Оқшау сөз Хазірет сұлтан
Қай жердің қазағы болса да Хазірет Сұлтанды естумен біледі. «Хазірет Сұлтанға барамыз…., пəленше хазірет Сұлтанға кетіпті…» деген сөзді қазақ арасында көп есітуге болады. Хазірет Сұлтанға барғыш тақуалар, софылар. Хазірет Сұлтанға барып қайтқандар қажыға барып қайтқаннан аз-ақ кем болады. Олар бастарына сəлде орап қайтып, жұрт Меккеден келгендей қолдарын алып құрмет етеді. Қазақ осылай құрметтесе де, Хазірет Сұлтанның бір жерде бар екенін естісе де, көбі ол хақында анық ешнəрсе білмейді. Осы майдың бірінде Ташкентке бара жатып, Түркістанға түсіп, Хазірет Сұлтанды мен де зиярат еттім. Хазірет Сұлтан Түркістанда болғандықтан əуелі Түркістан шаһары жайынан біраз жазу тиіс көрінді.
15 ғасырдың аяғына шейін Түркістанның аты «Иасы» екен. Кішкене ғана Иасы деген қыпшақ 12 ғасырда, сол жерге Қожа Ахмед Яассауи хазірет Сұлтан келген соң, даңқы шығып кетіпі. 1166 жылы Қожа Ахмед Яассауи опат болып, онан кейін оның бейітін түрік тұқымы, əсіресе қазақ халқы əр уақыт зиярат ететін болыпты. Зияратқа əр жерден халық көп келетін болған соң ол жерде сауда ашылып, кішкене қышлақ бірте-бірте зорайып шаһарға айналады.
Қожа Ахмед Яассауи хазіреті хақында сөйлеген һəм халыққа тараған неше түрлі кереметтер жалғыз қара халық пен саудагерлерді ғана емес, заманындағы қаһармандарды да өзіне тартқан. Мысалы, 1397 жылы күзді күні атақты ƏмірТемір Иасыға келіп, əулиенің басына зор мешіт салдырып, белгі орнатуға жарлық қылған. Осы күнгі мешіт белгі сол. Əмір-Темір нəсілінен ең соңғы хан Махмұд 1495 жылы Түркістан шаһарын Махмұд Шабаниға беріп, өзінің үлкен ағасы Ахмед сұлтан қойған Махмұд Тарқанды тұтқын қылыпты.
1582 жылы Түркістандағы Бұхараның ханы Ғабдулла келіп, халық оған бағынғандығын білдірген. Сонан былай қарай Түркістанды билеушілер Ғабдулла ханның əмірі бойынша сайланып һəм өзгеріліп тұрған.
17 ғасырдан бастап Түркістанды қазақ билеп, Түркістан шаһары – қазақ хандарының астанасы болған. Түркістанды қазақтан ең əуелі билеген Есім хан. Велияминовтың кітабында жазылған . «Есім хан Сығай ханның баласы. Монғол һəм түрік тарихын жазған атақты Əбілғазы (Абуалғазы) Хиуаға хан болып тұрған ағасы Сфандияр ханнан кетіп 1625 жылы Түркістандағы Есім ханға барған. Əбілғазы жазады: «Мен Түркістандағы қазаққа кетіп, Есім ханда үш ай қонақ болдым. Ол кезде Ташкентті билеп тұрған Тұрсын хан еді.
Түркістанға о да келді. Есім хан Тұрсын ханға амандасуға жалғыз өзі барып, мені үйде тастап кетті. Қайтып келіп мені ертіп Тұрсын ханмен таныстырып отырып: «Мынау Əбілғазы белгілі Жəдігер ханның тұқымы. Бұл күнге шейін Бұлардан бізге қонаққа ешкім келген жоқ еді, бізден оларға барғандар көп болды, Əбілғазыны сіз алмассыз ба» деді. Сонан кейін мен Тұрсын ханның қолында тұратын болдым. Екі жылдан кейін Есім хан Тұрсын ханды əлтіріп, мал-мүлкін шауып алды. Сонда мен Есім ханға айттым: «Мен сен екеуіңнен бір пайда бола ма деген үмітпен келіп едім. Сендердің өз араларың мұндай болды: Енді маған Бұхарадағы Иманқұл ханға баруға рұхсат беріңіз». Есім хан: «Жарайды, бар» деді. Мен Иманқұл ханға кеттім.
Түркістанда Есім ханнан соң хан болған өзінің баласы Жиһангер, онан соңғы Батыр хан, Батыр ханнан соң Жиһангердің баласы Тəуке хан, онан кейін Қайып хан, Қайыптан соң Тəуке ханның балалары Болат һəм Самеке (Самеке 1735 жылы опат болған). Бұлардан кейінгі Ғабдул Самедхан 1764 жылы опат, ең соңғы хан Абылай 1781 жылы опат болған. Абылайдың баласы Уəли ханның Түркістанға дəуірі жүре алмаған. 1785 жылы Түркістанды қазақ хандарынан Бұхарадағы Манғыт нəсілінен болған Мір Шаһмұрад алған. Алса да көп билей алмай 1799 жылы Ташкентте билеп тұрған Юнус қожа ажан. Юнус қожа өлген соң Түркістан тағы да Бұхараға қарап қалған.
1819 жылы жаз күні Түркістанды Қоқан ханы Омар алып, сонан 1864 жыл 12 июльге шейін Түркістанды Қоқан биледі. Омар хан əулиелерді зиярат етемін деп шығып, алдымен Түркістанға əскер жіберіпті. Сол кезде Бұхара үкіметінің сайлауы бойынша Түркістанды қазақ төресі Тоқай төре билеп тұр екен. Омар ханның əскері таң алдында ұйықтап жатқан күзетшілерді шетінен бауыздап, Түркістан қорғанының қақпасын ашып, соғыссыз шаһарды алған. Шаһарға жау кіріп, жұрт азан-қазан болып жатқанда Тоқай төре қатын-баласымен бір тесіктен шығып қашып Бұхараға барған. Мұнан кейін Омар хан қалған əскерімен Түркістанға кіріп, Түркістанды маңайындағы қазақтарымен өзіне бағындырыпты. Омар хан Түркістанда бірнеше күн тұрып, Қожа Ахмет Яссауидің мешітінде болып, 70 қой құрбан шалып, Түркістанға һəм маңайындағы халыққа хакім қылып Шихалбтал деген кісіні сайлап, көңілі өсіп Ташкент арқылы Қоқанға қайтыпты. Хан Қоқан шаһарына кіргенде күміс теңгеден шашу шашып, келер күні сарайына Қоқанның үлкен моллаларын жинап, өзін Əмір Əлмусилимин деп халыққа ескертіпті. Омар хан тəж киіп, Əмір Əлмусилимин деген сөзді ойдырып мөр жасатып, Шыңғыс хан мен ƏмірТемірді еліктеп маңызданыпты. Тоқай төре Бұхараға барып, бірнеше жүз құрама əскер алып Түркістанға қайта барса да, тағы да қашып құтылыпты. Ақырында Бұхара ханы Насыралла Тоқай төренің басын алыпты .
1821 жылы қазақтан Тентек төре деген шығьш, Түркістанды Қоқан билеуінен құтқарамын деп 12 мың адаммен Сайрамға барып жиналған екен. Мұны Омар хан есітіп қалып, Əбулқасым Аталыпты басшы қылып əскер жіберіп, Тентек төрені жуасытып, Қоқанға бағындырыпты. Түркістан халқы 1864 жылы тағы да Қоқан хандығынан бөлінуге талаптанып қараса да ретін таба алмайды. Ақырында көптен бір ханның қол астында белгілеп орныға алмай тұрған Түркістанды 1864 жылы 12 июньде соғыспен орыс полковнигі Веровкин алыпты.
Сол жолы Түркістанды орысқа бермеске хан Абылайдың шөбересі, Кенесары ханның баласы Садық төре де соғысқан екен. Түркістанның мұнша атақты шаһар болып, заманындағы хандар көз тігіл, əрқайсысы өзіне қаратын алуға қан төгіп, тарих жүзінде белгілі орын алуына себепші болған Қожа Ахмед Яассауидың бейіті һəм оның үстіне орнатқан мешіт белгі екені мағлұм болды.
Əмір-Темір көрегеннің замандасы Шарифалдин Уəлизаданың «Сапарнама» деген кітабында Қожа Ахмед Яссауи хазіретінің үстіндегі мешіттің салынуы хақында былай жазған: «Самарқанда «Діл хошы» бағының миуаларын егіп болған соң Əмір-Темір əскерін Ташкентке қарай жəнелтіп, Сырдариядан өтіп Ташкентке 50 шақырым жерде Шыназ деген қышлақтың қасына келіп түсіпті. Бұл арада қыстамақшы болып, əскерге жылы үйлер салдырыпты. Мұнан Əмір-Темір өзі Қожа Ахмед Яассауиді зиярат етіп, басына белгі орнаттыруға Иасыға жөнеліпті. ƏмірТемір Иасыға келген соң өзінің планы бойынша мешіт-белгі салып бір жылдың ішінде тəмəм болыпты».
Мешіттің биіктігі 100 кез шамасында, 34 күмбезді, күмбездердің сырты глазормен қапталып, əр түрлі дұғалар жазылған. Мешіт күйдірілген күмбезден салынған. Үлкен дарбазадан бір зор бөлмеге кіресің, Бұл бөлменің ортасында мыс (бронза) қазан бар, қазанның алабы бес қанат үйдің шаңырағындай, айналасында арабша сөздер жазылған һəм «ƏмірТемірдің жарлығы бойынша бұл қазанды құйған шебер Абдулғазиз Сроралдинұғлы, Термезден» деген жазу бар. Бұл үлкен бөлменің төріндегі есік хазіреттің өзі жатқан (қабірі) бөлмеге кіргізеді. Есігіндегі шығар ағашы ғажайып нақышталып, болат тұтқада жазылған шығарда «Ғазалдин Төжалдинұғлы» деген шебердің аты бар. Қазандағы һəм есіктегі жазудың екеуінен де көрінеді, мешіттің 1397 жылы салынғандығы. Мешітте ƏмірТемір сыйлаған ескі жазулы төрт Құран һəм есіктегі бронзадан құйылған алты шамдал бар, биіктігі бір кезден артық, ауырлығы 2-3 пұд шамасында, жазумен нақыштаған. Бұл мешітті салған бас шебер, 1387 жылы ƏмірТемір тұтқын қылып алған Шериаздық қожа Хусайын деген адам екен.
Қожа Ахмед Яссауи мешітінде бірнеше қазақ хандары қойылыпты: Мұндағы хандарға: Орта жүздің ханы Абылай, 1781 жылы опат, ұлы жүздің ханы Жолбарыс, 1740 жылы 5 апрельде Ташкентте мешіт ішінде сарттар өлтірген, Əбілхайыр хан – 1460 жыл шамасында опат болған һəм арғынның атақты Жəнібек батыры мен Кенесары сұлтанның əкесі Қасым хан да осында қойылған. Есім хан бұл мешіттің ішінде болмаса да маңайында қойылған екен, үстіне орнатқан белгісі бұл күнде жоғалып кетіпті. Бұлардан басқа Əмір-Темірдің шөбересі Бабыр хан һəм Оттан Сұлтан мұнда қойылған деседі. Тарих жүзінде біздің қазақ халқының һəм хандарының осындай қатынасы бар Хазірет Сұлтан мешітінің осы күні əр жері жарылып тозылуға бет алып тұрғандай түрі бар. Қожа Ахмед Яссауидың нəсіліміз деп неше жүз жылдан бері уақыт жерлерін пайдаланып, зиратқа келген аңқау қазақтарды жем қылып келген басындағы қожалар мешіттің мəңгіге қалуын тілеуден өз кеңірдектерін артығырақ қайғыратын секілді. 1910 жылы Түркістан шаихтары мешітті түзетеміз деп жұрттан есепсіз көп ақша жинапты. Көбін өзі қалталарында қалдырып, жиылған ақша осы ақ деп 12 мың сом көрсетіп, Козловский деген инженерді алдырып, мешіттің бағзы жерлерін түзеттіре бастаған екен, ісінің оннан бірі бітпей тұрғанда қожалар инженермен жанжалдасып, іс тоқтапты да, жиналған ақшаның көбі қожаларда қалыпты. Бұлардан есеп алушы, тексеруші ешкім жоқ. Жиылған малдың – ақшаның бəрі қазақтікі деп айтарлық, қожалар əр облыстағы қазақтарға барып, Хазірет сұлтанның мешітін түзетуге деп мал жинапты. Ақмешіт уезінде Хан деген жердегі диуана қожалардан бұрын болыс болған Ғұламқадір деген қожа һəм Музафар деген би екеуі 1910 жылы Атбасар уезіне шығып Бағаналының Қайдауыл деген ауылынан көп ақша жинап алып өздері жеп қойыпты. 1909 жылы Əулиеата уезінің қазағы, ботбай руынан Нұрмамбет Бəки баласы деген бір бай Хазіреттің зиратына ақша жинай барған Шуһап қожа дегенге таңдамастан жылқысының бір шетінен 100 жылқы бөліп берген екен. Қожалар бұл жылқының қымбаттарын сатып, түстерін бояп, Түркістанға тек тұяқ санын түгел қылып ылғи арық-тұрақ, көтеремнен 100 жылқы əкеліп тапсырыпты…
Бишара момын қазақ əулиенің атын атап, мың түрлі тіленші қожаларға жем болып тұрған жайы бар. Түркістан қожаларының зиратты түзететін ойы жоқ. Зиратқа келгендерді ерікті-еріксіз талаудан басқа кəсібі жоқ. Түркістан хакімдері қол астындағы мұсылмандардың басқа істері туралы қырағы болса да, қожалардан жоғарыдағы айтылған қиянаттарын не себептен көрмей жүргенін біле алмадық. Қожа Ахмед Яссауидың бірнеше бөлмелері бұзылып құлағалы тұр деп, қауіп етіп, үкімет осы күні печаттап қойыпты. Абылай хан жатқан бөлме, ақ сарай деген бөлме, зиаратхана деген бөлме һəм мешіттің құдығы бəрі де жабулы. Бұл мешітке қожалар ие болып тұрғанда жұрттан жылында миллиондап ақша жиылса да пайда жоқ. Мешіттің тарихы бір белгі болып мəңгіге қалуын тілеушілер болса, оны түзетуді археологические обществолардың біріне тапсырып, қайдан болса да жиылған ақшаның жарты тиынына қиянат болмайтын жолмен жиылып инженерлерді сол общество өзі жалдап түзеттірсе ғана мақсұт орындалар еді. Болмаса, енді біраз жылдарда бес-алты жүз жыл ғұмыр сүрген Қожа Ахмед Яссауи мешітінің орнында үйулі бір оба томпайып қалу ғажап емес.
М.Д.