Семей, 5 сентябрь

Семей, 5 сентябрь
25 августе телеграф Петроградтан мынадай көңілсіз хабар əкеліп отыр: «26-ші августе Россияның жалпы əскерін билейтін бас командаға ие генерал Корнилов г. Дума ағзасы Владимир Львовты Уақытша Хүкіметке елші қылып жіберіп, министрлер тегіс орнынан түссін. Мемлекет жұмысына лайықты кісілерді министрлікке өзім сайлаймын. Егер еркіменен министрлер орнынан түспейтін болса, күшпен түсіремін» деп сөз салыпты. Елші сөзінің орасандығынан бой салып сене қоймай, бас министр Керенский Корниловпен телефонмен сөйлескен екен, Корнилов елшінің сөзінің растығын бекітіпті. Уақытша Хүкімет Корниловтың бұл қимылынан бостандық, жұрт билігінің негізгі жолына қарсы мінез тауып, Корниловты һəм оған ерген əскерді Россия бостандығына қас Бүлік басшысы деп жұртқа жария қылып отыр.
Петроградтан келіп жатқан хабарларға қарағанда Корниловтың соңынан ерген майдандағы əскердің біраз ғана бөлімі. Көп əскер Уақытша Хүкіметке сенім көрсетіп, көмектестігін білдіріп тұр.
«Бостандығымызды Корниловқа талатпаймыз, отан жұмысын жан салып қорғаймыз, Бүлік басшыларына қарсы тұрыңдар» деген телеграмдар Уақытша Хүкімет атына тұс-тұстан күніне жаңбырша жауып тұрады. Хэтта Томскіден жіберген телеграмда «бостандығымызды қорғамасаңыздар, Бүлік басшыларына тиісті жаза тарттырмасаңыздар, біз Сібір жолынан ешкімді жүргізбейміз де жəне сіздерге азық-түлік бермейміз» делінген. Осы тілектерден көрінеді: Россия жұртының Петроград оқиғасына қалай қарайтындығы. Бірақ бұл оқиға жалғыз əскер ауданынан шықты деуге болмайды. Мұның тамыры Россияның əр пұшпағына барып, əр жерден тілектестер тапқан көрінеді. Өйткені үстіміздегі бостандық жалпы жұртқа қуаныш болып тараса да, кей-кейлерге қайғы болып отыр. Кеше жұртты сорған шенеуніктер араны ашылып, еңбек жеген капиталист-байлар, сиғанынша астына басып, симағанын алақанымен басқан жер қасқыры ақсүйек помещиктер бостандық күні туғаннан бері жүні жығылып, ежелгі ескі кəсібін аңсап, аш бөрідей қатып жүр. «Жау жоқ емес, жар астында; бөрі жоқ емес, бөрік астында» дегендей осылар бет ашып Корнилов жағына шықпаса да, «жүгенін ішінен буынып», іштен-сырттан жұрт ұйымын ірітіп, астыртын Корниловқа тілектестігін білдіретін көрінеді жəне де казак əскерінен шыққан бытырама бөлімдер Корниловқа жақтастау көрінеді. Корниловтың нəсілі казак, Қарқаралы дуанынан. Осы соғыста бақ қонып, атақ алып, əнеугі Мəскеу кеңесінде ауызға ілінген генералдың бірі. Өзіне ерген əскерді Уақытша Хүкіметті күштеп түсіру үшін Петроградқа жіберіп отыр. Майдандағы көп əскердің, қала-қаладағы əскердің, жұрт ұйымдарының ауқымына қарағанда қан төгіс болмай-ақ, Корнилов лаңы су сепкендей сөнер деп үміт етеміз.
Корнилов лаңына Россияның қара бұқара жұртының əскерінің қалай қарайтындығын жоғарыда қысқаша жазып өттік. Жə, біз қалай қараймыз бұған?
Біздің қазақтың Россия мемлекетіне бағынғанына, міні, екі жүз жылға таянды.
Осы екі жүз жылдан бері қазақтың жұрт ретіне кіріп, Россияның кең дастарқанына елмен бірдей орын алғаны үстіміздегі бостандықтың алғаш туған күні 27-ші февральдан бері. Мұнан бұрынғы күндерде қарлы боран, жаңбыр басып, жылау-сықтау, зармен сүйретіліп ғұмыр шеккен жұрт едік.
Россия мемлекетінде 30 миллионға жуық мұсылман бар. Соның ішінде алты миллион қазақ халқы бар. Мұсылман Россия жұртының 5 бөлігінің біріне жуық, бар қазақ 30 бөлігінің біріндей. Əділ көзбен қарағанда Россия мемлекетінің əрбір жақсылық-жаманшылығының пайда-залалының 5 бөлігінің біріне мұсылман болып иеміз; 30 бөлігінің біріне қазақ болып иеміз. Біз патшалық заманында мемлекеттен тиісті сыбаға, еншімізді үміт етпек түгіл, ұлт мүшесінің əр буынына ескі хүкімет пышақ салып, жұрт болып жүруімізден де үмітіміз кесілуге таяп еді. Қай жұрт болсын, бір дін, бір тілге ие. Ұлт діңгегі осы екеуі. Бірақ бұлардың таза сақталуы үшін жұрттың тізесі ашылмай, арасында кірмелер болмай, тобы жазылмауы керек. Бұған үлкен себепкер жер. Астында тұтас жері бар, бір нəсілдес жұрт оңайшылықпен жұрт белгісінен айырыла қоймайды. Міні, ұлт нысаны осы үш діңгекке патшалық замандарда біз ие бола алдық па? Жоқ. Кеше патшалық заманының дəуірі жүріп тұрған кезде қырда бала оқыттырмай моллаларымызды қуып, ойда Алаш қаласында медіресе-мешіттерімізді пешеттеп, құранымызды тас-талқан қылып, аяқ астына шашқанда кеудесінде мұсылман рухы бар адам жаны тентіреп, іші қазандай қайнап, қолдан келер дəрмені жоқ болып, зорлыққа амалсыз көніп тұрмап па еді?! Дінге ерік бермей, дінге қол сұққандық осы емес пе?! Кеше сорлы мұжықтың қу басын ғана құлдықтан азат қылып, еңбегі, тері сіңген жерін ақсүйек помещиктерге қалдырып, біздің қазақтың еңбегі, қаны сіңген ата мұра жерінен мұжықтарға еншіге жер тартып алып беріп, қалалы жерде «бір қазаққа екі орыс келсін» дегендегі Николай заманындағы ескі хүкіметтің мақсаты не еді? Дін нəсілімізге қол сұғып, жұрт қатарынан шығарып, қазақты бірте-бірте орысқа айналдыру еді. Қазақ жерінен айырылса, дəулеттен айырылып, ортасында кірмелер көбейсе, тізесі ашылып, бытырап, дін, тіл шаруа жүзінде бүктеліп, кəсіп іздеп, қала-қалаға сіңіп, ұлт билігінен айырылу дап-дайын еді.
Кеше 1905 жылғы бостандықтың шырағы Столыпин тұсында сөніп, ескі заманның дəуірі қайталағанда біздің қазақтың ат жалын тартып мінген азамат ел басшыларының кейбірі түрмеде шіріп, кейбірі жер аударылып, қанша бейнет шеккендегі жазығы не еді «бостандық неге тілейін», «қазақты жұрт қатарына теңестіресің» еді.
Былтыр 25 июнь жарлығы тақырыпты елімізді жауша талап, қырып, көзден жас орнына қан ағызып, азаматтарымызды қойша көгендеп майданға айдағанда жүзі қара ескі хүкімет бізді жұрт есебінде көріп, осыны істеп пе еді? Əрине, жоқ. Ол кезде бізді мал есебінде көрді. Жерсуы түп-тұтас алты миллион қазақ жұрты қару-жарақ асынып, елмен бірдей майданға шықса, отан намысын қорғау жөнінде ешкімнен кем қайрат көрсетпес еді.
Осының бəрінде бізді жанға, малға ие жұрт есебінде көрген жоқ еді. Осының себебі не еді? Адамды адам деп санамағандықтан адамды өзінің басының бостандығына һəм бұған тиісті хұқықтарына (праволарына) ие деп білмегендіктен. Адамды адам деп біліп, басының бостандығына ие қылса, жалпы жұрт бостандығы осы жерден табылмақ. Себебі жұрттың өзі сондай адамдардан құралады. Басының бостандығына, теңдікке һəм бұларға тиісті хұқықтарға жұрттың қолы жетсе, жұрт билігі осы жерден тумақ. Жұрт билігі қолға келсе, мемлекетті бұрынғыдай оір кісі патша болып, еш уақытта билемекші емес. Сайлап қойған өкілдер арқылы жұрттың өзі ғана билемек. Үстіміздегі жаңа заман жұрт билігі қолға келген заман. Үш жүзден аса жыл Романовтардың бұғауында бейнет шеккен Россия жұртының еңірегенде етегі толып, шөлдеп іздегені осы жұрт билігі қолға келген заман.
Соғыстың лаңымен бостандық жөншілікпен тамырлана алмай жатқанда генерал Корнилов біраз əскермен қара жүздерді ертіп алып, жұрт бостандығын жоғалтпақ, Россия мемлекетінің басына ескі заманды қайтадан көшірмек! Бостандық Россияға оңай түскен жоқ. Құлшылықта Ғұмыры шіріген мұжықтар, балға, төстің арасында жаны күйген жұмыскерлер, бостандық сөзін тұңғыш татқан солдаттар, босағада көзге түрткі болып, келімсек, өгей атанып, арқасы жауыр, құйрығы шолақ болған бұратаналар оңайлықпен Корниловқа бостандығын ұстата қоймас. Бостандықтың орыстан гөрі бізге қымбат екендігін жоғарыда жазылғаннан көрінеді. Сондықтан қазақ комитеті Уақытша Хүкіметке қазақ жұртының қолынан келер көмегін көрсететінін білдірді. Арысы мұсылман болып, берісі қазақ болып бостандығымызды қорғау үшін Уақытша Хүкіметке көмек көрсетуіміз келесі өсетін өркеніміз үшін еккен егінмен тең. Мемлекеттің қуанышына ортақ жұрт қайғысына да ортақ. Алаш азаматтары, Абайдың «жаман дос көлеңке; басыңды күн шалса, қашып құтыла алмайсың, басыңды бұлт алса, іздеп таба алмайсың» дегеніне ұшырап жүрмелік!
* * *
4-ші сентябрьде келген телеграм хабары: «Генерал Корнилов һəм соны жақтаушы бірнеше генералдар тұтқынға алынды».

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *