Петроград хаты Мұсылман фракциясына
Петроградқа барған мұсылмандардың һəм мұсылман депутаттардың фракцияда қаралған кеңесінде қазаққа керекті Мəселелер турасында сөз болды. Қазақ Мəселелерінің ішіндегі ең маңыздысы əскерлік пен жер мəселесі екендігі айтылды. Қазір соғысқа қатысы бар мəселеден басқалардың бəрін жауып қойып отырған соң, жер жайын сөз қылғанмен ешкім оған құлақ асып тыңдамайтын болған соң, жер мəселесі ауызға алынбайтын болды. Əскерлік мəселесі соғыс кезінде қозғалса, қолайлы болып табылмайтындығы айтылды. Соғыстан соң алғанда да түбінде қазақ жаяу жүруге жоқтығы, казарма тұрмысына шыдамайтындығы айтылды. Қазақ атты казак болудан басқаға жарамайтындығы айтылды. Қазақ һəм басқа мұсылмандарға бірдей ортақ Мəселеден мұсылман депутаттарының Думаның тарқы блогына қосылуы-қосылмауы кеңеске салынды. Блокқа қосылу-қосылмауы турасында кеңестегілердің пікірі екіге бөлінді. Екіге бөлінуінің себебі блокты керек қылғанда өзі ізденіп барып қосылмаса, шақырып басқалардың қосылуын керек қылып отырған блок жоқ. Кімде кім блокқа қосыламын десе блоктың программасына мойын ұсынып, сонан басқа жаққа бұрылмайтын болып қосылмақ. Блоктың программасында 13 пункт бар, онда бұратаналар үшін бір нəрсе істейміз деген сөз жоқ. Сондықтан бұратаналар қосылып, бұратаналарға керек Мəселелерді қозғаса, блок қай көзбен қарары белгісіз. Блоктың бұратаналар жағын ашып айтып программасына кіргізуге тілдері жетпей отырған жоқ, басқа мəнісі бар. Ол мəнісі мынау: блоктың бір басында Россия қол астындағы жұрттың бəрі бірдей құқық жүзінде тең болсын дейтін программасы бар кадет партиясы. Екінші басында орыс-орыс, бұратана-бұратана деп екеуіне екі түрлі қарайтын яғни басқалардың төбесі орыспен тең болуын жақтырмайтын, националист деген орыс ұлтшылдарының партиясы. Бұл екеуі программаларының жүзінде бір-біріне алыс партиялар. Екеуін қазір бір блокқа келтіріп отырған Европа соғысы. Бұл соғыс не істетпей, не көрсетпей отыр? Болмас дегенді болғызып, көрме дегенді көргізіп отырған жоқ па? Кадет пен националист партияларының бірігіп іс қылып отырғандары сол болмас деген істің бірі. Соғыс намыс қоздырды. Партия программалары басқа болғанмен намыстары бір. Намыстан туған бəрінің мақсаты немісті жеңу. Немісті жеңу үшін соғыс жұмысын жұрт болып істеу. Жұрт жұмысының басында сенімді үкімет болу. Осы күнгі үкімет соғыс жұмысын ұқсатып істей алмайтындығына көздері жеткен кезде істі түзету үшін сенімді үкімет қолына беру керек деп жасалған блок. Блоктың асыл мақсаты осы. Программасындағы істердің бəрі де соғысқа пайдасы тиер ме деген істер. Басқа жұмыстарды қатыстырудан блокшылар қашады. Əсіресе, бұратаналар мəселелері қатыса бастаса, националистерден ши шығуы ықтимал. Түсінікті түрмен айтқанда бұл блок еппен иіп, екі басын түйістіріп отырған шеңбер сияқты. Онан əрі иемін десе, сынып кетуі ықтимал. Блок мақсұты біткен жоқ. Сенімді үкіметке əлі жеткен жоқ. Соған жеткенше блок сынып бөлініп-бөлініп кетпесін деп блокшылар блогын қорғап отыр.
Блок жайы солай болған соң фракция кеңесінде былай етуге қол қойысты: мұсылмандарға керекті бірнеше мəселелерді алармыз. Сол мəселелерді алып барып блокшылармен сөйлесерге, ондай мəселелерді программаларына кіргізуге болады десе, кірерге, əйтпесе кірмеген күйде тұра берерге. Ол мұсылманға керекті деген мəселелер мынау:
1.Дін басқалық жағынан, бұратаналық жағынан қойылған бөгеттерді жоғалту;
1. Депутаттық правосынан айырылған жұрттардың правосын қайыру;
2. Бір діннен екінші дінге көшу рұқсаты қай дінге де болса бірдей болу;
3. Мұхалеттерін түзету;
4. Мүфтиліктердің мекемелерін түзету;
5. Мұсылман мектептерінде оқыту ана тілінде болу.
6. Бұларды қабыл етпесе, мынау мəселелерді қабыл етсе де кірерге:
7. Əр жұрт өз мейрамында саудасын жауып, басқаның мейрамында істей беру;
8. Мұсылмандардың рухани мекемелерін жөндеу;
9. Мұсылмандар жолындағы бөгеттер жоғалу.
Бұлардың қайсысын да болса, неміз кетіп барады, қабылдаса қабылдар, əйтпесе қалар деген оймен ғана блокшыларға айтып көрмекші. Əйтпесе, соғыс кезінде соғысқа пайдасы тиерлік істер болмаса, басқаға мойын бұрмаймыз деп отырғанда, мұндай кілең ғана мұсылмандарға керекті мəселелерді программаларына кіргізер деуге үміт аз. Қазаққа керекті мəселелердің кеңесі мұсылман фракциясына осымен бітті. Қазақтың жер турасындағы мəселесін де соңғы үш мəселенің төртіншісі етіп кіргізсе, қалай болар деушілер болып еді, ол мəселені бұл күнде қозғаудың қолайсыздығы баян етілді. Жер мəселесі манағылардан, болса болар, болмаса қалар дейтін мəселе емес. Екі жақтың арасында ұстаған мəселе. Қанын төгіп, қайрат қылып жатқан мұжықпен қатар отырып жүгініске түсіп, қазақ сөзін тыңдатып, ұтам дейтін шақ бұл емес.