ПЕЛОПС

ПЕЛОПС
Овидийдiң «Метаморфоза» поэмасы мен Пиндардың 8ЛЕҢДЕРI бойынша баяндалған.

Тантал қайтыс болғаннан кейiн Сипил қаласында құдайлар ғайыптан құтқарып қалған оның ұлы Пелопс билiк жүргiзе бастады. Бiрақ ол туған жерi Сипилде ұзақ билiк құра алған жоқ. Трояның патшасы Ил Пелопске соғыс ашты. Бұл соғыс Пелопс үшiн сәтсiз болды. Трояның құдiреттi патшасы жеңiп шықты. Пелопске туған жерiн тастап кетуге тура келдi. Ол өзiнiң барлық асыл қазынасын ұшқыр кемелерге салып алды да, адал серiктерiмен бiрге теңiз үстiмен алысқа, Грекия жағалауларына сапар шектi. Пелопс Грекияның қиыр оңтүстiгiндегi аралға келiп жетiп, сол жерден қоныс тептi.
Сол кезден бастап бұл түбек Пелопстiң есiмiмен Пелопоннес деп атала бастады.
Бiрде Пелопс өзiнiң жаңа отауында Писа74 қаласының патшасы Эномайдың сұлу қызы Гипподамияны көрген. Пелопс Эномай қызының сұлулығына есi шыға ғашық болды.
Бiрақ Гипподамияға ие болу қиын едi. Абыз Эномайға ол өз қызының күйеуi қолынан қаза табатынын айтып, сәуегейлiк жасаған-ды. Бұған жол бермеу үшiн Эномай қызын күйеуге бермеуге ұйғарды. Бiрақ сонда не iстеу керек? Гипподамияны сұраған күйеу жiгiттердiң бәрiнiң қалай меселiн қайтару керек? Эномайға көптеген қаҺармандар келiп, қызына құда түсетiн. Егер ешқандай себепсiз «болмайды» деп бетiн қайтарса, бұл оларды қорлағандық болып шығар едi. Ақыры, Эномай былай деп жар салды: ол күймемен сайысу кезiнде өзiн жеңiп шыққан адамға ғана Гипподамияны әйелдiкке бередi, ал егер оның өзi жеңiп шығатын болса, онда жеңiлген адам өмiрмен қош айтысады. Күйменi басқару шеберлiгi жөнiнен Эномайға тең келетiн жан бүкiл Грекияда жоқ едi, ал оның аттары солтүстiктiң құйындай ұйытқып соғатын желi – Борейден де ұшқыр болатын. Писа патшасының бiрде-бiр қаҺарманы өзiн жеңе алмайтынына сенiмi зор едi.
Қатыгез Эномайдың қолынан қаза тауып, өмiрмен қош айтысамын-ау деген қорқыныш Грекия қаҺармандарын тоқтата алған жоқ. Олар онымен жарысқа түсу үшiн, ғажайып сұлу қызы Гипподамияны алу үшiн оның сарайына бiрiнен соң бiрi келумен болды. Батырлардың бiрiнiң де жолы болған жоқ, олардың бәрiн де Эномай өлтiрдi. Қолынан қандай көп батырдың қаза тапқанын әрбiр келген адам тағы да көре алатын болуы үшiн олардың бастарын сарайының есiгiне қағып қойды ол. Бiрақ бұл жайт Пелопстi тоқтата алмады. Ол қайткен күнде Гипподамияға қол жеткiзуге тырысып, қатыгез жүрек патша Эномайға жүрiп кеттi.
Эномай Пелопстi суық қарсы алып, былай дедi:
– Менiң қызым Гипподамияны алғың келе ме сенiң?
Әлде қауiптi сайыста қаншама даңқты батырлардың мерт болғанын көрген жоқсың ба? Байқа, сен де солардың аяғын құшатын боласың!
– Жоқ, қаза тапқан қаҺармандардың тағдыры менi қорқыта алмайды, – деп жауап бердi патшаға Пелопс, – Олимп құдайларының маған көмектесетiнiне сенемiн! Солардың көмегiмен Гипподамияны жар етемiн.
Эномайдың езуiнде ызалы мысқыл күлкi ойнады, ол бұл сияқты сөздердi талай естiген болатын.
– Тыңда, ендеше, Пелопс, – дедi ол, – жарыс шарты мiне төмендегiдей. Жарыс жолы Писа қаласынан басталып, бүкiл Пелопоннес арқылы Истмның75 өзiне дейiн жетедi, ол теңiз әмiршiсi Посейдонға құрбандық шалатын жерде аяқталадыө бұл орын Коринфтен онша алыс емес. Егер құрбандық шалатын жерге сен бiрiншi болып жетсең, жеңiп шыққаның, ал егер мен сенi жол-жөнекей қуып жете қалсам, онда өз обалың өзiңе! Онда менiң найзам саған дейiнгi көптеген батырлар сияқты сенi де түйреп өтедi, сөйтiп сен абырой-даңқсыз Аидтың қаратүнек патшалығына түсетiн боласың. Мен саған бiр ғана жеңiлдiк беремiн, оны мен басқаларға да берген болатынмын: сен жолға менен бұрын шығасың, ал мен ең алдымен ұлы найзағай құдайына құрбандық шаламын, күймеге тек содан кейiн ғана отырамын. Ал сен болсаң, мен құрбандық берiп жатқан кезде мүмкiндiгiнше жолдың көп бөлiгiнен өтуге тырысатын бол.
Пелопс Эномайдан кетiп қалды. Ол қатыгез патшаны тек қулықпен ғана жеңуге болатынын көрдi. Пелопс өзiне көмекшi тауып ала алды. Ол астыртын түрде Эномайдың делбешiсi, Герместiң ұлы Миртилге жолығып, оған мол сыйлық бермекке уәде етiп, күйменiң бiлiгiне шығыршық салма, сөйтiп доңғалақ Эномайдың күймесiнен шығып кетiп, патша жолда бөгелiп қалатын болсын деп өтiндi. Миртил көп уақыт бойы қобалжыды, бiрақ ақыр аяғында Пелопс бай тартулар беремiн деп олжаға қызықтырған соң, Миртил оның өтiнiшiн орындауға уәде бердi.
Мiне, таң да атты. Қызғылт саусақты Эос аспан күмбезiн жарқырата түстi. Әне, аспанда алтын күймесiн мiнген нұр шапақты Гелиос та көрiндi. Қазiр ендi сайыс басталады. Пелопс ұлы зiлзалашы Посейдонға жалбарынып, одан көмек сұрады да, күймеге қарғып мiндi. Эномай патша Зевске құрбандық шалатын орынға келiп, Пелопске жолға шығуына болады деген белгi бердi. Пелопс аттарын құйғыта айдай жөнелдi. Оның күймесiнiң доңғалақтары тастақ жолмен сартылдап келедi. Аттар құс сияқты ұшып келедi. Пелопс қаптаған шаң арасында лезде көзден ғайып болды. Оны Гипподамияға деген махаббат пен өз өмiрi үшiн қорқыныш сезiмi қуып бара жатыр едi. Мiне, алыстан Эномай күймесiнiң дүрсiлi де естiле бастады. Писа патшасы Танталдың ұлын өкшелеп жетiп те қалды. Патшаның аттары дауыл сияқты ызғытып күйме доңғалағынан шыққан шаң құйындай ұйтқиды. Пелопс аттарды шыбыртқымен тартып жiбердi, олар бұрынғыдан да құйғытып шаба жәнелдi. Аттардың құтырынған шабысынан Пелопстiң құлағы шулай бастады, бiрақ оған Эномайдың аттарынан қара үзiп кету оңай ма: патша аттары солтүстiк желiнен де жүйрiк жүйткидi! Эномай барған сайын жақындап келедi. Пелопс ендi арт жағынан Эномай аттарының ыстық демiн де сезе бастады, сәл кейiн бұрылып қарап, патшаның масаттанған күлкiмен найзасын сiлтегелi тұрғанын да көрiп қалды. Пелопс тағы да Посейдонға жалбарынып едi, ақыры шексiз теңiз әмiршiсi оның үнiн естiдi. Эномай күймесiнiң доңғалағынан шығыршықтар шығып кеттi де, күйме аударылып, Писаның жауыз жүректi патшасы жерге жалп етiп құлап түстi. Құлаған кезде Эномай тiл тартпай кетiп, сол бетiнде ажал құрсауы оның көзiн жапты.
Пелопс Писаға салтанатпен қайтып келдi де, Гипподамияға үйленiп, Эномайдың бүкiл патшалығын басып қалды. Эномайдың делбешiсi Миртил Пелопске келiп, өзiне сыйлық ретiнде патшалықтың тең жартысын беруiн талап еттi. Пелопс жарты патшалықтан айырылғысы келмедi. Танталдың әккi ұлы Миртилдi алдап-сулап теңiз жағасына шақырып алды да, оны биiк жартастан тулаған толқынға итерiп жiбердi. Жартастан құлап бара жатып Миртил Пелопс пен оның күллi үрiм-бұтағына лағнет айтты. Танталдың ұлы Миртилдiң кектенген жанын, оның әкесi Герместiң ызасын қаншама жұмсартуға тырысқанымен, мұнан бәрiбiр ештеңе шыққан жоқ. Миртилдiң қарғысы дөп келдi. Сол кезден бастап Пелопстiң ұрпақтарын қисапсыз көп қайғы-қасiрет қаумалап алды, ал олар өздерiнiң зұлымдық iс-әрекеттерiмен құдайлардың қаҺарына тап болған едi.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *