы;
14. Киев шаһарында болатын бүкіл Россия федералистерінің съезіне һəм Петроградта болатын оқу комиссиясына қазақтан өкіл жіберу.
Қаулылар:
І. Мемлекет билеу түрі
Россияда демократическая федеративная парламентарная республика болсын.
ІІ. Қазақ облыстарында автономия
Қазақ облыстары қоныс, ұлт жігіне қарай облосной автономия алуға тиіс.
ІІІ. Жер мəселесі
1) Қазақ халқы өзіне еншілі жерге орнығып болғанша қазақ жері ешкімге берілмесін.
2) Қазақ даласында жарамды жер аз болғандықтан қазақ пайдасынан алынып кеткен мынандай учаскалар қазақтың өзіне тоқтаусыз қайтарылсын: «Дворянский скотоводческий промышлений курортный, монастрский переселен орнықпағандар, отрубтар, оброщный статьялар, жай адамдарға показательная поля» деп берген, бірақ расында жоқ нəрселер һəм гарнизондарға беріліп, бұл күнде олар кеткеннен кейін, яки саны азайғаннан кейін босаған жерлер.
3) Бос учаскелерге жазылу тез тоқтатылсын.
4) Переселен орныққан учаскелерде олқы бос тұрған сыбаға жерлер қазақтың өзіне тоқтаусыз қайтарылсын.
5) Қазақтан алынған қыстаулар, егер қожалары өлі көшпеген болса, қазақтың өзінде қалсын. Келген мұжықтарға, қайтадан бөліс қылып, өзге учаскелерден жер əперілсін.
6) Айрықша қазына мүлкіден деген тоғайлардағы қазақ шабындығы өзіне қайтарылсын. Қазақ малы қазына ағаштарының белгейіне жайылуға рұқсат болсын.
7) Бүкіл мемлекетке дақылы болмаған айрықша қазына ағаштары земство қарауына берілсін.
8) Жер хақында қазақ өз алдына жер жобасын жасасын.
9) Жер мəселесі туралы басқа саяси партаялармен келісу еркі учредительное собраниеде қазақ депутаттарына берілсін.
10) Қазаққа жер берілгенде негізгі өлшеуге қазақ облыстарына мал бағу һəм егін салу үшін лайықтаған норма алынсын, əр жердің ретіне қарай.
11) Бөкейлік қазақтары басқа көрші қазақ облыстарына лайықтаған норма бойынша өздерінің отырған жерлерінен жер алсын.
12) Түркістан қазақтарына жер берудің үстіне жеткілікті сауда берілсін.
13) Қазақ халқы жермен ортақ пайдалансын (ру, ауыл, болыс болып) яғни земельная община болсын. (Ферғанадан келген екі өкіл жерді ортақ пайдалануға қарсы болды, əркімнің жер еншісі бөлек болсын деді).
14) Земельная община яғни ортақ жердің ауданы, мүмкін қадір кішкене болсын, мұны шамалау жергілікті жер мекемелері (землеустроительное учреждение) еркінде болсын.
ІV. Халық милициясы
Осы күнгі дайын əскер орнына халық милициясы құрылсын.
V. Земство
Уақытша үкіметтің жаңа шығарған законы бойынша дала уалаяттарында болосной земство отырықшы елдерде жəне ашылсын, көшпелі елдерге земство кіргізу еркі болашақ облосной земский собраниеде болсын деген. Съез бір уезден екінші уезге көшіп жүретін елдерді ғана «көшпелі болыстар» деп біледі.
1. Съездің қаулысы, көшпелі елдерде де отырықшылардікі секілді тоқтаусыз болосной земство ашылсын.
2. Болосной һəм уезной гласныйлардың сайлауы бір мезгілде құрылсын.
3. Болосной земской управода бес ағзадан артық болмасын.
4. Орыс пен қазақтың сайлануына уезной һəм облосной комитеттер арнаулы инструкторлар шығарсын.
VІ. Оқу мəселесі
1. Жалпы міндетті бастауыш оқу аса қажет.
2. Бастапқы екі жылда оқу баланың ана тілінде болсын.
3. Мектеп кітаптары болсын, өзге баспасөздер болсын, бəрі де «Қазақ» емлесімен жазылсын.
VІІ. Суд мəселесі
1. Осы күнгі қазақтың народный суды жоғалсын.
2. Өзгерілетін судтың орнына қазақ тұрмысына лайық айырықша суд құрылсын.
3. Мағлұматты адамдардан жаңа судтың жобасын жасауға əр облыста суд комиссиясы болсын. Облосной комиссиялардың шығарған жобасы жалпы қазақтың суд комиссиясы қарауына тапсырылсын. Бұл жалпы қазақ комиссиясына облосной комиссиялардан бір-бір ағза кірсін. Жалпы қазақтың суд комиссиясы жұмысын 1918 жыл 1 февральда бітірсін. Қазақ судының жобасын қазақ депутаттарымен бірге тексерсін, сонан кейін закон шығаратын мекемеге тапсырсын.
4. Жаңа судтың законы шыққанша осы күнгі народный суд облосной съездердің өзгерткен күйінде тұра берсін.
5. Екі уез яки екі болыс қазағының арасындағы уголовной жазалы болатын істер уақиға болған орынның народный суды алдында тексерілсін. Гражданский хақы даулайтын істерді жауапкердің тұрған жеріндегі народный суд тексерсін.
VІІІ. Дін мəселесі
1. Ақмола, Семей, Жетісу, Торғай, Орал һəм Закаспий (Маңғышлақ уезі) облыстарының қазақтары уақытша Орынбор мүфтилігіне қарасын.
2. Духовный собраниянің қарауына тиісті мəселелерді жалпы қазақтың суд комиссиясы айырсын (VII бапты қара).
3. Суд жобасы түзелгенше Орынбор мекеме шарғиясына қарайтын қазақтың діни істері ноғайлардікіндей болсын.
4. Мекеме шариғия құзырында қазақ бөлімі болсын һəм қазақ істерінің бəрін қазақ бөлімі муфимен бірге қарасын, ал ортақ істерді ноғай қазыларымен һəм мүфтимен бірге қарасын.
5. Əр облыстан (Маңғышлақ уезінен басқа) бір қазы сайлансын.
6. Қазақ бөлімінің істері таза қазақ тілінде жазылсын.
7. Мекеме шариғия құзырындағы қазақ бөлімінің кісілері һəм қызмет қақы мынандай болсын: Бес қазыға жылына 4800 сомнан, бір секретарға 4800 сом, кеңсе расходы 10 мың сом.
8. Əр облыс қазыға төлесін 4800 сом, секретарға 1000 сом, кеңсе расходына 2000 сом, барлығы 7800 сом.
9. Секретарды қазақ қазылары өздері сайлап алсын.
10. Қазыдан төменгі руханилардың қаржысы əр халықтың өзінен болсын.
11. Орал облысынан қазылыққа сайланған Қайырша Ахметжанұғлын һəм бөкейліктен Ғұмар Қарашұғлын съез лайық көрді. Өзге қазыларды əр облыс өзі сайлауға қалдырды.
12. Мақалалардың қандай болуы əр облыстың съез қаулысынша болсын деді.
13. Бұл мəселелер хақында съез қаулысын орындау облосной комитеттерге тапсырылды.
ІХ.Əйел мəселесі
1. Əйелдер саяси құқықта ерлермен тең болсын.
2. Күйеуге тию еркі əйелдің өзінде болсын.
3. Қалың мал жоғалсын.
4. 16-ға толмаған қызға құда түсу болмасын.
5. 16-ға толмаған қызға һəм 18-ге толмаған жігітке молда неке оқымасын.
6. Молда неке оқырда əйел мен еркекті қарама-қарсы қойып ризалықтарын біліп оқысын.
7. Тұл қатын сүйгеніне тисін, əмеңгерім деп зорлық қылу болмасын.
8. Екінші қатын аламын деген кісі бұрынғы қатынының ризалығымен алсын.
Егер бұрынғы қатыны риза болмай, кетемін десе, басқа байға тигенше бұрынғы байы оны бағып-қақсын.
9. Жеті атаға келмеген жерден қазақ қыз алмасын.
Х. Учредительное собрание сайлауына даярлану һəм қазақ облысынан сайланатын депутаттар
1) Съез əр облыстан сайланатын депутаттарды һəм олардың кандидаттарын лайықтады. Депутаттар тасқа түскенде спискеге жазылатын ретін де төменде көрсетті. Əр облыстан депутаттыққа һəм оларға кандидатқа лайықтанған адамдар ретімен мыналар:
Ақмола облысынан:
1) Айдархан Тұрлыбаев; 2) Асылбек Сейітов; 3) Ережеп Айтбаев; 4) Сейілбек Жанайдаров; 5) Жұмағали Тілеулин; 6) Рақымжан Дүйсенбаев; 7) Мағжан Жұмабаев; 8) Сұлтан-Махмұд Абылаев; 9) Садық Мешелбаев; 10) Салмақбай Күсемісов; 11) Хайыралдин Болғанбаев; 12) Сəдуақас Сейфуллин.
Семей облысынан:
1) Григорий Николаевич Потанин; 2) Əлихан Бөкейханов; 3) Əлімхан Ермеков; 4) Халел Ғаббасов; 5) Мұқыш Поштаев; 6) Яқұб Ақбаев; 7) Биахмет Сəрсенов; 8) Ахметжан Қозыбағаров.
Торғай облысынан:
1) Ахмет Байтұрсынов; 2) Міржақып Дулатов; 3) Ахмет Бірімжанов; 4) Есенғали Тұрмағамбетов; 5) Əлжан Оразов; Тел Жаманмұрынов; 7) Сейітəзім Кəдірбаев.
Орал облысынан:
1) Халел Досмұхамедов; 2) Жиһанше Досмұхамедов; 3) Нұрғали Бимағамбетов; 4) Сəлімгерей Қаратілеуов; 5) Ғабдолла Əлімбеков; 6) Ғабидолла Бердібаев; 7) Ғұмар Есенғұлов.
Жетісу облысынан:
1) Мұхамеджан Тынышбаев; 2) Ибраһим Жайнақов; 3) Ғабулкəрім Сыдықов; 4) Отыншы Əлжанов; 5) Базарбай Мəметов; 6) Мырзахан Төлебаев; 7) Түбек Есенғұлов; 8) Садық Аманжолов; 9) Дүр Сауранбаев; 10) Сатарқұл Жанқорашев; 11) Сүлеймен Келгенбаев.
Сырдария облысынан:
Мұстафа Шоқаев; 2) Санжар Аспандияров; 3) Əзімхан Кенесарин;
4) Садық Өтегенов; 5) Əлмұхамет Көтібаров; 6) Хұсаин Ибраһимов; 7) Дуалқарнин;
8) Сейдалин; 9) Ибраһим Қасымов; 10) Башабек Болатмұқанов; 11) Сегізбай Айзанов; 12) Аямберген Табынбаев; 13) Сұлтанбек Қожанов; 14) Ғабдолла Қожаев; 15) Ғұмар Жанғалинов.
Ферғана облысынан:
Қыңырқожа Хашеков; 2) Ғабдулрахман Оразаев; 3) Жəмшид
Кəрібеков; 4) Ерғұлай Ағабаев; 5) Серікбай Ақаев; 6) Вадим Шабкин; 7) Ташболатбек Нарботабеков; 8) Əлімхан Төре; 9) Нəзір Төреқұлов; 10) Шəймерден Қапсаламов;
Заһиралдин Мырзақасымов; 12) Шəкір Дибаев; 13) Оразбай Кішкембаев; Құлнəзір Қалыбаев; 15) Жəнібек Сағымбаев.
Самарқанд облысы:
1) Алдабек Мангилдин.
Амудария бөлімінен:
1) Мұстафа Шоқаев; 2) Ғабдулəсім Мəмбиев; 3 ) Ғайсы Қашқымбаев. Бөкейліктен:
Бақыткерей Құлманов; 2) Уəлидхан Танашев; 3) Батырқайыр Ниязов.
Ішкі орда (бөкейлік) һəм Амудария бөлімінен басқа қазақ облыстарында сайлау аздан аз, көптен көп ретінше болады. Бұл т
əртіп бойынша, дауыс көп болған списоктен учредительное собраниеге сайланатын депутаттар да көп болағандықтан съез қаулы қылды: Тас салуға хақы бар қазақтың еркек-əйелі бірі қалмастан депутатқа тас салу керек. Қазақтан көбірек депутат сайлап шығару үшін съез тағы да мынандай қаулы қылды: Бір облыста бір списоктен артық болмасын. Ол список осы жалпы қазақ съезі көрсеткен список болсын.
Сайлау алдында басқа саяси партиялармен келісу, одақтасу еркі əр облыстың өзінде.
ХІ. Шорай ислам
1) Бүкіл Россия мұсылмандардың қазақ өкілдері болуы тиіс. 2) Шорай ислам ағзалары түрлі мұсылмандардың əр қайсысынан санына қарай болсын. 3) Қазақ халқының уақытша Шорай исламға жіберетін өкілдерінің жалпы саны мұсылман съезі лайықтағанша болсын. 4) Шорай исламға қазақтан съез сайлаған кісілер: 1) Ақмоладан Айдархан Тұрлыбаев; 2) Семейден Əбікей Сəтбаев; 3) Торғайдан Əлжан Байтурин;
4) Оралдан Жиһанша Досмағамбетов; 5) Бөкейліктен Уалихан Танашев; 6) Жетісудан Базарбай Мəметов; 7) Сырдариадан Мұстафа Шоқаев; 8) Ферғанадан Ғабулрахман Оразаев.
5) Бұл аталғандардан Шорайға бара алмайтындар болса, олардың орынбасарын облосной комитет сайлайды.
6) Шорайға сайланған кісілердің расходын қазақ ұйымдары комитеттер көтереді. Мұнан басқа қазақ ұйымдары шораның іс басқаратын комитетіне пұл жəрдем беру керек.
7) Əр облыстың өкілдері Петроградқа қазірден бару керек һəм шорай ислам қызметіне кірісу керек.
8) Қазақ өкілдерінің жиылысы шораның іс басқаратын комитетіне қазақ ағзаларын өздері сайлайды.
9) Уақытша, басқа облыстардың өкілдері жиналғанша, шораның іс басқаратын комитетіне съез Жиһанша Досмағамбетовты һəм Уəлихан Танашевті лайықтады.
ХІІ. Қазақ саяси партиясы
Қазақ халқының өз алдына саяси партиясы болуды тиіс көріп, бұл партияның жобасын жасауды съез Шорай исламға сайланған қазақ өкілдеріне тапсырды. Партияның негізі демократическая федеративная парламентарная республикаға құрылмақ. Партия жобасын жасап болған соң өкілдер қазақ облосной комитеттерінің қарауына жібереді, онан кейін учредительное собраниеге жиналған қазақ депутаттары қарап бекітеді.
Қазақ саяси партиясының жобасы жасалғанша осы съездің қаулылары учредительное собраниеге баратын қазақ депутаттарына наказ – аманат болады.
ХІІІ. Жетісу оқиғалары
Съез соғыс һəм ішкі істер министрлеріне суыт телеграмм берді, Жетісудағы қазақ-қырғызды атып-жаншып жатқан мұжықтардың һəм соғыстан қайтқан солдаттың қолынан қару-жарағын сыпырып алып, халықты тыныштандырсаңыз екен. Қазақ-қырғыз орысқа жəбір бермесіне біз кепілміз деп.
Жетісу облысындағы ашаршылықтан қырылып жатқан қазақ-қырғызға алаш баласы жəрдем беруін съез өтінеді.
ХІV. Федералистер съезіне һəм оқу комиссиясына өкіл жіберу
1) Киевте август ішінде болатын федералистер съезіне Əлихан Бөкейханов, Жиһанша Досмағанбетов һəм Уəлихан Танашев барсын деп съез қаулы қылды. Бұл үшеуінің бара алмайтындары болса, орнына Шорай ислам ағзаларының арасынан біреуді жіберсін.
2) Петроградтағы оқу комиссиясына съез Спандияр Кенже баласын жіберуге қаулы қылды.