ТЕСЕЙ

ТЕСЕЙ
Плутархтың «Тесей» өмірбаяны бойынша баяндалған.

ТЕСЕЙДIҢ ӨМIРГЕ КЕЛУI ЖӘНЕ ТӘРБИЕСI
Пандионның баласы Эгей iнiлерiмен бiрге өкiмет билiгiн өз қолдарына заңсыз алған туысқандары Метион балаларын Аттикадан қуып шыққаннан кейiн Афиныға үстемдiк еттi. Эгей ұзақ уақыт бақытты билiк құрды. Ол бiр нәрседен ғана уайым шектi: оның перзентi болмады. Ақыры, Дельфыдағы Аполлон әулиеге барып, одан өзiне құдайлардың неге бала бермей отырғанын сұрады. Әулие Эгейге екiұшты жауап бердi. Ол бұл жауаптың мәнiн ұқпақ болып көп ойланды, бiрақ таба алмады. ақыры Эгей Троисена109 қаласына, Арголиданың ақылгөй патшасы Питфейге барып, Аполлон жауабының құпиясын шештiрмек болды. Питфей жауап мәнiн бiрден ұқты. Ол Эгейден Афинының аса ұлы батыры болатын бала туатынын бiлдi. Питфей ұлы батырдың отаны болу құрметi Троисенаға тиюiн мақұл көрдi. Сондықтан да ол Эгейге өзiнiң қызы Эфраны қосты. Эфра көп ұзамай ұл тапты, бiрақ ол Эгейдiң емес, Посейдон құдайдың баласы едi. Жаңа туған сәбидi Тесей деп атады. Тесей туғаннан кейiн көп ұзамай Эгей патша Троисенаны тастап, Афиныға қайтуға тиiс болды. Кетерiнде семсерi мен сандалын алып, Троисена маңындағы тау жартасының астына жасырды да, Эфраға:
– Менiң балам Тесей мына жартасты қозғап, астындағы семсер мен сандалдарды алуға шамасы жеткен кезде Афиныға маған жiбер. Мен оны семсерi мен сандалынан танимын – дедi.
Тесей он алты жасқа дейiн нағашысы Питфейдiң үйiнде тәрбиелендi. Өзiнiң ақылгөйлiгiмен атағы шыққан Питфей жиенiнiң тәрбиесiне көп көңiл бөлiп, оның өз құрдастарынан әлдеқайда артық екенiн көргендө қатты қуанды. Мiне, ендi Тесей он алты жасқа толдыө осы кездiң өзiнде-ақ оған күш-қуат, ептiлiк, қару ұстай бiлу жағынан ешкiм де тең келмедi. Ұзын бойлы, сымбатты, жанарлы, күлiм көз, сақиналанып иығына дейiн түсiп тұратын мойылдай қою бұйра шашты Тесейге қараған жанның көзi тоймайтын. Өзiн Аполлонға бағыштағандықтан маңдай тұсында бұйра шашын қырқып қоятын. Батырдың бұлшық етi бұлтылдаған жап-жас тұлғасы оның керемет күш иесi екендiгiн танытты.

ТЕСЕЙДIҢ АФИНЫҒА БАРАР ЖОЛДАҒЫ ЕРЛIКТЕРI
Эфра баласының барлық құрдастарынан күш жағынан басым түсетiнiне көзi жеткен соң оны Эгейдiң семсерi мен сандалын бастырған жартасқа алып келiп:
– Балам, мына жартастың астында сенiң әкең, Афины билеушiсi Эгейдiң семсерi мен сандалы жатыр. Жартасты жылжытып, семсер мен сандалды ал, әкең сенi осы заттар арқылы танитын болады, – дедi.
Тесей жартасты итерiп, оп-оңай орнынан жылжытып қойды. Семсер мен сандалды алды да, анасымен, нағашысымен қоштасып алыс сапарға, Афиныға аттанды. Тесей анасы мен нағашысының мейлiнше қауiпсiз теңiз жолымен бар деген ақылын тыңдамай Афиныға құрылық жолымен, Истм арқылы бармақ болды.
Жол тым қиын болды. Бұл сапарында Тесейдiң көптеген қауiптi бастан кешiп, көптеген ерлiктер жасауына тура келдi. Троисена мен Эпидавр110 шекарасында-ақ Тесей батыр Гефест құдайдың баласы Перифет алыпқа кездестi. Гефест құдайдың өзi сияқты Перифеттiң аяғы ақсақ-ты, бiрақ оның қолдары қарулы, денесi зор болатын. Перифет қаҺарлы едi, ол тұратын таудан бiрде-бiр жолаушы өткен емес. Алып олардың барлығын да темiр күрзiсiмен ұрып өлтiретiнө бiрақ Тесей Перифеттi опоңай жеңдi. Бұл Тесейдiң алғашқы жеңiсi болатын, жеңiс белгiсi ретiнде ол өзi өлтiрген Перифеттiң темiр күрзiсiн алды.
Тесей Истмде Посейдонға бағышталған қарағайлы тоғайда ағаштарды июшi Синидке кездестi. Ол тым мейiрiмсiз қарақшы болатын. Барлық жолаушыларды қинап өлтiретiн. Синид екi қарағайдың басын иiп түйiстiретiн де, сорлы жолаушыны қарағайларға қолы мен аяқтарынан байлап қоя беретiн. Керемет күшпен қайта түзелген қарағайлар бақытсыз сорлының денесiн қақ айыратын.
Тесей Синид өлтiрген адамдардың барлығы үшiн өшiн алды. Ол қарақшыны тас қып байлап, құдiреттi қолдарымен алып екi қарағайды иiп әкелдi де, оларға Синидтi матап, қарағайларды қоя бердi. Мейiрiмсiз қарақшы өзi түк кiнәсы жоқ жолаушыларды өлтiрген әдiсiмен мерт болды. Сөйтiп Истм арқылы өтетiн жол осылай ашылды. Кейiнiрек өзiнiң жеңiсi құрметiне Тесей Синидтi жеңген жерде Истм ойындарын111 белгiледi.
Тесейдiң бұдан кейiнгi жолы Кромион112 арқылы өтетiн. Бұл жердi Тифон мен Ехидна туған алып жабайы шошқа жайлаған-ды. Кромион тұрғындары жас батырдан өздерiн осы бiр сұрапыл күштен құтқаруды өтiндi. Тесей шошқаны тауып алып, семсерiмен жарып өлтiрдi.
Тесей iлгерi жүрiп кеттi. Мегара113 шекарасының құзар жартастары көкке шаншыла асқақтап, етегiнде бұрқанған теңiз толқындары үрей шаша шулаған тұсында Тесей жаңа қауiпке тап болды. Жартастың ұшар басында қарақшы Скирон тұратын. Ол жанынан өткендердiң барлығына зорлап аяғын жудыратын. Жолаушы Скиронның аяғын жумақ болып еңкейе бергенде мейiрiмсiз қарақшы аямай теуiп, байғұсты жартастан буырқанған теңiз толқынына құлататын. Құлаған адам судан сорайып шығып тұрған үшкiр тастарға шаншылып өлетiн де, оның денесiн құбыжық тасбақа жейтiн. Скирон Тесейдi де жартастан итерiп жiбермек болды, бiрақ жас батыр қарақшыны аяғынан ұстап алып, жартастан төмен қарай лақтырып жiбердi.
Элевсин маңында Тесейдiң, Антеймен шайқасқан Геракл сияқты, Керкионмен айқасуына тура келдi. Аса қуатты Керкион көптеген адамның түбiне жеткен. Тесей болса, Керкионды екi қолымен айқара құшақтап алып, бейне бiр темiр құрсауға түскендей сығып жiбердi. Сөйтiп, Керкионның қызы Алопаны босатты. Тесей Керкион елiнiң билiгiн Алопа мен Посейдонның ұлы Гиппотоснтқа алып бердi. Элевсиннен асқаннан кейiн Тесей Аттикадағы Кефис өзенiнiң аңғарына таянған тұста әдетте Прокруст (созушы) атанған қарақшы Дамастқа келдi. Бұл қарақшы өзiне келгендердiң бәрiн мейлiнше азаптап өлтiрудiң әдiсiн ойлап тапқан. Прокрусттың арнаулы төсегi болды да, ол қолына түскендердi соған жатуға мәжбүр еттi. Төсек жолаушыға тым ұзын болса, Прокруст байғұс құрбандықтың аяқтарын төсектiң басына жеткенше созатын. Егер төсек қысқа болса онда Прокруст жолаушының аяқтарын кесiп тастайтын. Тесей Прокрусттың өзiн төсекке алып соқты, ал мұндай дәу үшiн төсек тым қысқа болды да, Тесей оны шауып өлтiрдi.
Бұл Тесейдiң Афиныға барар жолдағы ең соңғы ерлiгi едi. Тесейдiң Афиныға Синидтiң, Скиронның, Прокрусттың және басқаларының қанын арқалап кiргiсi келмедi. Фиталидтерден114 ерекше дiни ғұрыптармен өзiн Зевс-Мәлихий115 михрабы алдында тазартуды өтiндi. Фиталидтер жас батырды құрметтi қонақ ретiнде қуана қарсы алды. Олар батырдың өтiнiшiн орындап, оны төккен қан күнәсынан тазартты. Тесей ендi Афиныға, әкесi Эгейге бет алды.

ТЕСЕЙ АФИНЫДА
Ұзын Ион киiмiн киген келбеттi Тесей жарқылдап Афины көшесiнде келедi, қалың бұйра шашы иығына түседi. Ұзын киiмдi жас батыр осыншалықты ұлы ерлiктер жасаған қаҺарманнан гөрi қызға көбiрек ұқсайтын едi. Тесей жұмысшылар төбесiн жаба бастаған Аполлон ордасы жанынан өтiп бара жатты. Оған көзi түскен жұмысшылар қыз екен деп қабылдап, мазақтай бастады.
Олар күлiп:
– Ана қараңдар, жанында ешкiмi жоқ, қаланы кезiп жүрген қызды қараңдар! Қарасаңдаршы, шашын әдейi жайып жiберiптi, ұзын киiмiмен көше шаңын сыпырып барады, – деп айқайлады.
Жұмысшылар қалжыңына ыза болған Тесей өгiз жеккен арбаның жанына жүгiрiп жетiп келдi де, өгiздердi доғарып тастап, арбаны аспанға атты, тiптi орда төбесiнде тұрған жұмысшылардың басынан да асырып жiбердi. Бұл қыз емес, сұмдық әлеуеттi жас батыр екенiн көргенде ғана Тесейдi мазақ еткен жұмысшылардың зәресi ұшты. Олар батыр ендi қылжақ еткендерi үшiн өздерiн қатал жазалайды деп күткен, бiрақ Тесей жайбарақат iлгерi жүрiп кеттi.
Тесей ақыры Эгей сарайына келдi. Ол қартайған әкесiне өзiнiң кiм екенiн бiрден айтқан жоқ, қорған iздеп жүрген жатжерлiкпiн дедi. Эгей баласын танымай қалды, бiрақ мұның есесiне оны патшаның сиқыршысы Медея бiлiп қойды. Коринфтен Афиныға қашып келгеннен кейiн ол Эгейге әйел болған. Айлакер Медея Эгейге сиқыр күшiмен жастық кейпiңе қайта келтiремiн деп уәде берiп, Афины патшасының үйiнде билiктi өз қолына алған. Эгей оған барлық жағынан тәуелдi едi. Егер Эгей өз сарайында қабылдап отырған мына көрiктi жатжерлiктiң кiм екенiн бiлсе, өзiне қандай қауiп төнетiнiн мансапқор Медея бiрден түсiнген. Сондықтан қолындағы билiктен айырылып қалмау үшiн батырды өлтiрмек болды. Ол кәрi патшаны мына жас жiгiт дұшпандар жiберген тыңшы деп сендiрiп, Тесейдi улап өлтiруге көндiрдi. Әбден қартайған, әлсiз Эгей әлде бiреулер қолындағы билiктi тартып алады деп қауiптенiп, бұл қаскүнемдiкке келiсiм бердi.
Қонақасы кезiнде Медея Тесейдiң алдына уланған шарап құйылған құмыра қойды. Тап осы сәтте Тесей семсерiн суырып алды. Эгей осыдан он алты жыл бұрын Троисена маңындағы жартастың астына жасырған семсердi бiрден таныды. Тесейдiң аяғына қарап едi, өзiнiң сандалын көрдi. Ендi ол жат жерлiктiң кiм екенiн ұқты. Эгей уланған шарап құйылған құмыраны лақтырып жiберiп, туған баласы Тесейдi құшақтай алды. Медея Афиныдан қуылып, баласы Медонмен бiрге Мидияға қашты.
Эгей ұлының келгенiн бүкiл Афины халқына салтанатты түрде жариялап, оның Троисенадан Афиныға келер жолдағы ерлiктерi туралы әңгiме шерттi. Афинылықтар Эгеймен бiрге шаттыққа кенелiп, өздерiнiң болашақ патшасына бар дауысымен қошемет көрсеттi.
Афиныға Эгейдiң ұлы келiптi деген хабар оның iнiсi Палланттың балаларына да жеттi. Тесейдiң келуiне байланысты олардың Эгей өлгеннен кейiн Афиныны билеймiз деген үмiттерi тас-талқан болған едi: өйткенi ендi оның заңды мұрагерi бар. Қатыгез Паллантидтер билiктен айырылып қалғылары келмедi. Олар Афиныны күшпен басып алмақ болды. Барлық он бес Паллантид әкесiн басшы етiп, Афиныға қарсы аттанды. Тесейдiң күшiн бiлетiн олар мынадай қулық ойлап тапты: Паллантидтердiң бiр тобы Афины бекiнiстерiне ашық келдi де, екiншi тобы Эгейге тұтқиылдан шабуыл жасау үшiн тосқауылда қалды. Бiрақ Паллантидтер жаушысы Леос олардың бұл жоспарын Тесейге айтып қойды. Жас батыр қалай қимыл жасау керектiгiн тез шештi: ол тосқауылда жасырынған Паллантидтерге шабуыл жасап, түп-түгел қырып салдыө оларды күштiлiк те, өжеттiлiк те құтқара алмады. Афины бекiнiстерiн қоршап тұрған Паллантидтер өз бауырларының ажалын естiгенде зәрелерi ұшып, масқара абыройсыздықпен бет-бетiне қашты.
Ендi Эгей Афиныда баласының қанатының астында жайбарақат билiк құруға мүмкiндiк алды.
Тесей Афиныда қалмады. Ол Марафон төңiрегiн қырғынға ұшыратып жүрген жабайы бұқадан Аттиканы азат етпек болды. Бұл бұқаны Эврисфейдiң бұйрығы бойынша Криттен Микеныға Геракл алып келiп, осында босатып қоя берген. Бұқа Аттикаға келген уақыттан бастап барлық жер өңдеушiлердiң ғаламат жауына айналған. Жаужүрек Тесей осы жаңа ерлiкке аттанды. Марафонда ол кемпiр Гекаламен кездестi. Батырды ол қадiрлi қонағындай қарсы алды, сұрапыл бұқамен қауiптi айқас кезiнде Зевс өзiн жебеуi үшiн құтқарушы – Зевске құрбандық шалуға кеңес бердi. Тесей Гекаланың кеңесiн мақұл көрдi. Көп ұзамай бұқаны тауып алды: бұқа батырға тұра ұмтылғанда, ол мүйiзiнен ұстай алды. Бұқа олай жұлқынып, бұлай жұлқынып Тесейдiң қуатты қолынан босана алмады. Тесей бұқаның басын жерге тұқыртып, тас қып байлады да, бас үйретiп, Афиныға алып келдi. Қайтар жолында кәрi Гекаланың қайтыс болғанын бiлдi. Ол өзiне жуықта ғана меймандостық көрсетiп, кеңес берген Гекаланың әруағына аса зор сый-сияпат жасады, Тесей бұқаны Афиныға әкелген соң Аполлон құдайға құрбандыққа шалды.

ТЕСЕЙДIҢ КРИТКЕ САЯХАТЫ
Тесей Афиныға келген кезде бүкiл Аттика үлкен уайым құшағында едi. Криттен алым-салық талап етiп, құдiреттi Минос патшаның елшiлерi келген. Бұл салық ауыр, әрi барып тұрған масқарашылық болатын. Афинылықтар әрбiр тоғыз жыл сайын Критке жетi жiгiт пен жетi қыз жiберiп тұруға тиiстi едi. Алып барған соң оларды аса зор Лабиринт сарайына қамап, денесi адам, басы бұқа ғаламат құбыжық Минотаврға жемге беретiн. Минос бұл салықты баласы Андрогейдi афинылықтар өлтiргенi үшiн салған. Бұл сұмдың салықты афинылықтар Критке үш рет жiберген. Олар Минотаврдың жас құрбандықтарының қасiрет белгiсi ретiнде қара желкендi кеме де әзiрлеп қойған.
Көпшiлiк қайғысын көрген Тесей Афинының қызжiгiттерiмен бiрге Критке барып, оларды босатып, осы бiр сұмдық салықты құртпақ болды. Тесей Минотаврмен шайқасқа шығып, не оны өлтiрiп, не өзi өлуге бел байлады. Қарт Эгей өзiнiң жан дегенде жалғыз баласын бұл сапарға жiбергiсi келмедi, бiрақ Тесей алған бетiнен қайтпады. Ол теңiз саяхатының жебеушiсi Аполлон-Дельфинияға құрбандық шалды, ал оған бұл ерлiгiнде өзiне махаббаттың әйел құдайы Афродитаны жебеушi етiп таңдап алуы үшiн тап аттанар алдында Дельфыдан абыз жiберiлдi. Афродитадан көмек сұрап, оған құрбандық шалған Тесей Критке аттанды.
Кеме аман-есен Крит аралына жеттi. Афины жiгiттерi мен қыздарын Миносқа алып барды. Криттiң құдiреттi патшасының назары бiрден көрiктi жас жiгiтке ауды. Оны патша қызы Ариадна да байқап қалды, ал Тесейдiң жебеушiсi Афродита Ариаднаның жүрегiнде Эгей баласына деген махаббат отын тұтатты. Минос қызы Тесейге көмектеспек болды: ол жас батырды Лабиринтте Минотавр азаптап өлтiредi-ау дегендi ойға алудан-ақ үрейлендi.
Тесейдiң Минотаврмен айқасқа шықпай тұрып, тағы бiр ерлiк жасауына тура келдi. Минос афинылық қыздардың бiрiне тiл тигiздi. Тесей оған ара түстi, ал өзiнiң шыққан тегiн мақтан тұтатын тәкаппар Крит патшасы Тесейдi де қорлай бастады: ол қайдағы бiр афинылықтың өзiне, Зевс баласы өзiне қарсы шыққанына бұлқанталқан ашуланды.
– Сен өзiңнiң Зевстен шыққаныңды мақтан тұтсаң, мен де қарапайым пенденiң баласы емеспiн, менiң әкем – ұлы жер сiлкiндiрушi, теңiз құдайы Посейдон, – деп батыл жауап бердi патшаға Тесей.
– Егер сен Посейдон құдайдың баласы болсаң, онда дәлелде оныңды, теңiз тұңғиығынан мына сақинаны алып шық, – деп Тесейге жауап қатты да, Минос алтын сақинасын теңiзге лақтырып жiбердi.
Тесей әкесi Посейдонның әруағына сыйынып, қия жартастан буырқанған теңiз толқынына қаймықпай қойып кеттi. Тұзды су бұрқ етiп аспанға атылып, Тесей толқынға сүңгiп жоқ болды. Жағада тұрғандар батырды жұтып қойған теңiзге зәре-құты қалмай қарап қалыпты, бәрi де оның ендi оралмайтынына кәмiл сенiп тұр. Қатты қамығып Ариадна тұр, ол да Тесей өлген болар деп ойлады.
Ал төбесiнде теңiз толқындары қайта қосылысымен Тритон құдай Тесейдi қағып алды да, жүйткiп Посейдонның суасты сарайына алып барды. Посейдон өзiнiң суасты сарайында баласын қуана қарсы алып, Миностың сақинасын бердi. Ал батырдың көркi мен батылдығына риза болған Посейдонның әйелi Амфитрита Тесейдiң бұйра шашына алтыннан гүлдесте кигiздi. Тритон Тесейдi тағы да көтерiп алып, теңiз тұңғиығынан жағалауға, батыр өзi теңiзге секiрген тұсқа әкелiп тастады. Тесейдiң теңiз тұңғиығынан аман-есен оралғанын көрген Миностың Ариаднасы жайнап сала бердi.
Бiрақ Тесейдiң алда Минотаврмен қауiптi айқасы тұр едi. Батырға Ариадна көмектестi. Ол Тесейге әкесiнен жасырып өткiр семсер, бiр орам жiп бердi. Тесей мен жемге берiлуге тиiстi барлық жастарды Лабиринтке алып барған соң Тесей кiре берiс есiктiң тұтқасына жiптiң бiр ұшын байлады да, Лабиринттiң кiсi қайтып шығар жолды таба алмайтын шексiз неше түрлi бас айналдырар неше түрлi жолдарымен iлгерi жылжыдыө қайтар жолды жiп бойымен табу үшiн, ақырындап тарқатып отырды. Тесей бiрте-бiрте iлгерi жылжып ақыры Минотавр тұрған жерге жеттi. Минотавр керемет зор үшкiр мүйiздi басын төмен тұқыртып, айбаттана өкiрiп, жас батырға бас салды, арада ғаламат айқас басталды. Әбден зығырданы қайнаған Минотавр бiрнеше рет Тесейге қарсы шапты, бiрақ ол семсерiмен оның бәрiне тойтарыс бердi. Тесей ақыры Минотаврды мүйiзiнен ұстап алды да, өткiр семсерiн алқымына бойлата сұғып жiбердi. Тесей Минотаврды өлтiрген соң ораулы жiп бойымен барлық афинылық қыздар мен жiгiттердi Лабиринттен аман алып шықты. Оларды есiк алдында Ариадна қарсы алдыө ол Тесейдi қуана құттықтады. Тесей құтқарған жiгiттер мен қыздардың қуанышында шек жоқ едi. Райхан гүлдерiне бөленген жастар батыр мен оның жебеушiсi Афродитаны мадақтап, даңқын аспандатып, көңiлдi әнге басты.
Ендi Минос қаҺарынан құтылудың да жолын ойластыру қажет болды. Тесей кемесiн жабдықтап, криттiктердiң жағаға шығарылған барлық кемелерiнiң түбiн тестi де, асығыс Афиныға сапар шектi. Тесейдi шын сүйген Ариадна онымен бiрге кеттi.
Тесей қайтар сапарында Наксос жағасына шықты. Саяхатшылар дем алып жатқан кезде Тесейдiң түсiне шарап құдайы Дионис кiрiп, құдайлар Ариаднаны Дионис құдайдың әйелi болуға жазғандықтан, оны Наксостың шөлейт жағасына тастап кету керектiгiн аян еттi. Түсiнен шошып оянған Тесей көкiрегi шерге толып, асығыс жолға әзiрлендi. Ол құдайлар еркiне қарсы тұра алмады. Ариадна ұлы Диониске тиiп, әйел тәңiрi болды. Дионистiң жолдастары Ариаднаны дабыл қағып құттықтап, жырға қосты, мадақтады.
Ал Тесейдiң қара желкендi кемесi көк теңiздiң төсiн тiлiп бара жатты. Мiне, алыстан Аттика жағасы да көрiндi. Ариаднадан айырылып қапаланған Тесей егер өзi Минотаврды жеңiп, Афиныға бақытты оралатын болса, қара желкендi ақ желкенмен ауыстыру туралы Эгейге берген уәдесiн ұмытып кеттi. Эгей баласын сағына күткен. Көк теңiздiң түкпiрiне көзiн сүзiп ол жағалаудағы биiк жартастың басында тұрды. Мiне, көз ұшынан кiшкене қара нүкте де көрiндi, ол барған сайын үлкейiп, жағаға жақындай түстi. Бұл – ұлының кемесi. Ол жақындап қалды. Эгей баласының желкенiне қарамақ болып үңiле түседi. Иә, күнге шағылыса жарқыраған ақ желкен көрiнбейдi, желкендер – қара. Сонда Тесейдiң өлгенi ғой! – деп көкiрегiн қасiрет кернеген Эгей биiк жартастан теңiзге құлап, мерт болды. Толқын оның жансыз денесiн жағаға шығарып тастады. Осы уақыттан бастап Эгей өлген теңiз Эгей теңiзi деп аталды. Ал Аттика жағалауына тоқтап, құдайларға алғыс ретiнде құрбандық шалған Тесей кенет өзiнiң байқаусызда әкесiнiң ажалына себеп болғанын бiлдi. Арылмас уайымға шомған Тесей әкесiн ақ жуып, арулап қойды, ал жерлеу рәсiмiн атқарған соң бүкiл Афины билiгiн өз қолына алды.

ТЕСЕЙ МЕН АМАЗОНКАЛАР
Тесей Афиныны асқан кемеңгерлiкпен биледi, бiрақ ол тыныш өмiр сүре алмады. Грекия батырларының ерлiктерiне қатысу үшiн Тесейдiң Афиныдан жиi-жиi аттануына тура келдi. Ол Калидонда аңға шықты, алтын жабағы үшiн аргонавтар жорығына және Гераклдiң амазонкаларға қарсы жорығына қатысты. Амазонкалар қаласы Фемискираны алғанда Тесей ержүректiгiнiң сыйлығы ретiнде амазонкалардың патша ханымы Антиопаны Афиныға алып келдi. Афиныға келген соң Антиопа Тесейге жар болды. Батыр өзiнiң амазонкалар ханымымен некелесу тойын барлық сән-салтанатымен өткiздi.
Амазонкалар қалаларын қиратқан гректерден өш алып, өз ойларынша, Тесейдiң қатал тұтқынында отырған патшайымын құтқармақ болды. Олардың қалың әскерi Аттикаға лап қойды. Қала қабырғалары сыртындағы жауынгерлер амазонкалардың тегеуiрiнiне шыдай алмаған соң, афинылықтардың бас сауғалауына тура келдi. Амазоккалар тiптi қалаға басып кiрiп, тұрғындарды тасқамал-акропольге тығылуға мәжбүр еттi. Олар ареопаг төбесiне лагерьлерiн құрып, афинылықтарды қоршауда ұстады. Афинылықтар қаҺарлы жауынгерлердi қумақ болып, неше дүркiн шабуылға шығып та көрдi. Ақыры шешушi майдан басталды.
Антиопа Тесеймен қатар жүрiп, өзi жуырда ғана билiк жүргiзген амазонкаларға қарсы шайқасты. Антиопа өзi жанындай сүйген батыр-күйеуiн тастап кеткiсi келмедi. Бұл қырғында оны ажал тосып тұр едi. Амазонкалардың бiрi лақтырған найза ауада жарқ еттi де, өткiр ұшы Антиопаның кеудесiне барып қадалды, ол табан астында жан тапсырып, ерiнiң аяғы астына құлап түстi. Екi жақтың әскерi де найза қадалған Антиопаға үрейлене қарап қалды. Тесей iшi алау-жалау болып әйелiн аймалады. Қанды майдан тоқтатылды. Амазонкалар Аттиканы тастап, алыстағы отанына оралды. Мезгiлсiз қаза тапқан Антиопа аруды Афины ұзақ уақыт аза тұтты.

ТЕСЕЙ МЕН ПЕЙРИФОЙ
Фессалияда жауынгер лапифтер116 тайпасы өмiр сүрдi, олардың көсемi құдiреттi Пейрифой батыр едi. Жеңiлу дегендi бiлмейтiн Тесейдiң ғаламат жүректiлiгi туралы естiген ол күш сынасып көрмек болған. Пейрифой оны ұрысқа шақыру үшiн Марафонға барып, Тесейдiң шөбi шүйгiн жайылымға жiберiлген бiр табын бұқасын ұрлап әкеттi. Тесей бұл хабарды естiсiмен дереу ұрының соңына түсiп, оны лезде қуып жеттi. Жарқыратып қару-жарақтарын асынған Тесей мен Пейрифой бейне бiр мәңгi өлмейтiн қаҺарлы құдайларға ұқсап, бiрiне-бiрi қасқая қарап тұрды. Екеуi де бiр-бiрiнiң алыптығына таң қалды, екеуiнiң де жүректiлiгiнде мiн жоқ едi, екеуi де қарулы, екеуi де сондай сымбатты. Екеуi де бiр мезгiлде қолдарындағы қаруларын тастап, бiр-бiрiне қол ұсынды, бiр-бiрiмен ажырамас өзара достық одақ құрып, соның құрметiне қаруларын ауыстырды. Сөйтiп Тесей мен Пейрифой дос болды.
Осыдан көп кешiкпей Тесей досы Пейрифойдың Гипподамияға үйлену тойына Фессалияға аттанды. Той салтанатында есеп жоқ едi. Оған Грекияның түкпiртүкпiрiнен толып жатқан даңқты батырлар келдi. Үйлену тойына жартылай адам, жартылай ат, жабайы кентаврлар да шақырылды. Бүкiл патша сарайы той дастарқанына жиналған қонақтарға толды, үйлену тойына келгендердiң бәрiн отырғызуға сарайда орын болмағандықтан қонақтардың бiр бөлiгi үлкен салқын үңгiрде той думанына кiрiстi. Рақаттана шылым тартылды, үйлену жыры мен әнi шырқалды, тойшылардың көңiлдi дабырашуы шалқып шалғайға тарап жатты. Барша қонақтар аспандағы жұлдыздарға ұқсас күйеу жiгiт пен қалыңдықты мадақтады. Қонақтар той қызығына батты. Шарап су болып ақты. Думан үдей түстi.
Кенет шарап басын айналдырған ең қуатты, жабайы кентавр Эврит қалыңдыққа бас салды, қуатты қолдарымен құшағына тартып, алып қашпақ болды. Мұны көрген басқа кентаврлар да әйелдерге тап-тап бердi. Әрқайсысы бiр-бiр әйелдi қолға түсiрмек болды. Той дастарқанынан көтерiлiп, Тесей, Пейрифой және басқа грек батырлары әйелдердi қорғауға ұмтылды. Той қызығы тыйылып, кескiлескен ұрыс басталды. Бұл айқаста қолға не түссе сол қару болды: ауыр құмыралар, шарап құятын үлкен ыдыстар, сынған үстел сирақтары, әлгiнде ғана рақаттана шылым шегiп отырған үш табанды тұғырлар да. Батырлар жабайы кентаврларды бiрте-бiрте той бөлмесiнен ығыстыра бастады, айқас залдың сыртында да тоқтаған жоқ.
Грек батырлары ендi қолдарына қару алып, қалқан бүркенiп айқасты. Кентаврлар ағаштарды түбiрiмен жұлып алып, батырларды теңкиген жартастармен атқылады. Тесей, Пейрифой, Пелей мен Пелейдiң баласы Нестор алдыңғы сапта айқасып жүр. Олардың айналасында кентаврлар денесiнен үйiлген қанды төбешiк биiктей түстi. Кентаврлар бiрiнен соң бiрi опат боп жатыр. Ақыры, олар жүректерi шайлығып, қаша бастады, алды биiктегi Пелион ормандарына тығылды. Грекия батырлары жабайы кентаврларды тас-талқан етiп талқандады, осы бiр сұрапыл шайқаста олардың бiрлi-жарымы ғана қашып құтылды.

ЕЛЕНАНЫ ҰРЛАУ, ТЕСЕЙ МЕН ПЕЙРИФОЙДЫҢ ПЕРСЕФОНАНЫ ҰРЛАМАҚ БОЛУЫ. ТЕСЕЙДIҢ АЖАЛЫ
Пейрифойдың асқан сұлу әйелi Гипподамияның өмiрi ұзақ болмады: ол нағыз гүл жайнап тұрған шағында қайтыс болды. Жесiр қалған Пейрифой зайыбын бiраз уақыт аза тұтқаннан кейiн тағы да үйленбек болды. Ол Афиныдағы досы Тесейге барып, сол жерде екеуi Елена аруды ұрлап алып қашуға келiстi. Қыз әзiрше тым жас едi, бiрақ оның сұлулық даңқы Грекиядан шалғай жерлерге де жайылып кеткен-дi. Достар құпия түрде Лаконияға келiп, қыз Артемида мерекесi кезiнде, құрбыларымен билеп жүргенде алып қашты. Тесей мен Пейрифой Еленаны ұстап алып, жедел Аркадия тауларына апарды да, сол жерден Коринф пен Истм арқылы Аттикаға, Афиныға кеттi. Қыз ұрлаушылардың соңына түскен спарталықтар оларға жете алмай қалды. Еленаны Афиныға жасырған достар осынау ғажайып арудың кiмге тиюi керектiгiн анықтау үшiн жеребе тастады. Жеребе Тесейге түстi. Бiрақ достар о баста жiбек бұрымды Елена сұлу қайсысына тисе, сол екiншiсiне де жар табуға көмектесуi шарт деп, бiр-бiрiне ант берген. Пейрифой Тесейден өзiне шейiттер патшалырының билеушiсi Аидтың әйелi Персефонаны қолға түсiруге көмектесуiн талап еттi. Тесейдiң зәресi ұшты, бiрақ ол не iстей алсын? Берген антын бұзуына тура келдi. Афины маңындағы Колон мекенiнiң түбiнде достар қара күңгiрт саңылау арқылы жерасты патшалығына түстi. Мұнда үрей патшалығында, екi дос Аидтың алдына келiп, Персефонаны беруiн талап еттi. Өлiктер патшалығының қатыгез билеушiсi қатты шамданды, бiрақ ашуын жасырып, батырларға шейiттер патшалығына кiре берiстегi жартаста қашалған таққа отыруларын сұрады. Қос батырдың таққа отыруы мұң екен, оған жабысты да қалды, бұлт етiп қозғалар халдерi жоқ. Орынсыз арсыз-талабы үшiн оларды Аид осылай жазалады.
Тесей Аид патшалығында отырған кезде Елена сұлудың ағалары Кастор мен Полидевк жанұшырып қарындасын iздедi. Ақыры, олар Еленаны Тесейдiң қайда жасырып қойғанын бiлдi. Олар сол заматта Афиныны қоршады, берiк қамал шыдап тұра алмады. Кастор мен Полидевк қамалды алып, қарындасын босатты да, онымен бiрге Тесейдiң анасы Эфраны тұтқын етiп ала кеттi. Кастор мен Полидевк Афины мен бүкiл Аттика билiгiн Тесейдiң ежелгi дұшпаны Менесфейге бердi. Тесей Аид патшалығында ұзақ уақыт болды. Ол басынан небiр сұмдық ауыртпалықты өткердi, ақыры оны батырлардың батыры Геракл босатты.
Тесей жарық дүниеге қайта оралды, бiрақ бұл оралудан ол қуаныш тапқан жоқ. Мызғымайтын Афины қиратылған, Елена босатылған, анасы Спартада қапас тұтқында, Тесейдiң балалары Демофон мен Акамант Афиныдан қашуға мәжбүр болған, ал бүтiн билiк жексұрын Менесфейдiң қолына көшкен. Тесей Аттиканы тастап, өз иелiгi орналасқан Эвбея аралына кеттi. Тесей мұнда да бақытсыздыққа тап болды. Скирос патшасы Ликомед Тесейге оның иелiгiн бергiсi келмедiө ұлық батырды алдап биiк жартастың басына ертiп шығарды да, теңiзге итерiп жiбердi. Аттиканың әйдiк батыры опасыздың қолынан осылайша қаза тапты. Тесейдiң балалары көп жылдар өтiп, Менесфей өлген соң ғана Троя түбiндегi жорықтан кейiн Афиныға оралды. Трояда Тесей балалары шешесi Эфраны тауып алды. Оны мұнда өзi ұрлап әкеткен Елена сұлумен Приам патшаның баласы Парис күңi ретiнде алып келген едi.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *