Торғайда орысша оқу

Торғайда орысша оқу
Торғай уезіндегі школдар:
4 класты городской школ – 1
2 класты орысша-қазақша школ – 1
Ремесленный школ – 1
Бір класты қыздар школы – 1
Болосной школ – 3
Медресе қасында орысша класс – 1
Ауылнай школ – 31
Торғай уезінің халқы 13 болыс1. Қазақ, Һəм Торғайдың қаласы. Қала халқы қазақтың екі ауылнай елі шамасында. Бұл уездің жері егінге жарамсыздығын бұл күнге шейін мұжық аяқ басқан емес. Демек Торғай халқы тегіс қазақ. 914 жылғы есеп бойынша Торғай уезін 104 мың 312 адам бар. Бұлай болған орта есеппен бір болыс елге 3 школ яки 2 мың 700 адамға бір школ келген болады. 39 школда оқушы орта есеппен бір мыңға толмайды. Школдың көбі (31) ауылнай школ болғанға, мұнан шыққан балалар ілгері орындарға кіріп оқымай ауылда қалса, орысша оқығанға септігі жоқ, бірер жылдан соң үйренгенінен айырылады. Торғай уезінде орысша оқу жайы һəм халықты қанағаттандырарлық школ шамасы осыдан көрінсе керек.
Орысқа бағынғаннан бері Торғай қазағынан жоғары дəреже школ бітірген жалғыз-ақ жігіт. Бұл күнде Оренбургтағы орта дəрежелі школдарда оқушы 5-6 ғана Торғай балалары бар.
Торғай уезіндегі 39 школдың учительдерінің 25 шамалысы қазақ жігіттері. Торғай уезіндегі школдарды қараушы инспектор һəм қазақ, Əбдіғали мырза Балғымбайұғлы.
Қаладағы 3-4 школда дін мұғалімі – Мұхамедияр молла Балғымбайұғлы. Бұл кісі 20-30 жылдан бері қазақ балаларына дін сабағын үйретіп жақсы қызмет етіп тұр. Ал қырдағы болысной, ауылнай школдарда дін мұғалімі жоқ. Бұл бір ескеретін жұмыс. Бұл школдарда дін мұғаліміне қазына жарытып жаловние бермесе де, халық жағынан ретін келтіруге, ыждаһат етілсе, болмайтын іс емес. Бұл ыждаһатты инспектор Əбдіғали мырзадан күтуге болады. Екінші жоғарыда айттық, учительдердің көбі қазақ деп, солар өз бетінен ескеретін іс. 8-9-дағы қазақ баласын əкеліп орысшадан бастатқан соң, ол бала ауылнай, болысной школдарды бітіріп, мұсылманша оқымаған күйімен ілгергі школдарға кетсе, құр алақан қалған сол болады. Баяғыда біз ауылнай школда оқығанда да арнаулы дін мұғалімі жоқ болатын һəм ол кезде заман да қараңғылау еді. Сонда ешкім айтпай, бала иелері сұрамай, хақысыз-пұлсыз учителіміз Мұқан мырза Тоқтабайұғлы бізді бір мезгіл қазақша оқытып, жазу-сызу үйретіп жіберген еді. Ұстазымыз Мұқан ағайға Ғұмырымызша борыштымыз. Ал осы күні учительдер мұны істей ме, жоқ па? Істемесе, не үшін істемейді? Мұның жауабын өздері беруге тиіс. Бұлай ет деп оларға ешкім бұйыруға, міндет арқалауға хақы жоқ, өздері борыш деп білетін учитель болса, біздің де тілегіміз сол. Бірақ бұл тілек айдың жиырмасын ғана күткен учительге жүрмейді.
Мадияр

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *