Түркістан ғұламаларының сиезі

Түркістан ғұламаларының сиезі
21 сентябрьге шейін Ташкентте Түркістанның қазақ, сарт ғұламаларының сиезі болып өтті. Сиезге Түркістан өлкесінен басқа Орал, Торғай облыстарынан да келген өкілдер болды. Келген өкілдердің екі жүзден аса болғандығы шамаланады. Сиезде Ғұламалардан басқа өзін ұлтшыл қылып көрсетуге тырысқан қазақ зиялылары да бар. Қысқасы, сиез программаға қойған мəселелерімен, түрлі таптан келген өкілдері ретінен жалпы бір ұлт сиезінің көрінісін берді.
Халық жиылып отырғаннан кейін өкілдерді сиез тəртібімен таныстыруға үндеп, председатель тарапынан қоңырау беріліп еді. Ғұламалар қоңыраудың шариғатта дұрыс еместігін айтқан соң, қоңырау орнына «Аллаһу акпар!» болсын десті. Мұның дауысы жетпеген соң, арабша «скатты» (тік отыр) айтуға қосты. Бұл да болмаған соң, қоңыраудың дұрыстығына … табылып, ақырында қоңырау қолданылды.
Қаралған мəселелер:
1. Дін ісі дүние ісінен ажырасын ба, жоқ па?
2. Билік мəселесі;
3. Əйелдер мəселесі;
4. Хүкімет идаресі;
5. Жер-су мəселесі; 6. Земство мəселесі.
Қаулылар:
1. Дін ісі, дүние ісі деп бөлінбей, шариғат қосқан жолмен болсын.
2. Би деген болмай, əр болыстан бір-бір қазы сайлансын һəм қазірден осы мəселені өмір жүзіне шығаруға тырысылсын. Оның үшін əр үйезден бір комиссия ашылып, барлығының үстінен қарарлық бір идархамие болсын.
3. Қазақ қатын-қыздары далалы жерде ғадет бойынша болсын. Шаһар, қышлақты жерлерде сарт рəсімінше қап кисін (Ғұламаларға ықылас білдіріп, бұл туралы бəзбір өкілдер: далалы жердің қатын-қыздарына да бетін жабатын бір шариғат табыңдар. Біздің де ғұрып-ғадет демей, шариғат құл болуымыз жөн деп еді, жөнін екінші рет қарауға қалды).
4. Қыздардың күйеуге шығуы шариғат көрсеткен жаспен болсын дегенді айтып, бұл туралы жалпы қазақ сиезінің қаулысына наразылық баян етілмекші болды.
5. Жер-су мəселесі шариғат бойынша шешілсін, яғни бұрынғы иесіне қайтарылсын (бұл орында базбір өкілдер: бұған мұжықтар көне ме, бұл қаулымен ондағы жерлер өзімізге қайтарылар ма, бəрінен бұрын мұжық шариғат дегенге түсіне ме деген сауалды берісті).
Енді сиездің тысқы көрінісіне келейін. Ғұламалар сиезі болады деп естілгеннен-ақ һəм сиезді ашудан мақсатта белгілі болғандықтан бұрын алды-артын ойлап, толғанып үйренбеген біздің қазақ халқына сиез үлкен бір дерт берді. Сиезде болсын, сиезден тысқары ел ішінде болсын «жəдид қадым» мəселесі күшейді. Мұғалім, учитель һəм басқа орысша оқығандарымызға жұрт «жəдид» көзімен қарады. Əсіресе, мұғалімдерді сықақ мысал қылатын болды. «Жəдид» деп печать басылған кісілерге сиезге кіруге, кіргендеріне бір пікір айтуға болмады. Сиездің ішіндегілер Ғұламаларды көріп: «құп, тақсыр, иə!» деп келін болып жүрді.
Бұл күнде Түркістанда амандықтан бұрын «жəдид қадым» мəселесі ауызға алынатын болды. Сиез Ғұламалар сиезі болғандықтан оқу мəселелері қойылуға керек еді, бұл болмады. Ықтимал земство мəселесінде сөйленер, бірақ тілшіңізге «қазақ ұжмаққа сығаласа, кірді ғой» деп сарт айтыпты-мыс дегендей сығалауға да орын болмай қалды.
Келдин

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *