Түркістан өлкесі
Біздің Арқа қазақтарының Бұхара, Ташкент, Самарқанд шаһарларын білмейтіні аз шығар. Осы шаһарлар маңайындағы өлкенің барлығын Түркістан өлкесі дейді. Бұл өлкеде қырық рудан жиылған түрлі халық бар. Көбі сарт пен қырғыз-қазақ. Одан кейін өзбек, орыс, армян, еврей һəм басқалар.
Түркістан өлкесі бұрынырақ заманда мазари (зиярати) дін, ғылыммен Россиядағы түрік балаларына атағын шығарған бір өлке еді. Бертінірек келген соң мұнда ғылым деп жалғыз дін ғылымы ғана танылғандықтан һəм халыққа да тұрмыс, хаят, мəдени пікірі кіре бастағаннан кейін шеттен ағылып келушілер тоқталып, Түркістан бұрынғы иғтибарынан айырылыңқырап, біраз ұйқыға кеткен еді. Міне, сол ұйқысымен Түркістан 5-6 жылғы қозғалыс дəуірін өткізді. Сарт қорқорын тартып, қобызын шалып, хаят мəдениеттен хабарсыз жүргенде құдайын мына өзгеріс таңына келтірді. Бірақ не істемек, халықты қалай басқармақ керек? Заман өзгеріс ісінікі. Іс көп, кісі аз; шана үлкен, шапан зор. Кешегі үміт етіп медіресеге оқуға берген текешіктер бүгін халықты қырық руға бөліп, «Байлар мен ғұламалар» партиясын ашты. Хаят, мəдени шариғат тұрмысқа жанаспайтын істер хақында түрлі дағуатнама (воззвание) таратып, жұрттың шырқын бұзды.
Қысқасы, осы күнде Түркістанда екі түрлі партия адамдарының істері хүкім сүреді. Бірі «Байлар мен ғұламалар» партиясы. Көпшілік осылар қолында. Екіншісі тарақишылар, «Шура ислам» партиясы. Бұлар азшылық бүктемеде келеді.
Хəтта Ташкенттің городской думасына мұсылмандардан кірген 74 гласныйлардың 64-і «Ғұламалардан» болды.
«Миға көнген дін азбас, милыға ерген ел азбас» дейді. Қоныстас отырып, сарттан тағлым алған Түркістан қазақтары да сарт ишандардың етегіне намаз оқып келеді.
«Үкілер күндіз соқыр, түнде көргіш,
Ишекең сыр мəнісін білмей ергіш.
Жол тапқан қараңғыда басшысына,
Ден қойып жарықта да жөн сілтегіш»
деп «Маса» айтқанындай, намаз оқытқан имамды жұрт саясат, тұрмыс ісіне де имам қылмақ болып жүр. Ташкентте болып өткен қазақ-қырғыз сиезінің һəм Орынборда болған жалпы қазақ сиезінің қаулысына риза болмаған қазақтардан Ташкент шаһарында бір партия шығып, «Тəрбие əл ислам» деген бір ұйым жамиғат ашты. Басында Серəлі Лапин мен Садық қожа тұрады. Бұлар халық арасына ардақты Бөкейхановты жамандап, бір воззвание таратты.
«Тəрбие əл исламның» тұтынған жолы: жалпы қазақ сиезіндегі билік ісіне наразылығын білдіру мен бұ күнгі қазақ зиялылары басы Əлихан мырза Бөкейханов болып Ислам дінін былай қойып, қазақ халқын орыстың жолына түсірейін деп жүр деген қара халық арасына пікір тарату; адасып жүрген халқын, тұрмыс тіршілігін дін, шариғат жолымен басқару. Ойға, ұлт намысына берілмеген халық қайдан білсін, лап ұрып осылардың соңында жүр. «Тəрбие əл исламның» 15-ші сентябрьде Ташкент шаһарында бір сиезі болмақ. Сиезге əр болыстан бірден өкіл шақырылды. Бұл сиезге басқа үйездің қалай қарары мағлұм емес. Ташкент үйезіне қараған болыстардан өкілдер болар.
Ойға, тұрмысқа қарап іске берілмеген, құр шариғат десе тұра қалатын қара халыққа сөз жоқ. Ал шариғатты жамылып, келін боп жүрген Серəлі Лапинның пікірі біраздан соң білінер. Неше жылдан бері аңсап сағынған ерік қолға тигенде де естиярлық көрсете алмай, партия шығарғандығымыз ұлт, дін, тұрмыс, саясат істерінде бала екендігімізді көрсетеді. Жұрттың дін десе тұра қалатыны жақсы-ақ. Бірақ діндегі қаяусыздықты кісіде де бар деп түсінеді. Қызметіне қарап кісісін алу бізде əлі жоқ. ТүркістанТашкент Ғұламалары думаға сайланып алған соң халық арасына жасырын агитаторлар шығарып, төте оқуға қарысты. Ташкентте 18-ші августе босқын қырғыздардың аяныш халдерін ескеріп, мұсылман солдаттары тарапынан жасалған демонстрацияны (қыр көрсетуді) таратып жібермек болып солдаттар шығартты. Санаққа қарсы халық арасына кісі шығарып, қағаздар таратты. 8-ші сентябрьде ашылған Түркістан федерациясы хақындағы Ташкенттегі сиезге қарсы халықты құтыртып, өкіл жіберткізбей 15-ші сентябрьде нағыз мұсылмандардың сиезі етіп өздері бір сиез ашпақ. Ташкенттегі «Тəрбие əл ислам» тарапынан ашылатын қазақ сиезі де осылармен бірге болмақ.
Тарих жолына қарағанда оқығаннан басшы болса, халық арасына ғылым, бірлік, ынтымақ таралуды күтпек керек еді. Халықты түрлі партияға бөлгеннен басқа Түркістан маңайындағы Ғұламалар тарапынан ашылған тəртіпті бір медіресе, не бір мектеп жоқ.
Енді əр істі өзінің кісісінен күтуге бізге бұл бір үлгі да!
Келдин