ТАНТАЛ


Гомердiң «Одиссея» қиссасы бойынша баяндалған.

Ликияда Сипил тауының жанында тау атымен Сипил деп аталған бай қала болды. Бұл қалада құдайлардың сүйiктiсi Зевстiң ұлы Тантал билiк жүргiздi. Оған құдайлар бар дәулеттi аямай үйiп-төгiп мол бердi. Жер бетiнде Тантал патшадан бай әрi бақытты ешкiм болған жоқ. Сипил тауындағы аса бай алтын кен орындары оған қисапсыз көп байлық әкелдi. Оның егiн танаптарындай құнарлы жер ешкiмде де болған жоқ. Ешкiмнiң де осындай тамаша жемiс беретiн бақтары мен жүзiмдiктерi болмады. Тантал шалғындарында биязы жүндi қойдың, мүйiзi қарағайдай бұқалар мен сиырлардың орасан көп табындары, желдей жүйрiк жылқылардың үйiрлерi жайылып жүрдi. Тантал патшаның дәулетi кемерiнен асып, төгiлiп жатты. Ол әбден қартайғанша бақыт пен дәулет құшағында өмiр сүре беретiн едi, бiрақ шектен шыққан менмендiгi мен қылмыстары оның түбiне жеттi.
Құдайлар өз сүйiктiсiне өздерiне тең адам деп қарады. Олимпиялықтар Танталдың алтынмен апталған жарқыраған сарайына жиi келiп, онымен бiрге көңiлдi той тойлайтын. Тiптi бiрде-бiр қарапайым адам барып көрмеген Олимптiң өзiнде де Тантал құдайлардың шақыруы бойынша талай рет болған едi. Ол онда құдайлар кеңесiне қатысып, өз әкесi найзағай құдайы Зевстiң сарайында олармен бiрге тойда бiр дастарқанның басында масайрайтын. Сондықтан Тантал кеудесiн көтере бастады. Ол тiптi өзiн бұлт айдаушысы Зевстiң өзiмен теңмiн деп есептейтiндi шығарды. Олимптен үйiне қайтқан кезде, Тантал жиi-жиi құдайлар тағамынан мәңгiлiк жүзiм мен шәрбат алып, өз сарайында той тойлағанда оны өзiнiң қарапайым достарына беретiн едi. Тiптi құдайлар сәулеттi Олимпте кеңесе отырып, әлем тағдыры туралы қабылдайтын шешiмдердi де Тантал адамдарға айтып қоятынө ол әкесi Зевстiң өзiне сенiп тапсырған құпия сырларын сақтау дегендi бiлмейтiн. Бiрде Олимпте өтiп жатқан той кезiнде Кронның ұлы перзентi Танталға қарап былай дедi:
– Ұлым, сен не тiлесең де мен бәрiн орындаймын, менен не қаласаң, бәрiн сұра. Сенi жақсы көргендiктен кез келген өтiнiшiңдi орындаймын.
Бiрақ Тантал өзiнiң жай ғана қарапайым адам екенiн ұмытып, өз әкесi, ұлы әмiршi Зевске өктем үнмен жауап бердi:
– Мен сенiң садақа-құшырыңа мұқтаж емеспiн. Маған ештеңеңнiң керегi жоқ. Менiң үлесiме тиген пешене мәңгi жасайтын құдайлардың үлесiнен де артық.
Найзағай құдайы ұлына ештеңе деп жауап берген жоқ. Ол қаҺарлы қабағын түйдi де, бiрақ ашуын iркiп қалды. Ол өркөкiректiгiне қарамастан, ұлын жақсы көретiн едi. Көп ұзамай құдайларды Тантал екi рет қатты қорлады. Тек сонда ғана Зевс осы өркөкiрек жанды жазалады.
Найзағай құдайының туған жерi Критте бiр алтын ит бар едi. Ерте уақытта ол жаңа туған Зевс пен оны асыраған ғажайып ешкi Амалфеяны күзеткен болатын. Ал Зевс ержетiп, Кронның қолынан билiктi тартып алған кезде, бұл иттi Критте өзiнiң ғибадатханасын қорғау үшiн қалдырған едi. Иттiң әсемдiгi мен күшiне қызыққан Эфес патшасы Пандарей Критке жасырын келiп, оны өзiмен бiрге алып кеткен. Ал бiрақ осынау ғажайып жануарды қай жерге жасыру керек? Пандарей теңiзде кемемен жүзiп келе жатып, бұл туралы ұзақ ойланды да, ақыр соңында алтын иттi Танталға берудi ұйғарды. Сипил патшасы ғажайып жануарды құдайлардан жасырып тығып қойды. Зевс қатты ыза болды. Ол өз ұлы, құдайлардың хабаршысы Герместi шақырып алды да, иттi қайтарып әкел деп Танталға жұмсады. Әбжiл Гермес Олимптен Сипилге қас қаққанша жетiп келiп, былай дедi:
– Эфес патшасы Пандарей Криттегi Зевстiң ғибадатханасынан алтын иттi ұрлап алып, саған сақтауға бердi. Олимп құдайлары бәрiн де бiледi, олардан адамдар еш нәрсенi жасырып қалмақ емес. Иттi Зевске қайтар. Найзағай құдайының қаҺарына ұшыраудан сақтанған абзал.
Ал Тантал құдайлар хабаршысына қолма-қол жауап бердi.
– Сен менi Зевстiң қаҺарымен бостан-босқа қорқытып тұрсың. Алтын иттi мен көрген жоқпын. Қүдайлар қателеседi, менде ит жоқ.
Өз сөзiнiң рас екенiн дәлелдеп, Тантал сұмдық антсу iштi. Бұл антымен ұлы Зевстi бұрынғыдан да қатты ашуландырды. Танталдың құдайларды алғаш рет қорлауы осындай едi. Бiрақ найзағай құдайы оны бұл жолы да жазалаған жоқ.
Тантал құдайларды тағы да бiр рет қорлап, жан түршiгерлiк қылмыс жасаумен олардың кәрiне ұшырады. Бiрде олимпиялықтар Танталдың сарайына той тойлауға жиналған едi. Ол бұлардың көрегендiгiн сынап көргiсi келдi де, құдайларға арнап сұмдық тағам әзiрледi. Өзiнiң ұлы Пелопстi өлтiрдi де, той үстiнде оның етiн сыйлы тағам ретiнде құдайлардың алдына табаққа салып тартты. Құдайлар Танталдың зұлымдық әрекетiн сол сәтте-ақ бiле қойды, бiрде-бiрi сұмдық тағамға қол тигiзген жоқ, тек өзiнiң ұрланған қызы – Персефонаны ойлап қайғыға шомған, айналасынан түктi де байқамаған әйел құдай Деметра ғана жас Пелопстың бұғанасын жеп қойды. Құдайлар сұмдық тағамды алды да, Пелопстың барлық етi мен сүйектерiн қазанға салып, лаулап жанған оттың үстiне қойды. Ал Гермес өзiнiң сиқырлы дуаларымен баланы қайтадан тiрiлттi. Ол құдайларға бұрынғыдан да сұлу көрiндi: тек Деметра жеген иығы ғана жетпей тұрды. Зевстiң әмiрi бойынша Гермес Пелопске дереу пiл сүйегiнен иық жасап бердi. Сол кезден бастап Пелопстың барлық үрiм-бұтағының оң жақ иығында жарқыраған ақ жолағы болды.
Ал Танталдың қылмысы Зевс шыдамының әбден шегiне жеттi. Найзағай құдайы Танталды өз туысы Аидтың қаратүнек патшалығына тастап жiбердi. Онда ол сұмдық жаза шегулi. Ол мөлдiр судың iшiнде, бiрақ шөл мен аштық қысып тұр. Су иегiне дейiн келедi. Қаталаған шөлiн басу үшiн еңкейсе ғана жеткiлiктi сияқты. Бiрақ
Тантал сәл еңкейсе-ақ болғаны, су жоғалып кетiп, аяғының астында тек құрғақ қара жер ғана қалады. Танталдың бас жағында ғажайып жемiстер, қып-қызыл алма, анар, алмұрт, зәйтүн жайқалып өсiп тұрады, жүзiмнiң ауыр сабақтары шашына тиiп тұрғандай болады. Аштық әбден меңдеген Тантал тамаша жемiстерге қолын созса-ақ болғаны, қатты жел тұрып, жемiс толы бұталарды алыстатып әкетедi. Тантал тек аштық пен шөлден ғана азап шекпейдi, оның жүрегi де мәңгi үрейге толы. Оның дәл төбесiнде әрең деп iлiнiп тұрған жартас бар, әр минут сайын құлап түсiп, өз салмағымен Танталды жаншып тастайтын сияқты болып көрiнедi. Сипил патшасы, Зевстiң ұлы Тантал қорқынышты Аид патшалығында мәңгi үрей, аштық пен шөл қысып, осылайша қиналып, азап шегулi.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *