Орысша оқушылар
Бесінші августа Орынбордағы киргизский учительский школаға кіремін деп келген талапкерлерге емтихан болды. Кіруге келген сексен кісі еді. Оның жартысы қазақ, жартысы орыс балалары. Жаңадан аларлық қазына һəм стипендия орны алтау-ақ екен. Келген сексен кісінің алтауынан басқалары ауқаты көтерсе өз жанынан оқымақшы. Өз жанынан оқитындар пəтерде тұрып, сонан келіп оқып жүреді я жылына жүз елу сом төлеп, мектептен тамақ ішіп, киім киіп, сонда жатып оқуға болады. Бай адамдарға жылына жүз елу сом көп ақша емес, кедейлерге күшінен келмейтін көп ақша. Солай болған соң, дұрысы былай істемек еді: бай балалары өз жанынан оқып, жарлы балаларына қазына орнын беру еді. Оны істейтін біздің Торғай мен Орал облысында байлар жоқ. Қазына орнына бай балалары жарлы балаларымен таласа кіреді. Қазақ байларының қалыбын істемей тұрған Мамановтар көрінеді. Медресесінде оқып жүрген балалардан зерек балаларды таңдап алып, жылына үш жүз сом ақша расход кесіп, орысша мұсылманша болсын оқу оқып қайтуға жібереді екен. Сондай жіберген балалардың бірі биыл киргизский учительский школаға кірді. Бұрын медресе «Ғалияда» оқып, былтырдан бері орысша мұғалімдік ғылымын білу ниетпен учительский школа я семинарға кіру үшін орысша оқыған екен. Талапкерлерге керекті ақшасын беріп, оқуға жіберіп жүрген байлар да, олардың ақшаларын адалдап орнына жұмсап жүрген бала да жарайды. Бір жыл орысша оқып, бірден соңғы болып школға емтихан беріп кірді. Жоғарыда айтылған алты бос орынның үшеуі қазаққа, үшеуі орысқа екен. Маманов талапкер қазынадан тиісті орнын емтиханнан бесінші больш келген бір жарлы баласына беріп, өзі Мамановтардан алатын ақшасының жүз елу сомын төлеп школада жатып оқиған болды. Сөйтіп биыл қазақтан келген қырық баланың төртеуі-ақ кірді. Басқалары өз күшімен оқуға ауқаты жоқ болған соң, қазына орны жетпеген соң еліне қайтты. Жылда учительский школаға қырық-елу бала келеді, төртеу-бесеуі яғни оннан бірі кіріп, басқалары оқуға қаржы таба алмай, еліне қайтады. Бұлар городской, губернский класты, сельский школа бітіргендер. Олар оқырлық орындар шамалы, учительский школа, семинария, адам фельдшері я мал фельдшерінің школалары. Торғай мен Орал облысында фельдшерлік школалар жоқ. Семинарияларда қазақ стипендиясы я тіпті жоқ, я бар болса аз, жоқ есебінде киргизский учительский школада қазына орны алпыс, оның жартысы қазаққа, жартысы орысқа деп ол жағынан да үлкен ауыл үлкендігін қылатын көрінеді. Торғай мен Орал облысының қазағы дендеп, көбірек оқитын орын киргизский школа, бұған кіре алмай қайтқаны оқи алмай қалғаны. Бұлардың бес-алты жыл оқып білгені шала-шарпы орыс тілі, шала-шарпы орыс жазуы. Білгендері шала-шарпы мұсылманша хат біледі, білмегендерінде ол да жоқ. Переводчик, хатшылық орынморын табылса жарады, табылмаса елде тұрып тіл де, жазу да ұмтылып, оқымаған қалпына түседі. Сана-саңлау түскендей я мұсылманша, я орысша жете оқыған жоқ: «аз білімін көпсініп, көп қазаққа епсініп», переводчик я хатшы болса, пысықсып тікектейтіндер осылардан шығады.
Жоғары һəм орта окулықтарымыз аз болса да, шолақ оқушыларымыз тəуір бар. Ең аз болса əр болыстан шолақ оқумен қалаған қазақ баласы елу-алпыс болады. Бұлардың қызметке кіргендері қазаққа епсінумен болады. Үйінде тұрғанның оқығанынан жұрнақ қалмайды. «Асыл тастан, өнер жастан» деуші еді, шырақ ұстап, жұрт алдына түсіп, түзу жолға бастайтын адамдар шығар деп үміт ететін жастарымыздың жайы осы. Орысша оқығандарымыздан пайда жоқ деп, қазақ өкпелейді. Сондағы оқығандарымыз дейтіні шолақ оқулылар болса, оларға өкпе жүрер ме? Егерде оқығандарымыз деп жоғары я орта оқулыларды айтса, олар тіпті аз-ақ есепте емес пе? Ұлт жұмысы – үлкен жұмыс, үлкен жұмысқа көп жұмысшы керек, үлкен үй салуға да қанша жұмысшы керек, жеті облыс қазақтың жұмысы үй жұмысынан ұлығырақ емес пе? Жұмысшы аз болса, жұмыстың өнімі де аз, көп болса, көп болмақы. Егер де оқу іздеген талапкерлеріміздің қырықтан төртеуі ғана оқырлық орын тауып, басқалары қаңғырып далада қалып отырса, жұрт жұмысшысы көбейіп мандыр ма, жұмысшы көбеймесе, жұрт жұмысы ілгері басып өнер ма?
Алты миллион қазаққа алты ат жегіп, тарта алмады деп өкпелеу жөн ба? Бұл да сол сияқты емес пе? Сол қаңғырып қалып тұрған балалар ұлттың ұлы емес пе? «Балам» деген жұрт болмаса, «Жұртым» дейтін бала қайдан шықсын? «Балам» деп бағып оқытып, адам қылғаннан кейін «Жұртым» деп танымаса, сонда өкпелеу жөн ғой. Аталық міндетін атқарып отырған жұрт жоқ, жұртқа борыштымын деп жүрген қазақ баласы жоқ. Баққан қазына, қазынаға борыштымыз деп жүр. Жастарды оқыту расходынан қашып, қазынаға борышты қылып қойса, жастарда не жазық бар? Баланы ұлша тəрбиелесең, ұл болмақшы, құлша тəрбиелесең, құл болмақшы. Егерде осы күнгі орысша оқығандардың арасынан «Жұртым» деп шығып жатса, жұрттың өткізген төлеуі үшін емес, адамшылық борышты басынан атқару үшін. Мойындағы борышты білу-білім ісі, борышты төлеу адамшылық ісі. Білім мен адамшылық екі басқа нəрсе, бірақ борышын білушілер көбейсе, төлеушілер де көбеюі ықтимал.
Жоғарыда айтылған сөздердің ықтығы мынау: əуелі, қазақ, жұртшылық етіп оқимын деген жастарыңды бүйтіп қаңғыртып қоймас үшін, қам қылыңдар. Ол үшін əр жердегі оқитын орындарда көбірек стипендия ашу керек, оны ашу қиын да емес, қымбат та емес. Баланы оқыту ата-анасына ауыр болғанмен, жұртқа жеңіл. Екінші, стипендияларды түрлі школдарда ашу керек. Қандай школдарда қанша стипендия ашу һəм, қалай ашу жайын тағы да жазармыз.
Бас мақала А. Байтұрсынов