Оқытушылар шығаратын медіресе туралы
Оқымысты жұрттарда август пенен июнь айының арасындағы уақытты оқу жылы дейді. Оқу жылы басталарда оқуға жасы жеткен балаларын əке-шешесі мектеп-медіресеге бермекке қам қыла бастайды. Біздің қазақ қыс өтіп, жаз шыққанда күні-түні ас-ұйқыға қарамай, мал жайын ойлап, қандай əбігерленсе, оқу жылы басталардың алдында өзге жұрттар сондай əбігер болады. Мал қарастыру жайы мен жанындай жақсы көретін баланы оқуға беріп, екеуін қатар қойып салыстыруға келмейді. Мал асырау мен бала асырау бірдей емес екенін əркім біледі. Малды кім болса сол асырайды. Баланы кім болса сол асырап, анық адам қыла алмайды. Біздің қазақ баласын еш нəрсеге тарықтырмай, киімін көп, тамағын тоқ қып өсірсе, асырады деген сол емес пе деп ойлайды. Баласының мінезі, ақылы, ойы, намысы, жігері, қайраты жағына көбірек көз салып асырауды біздің қазақ білмейді. Осындай адамның адамдық сырларын күшейтіп, үлгілі, көргенді ету түзу жолға салынған мектепмедіресе жұмысы.
Біздің қазақ бала оқытуды жеңіл-желпі жұмыстың бірі көреді. Мал асырауға салған көңілді бала асырауға салмайды. Оқу артық екенін өз-өзімен айтып отырса да, оқу жұмысына келгенде тым салақ. Оқу жұмысын көбейтіп, түзу жолға салуға қам қылып, ойланбайды. Оқуоқыту жолын іздеу тап бірлі-жарым оқығандардың міндетіндей көріп, міз бағып тапжылмайды. Оқығандар міндетті. Бірақ басшылық қыламын деп талпынғанда, соңынан ерген көмекші табылмайды. Жұрт жұмысы дегенде жалғыз оқығандар борышты болып, оқымағандар тайып шықпасқа керек.
Саусаққа салып санарлықтай оқығандар бүкіл жұртқа жетпейді. Бірақ түгел жетерліктей əдіс табады. Ол əдіс оқытушылар шығаратын медіресе ашу.
Түнеугі Семей сиезінде «Оқытушылар шығаратын медіресе ашылсын, ашуға керек ақшасын хүкімет бермеген уақытта обласной комитетке болыс басы бір мың сомнан жиып берген ақшадан жұмсалсын, халық берсін» деп сиезге жиылған жұрт бірауыздан қаулы жасаған еді.
Одан бері үш ай өтті, əлі ешқайдан жиналып келген бір тиын ақша жоқ. «Ауызбен айтып, істерде қайтып» кебіне жұрт өкілдері ұшыраған секілді көрінеді.
Оқу жылы таянып қалған соң халық тапсырған істі орындамай қоймалық деп Семейдегі оқытушылар ұйымы мен обласной қазақ комитеті биыл оқытушылар шығаратын медіресе ашу қамына бел байлап кірісе бастады. Халыққа қарап кідіруге болмады. Бұны балуандықпен бастап отырған жоқ, тек халыққа сеніп істеп отыр. Бостандыққа мəз болып қуанған жұрт есін жиып, шаруасын ойлап, келешекке көз салып, ақша жинап бергенше құралақан отырмалық, аша берелік, уақытша хүкіметтен ақша сұралық деп қаулы жасалды һəм алғаш істі бастап жүргізіп кетерлік мөлшермен 25 мың сом ақша сұралды. Одан басқа обласной комиссариаттан Алаш қаласында бос тұрған, бұрын шаруашылық ғылымын үйреткен школ оқытушылар шығаратын медіресе ашуға берілсе екен деп тағы сұралды.
Екеуі де болар деген үміт жоқ емес. Егерде ақша да, үй де берілмесе, обласной қазақ комитеті өз күшімен ашпақ. Өз күші дегеніміз баяғы жұрт еткен уəде. Жұрт сөзіне жетсе, комитет іс басқаруға кісі жағынан уайым қылмайды. Ұсынатын кісілері дайын.
Сөйтіп оқығандар іске кіріскенде жұрт та «əуп» деп сүйеуі жөн. Оқытушы шығаратын медіресені оңдап жүргізе алмаса, оқығандарға серт; пұл жағынан ақсатып, орта жолда тоқтатсаңдар, қазағым, саған серт. Екі жағыңның да мерт бола көрмеулеріңе тілеулеспіз.
А. А.