ФРИКС ЖӘНЕ ГЕЛЛА
Баяғы заманда, Беотиядағы117 Минийдiң Орхоменiн жел құдайы Эолдың баласы Афамант патша басқарыпты. Бұлт құдайы әйел Нефеладан оның екi баласы – Фрикс атты ұлы, Гелла деген қызы болған. Кейiннен Афамант Нефелаға опасыздық жасап. Кадмның қызы Иноға үйленедi. Ино күйеуiнiң бұрынғы әйелiнен қалған балаларын жек көредi, олардың көзiн жоюға тырысады. Ол орхомендiк бағбан әйелдердi үгiттеп, себуге арналған тұқымның бәрiн кептiрiп, қатырып тастайды. Көктемде егiстiк жердiң бәрiне кеуiп қалған тұқым себiледi. Осының салдарынан жылда ағыл-тегiл өнiм беретiн жерге түк шықпайды. Орхомендiктерге аштыққа ұшырау қаупi туады. Сасқан Афамант қасиеттi Дельфыға уәкiлдер жiберiп, жебе тәңiрiсi Аполлон әулиедеи егiн шықпай қалуының себебiн сұрауды ұйғарады. Жауыз Ино ол уәкiлдердi азғырып, өзiне қаратып алады да, олар Дельфыға барып келген соң Афамантқа Иноның айт дегенiн айтып бердi.
– Пифия сәуегейдiң берген жауабы мынадай болды, тақсыр, – дедi Иноға сатылған уәкiлдер шiрiкпестен, – Ұлыңыз Фрикстi құрбандыққа шалсаңыз ғана құдайлар жердiң нәрiн қайта бередi.
Орхоменге төнiп тұрған алапат апаттан елiн құтқару үшiн Афамант сүйiктi ұлын құрбандыққа шалмақ болады. Иноның қуанышы қойнына сыймай жүр: себебi Фрикстiң көзi жойылып, арам ойы жүзеге асатын болды. Құрбандық шалуға бәрi де әзiр едi. Жап-жас Фрикстiң тек абыздың пышағы астына түсуi ғана қалған! Кенет Гермес құдайдың сыйы – алтын жабағылы тоқты шыға келдi. Фрикстiң анасы Нефела баласын ажалдан құтқару үшiн арнайы жiберген екен. Фрикс қарындасы Гелланы алып алтын жабағылы тоқтыға мiндi де, терiстiкке қарай аспандатып ұша жөнелдi.
Түгi алтын тоқты зымырап ұшып келедi. Төменде бұлдырап далалар, ормандар қалып жатыр. Олардың ара-арасынан күмiстей жалтырап ирелеңдеген өзендер көрiнедi. Тоқты таулардың үстiмен зымырап келедi. Мiне, теңiз. Гелланың зәресi ұшып, бойын қорқыныш биледi. Әбден үрейi ұшқан Гелла өзiн-өзi ұстай алмай, теңiзге құлап түстi де, ол мәңгi тынбайтын тау толқындардың құшағында кете барды. Фрикстiң қарындасын құтқарар дәрменi болмады. Гелла теңiзде қаза тапты. Содан бастап қыз құлаған теңiз Гелеспонт118 Гела теңiзi деп аталады.
Алтын жабағылы тоқты Фрикстi алып ұша бердi, ұша бердi. Әлде бiр кезде қиыр Колхидадағы119 Фасис өзенiнiң жағасына келiп түстi. Бұл жердi Гелиос құдайдың ұлы сиқыршы Эет басқаратын. Эет Фрикстi тәрбиелеп ер жеткiздi де, жiгiт болған соң өзiнiң қызы Халкиопаға үйлендiрдi. Фрикстi құтқарып алып келген алтын жабағылы тоқты бұл сапар құдiреттi Зевстiң құбандығына шалынды. Тоқтының алтын түктi терiсiн Эет соғыс құдайы Арестiң қасиеттi тоғайына апарып жайып қойды. Оны күзетiп тұруды – үнемi көзi жұмылмайтын, аузынан жалын төгiп тұратын, сұсы жан түршiктiрерлiк айдаҺарға мiндеттедi.
Алтын жабағы туралы қауесет күллi Грекияға тарады. Мұны Фрикстiң әкесi Афаманттың ұрпақтары да бiлдi. Ұрпақтарының барлық құт-берекесi, аман-саулығы алтын жабағыға байланысты екенiн ұққан олар қайткенде де оны қолға қайта түсiруге қам жасай бастады.