Рамазан айы жақындау тақырыпты

Рамазан айы жақындау тақырыпты
Жыл он екі айдың ішіндегі ең қадірлі, ең артық һəм ең құрметті айы болған Рамазан айы жақындау себепті əр кімнің аузына «Ораза болып қалды» деген сөздер кіре бастады. Бұл айдағы қылған құлшылық, істелген істердің «О дүниедегі сауабы сондай боладыны» қоя тұрып біз мұның артықшылыгын өзімізше һəм замана, адамшылық, ұлтшылық істері жағынан қарап біраз тексеріп өтейік. Ораза деген атынан-ақ басқа жақтары халықтың өздеріне де белгілі болар.
Біз бұл орында ол ретін жазбай-ақ өтуді лайық көрдік. Жалғызақ, Рамазан айы əр жердегі халықтардың бастарын қосып, бір-бірінің халдерімен танысуға, пақырлардың халдерін ескертіп, оларға жəрдем беруге, жұртқа теңдік-құрдастық, ынтымақ-бірлік, саулық-тазалық һəм құлшылық-құдайшылық сияқты істерді үйретуде басқа айлардан көрі көп артық. Сондықтан халық қасында басқа айларға қарағанда мұның қадір, құрметі де зор. Тек біз бұл орында, біздің халық осындай қадірлі, қымбат айды немен өткізбек? Құдайшылық, құрдастық, істерінде нендей іс көрсетпек болғанда ондай көңілдің жіңішке жерінен шыққан қадірлі қызметтерін кімге көрсетпек һəм кімге бермек деген сауалды шешумен ғана тоқтаймыз. Мұны бізге баяндаудан мақсұт: Рамазан айы кіргенде бүтін ислам дініндеті халық, оның ішінде əсіресе біздің қазақ, бұл айды артықша шат көңілмен өткізуге тырысады.
Маңдайының терін сыпырып тапқан малдары зекетке толса, зекетке шығарған малдарын, пітір-уəжіп садақаларын молдаға беріп, жарықтықтардың батасын алу, оларды басқа айлардағы істерінен гөрі артықша құрмет ету һəм өздерінше пақырлардың халдерін қайғырып олардың тұрмыстарына өздерінің садақаларымен жеңілдік беру бар. Оның үстіне опат болған жақынын, туғандарын осы айда ескеру бар. Бұлары қарындастық ретімен қарағанда өте қолайлы істерден. Бірақ түптеп тесе қарап тексеріп келсек зекет, пітір һəм басқа уəжіп садақалардың берілетін кісілері жалғыз молдалар ғана болмаса, тақыр, қойшы-қолаң көрші яки бірер шəкірт мұғалімдер ғана болып шықпайды. Пақыр, мұқтаж жалғыз бұлар ғана емес, өзіне-өзі жетпей, қысқа жіп күрмеуіне келмей мұңмұқтажы көп, ұлттығын сақтау үшін тіршілік ретіндегі ғылымға сусаған халық пақыр, мұқтаж. Пақырлық, мұқтаждық деген нəрселер шаруа мінез, күн көру турасында адам баласының ділгерлікке түсіп дағдарып тұруынан ғибрат. Бұл дағдарыс бір кісінің, бұрып айтқанда бірер молданың басында ғана емес, бүтін халықтың ұлттың басында. Əсіресе біздің қазақ сияқты білім-өнерден құралақан, оны берерлік білім жұрттарынан да бос тұрған, оқушылары аз, болғандарының қалтасы жоқ болған халық нағыз мұқтаждықтағы пақыр халық болады. Мұндай пақыр халықтың оқу-білім жұрттарын көбейтуге тырысып, оқушыларын арттырып мұқтаждығын шығаруға қызмет еткен кісілер, байлар құдайшылық, адамшылық істерін екі дүниеде де өтеген зор сауапты болады.
Құран кəрімдегі баян етілген садақа орындары да осы негіздерге құрылып айтылған:
1. Құрандағы айтылған «пақыр» деген сөздің мағынасы бір кісінің, болмаса көптің мұқтаждығын шығару деген сөз. Бұған ұлт мұқтаждығы да кіреді. Мұны шығарам деген ұлтқа ие керек? Сол керегін жетілдіру үшін Алла тағала «садақаларында мұқтаж болған адамдарға беріңдер» деп көптің қамыт ойға салып айтқан.
2. «Ибн ассубилге» беріңдер деген. Бізше жол баласы. Бұған мұқтаждық халдегі жолаушылар мен нақықсыз туған балалар (бұл бізде жоқ), шаһарлы жерлерде көп болады, анасы асыраушысы болмағандықтан тапқан баласын көшеге тастап кету реті кіреді. Бұлай туған балаларды да тəрбие етуді жұрт үстіне міндетті қылып артқан. Бұл ұлттың мұқтаждығын көздеуде ақылды негізбен құрылған бір жол. Сондықтан бұл реттен қарағанда да садақалардың ұлт мұқтаждығын шығару үшін қойылынған жұрттарға ұсталынатындығын көрсетеді.
3. «Фи субил-аллаға» беріңдер деген. Бұған оқу жолындағы барша шəкірттер мен ұлт мұқтаждығын өтейтін орындар кіреді. Бұл үшінші орында жоғарғы айтылған екі орыннан көрі садақаларды халық мұқтаждығына жұмсау да ашығырақ баян етілген.
4. «Уа алғараминге» беріңдер деген. Бұл бұрыш басып сасып тұрған адам. Бұған садақа беріп көтеріп жіберуде де зор мағына бар. Қысқасы, қалай ойласақ та садақаларды Алла тағала адам баласын ділгерліктен шығару үшін беруге бұйырған. Халық та сол ділгерліктетінің бірі. Бесінші реттен көрсетіп, мұны да айтап өтейік. Алла тағала Құран кəрімде пайдалы орынға өздеріңнің сүйген нəрселерің мен малдарыңды шығармай тұрып ізгілік, жақсылық деген нəрсеге жетісе алмайсындар деп бүтін адам баласын шын көңілімен ұлт ісіне қызмет етуге қызықтырады. Егер ұлт ісінің керегі болмаса, ол ұлт ісіне мұндай уəжіп һəм зекет сияқты садақаларды ең сүйген малдарыңнан беріңдер деп қызықтырмас еді. Мұнан көрініп тұр, сүйген малдарынан садақа шығару бір кісіге ғана емес, бүтін ұлт ісі екендігі. Əр нешік мұндай парыз, уəжіп-садақалар бір кісінің пайдасына ғана емес, бүтін ұлт пайдасына беріледі. Ол ұлт пайдасы мектеп, медресе сияқты жұрттар салып, бала оқыту секілді істерде табылады.
Енді біздің халықтағы құдайы садақалардың көбі осы құрметті рамазан айында өтелінілуге ыждиһат етілінетін болғандықтан біз рамазан айы жақындау тақырыпты мұндай реттерді баяндап халқымызға ұсынуды өзімізге лайық көрдік. Міне, халық, садақа берілінетін орындар осы айтылған негізді жолмен болады. Ендігі іс өздеріңде. Əшірдікі де осы айтылған орындар. Менің бұл жазған сөздерім 176 нөмір «Қазақтағы» жазылған Жиенғали мырзаның өтінішіне де жауап болса керек.
Əлихан

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *