ОДИССЕЯ

ОДИССЕЯ

ОДИССЕЙ ҮР ҚЫЗЫ КАЛИПСОНЫҢ ҚОЛЫНДА
Гомердiң «Одиссея» поэмасы бойынша баяндалған.

Трояның iргесiнен Итакаға қайтып келе жатқан сапарында Одиссей көптеген кауiп-қатерге тап болып, ауыр азап шектi. Ол жолда барлық серiктерiнен айырылды, бәрi де қаза тапты, қатал тағдыр олардың ешқайсысын да аямады. Ұзақ сергелдеңнен кейiн Одиссей ақыры Огигия155 аралындағы үр қызы Калипсоның қолына барып килiктi. Оған осы құдiреттi сиқыршы Калипсоның тұтқынында жетi жыл азап тартуына тура келдi. Сегiзiншi жылға аяқ басқан. Одиссей өзiнiң туған Итакасы мен семьясын әбден сағынған. Өз елiне қайтаруды жалбарынып қанша өтiнсе де, Калипсо бәрiбiр жiбермей қойды. Ақыр соңында әйтеуiр Одиссейге олимп құдайларының мейiрiмi түстi. Құдайлар кеңесiнде өз қызы Афина-Палладаның өтiнiшi бойынша Зевс теңiз құдайы Посейдонның жалғыз көздi ұлы Полифемдi соқыр қылып қойғаны үшiн бүкiл теңiз бетiнде Одиссейдi қуғындағанына қарамай, оны туған елiне қайтаруға шешiм қабылдады.

ОДИССЕЙ ИТАКАДА ЖОҚ КЕЗIНДЕ ҮМIТКЕР КҮЙЕУЛЕРДIҢ ОНЫҢ ДҮНИЕ-МҮЛКIН ШАШЫП, ЖҮГЕНСIЗДIК ЖАСАУЫ
Гомердiң «Одиссея» поэмасы бойынша баяндалған.

Құдайлар Одиссейдi елiне қайтаруға шешiм қабылдағанда жаугершi әйел тәңiрi Афина Олимп биiгiнен жерге
– Итакаға түстi де, тафийлер патшасы Менттiң кейпiне енiп, Одиссейдiң үйiне келдi. Бұл үйде ол Одиссейдiң әйелi Пенелопаға құда түсiп жүрген бұзақы күйеулердiң үстiнен шықты. Күйеулер той-думан залында құлдар мен қызметкерлер дайындап жатқан сауық-сайранды күтiп, асық ойнап отырған. Афинаны алдымен Одиссейдiң ұлы Телемах көрдi. Ол жалған Менттi iзетпен қарсы алды. Үйге кiргiзiп, жеке столға отырғызды. Тойдуман басталды. Күйеулер дәмге әбден тойынған соң әншi Фемийдi шақырып, ән-жырымен көңiлдерiн көтерудi тапсырды. Фемий ән салып тұрған кезде Телемах Ментке бұрылды да, күйеулердiң құлағына шалынбайтындай етiп, жәйiмен осылардан көрген қорлығын айта бастады. Телемах сонымен қатар қонақтың кiм екенiн, аты-жөнiн сұрады. Афина-Паллада өзiн Ментпiн деп таныстырып, Одиссейдi бiлетiнiн, Телемахтың әкесiне өте ұқсас екенiн айтты да, ештеменi сезбеген кiсi сияқтанып оның өзiнен мына жиынның мәнiсiн сұрады:
«Бұл не? Бiреудiң үйлену тойы ма, әлде басқа бiр мереке ме? Қонақтар неге сонша басынып кеткен?» Телемах қонағына қамыға отырып өз мұңын шақты. Ол мына күйеусымақтардың өз анасы Пенелопаны бiреуiмiзге тұрмысқа шық деп қинап жүргенiн, жүгенсiздiк жасап Одиссейдiң дүние-мүлкiн талан-таражға салып жатқанын баяндап бердi. Телемах әкесi Одиссейдiң көптен берi хабарсыз кеткенi, егер есен-сау оралатын болса мына топалаң бiрден басылып, өзiнiң әуре-сарсаң өмiрi бiрқалыпқа түсетiнiне кәмiл сенетiнiн айтты.
Әбден тыңдап болғаннан кейiн Афина Телемахқа өз қорғаушысын Итаканың бар халқынан iздеуге кеңес бердi, оларды жинап алып, күйеулердiң бұзақы қылықтарын айтып шағын дедi. Сонымен қатар Пилостағы Нестор қарт пен Спартадағы Менелай патшаға барып, Одиссейдiң тағдырын сұра деп ақыл қосты. Телемахқа осыларды айтып, Афина құс бейнесiне айналды да, көзден ғайып болды. Телемах сонда барып өзiнiң құдаймен сөйлескенiн түсiндi.
Осы кезде өз бөлмесiнен шығып той залына Пенелопа келiп кiрген. Ол Трояның iргесiнен қайта оралып келе жатқан батырлар туралы ән салып тұрған Фемийдiң дауысын естiдi. Пенелопа Фемийден мұндай мұңлы әндi қойып, басқаша ән салуын өтiндi. Бiрақ оның сөзiн Телемах бөлiп жiбердi. Ол әндi әншi таңдамайтынын, керiсiнше осындай әндi айтуға рух берiп, Зевс таңдайтынын ескерттi. Телемах анасынан өз бөлмесiне көтерiлiп: жiп иiру, киiм тоқу, күңдер қызметiн бақылау, үй iшiнiң жинақылығын қадағалау сияқты өз шаруасымен айналысуын өтiндi. Ол анасына өзiне тiкелей қатысы жоқ мәселелерге араласпауын, өз әкесi Одиссейдiң үйiнде әмiрiн жүргiзе алатын адам жалғыз өзi ғана екенiн ескерттi. Пенелопа ұлының сөзiн үн-түнсiз тыңдады. Сонан соң ұнжырғасы түсiп, өз бөлмесiне барды да, Одиссейдi есiне алып, бiраз уақыт егiлiп жылады. Ақыры, әйел құдай Афина оны тәттi ұйқыға бөлеп тастады.
Пенелопа кеткен соң үмiткер күйеулер оған жұбай болуға кiм лайықты деген мәселенiң төңiрегiнде айтысып жатты.
Олардың бәсеке тартысын Телемах бөлiп жiбердi. Ол өзiнiң үй-мүлкiн талан-таражға салудан қорғау үшiн халық жиналысына өтiнiш айтатынын ескерттi. Құдайлардың қаҺарымен де қорқытты. Бiрақ, оның бұл ескертулерi күйеулерге көп әсер ете қойған жоқ, олар бұрынғысынша түнге дейiн ән салып, би билеп, шуылдасып, жүгенсiздiк жасай бердi. Күйеулер тек түннiң бiр мезгiлiнде ғана тарады.
Телемахты ұйықтайтын бөлмесiне бiр кезде өзiн алақанына салып аялап өсiрген, Одиссейдiң ең сенiмдi қызметшiсi кәрi кемпiр Эвриклея ертiп барды. Одиссейдiң ұлы өзiнiң төсегiне жатты. Бiрақ, ол түнi бойы көз iлген жоқ – Афина-Палладаның кеңесiн ойлаумен болды.
Келесi күнi ала таңмен Телемах жаршыларға халық жиналысын шақыруға әмiр еттi. Халық тез жиналды. Халық жиналысына Телемах келдi. Оның сымбаттылығы сонша, жиналған жұрт көз алмай қарап, таңданумен болды. Итаканың ақсақалдары оған қақ айырыла жол бердi. Телемах әкесiнiң орнына барып отырды. Ол халыққа өз үйiн апыр-топыр қылып, бұзақылық жасап жүрген күйеусымақтардан қорғауды өтiндi. Халық өзiне көмектессе деп, Зевстiң, әдiлқазы әйел тәңiрi Фемиданың атымен жалбарынды.
Телемах ызалы жалынды сөзiн бiтiрiп, орнына барып отырғанда басы төмен салбырап, кезiнен жас парлап кеттi. Халық жиналысы үн-түнсiз қалды, бiрақ дәмелi күйеулердiң бiрi Антиной Телемахқа қарсы дөрекi сөздермен жауап қайтара бастады. Ол Пенелопаның сөз салған күйеулердiң ешқайсысына тұрмысқа шықпау үшiн ойлап тапқан қулығын бетiне басып айыптады. Пенелопа түгi түбiттей әсем жамылғы тоқып бiткен соң ғана құда түсушi күйеулердiң бiрiне тұрмысқа шықпақ болып уәде берiптi. Ол шынында да күндiз жамылғы тоқитын, бiрақ түнi бойы сол тоқығанын қайта тарқатып тастайтын, Антиной Пенелопа өзiне жұбай таңдап алғанша үмiткер күйеулердiң ешқайсысы Одиссейдiң үйiнен кетпейтiндiгiн айтып қорқытты. Антиной, тiптi Телемахтан өз анасын әкесiнiң үйiне қайтарып жiберуiн талап еттi. Мұнысы Пенелопаны тезiрек жұбай таңдап алуға мәжбүр етудiң амалы едi. Телемах анасын үйiнен қуып шығудан бас тартты, мынау жүгенсiз күйеулерден көрген қиянат зәбiрiне куәге Зевстiң атын атап жалбарынды. Найзағай құдайы Зевс мұның үнiн естiдi де, өз құдiретiнен аян бердi. Халық жиналысының төбесiнде көк аспанда шарықтап екi бүркiт көрiндi. Бүркiттер халық жиналысының нақ ортасына ұшып келдi де, бiрбiрiне бас салды. Өздi-өзiнiң омырауын, мойнын қанға бояп, жұлмалап, тез арада көзден ғайып болды. Халық аң-таң қалды. Құс балгерi Галимферс мұны Одиссейдiң жақын арада қайта оралатынына жорып, сол кезде дәмегөй күйеулердiң күнi қараң болатынын ескерттi. Одиссей ешкiмге байқатпай келiп, өз ошағын ойрандап, талан-таражға түсiргендердiң сазайын тартқызатынын айтты.
Үмiткер күйеулердiң бiрi Эвримах құс балгерiн келекеге айналдырып, мазақтай бастады. Ол тiптен Одиссейдiң өзiн өмiрiмен қоштастырамыз деп соқты. Күйеулер ешкiмнен – Телемахтан да, құс балгерi пiр тұтқан сәуегей құстардан да қорықпайды деп әкiреңдедi.
Телемах бұдан былай үмiткер күйеулерге жүгенсiздiктi тоқтатыңдар деп ештеңе айтқан жоқ. Ол халықтан Пилосқа барып, қарт Нестордан әкесi туралы бiр хабар бiлiп келу үшiн жедел жүзетiн ұшқыр кеме беруiн өтiндi. Телемахты жалғыз ғана Одиссейдiң досы салиқалы Ментор қолдады. Ол халыққа дәмелi күйеулердiң Телемахты осынша ренжiткенiне жол берiп отырғаны үшiн өкпе айтты. Жұрт үн-түнсiз отыр. Күйеулердiн бiрi Леокрит орнынан көтерiлдi. Ол Теламахты келемеждеп, егер Одиссей келiп, бұларды үйiнен қуып шықпақ болса оның өзiн мүрдем кетiретiнiн айтты. Леокриттiң дарақылығы сонша, халық жиналысын өз бетiмен таратып жiбердi.
Көңiлiн қайғы, көкiрегiн шер басқан Телемах теңiздiң жағасына барып, Афина-Палладаға жалбарынды. Афина-Паллада оған Ментордың бейнесiне енiп келдi. Ол Телемахқа есерсоқтанып өздерi опат болатын мезгiлдi бiрте-бiрте жақындатып келе жатқан күйеусымақтарға көңiл бөлмеуге ақыл бердi. Әйел тәңiрi Телемахқа кеме табуға көмектесiп, Пилосқа дейiнгi сапарында бiрге жүруге уәде еттi. Сосын Телемахқа үйiне барып, алыс жолға дайындалуды бұйырды.
Телемах оның айтқанына көндi. Үйiнде күйеулерге кездестi. Олар той-думанды тағы бастайын деп отырған. Антиной Телемахты келемеждей қарсы алып, қолынан сүйреп, ойын-сауыққа қатысуға шақырды. Телемах қолын ызалана тартып алды да, күйеулерге құдайлардың қаҺарымен сес көрсетiп кетiп қалды. Ол ең сенiмдi қызметшi кемпiр Эвриклеяны шақырып, Одиссейдiң кең қоймасынан алыс жолға қажет заттарды алмақ болды. Телемах Пилосқа барғысы келетiнiн жалғыз ғана Эвриклеяға айтып, өзi жоқта анасына қамқорлық жасауын өтiндi. Эвриклея Одиссейдiң ұлы мерт болып кете ме деп қауiптенiп, Телемахқа Итакадан ешқайда шықпа деп жалынды. Бiрақ ол айтқанынан қайтпады.
Афина-Паллада бұл кезде Телемахтың бейнесiне енiп, бүкiл қаланы айналып шықты. Жас жiгiттерден жиырма ескекшi жинап, кеме сұрау үшiн Ноемонға кiрдi. Ноемон өзiнiң ғажайып кемесiн шын ықыласымен бердi. Сапар дайындығы осымен бiттi. Афина көзге көрiнбей, күйеу-жiгiттер сауық-сайран құрып жатқан залға кiрiп, бәрiн ұзақ ұйқыға бөлеп тастады. Содан соң қайтадан Ментордың түрiне ендi де, сарайдан Телемахты ертiп шығып, теңiз жағасындағы кемеге алып барды. Телемахтың серiктерi Эвриклея дайындаған азық-түлiктi тездете жеткiзiп кемеге тиедi. Телемах жалған Ментормен кемеге көтерiлдi. Афина арттан соғатын жел тұрғызды да, кеме ашық теңiзде шапшаң жүзе жөнелдi.

ТЕЛЕМАХТЫҢ НЕСТОР МЕН МЕНЕЛАЙҒА КЕЛУI
Гомердiң «Одиссея» поэмасы бойынша баяндалған.

Әйел құдай Афина Телемахтың жолын оңғарып, сәттi сапар сыйлады. Келесi күннiң таңында-ақ күн құдайы Гелиос өзiнiң ақшақардай ақбоз атына мiнiп, аспанға көтерiлген мезгiлде Посейдонға құрбандық шалып жатқанының үстiнен шықты. Телемах Пилосқа келiп жеттi. Бүкiл халық теңiз құдайының құрметiне қыруар бұқа сойып, көл-көсiр тағам дайындаған екен. Олар әрқайсысының басына бес жүз адам орналасатын тоғыз столға жайғасты. Қызметшiлер жұрттың алдына тағам тарта бастағанда Нестор ең алдында Ментордың бейнесiне енiп, топ бастап келе жатқан Афина-Паллада бар жат жерлiктердi байқады, Кәрi патша қонақтарды жылы шыраймен қарсы алды. Нестордың ұлы Писистрат келгендердi дәм татуға шақырды. Ол Афинаға шарап құйған құмыра ұсынып, Посейдон құдайдың құрметiне тәуеп етуiн өтiндi.
Ac аяқталған соң Нестор жат жерлiктердiң қайдан келгенiн сұрады. Телемах өзi Одиссейдiң ұлы екенiн, мұнда әкесiнiң тағдырын бiлу үшiн келгенiн айтты. Нестор алдында тұрған жiгiт ақылдылығы үшiн өз батырлардың бәрiнен ерекше бөлек сыйлайтын Одиссейдiң ұлы екенiн есiткенде қатты қуанды. Ол Телемахтың әкесiне түр-түсiмен ғана емес, ақыл-ойымен де ұқсайтынына таң қалды. Нестор Телемахқа гректердiң Троядан қайтар сапарда бастан кешкен ауыр азаптарын баяндап бердi. Ал Одиссей жөнiнде ешнәрсе айта алмады. Ол үйiн ойрандаған есерсоқ күйеусымақтардан көрген жәбiрi үшiн Телемахқа аяныш бiлдiрдi. Данышпан қарт ендi оған тезiрек үйiне қайтуға кеңес бердi, тек алдымен елiне батырлардың бәрiнен соң оралған Менелайға барып жолығып, Одиссейден бiр хабар бiлетiн болса соны анықтай кетудi ескерттi. Нестор құдайлардың, әсiресе Афина-Палладаның Одиссейдiң ұлына әкесiнiң қайда екенiн бiлуге сөзсiз көмек көрсететiнiне сенiмдi едi.
Кеш түстi. Кемесiне қайта оралмақ болған Телемахты Нестор жiбермедi. Ол Одиссейдiң ұлы өз сарайында түнеп шығуын қалады. Телемахқа осында қонып шығуға Ментор да кеңес бердi. Ал өзi ескi қарызын өндiрiп алу үшiн кавкондар елiне сапарға шығатынын ескертiп кемеге қайтуға қамданған. Кенет Ментор айтарын айтты да, бүркiтке айналып, таң-тамаша қалған пилостықтардың көз алдынан ғайып болды. Нестор да, басқалар да Телемахқа әйел құдай Афинаның өзi көмектесiп жүргенiн түсiндi.
Келесi күнi таңертең Нестор әйел құдай Афинаның құрметiне құрбандыққа мүйiзi алтындаған тана сойды. Құрбандың рәсiмi бiткен соң ұлдары күйменi жектi. Телемах пен Нестордың кiшi ұлы Писистрат күймеге отырып, Менелайға бет түзедi.
Аттар жүйткiп бердi. Кеш түсе жолаушылар Диокл батыр туратын Ферыға156 келiп жеттi. Писистрат пен Телемах сонда түнеп, келесi күнi ертеңгiлiк таң қылаң бере жолға шықты да, кешкiлiк Спартаға келiп жеттi.
Телемах пен Писистрат Спартаға жеткенде мұнда ұлан-асыр той болып жатыр едi. Менелай Троя түбiнде берген уәдесiне тұрып өзiнiң қызын Ахиллдiң ұлы Неоптолемге ұзатып жатқан. Мұнымен бiрге ұлы Мегапенттiң үйлену тойын да орайластырған. Менелайдың қонақтары тым көңiлдi думандады. Қонақтардың көңiлiн көтеру үшiн әншiлер сазға қосылып, ән салды, музыка ырғағына берiлiп, екi жiгiт би биледi. Телемах пен Писистрат сарайға тойдың нағыз қызған кезiнде келiп жеттi. Оларды Менелайдың қызметшiсi қарсы алды. Жат жерлiктердi көре салып, ол қожасына жүгiрiп барды да келгендердi өз сарайында қабылдайтын-қабылдамайтынын сұрады. Менелай аттарын доғарып, өздерiн тойға шақыруды бұйырды. Кезiнде басынан талай қиыншылықты өткiзiп қонақжайлық қадiрiн жақсы түсiнген Менелай есiгiн әркез ашық ұстайтын. Қызметшi патша бұйрығын орындауға тұра жүгiрдi. Қызметшiлер аттарды ағытып, шетжерлiктердi сарайға ертiп келдi. Телемах пен Писистрат жуынып-шайынып киiмдерiн ауыстырып алған соң той залына беттедi. Олар Менелай сарайындағы қадам басқан сайын кездесiп, көз жауын алатын байлық пен жиҺазға таң қалды. Патша шетжерлiктердi жылы жүзбен қарсы алып, өзiнiң қасына отырғызды.
Менелайдың дастарқаны ағыл-тегiл болатын. Сарай сәнi мен дастарқан байлығына таң қалған Телемах Писистратқа бұрып, баяу ғана мұндай салтанатты өмiрi көрмегенiн, бұдан бай, бұдан әсем тек Зевс сарайы шығар деп шамалайтынын айтты. Телемахтың сөзiн естiп қалған Менелай ақырын ғана жымиып, түбiнде өлiмге бiр бас иетiн адамдардың мәңгi өлмейтiн құдайлармен теңесе алмайтынын ескерттi. Егер мұның сарайының салтанаты зор болса, сол дәулеттi табу үшiн сiңiрген еңбегi мен бастан кешкен қауiп-қатерi де шексiз болғаны ғой. Бiрақ бұл өткерген қауiп-қатердiң бәрi Одиссейдiң басына түскен михнат-азаптың қасында түк емес. Телемах әкесiнiң атын есiткенде жылап жiбердi. Осы кезде Менелайдың әйелi сұмбiл шашты Елена кiрiп келдi. Оның соңынан алтын ұршық пен жiп салынған алтын ернеулi күмiс себеттi көтерiп күндер ендi. Жат жерлiктерге көзi түскенде Елена олардың бiрi Одиссейге өте ұқсайтынына таң қалды. Мұны ол Менелайға айтқан. Еленаның сөзiн естiп қалған Писистрат алдындағы жiгiт шынында да Одиссейдiң ұлы Телемах екенiн айтты. Менелай қасында отырған жiгiт өзiнiң сүйiктi досының ұлы екенiн есiткенде керемет қуанды. Ол Одиссейдiң ерлiк iстерi мен Троя iргесiнде гректердiң басына түскен ауыртпалықтарды еске түсiрдi. Одиссейдi Елена да есiне алды. Әкесi туралы айтылған осынау сөздер Телемахтың көзiнен тағы да жас ағызды. Трояның түбiнде қаза тапқан ағасы Антилохты есiне түсiрiп, Писистрат та жылады. Қаза тапқан достарының қайғысы Менелайдың да көңiлiн босатты. Мұны көрген Елена еңселерiн мұң басқан батырлардың көңiлiн көтеру үшiн шарап құяр құтыға Египетте өзiне патша-ханым Полидамна сыйлаған таң ғажайып шөптiң шырынын тамызды. Сауық-сайранды доғаратын мезгiл де болып қалған едi. Кешiкпей Меналай мен оның қонақтары дем алуға кеттi. Спарта патшасы Телемахпен әңгiмесiн келесi күнге қалдырды.
Таңертең Менелай патша Телемахтан Спартаға келу себебiн сұрады. Телемах әкесiнiң тағдырын бiлуге келгенiн айтты. Менелай Одиссейдiң ұлына өз басынан өткен барлық оқиғаны, соған қоса теңiз тәңiрi Протей оған Трояның iргесiнен қайтып келе жатқан грек батырларының тағдырын қалай аян еткенiн айтып бердi. Одиссей, Протейдiң сол айтқанына қарағанда, үр қызы Калипсоның аралында тұтқында жүр. Менелайдың Телемахңа әкесi туралы айта алатын хабары осы-ақ едi. Спарта патшасы Телемахқа он екi күн қонақ бол деп жалынды. Бiрақ Телемах өзiн ұстамай, тезiрек үйiне жiберуiн өтiндi. Менелай мен Телемахтың әңгiмесi ұзаққа созылды.
Бұлар әңгiмелесiп отырғанда қонақтар сарайға тағы жиналды. Кешiкпей сауық-сайран қайта басталуы керек едi.

КҮЙЕУСЫМАҚТАРДЫҢ ТЕЛЕМАХҚА ҚАРСЫ ҚАСТАНДЫҒЫ
Гомердiң «Одиссея» поэмасы бойынша баяндалған.

Телемах Пилос пен Спартада жүрген кезде күйеулер өздерiне келген Ноемоннан Телемахтың Итакадан кетiп қалғанын бiлдi. Олар Телемах Пилос пен Спартадан көмек сұрай кеткен болар деп зәресi ұшты. Антиной күйеулерге кеме жабдықтап, теңiзге шығып, тұтқиыл шабуыл жасап, Телемахтың көзiн жоюға кеңес бердi. Мұндай арам ниетке күйеулердiң бәрi қосылды. Олар ескекшiлер жинады да, теңiз жағасында кеме жабдықтап, тосқауыл құру үшiн Астерид аралына қарай жүзiп кеттi.
Қара ниеттi адамдардың зұлымдық әрекетiн Пенелопа бiлiп қойған. Ол қатты қиналды. Өйткенi Телемахтың Итакадан аттанып кеткенiн ол да бiлмейтiн. Пенелопа қызметшiсiн Одиссейдiң әкесi Лаэрт қарияға жiберiп, немересiнiң басына төнген қауiп-қатер жөнiнде ескертпек болып едi. Бiрақ қызметшi кемпiр Эвриклея тоқтатып тастады. Ол Пенелопаға Афина құдайдан көмек сұрап жалбарынуға кеңес бердi. Патша әйелi Эвриклеяның айтқанына көнiп, әйел тәңiрiнiң құрметiне құрбан шалып жалбарынды. Сонан соң мамық төсегiне жатып ұйықтап қалды. Әйел құдай Афина оның тiлегiне құлақ асты. Ұйқыда жатқан Пенелопаға сiңлiсi Ифтиманың аруағын жiбердi. Аруақ Телемахтың ешкiмнiң қолынан опат болмай аман оралатынын айтты. Пенелопа ендi жұбайының тағдырын сұрағанда Ифтиманың елесi ешқандай жауап қатпай, селдiреген ақ тұман сияқты ыдырап жүре бердi. Пенелопа оянып кеттi. Ол бұл сағымды құдайлар жiбергенiн түсiндi.

ОДИССЕЙДIҢ ҮР ҚЫЗЫ КАЛИПСОНЫҢ АРАЛЫНАН КЕТУI
Гомердiң «Одиссея» поэмасы бойынша баяндалған.

Құдайлар өз кеңесiнде Телемах күйеусымақтардың шабуылына ұрынбай, есен-сау өз отанына оралуына Афина көмектесуi керек деп шештi. Ал Гермес Огигия аралына ұшып барып үр қызы Калипсоға Одиссейдi босатып жiберудi бұйыруы керек. Найзағай құдайы сол заматта Герместi Калипсоға аттандырды.
Аяғына қанатты кебiсiн киiп, қолына аса таяғын ұстап, қиялдан жұйрiк Гермес Олимптен құлдырай жөнелдi. Теңiз үстiмен бүркiттей самғап, көздi ашыпжұмғанша Огигияға жеттi. Бұл тамаша арал болатын. Мұнда шетен ағашы, терек, қарағайлар, үйеңкiлер мен кипаристер жапырақ жайып құлпырып тұратын. Шабындықтар көкорай шалғынға оранып, олардың арасынан қоғажайлар мен лала гүлдерiнiң хош иiсi аңқитын. Аралды төрт бұлақ суландыратын, ағаштар арасымен мың бұралып арықтар ағып жататын. Мұнда қоңыр салқын бiр үңгiр бар едi, Калипсо сонда тұратын. Үңгiрдi жүзiм сабақтары шырмап алыпты, ал оларда уылжи пiскен шоқ-шоқ жүзiм тiзiлiп тұр. Гермес келгенде үр қызы Калипсо алтын өрмекте бедерлеп әсем жамылғыш тоқып отырған. Одиссей мұнда жоқ болатын. Ол теңiз жағасындағы жақпар тастың үстiнде қиырға көзiн тiгiп, жападан-жалғыз отыр едi. Өзiнiң туған Итакасын есiне алып, көз жасын көл қылып отырған. Ол күнде осылай қара басы қайғыға малынып отыратын да қоятын.
Кiрiп келе жатқан Герместi көрiп, Калипсо орнынан тұрып, қарсы алды. Қонағын төрге шығарып, мәңгiлiк жүзiм сөлi мен шәрбәт ұсынды. Құдайлар тағамына тойып алған соң Гермес Зевстiң шешiмiн айтты. Калипсо Одиссейден айырылатынын есiткенде еңсесi түсiп кеттi. Ол Одиссейдi өз аралында бiржола қалдырып, мәңгiлiк өмiр сыйламақ едi. Бiрақ Зевс шешiмiне қарсы шыға алмады.
Гермес кеткен соң Калипсо теңiздiң жағасында көкiрегiн қайғы көмген Одиссейге келiп:
– Одиссей, көз жасыңды тый, бұдан былай қайғырма. Мен сенi отаныңа жiберемiн. Бар, балта алып, ағаш кесiп, берiк сал жаса. Сол салмен жолға шығасың, ал мен саған оңыңнан жел тұрғызамын. Егер құдайлар қолдаса, елiңе ораласың, – дедi.
– Құдiреттi құдай, – дедi Одиссей Калипсоға. – Сен маған атамекенiме жетудi емес, басқа бiрдеңе дайындап жатқан сияқтысың. Буырқанған теңiзден алақандай салға мiнiп аман өтуiм мүмкiн бе? Одан құстай ұшқыр кемелердiң өзi әрең өтедi емес пе. Жоқ, тәңiрiм, сен менiң көзiмдi жою үшiн бiр сұмдық ойластырмағаның жайында құдайлардың атынан ант берсең ғана мен салға отырамын.
– Өмiрi қысқа пенделердiң iшiндегi ең ақылдысы, ең көрегенi сен деген сөз рас екен, Одиссей! – деп таңданды Калипсо.– Саған ажал тiлемейтiнiме Отикс суымен ант етемiн.
Калипсо Одиссейдi ертiп үңгiрге келдi. Ас үстiнде оны қал деп үгiттей бастады. Мәңгiлiк өмiр сыйлаймын деп азғырды. Калипсо жолда қаншалықты қауiп-қатер күтiп тұрғанын Одиссейдiң бiлмейтiнiн, егер оған анық көзi жетсе ғой, өзi-ақ қала салатынын айтты. Бiрақ Одиссейдiң туған жерiне деген махаббаты өте күштi едi, сондықтан да Калипсоның ешқандай уәдесi Итаканы, өз отбасын ұмыттыра алмады.
Келесi күнi ертеңгiлiк Одиссей сал құрастыруға кiрiстi. Ағаш кесiп, бөрене жонып, бiрiмен-бiрiн байластырып, тақтаймен шегелеп, төрт күн жұмыс iстедi. Ақыры, сал дайын болып, дiңгегiне желкен iлiндi. Калипсо Одиссейге жолазық берiп, қоштасты. Одиссей желкендi жайып жiбердi. Оңынан соққан жел салды теңiзге қарай айдай жөнелдi.
Бағытын Үркер мен Жетiқарақшы жұлдыздарына қарап анықтап, Одиссей он сегiз күн жүздi. Ақыры, алыстан жер көрiндi. Бұл феакийлiктер157 аралы болатын. Осы кезде Одиссейдiң салын эфиоптардан қайтып келе жатқан Посейдон құдай байқап қалды. Теңiз әмiршiсiнiң iштегi қыжылы қайнады. Ол өзiнiң үш ашалы асасы мен теңiздi салып қалды. Адам айтқысыз дауыл көтерiлдi. Аспанды бұлт торлап, айналаның бәрiн қара түнек басты да кеттi. Жан-жақтан жел құтырына соғып, теңiз дөңбекшiдi. Одиссейдiң зәресi ұшты. Оның қорыққаны сонша, бұдан гөрi Трояның түбiнде қаза тапқан батырлардың қасында қалмағанына өкiндi. Таудай толқын соқтықты да, салдан оны жұлып әкеттi. Теңiз тұңғиығына бiр батып, Одиссей су бетiне әрең көтерiлдi. Оған қоштасарда Калипсо берген үстiндегi киiмдерi кесiр жасай бастады. Дегенмен ол өз салын қуып жетiп, жиегiнен жармасып, сiлесi қатып ақыры үстiне шықты. Жел есiрiп, салды бiрде олай, бiрде бұлай лақтырады. Бiрде оны ысқыртып қатыгез Борей қуып кетсе, бiрде Нот айдайды, ендi бiрде шуылдақ Эвр ойыншық етiп ары-берi тәлкекке салып, соңынан Зефирге лақтырып жiбередi. Сал айналасында таудай-таудай толқындар ұмар-жұмар болады.
Одиссей осындай қауiп-қатермен арпалысып жүргенде оны теңiздiң әйел тәңiрi Левкотея көрiп қалған. Ол сұңгуiр үйректiң бейнесiне енiп, теңiзден ұшып шықты да, Одиссейдiң салына қонып, өз кейпiне қайта көштi. Левкотея Одиссейге үстiндегi киiмiн шешiп, салды да тастап, теңiзге түсiп, жағаға жүзiп жетуге әмiр бердi. Құдай оған ажалдан аман құтқаратын ғажайып жамылғыш ұсынды. Айтарын айтты да, Левкотея қайтадан сұңгуiр үйрекке айналып, ұшып кеттi. Бiрақ Одиссей салды тастап кетуге тәуекел ете алмады. Дәл осы сәтте Посейдон құдай таудай-таудай алып толқынды Одиссей салының үстiне құлатсын кеп. Ышқынған жел құшаққұшақ сабанды жан-жаққа қалай ұшыратын болса, алып толқындар Одиссей салын нақ солай күл-талқан қылды. Батыр әрең дегенде бөрененiң бiреуiне жармасып, үстiне көтерiлдi. Тездетiп киiмiн шешiп, Левкотеяның жамылғышына оранды да, теңiзге бiр-ақ қарғып, жағаға қарай жүзе жөнелдi. Мұны көрiп Посейдон айқай салды.
– Мiне, саған ендi осы да жетер! Тағы да бiреу кездесiп құтқарғанша асау теңiзбен алысып, жүзе бер. Менi ешқашан ұмытпайтын боласың.
Осылай айызы қанып, Посейдон су асты сарайына қарай бет түзеп аттарына қамшы басты. Ал Одиссейге көмекке Афина-Паллада жеткен. Ол Борейден басқа желдiң бәрiне тиым салып, сапырылған теңiздi сабасына түсiре бастады.
Одиссей асау теңiзбен екi күн алысты. Теңiз тек үшiншi күнi ғана басылды. Бiр толқынның жалына көтерiлгенде ол жақын маңнан жер көрiп, қуанып кеткен. Бiрақ жүзiп жете бергенде жағаға соққан толқынның дауысын естiдi. Толқындар сағадағы жақпартастар мен су астындағы жартастар жiгiне арқырап ұрып жатыр. Егер осы жерде тағы да Афина-Палладаның көмегi тимегенде Одиссейдiң ажал құшуы сөзсiз болатын, жартасқа соғылып мылжа-мылжасы шығар едi. Ол бiр тасқа жармаса бергенде кейiн лықсып солқ еткен толқын жұлып алды да, қайтадан теңiзге лақтырды. Одиссей ендi жағалауды бойлай жүзiп, судан шығуға қолайлы жер iздей бастады. Ақыры өзен сағасын байлаған Одиссей өзен құдайынан көмек сұрап жалбарынды. Құдай оның көз жасын қабыл алып, ағысын тоқтатты да, жағаға жетуiне көмектестi. Одиссей жағаға шықты, бiрақ ұзақ жүзiп әлсiрегенi сонша, жерге ес-түсiн бiлмей құлады. Ол өзiне-өзi әрең келдi. Левкотеяның жамылғышын шешiп, керi бұрылмай, тұрған жерiнен теңiзге лақтырып жiбердi. Жамылғыш жедел жүзiп барып иесiнiң қолына тидi. Одиссей болса жағадан шеткерi өсiп тұрған екi шоқ майшетеннiң түбiнде үйiлiп қалған құрғақ жапырақтарды көрдi де, түн салқынынан сақтану үшiн солардың арасына кiрiп жатты. Әйел құдай Афина оны қалың ұйқыға бөлеп тастады.

ОДИССЕЙ МЕН НАВСИКАЯ
Гомердiң «Одиссея» поэмасы бойынша баяндалған.

Одиссей құрғақ жапырақтарға оранып ұйықтап жатқан кезде әйел құдай Афина феакийлiктер қаласына барған. Онда ол Алкиной патшаның сарайына кiрiп, теңiзшi Димант қызының бейнесiне ендi де, ұйықтап жатқан патша қызы Навсикаяның алдына тұра қалды. Навсикаяны Афина киiмiңе ұқыпты қарамайсың деп айыптай бастады. Жақында ұзатылу тойы болатынын жас қыздың есiне салып, туыстары мен өзiи күйеудiң үйiне ертiп апаратындар үшiн таза киiм-кешек дайындап қоюы керек екенiн ескерттi. Афина Навсикаяны теңiз жағасына су жиналған әуiздерге күңдерiн ертiп барып, киiмдердi жууға асықтырды. Осыны айтты да, ол қызды қалдырып Олимпке көтерiлiп кеттi.
Ертеңгiлiк Навсикая ұйқысынан оянды. Көрген түсi таң қалдырды. Сол заматта ол өзiнiң ата-анасына барды. Анасы Арета ошақ қасында, қызметшiлерiнiң ортасында қызыл күрең жiп иiрiп отыр екен. Ал әкесiн есiк алдында кездестiрдi – ол Феакия қауым басшыларының кеңесiне кетiп бара жатқан. Навсикая әкесiне таяп келдi де, өзенге барып киiм-кешектi жуып қайту үшiн қашыр жегiлген пәуеске беруiн өтiндi.
– Кiр киiмдер көбейiп қалыпты, – дедi Навсикая. – Мен барып соларды жуып келейiн. Қауым басшыларының кеңесiнде сен тап-таза киiмдерiңмен жарқырап отыруың керек қой, ал жеткiншек балаларың да Феакия қыздарының ойын-сауығына таза киiм киiп барғысы келедi. Киiм жайында ойланатын жалғыз мен-ақ.
Навсикая осылай дедi. Бiрақ көңiлi қанша қалап тұрса да, неке жөнiнде тiс жарып ештеңе айтқан жоқ. Ол жайында бiрдеңе деуге ұялды. Ал Алкиной қызының құпия сырын сезген. Мейiрлене бiр жымиды да, құлдарға пәуеске дайындап, қашыр жегуге әмiр бердi. Навсикая тез жиналды. Патша әйелi Арета қызы мен оның күңдерi жұмыстан соң әлденiп алсын деп тағам мен шарап бердi. Оған қоса суға түсiп шыққан соң сылану үшiн қош иiстi май салынған алтын ыдыс ұсынды.
Навсикая мен оның күңдерi теңiз жағасына көңiлдi аттанды. Әуiздерге келген соң киiм-кешектi жуып-шайып, кептiру үшiн теңiздiң құмдауыт жағасына жайып тастады. Жұмыстарын бiтiрген соң, жас қыздар суға түсiп жуынып, денелерiне қош иiстi май жақты. Сонан соң тамақтанып алды да, теңiз жағасында доп қуып ойнады. Мiне, осы жерде Афина-Паллада Одиссейдi қалай оятудың ебiн тапты. Навсикая допты құрбыларына лақтырып едi, ал Афина ешкiмге көрiнбей, қайратты қолымен оны қағып жiберiп, теңiзге түсiрдi. Қыздар шу ете қалды. Осы дауыстан Одиссей оянып кеттi. Ол iлкiде не iстерiн бiлмей қалды, тығылып жатқан жерiнен шығар-шықпасын бiлмей састы. Ақыры ол тәнiн жапырақпен жауып, қыздардың алдынан шықты. Үстi-басын теңiз балдыры мен шөп-шалам басқан Одиссей тым қорқынышты көрiндi. Қыздардың зәрелерi ұшып, тым-тырақай қаша жөнелдi. Тапжылмай қалған жалғыз Навсикая едi, оның бойына Афина батылдық дарытқан. Одиссейдiң мына секiлдi сұлудың қасына жақындауға батылы бармады, тек аулағырақ тұрып қызға жалбарына бастады:
– О, ғажайып ару, мен саған қол жайып жалбарынамын. Сенiң көркiң әйел құдай Артемидадан бiр де кем емес. Расында құдаймысың өзiң? Егер сен ет пен сүйектен жаралған адам болсаң, сендей қызы бар ата-ана неткен бақытты едi! Сенiң сымбатың бiр кезде Делостағы Аполлонның құтханасының қасында көрген пальманы есiме түсiрiп тұр. Мейiрiмiңдi төгiп, аяй көр менi, айналайын, ару! Мен асау теңiзбен жиырма күн арпалыстым. Жалаңаш тәнiмдi жасыру үшiн тым құрыса бiр жапырақ шүберек бер! Осы көмегiң үшiн мәңгi тiрi құдайлар сенiң бар тiлегiңдi қабыл етсiн. Олар саған бақытты неке сыйласын!
– Ей жатжерлiк, – деп жауап қатты Навсикая.– Мына сөзiңе қарағанда, тегiн адам емес екенiң сезiлiп тұр, құдайлар сенi ақыл-ойдан кенде қылып жаратпаса керек. Алайда Зевс бақыт пен сорды шонжарға да, сорлыға да бiрдей жiбередi. Саған Зевс не сыйласа – соған разы бол. Бұл жерде сен ешнәрседен кенде болмайсың. Мен саған қалаға барар жолды көрсетейiн. Мен феакиялықтардың әмiршiсi Алкинойдың қызымын.
Навсикая күңдерiн шақырып алып, Одиссейге таза киiм берiп, тамақтандыруды тапсырды. Одиссей өзен суына жуынып, үстiне хош иiстi май жағып, өзiне берген киiмдердi кидi. Афинаның Одиссейге ажар-көрiк бергенi сонша, ол теңiз жағасына шығып отырғанда Навсикая көктен түскен құдай ма деп те ойлады. Ең сұлу патша қызы мұндай жiгiттi өз күйеуi етудi қалар едi. Күңдер оған шарап пен ас әкелдi, аштық әбден қинаған Одиссей бiраз ындынын басты.
Бұл кезде қалаға қайту дайындығы бiткен болатын. Навсикая Одиссейдi қалаға шақырды. Тек мынаны ғана ескерттi: Одиссей қақпадан бұлармен бiрге кiрмеуi керек, ол қала қақпасының аузындағы Алкинойдың бағында, әйел құдай Афинаға арналған тоғай маңында күте тұруға тиiс. Навсикая өзiмен бiрге келе жатқан асқан сымбатты жатжерлiктi көрсе феакиялықтар таңдаған жары осы екен деп сөз тарата ма деп қорықты, Навсикая Одиссейге бұдан басқа тағы бiр кеңес бердi. Одиссей сарайға кiргенде алдымен патшаның әйелi Аретаның аяғына жығылып, көмек сұрауы керек, өйткенi бүкiл халық оны асқан ақылы үшiн құдайдай сыйлайды. Осыны айтып, Навсикая қашырларды қалаға қарай айдады. Соңынан күңдер мен Одиссей жүрдi. Патшаның қызы соңындағылар қалып қоймау үшiн қашырлардың тiзгiнiн тежеп ұстады.

ОДИССЕЙДIҢ АЛКИНОЙ ПАТШАҒА КЕЛУI
Гомердiң «Одиссея» поэмасы бойынша баяндалған.

Навсикая сарайға келгенде алдынан ағалары шықты. Олар қашырларды доғарып, киiм салынған себеттi сарайға кiргiздi. Навсикая өзiнiң бөлмесiне кеттi. Мұнда оған тәрбиешi Эвримедуза күң бай дастарқан жасап қойған болатын.
Одиссей қақпа алдында бiраз аялдады да қалаға беттедi. Эйел құдай Афина батырға феакийлiктердiң бiрi жәбiр көрсетпеуi үшiн қоңыр бұлтпен орап, көзге көрiнбейтiн етiп жiбердi. Қала қақпасы алдында оған феакийлiк қыздың бейнесiне енген Афина-Паллада кезiктi. Одиссей оған Алкиной сарайын көрсетiп жiберудi өтiнiп едi, қыз Алкинойдың сарайына дейiн ертiп апаруға дайын екенiн, тек бұл қаланың халқы онша қонақжай болмағандықтан жолда кездескен адамға бұрылып, тiл қатпауын ескерттi. Одиссей әйел құдайдың соңынан үн-түнсiз ерiп келедi. Оны қаланың байлығы, кемелер тұрған кемежай, қаланың үлкен алаңы, оны қоршаған мықты дуалдар таң қалдырды. Ақыры олар Алкинойдың сарайына келiп жеттi. Әйел құдай Афина Одиссеймен қоштасарда, Навсикаяның айтқанындай, ең алдымен патшаның әйелi Аретаға жалбарынуға тағы да кеңес бердi. Сонсоң Афина жөнеле бердi.
Қаланың байлығы Одиссейдi таң қалдырып едi, Алкинойдың сарайы одан бетер таңдандыра түстi. Сарай бүтiндей жарқыраған жезден соғылған екен. Қабырғалардың жоғары жағы темiрмен әшекейленген. Сарайға кiретiн есiк саф алтыннан, жақтаулары күмiстен, табалдырығы қоладан құйылыпты. Есiктердiң алдында Гефест-құдайдың өзi жан салып, мәңгi өлмейтiн ғып соққан бiрi алтын, бiрi күмiс екi ит тұр. Одиссей сарайға кiрдi. Ол мұнда үстiне оюлы, аса қымбат жапқыштар жабылған орындықтарды көрдi. Әдейi жасалған сәкiлерде қолдарына алау ұстаған жасөспiрiмдердiң алтын мүсiндерi. Алкинойдың сарайы көздiң жауын алатын. Бiрақ бәрiнен ғажабы сарайдың қасындағы бақ едi. Жемiстiң барлық түрi қысы-жазы бiрдей өсiп, тамылжып тұрады. Зефирдiң жылы желi бақты желпи еседi. Мұнда жыл бойы жемiс беретiн жүзiмдiк те бар. Бақ iшiнде сыңғырлап бұлақ ағып жатыр, ал екiншi бiр бұлақ сарайдың iргесiн шаяды. Одиссей осының бәрiне ұзақ таңданды, ақыры ол той-салтанат залына кiрдi. Мұнда Алкиной, Арета және Феакийдiң ең игi-жақсылары отырған-ды. Олар Гермес құдайдың құрметiне хош иiстi шарап iшiп жатқан. Бұлтқа оранған Одиссей Аретаның аяғына жығылды. Осы сәтте Афина құдай бұлтты ыдыратып жiбердi де, отырғандардың бәрi Одиссейдi көрiп таң қалды. Одиссей патшаның әйелiнен өзiндей, бақытсыз кезбеге жәрдем етуiн өтiнiп, дауыстап жалбарына бастады. Одиссей өз мұң-зарын айтып болған соң басына пана болуды өтiнген адамдардың салты бойынша, ошақ аузындағы күлге барып отырды. Феакийлiктердiң iшiндегi ең кәрiсiнiң кеңесi бойынша Алкиной Одиссейдiң қолынан ұстап, өз жанынан орын ұсынды. Қызметшiлер Одиссейге тағам мен шарап келтiрдi, ал отырғандар жиҺанкездер жебеушiсi, найзағай құдайы Зевстiң құрметiне шарап шашты. Алкиной мына адам түрiн өзгертiп келiп отырған құдайлардың бiрi болар деген оймен жиналып отырған жұрттың бәрiн келесi күнi жиҺанкездiң құрметiне берiлетiн қонақасыға шақырды. Бiрақ Одиссей оның қателесiп отырғанына көзiн жеткiздi. Ол патшаға Калипсо үр қызының аралынан шыққалы бергi тартқан азабын түгел айтты, оған қоса теңiз жағасында кездескен патша қызы Навсикаяның да көрсеткен көмегiн ұмытпады. Одиссейдiң әңгiмесiне зейiн қоя тыңдап отырған Алкиной:
– Оу, Олимптiң ақжарқын құдайлары! Егер сендер Навсикаяға мына жатжерлiк сияқты күйеу тарту етсеңдер, мен оған аса мол жасау-жабдықтар сыйлар едiм. Бiрақ бiз сенi, жатжерлiк, өз аралымызда еркiңнен тыс ұстай алмаймыз. Бiз сенi елiңе жеткiземiз. Қанша қашық болса да теңiз жолы феакийлiктердi қаймықтыра алмайды! – дедi.
Уақыт ендi кеш едi, ас iшу аяқталды. Арета Одиссейге арнап орын салуға бұйырды. Аздан соң батыр қатты ұйқыға кеттi. Алкинойдың сарайы да түгел ұйқы құшағына ендi.
Келесi күнi таңертең Алкиной Одиссейдi отанына қалай жеткiзу мәселесiн ақылдасу үшiн феакиялықтарды түгел кеңеске шақырды. Афина-Палладаның өзi жаршының бейнесiне енiп, азаматтарды алаңға шақырып, қаланы түгел аралап шықты. Алкиной алаңға Одиссейдi де ертiп әкелiп, қасына отырғызды. Кешiкпей халық түгел жиналып болды. Феакийлiктер батырға таңырқай қарады. Афина-Паллада оны адам айтқысыз түр-келбет пен ұлылыққа бөлеп қойған едi. Алкиной патша жиналғандарға қарап былай дедi:
– Құлақ салыңдар, азаматтар! Бiзге жат жерден кiсi келiп отыр. Ол бiзден өз отанына оралу үшiн көмек тiлейдi. Бiз ешуақытта жатжерлiктерге көмек көрсетуден бас тартып көрген емеспiз. Бұл жолы да кеме жабдықтап, жатжерлiктi өз Отанына апарып салайық. Осы сапарға шығуға әзiр азаматтардың бәрiн қонаққа шақырамын. Қонаққа ақсақалдар келсiн. Менiң сарайымда осы қонақтың құрметiне той-думан өткiзейiк. Ғажайып үнiмен қонақтардың көңiлiн көтеру үшiн бұл тойға әншi Демодок те шақырылсын.
Алкиной осылай дедi. Сол заматта кеме жабдықтау үшiн елу екi ескекшi кеттi. Ақсақалдар Алкинойға ерiп сарайға тартты. Патшаның қызметшiлерi қонақасыға екi өгiз, он екi қой, сегiз шошқа сойды. Алкинойдың қызметшiсi жиынға соқыр әншi Демодокты ертiп әкелдi. Қонақтар асқа отырып, сауық-сайран басталды. Жұрт бiраз қаужап алған соң Демодок қолына кифарасын ала сап, iшектерiн қағып-қағып жiберiп, бiр салтанат үстiнде екi ұлы батыр ұлы Одиссей мен Ахиллдiң өзара бәстесiп қалғаны жөнiндегi жырды төгiлте жөнелдi. Одиссей сол жырды естiгенде есiне баяғылары түсiп қайғырып, көзiнiң жасын төгiп-төгiп жiбердi. Онысын феакиялықтарға көрсетпеу үшiн бетiн шекпенiнiң жеңiмен көлегейлей бердi. Демодок өлеңiн айтып бiтiрдi. Одиссей көз жасын сүртiп, қолына алтын құмыра алып, мәңгi өлмейтiн құдайлар құрметiне шарап шашты. Демодок тағы да Трояның iргесiнде ерлiк көрсеткен батырларды мадақтайтын ән салды. Одиссейдiң көзiнен тағы да жас ақты. Қонақтың көз жасына ешкiм назар аударған жоқ, тек Алкиной патша ғана ойға шомды. Ақыры, ол жатжерлiктiң неге жылап отырғанына түсiндi.
Қонақтар ән мен жырға қанған соң Алкиной бәрiн алаңға барып, ойындарға қатысуға шақырды. Жұрттың бәрi патшаның соңынан ерiп, Одиссей ғана қатарында келе жатты. Феакий жастары түрлi өнер көрсете бастады. Мұнда жүгiру, күрес, жұдырық сайысы мен дискi лақтыру бар едi. Жарыс аяқтала берген кезде қуатты, көрiктi Эвриал сымбаттылығымен жұрттың бәрiнен ерекше көрiнетiн патшаның ұлы Лаодамға келiп күш-қуаты сыртына теуiп тұрған жатжерлiктi де ойынға қатысуға шақыруын өтiндi. Лаодам алғашында екi ойлы боп тұрды да, соңынан Одиссейге келiп iзетпен, оның ойынға қатысуын өтiндi. Одиссей бас тартты, өйткенi оны өз елiне деген сағынышы есеңгiретiп жiберiп едi. Одиссейдiң бас тартқанын көрiп Эвриал мысқылмен былай дедi:
– Жолаушы! Менiң байқауымша сен, әрине, қайратты жас атлеттермен ұстасуға жарамайсың. Шамасы, сен теңiздердi шарлап, тек саудамен айналысатын көпестерден болсаң керек.
Одиссей қабағын қаҺарлана шытып, Эвриалға былай деп жауап бердi:
– Сен жанға тиетiн сөз айттың, Эвриал! Саған қарап құдайлар адамның төрт құбыласын тең етiп жаратпайтынына көзiм жетiп тұр. Сол сияқты сенi де олар асқан көрiктi етiп жаратқанымен, ақылдан қағыпты. Сен әлгi сөздерiңмен менiң намысыма тидiң. Бiрақ, есiңде болсын, сайыс өнерiнде менiң тәжiрибем жетiп артылады. Мен көптеген соғысқа қатыстым, көп қайғы жұтып, азап шектiм, көптеген қатерден өттiм, қайратымды да көп сарп еттiм, дегенмен өз күшiмдi әлi де сынап көруге бармын.
Одиссей осыны айтып, құдiреттi қолына дәу тасты көтерiп алды да атып кеп жiбердi. Тас феакийлiктердiң төбесiнен зу етiп өттi. Жұрт тастың екпiнiнен қорқып бұға-бұға қалысты, бiрақ тас ешкiмнiң басына тимей зулаған күйi, алаңның арғы шетiне барып түстi. Мұндай қашықтыққа ауыр тас түгiлi әлдеқайда жеңiл дискiнiң өзiн жас жiгiттердiң ешқайсысы түсiре алмас едi. Феакийлiк қарттың бейнесiне кiрген әйел құдай Афина тастың түскен жерiн белгiлеп, бұл қашыктыққа ең қуатты деген феакиялық жiгiттердiң ешқайсысы тас лақтыра алмайтынын айтты. Мұны есiтiп қуанып кеткен Одиссей:
– Феакийлiк жiгiттер! Дискiлерiңдi тас түскен жерге жеткiзiңдер. Егер сендер дискiлерiңдi тас түскен жерге жеткiзсеңдер, мен екiншi тасты одан да әрi түсiремiн. Мен бәрiңдi де жұдырық сайысына, күреске, жаяу жарысқа шақырамын. Тек Лаодамен ғана күреспеймiн. Үйiнде қонақ қылып отырған адамға қол көтере алмаймын, – дедi.
Одиссейге Алкиной патша жауап бердi:
– Жатжерлiк мейман, менiң байқауымша, сенiң ойынға қатысушылардың бәрiн күреске шақырып, өзiңнiң ұлы қайратыңды көрсетуiңе Эвриалдың шалдуар сөзi түрткi болған сияқты. Бәлкiм, сен жарыстың барлық түрiнен бiздi жеңерсiң, тек жүгiруден жеңе алмайсың. Өйткенi, құдайлар феакийлiктердi жүгiруден және теңiзде жүзуден алдарына жан салмайтын етiп жаратқан. Оның үстiне бiздiң бәрiмiз әндi, музыканы, жеңiл би мен дастарқаны ағыл-тегiл той-думанды жақсы көремiз. Қазiр осында тамаша бишi жiгiттердi шақырады, сонда сен бiздiң өнердi тегiн мақтан етпейтiнiмiздi көзiңмен көресiң.
Алкиной әншi Демодок үшiн кифара келтiруге бұйырды. Бұл бұйрықты қызметшi заматында орындады. Демодок кифараны алып, алтын iшектерiн қағып-қағып қалды да, көңiлдi бiр әнге басты. Жас жiгiттер осы әннiң ырғағымен билей жөнелдi. Одиссей бишiлерге қызыға қарап, олардың дене қимылдарының сұлулығына таң қалды. Би аяқталған соң Алкиной патша ақсақалдардың бәрiне Одиссейге арнап асыл киiм мен бiр-бiр талант алтын әкелуге әмiр еттi. Эвриал, бұған қоса, Одиссейдi келекелегенi үшiн ерекше сый ұсынуға тиiс болды. Эвриал өзiнiң аса қымбат семсерiн белiнен шешiп алып, Одиссейге ұсынып тұрып:
– Оу, жатжерлiк! Егер көңiлiңе тиер сөз айтсам жел ұшырып әкетсiн. Ұмыт оны! Құдайлар жолыңды оңдап, тезiрек елiңе жет, әйелiңмен, үй iшiңмен аман қауыш, – дедi.
– Өзiңе де құдайлар жар болсын, Эвриал!– деп жауап қайырды Одиссей. – Намысыма тиген сөздерiң үшiн маған семсер сыйлағаныңа ешуақытта өкiнбе.
Бұл кезде күн ұясына ене бастаған едi, жұрттың бәрi Алкиной патшаның сарайына жетуге асықты. Мұнда Одиссей өзiне арналған бөлмеге енiп, алған сыйлықтарының бәрiн Арета жiберген қорапқа салып, жiппен байлап, ұшын сыйқыршы Кирка үйреткен түйiнмен түйiп қойды. Өзi салтанатты киiмдерiн киiп, той-думан залына кеттi. Мұнда ол Навсикаяға кездестi. Патшаның қызы оған қоштасу сәтi таяп қалғанын сездiретiн шерлi үнмен тiл қатты:
– Сымбатты жатжерлiк! Сен көп ұзамай елiңе ораласың, ол жақта менi есiңе алғайсың. Бас амандығың үшiн алдымен маған қарыздар екенiңдi ұмытпа.
– О, не дегенiң, Навсикая ару! – деп жауап бердi оған Одиссей. – Егер найзағай құдайы Зевс жолымды оңғарып отаныма жете қалсам, ол жақта мен – өзiмнiң құтқарушым саған күн сайын, құдайға сыйынғандай, сыйынып жүретiн боламын.
Осыны айтып Одиссей Алкинойдың қасына отырды. Сауық-сайран басталды. Одиссей көңiлдi отырыс үстiнде Демодоктың Троя түбiнде гректер жасаған ағаш ат туралы жырды айтып беруiн өтiндi. Демодок ән салды, Одиссей тағы да көз жасына ерiк бердi. Жат жерлiктiң мұнысын көрген Алкиной Демодоктың әнiн тоқтатып, қонақтан батырлардың Троя iргесiндегi ерлiктерi жөнiнде ән басталса көз жасын төге беретiнiнiң себебiн сұрады. Ол жат жерлiктен аты-жөнiн, әке-шешесiнiң кiм екенiн айтып кетуiн өтiндi. Алкиной қонақ кiм болса да, оны өз елiне жеткiзiп салатынына уәде бердi. Ол бұл уәденi теңiз құдайы Посейдон жолаушыны өз елiне апарып салғаны үшiн феакийлiктердi жазалауы мүмкiн екенiн бiле тұрып бердi. Посейдон феакийлiктерге жиҺанкездердi өз отандарына апарып салғаны үшiн, күндердiң күнiнде кемелерiн тасқа айналдырып, ал қалаларын үлкен таулармен мәңгiге қоршап қоятынын айтып қорқытып едi, Алкиной мұны бiлетiн, бiле тұра Одиссейдi елiне жеткiзiп салмақ болды. Ендi Алкиной қасында отырған жатжерлiктiң кiм екенiн бiлгiсi келдi, ол Одиссейден өзiнiң кiм екенiн, басынан өткiзген барлық таңғажайып оқиғаларын түгел айтып беруiн өтiндi.
– Алкиной патша, – деп жауап қатты оған Одиссей,– менiң басымнан өткен бар азапты бiлгiң келедi, өзiмнiң де кiм екенiмдi, қайда туып-өскенiмдi, әкемнiң кiм екенiн де бiлмексiң. Онда бiлiп ал: мен Лаэрттiң ұлы Одиссеймiн, Итака аралының патшасымын. Сен менiң үр қызы Калипсоның аралынан аттанғаннан бергi көрген азабымды бiлесiң. Ендi мен саған Трояның iргесiнен жүзiп шыққан соң басымнан өткен оқиғаларды айтып берейiн. Тыңда!
Одиссей осыны айтып, басынан өткiзген таңғажайып оқиғаларды баяндауға кiрiстi.

ОДИССЕЙ БАСЫНАН КЕШКЕН ОҚИҒАЛАРДЫ АЙТАДЫ
Гомердiң «Одиссея» поэмасы бойынша баяндалған.

КИКОНДАР МЕН ЛОТОФАГТАР
– Трояның iргесiнен желiмiз оңынан тұрып жүзiп шыққан соң, – деп бастады әңгiмесiн Одиссей, – ашық теңiзбен жүзiп отырып, ақыры кикондардың158 жерiне келiп жеттiк. Бiз олардың қаласы Исмарды басып алған соң тұрғындарын қырып салдық, әйелдерiн тұтқынға алдық, ал қаланы қиратып тастадық. Мен өз серiктерiмдi тезiрек жолға шығуға қанша үгiттесем де көндiре алмадым. Осы уақытты пайдаланып Исмар қаласының аман қалған тұрғындары төңiректегi кикондарды жинап, бiзге қарсы шабуыл жасады. Олардың саны ормандағы ағаштың жапырағы қанша болса – сонша, көктемгi шалғындағы гүлдiң саны қанша болса – сонша едi. Бiз өз кемелерiмiздiң қасында кикондармен ұзақ шайқастық, бiрақ, ақыры олар жеңiп, бiз қашып құтылуға мәжбүр болдық. Әр кеме сайын алты-алтыдан ержүрек ескекшiлерден айырылдық. Бiз теңiзге шығар алдында арамызда жоқ жолдастарымыздың атын атап үш рет айқай салдық, ақыры олар келмеген соң өлгендер үшiн қайғырып, өзiмiздiң тiрi қалғанымызға қуанып сапарға шықтық.
Теңiзге шығысымен найзағай құдайы Зевс бiзге қарсы солтүстiк желiнiң құдайы Борейдi жiбердi. Ол теңiздiң астан-кестеңiн шығарып, дауыл тұрғызды. Аспанды қап-қара бұлт торлады. Айналаның бэрiн қараңғылық басты. Екпiнi қатты Борей желi-дiңгектерден желкендi үш рет жұлып әкеттi. Ақыры, бiз өлдiк-талдық, дегенде кеменi ескекпен жүргiзiп, адам тұрмайтын аралға жеттiк. Бiз онда дауылдың басылуын күтiп екi күн, екi түн аялдадық. Үшiншi күнi бiз дiңгектердi қайта орнатып, желкендi керiп, әрi қарай сапарға шықтық. Бiрақ бiз сүйiктi отанымызға жете алмадық. Дауыл кезiнде бағытымыздан ауып кетiппiз. Ақыры, оныншы күн дегенде, бiр аралға келдiк. Бұл лотофагтардың159 аралы екен. Жағаға от жағып, ас дайындай бастадық. Мен үш серiгiмдi бұл аралда қандай халық тұратынын бiлiп келуге жiбердiм. Лотофагтар оларды жылы шыраймен қарсы алып, тәттi лотоспен сыйлапты. Олардың осы лотостан ауыз тиуi-ақ мұң, өз елдерiн мүлде естен шығарады, туған елi Итакаға барудан бас тартады, олар лотофагтар аралында бiржола қалмақ болады. Алайда бiз оларды кемеге күшпен әкелiп, қашып кетпеуi үшiн байлап тастадық. Мен сол заматта-ақ барлық серiктерiме ескекке отырып, бұл аралдан тезiрек кетуге әмiр бердiм. Басқалары да лотостың дәмiн татып, елiн ұмыт етер деп қорықтым.

ОДИССЕЙ ЦИКЛОПТАР АРАЛЫНДА. ПОЛИФЕМ.
Ұзақ уақыт жүзгеннен кейiн мен өз серiктерiммен бiрге ешбiр заңды мойындамайтын, мейiрiмсiз циклоптардың жерiне келiп жеттiм. Олар жер өңдеумен айналыспайды, бiрақ, соған қарамастан жер оларға барын бередi. Алып дәулер үңгiрлерде тұрады. Әрқайсысы тек өз отбасын ғана бiледi, олар халық жиналысына жиналмайды. Бiз олардың жерiне бiрден тоқтаған жоқпыз. Циклоптар аралының қасындағы шағын аралдың шығанағына кiрiп тоқтадық. Бұл арал аса бай болғанмен, бұрын бiрде-бiр адамның аяғы баспаған жер екен. Аралда жабайы ешкiлер қаптап жүрдi, ешқандай адам баласын көрмеген олар бiзден де үрке қоймады. Жағаға түнде түсiп тыныш ұйықтап шықтық та, ертеңiне жабайы ешкiлердi аулауға кiрiстiк. Менiң кемелерiмнiң әр қайсысына тоғыз ешкiден келдi де, ал өзiм отырған кемеге он ешкi тидi. Аң аулағаннан кейiн бiз жағада көңiл көтерiп, күнi бойы дем алдық. Бiзге циклоптардың дауысы, табындарының маңырағаны есiтiлiп тұрды. Келесi күнi таң сәрiде мен кемеме отырып олардың не халық екенiн бiлу үшiн циклоптардың жерiне баруға бел байладым. Енсiз бұғазды iлезде кесiп өтiп, жағаға келiп тоқтадық. Теңiз жағасында бiз айналасын лавр ағаштары басқан және үлкен тастармен қоршалған үңгiрдi көрдiк. Мен өзiммен бiрге сенiмдi деген он екi жолдасымды алып, торсыққа құйылған шарап пен тағамды ұстап, үңгiрге келдiм. Бұл үңгiрдiң иесi ең қаҺарлы, сұмдық жауыз дәу екенiн бiз кейiн бiлдiк. Ол басқа циклоптардан бөлек тұрып, табынын да бөлек бағады екен. Ол да, барлық циклоптар сияқты, адамға ұқсамайды. Алып денелi, сұмдық күштi, маңдайында жалғыз көзi бар бiр құбыжық. Бiз үңгiрiне кiргенде – ол жоқ боп шықты – малын бағып жүр екен. Циклоптың үңгiрiнде себеттерге көп-көп iрiмшiк, шелектер мен табақтарға айран құйылып қойыпты. Үңгiрде қозылар мен лақтар үшiн жасалған қоршау шарбақ тұр. Серiктерiм мына қозылар мен лақтардың ең семiздерiн, себеттердегi iрiмшiктердi алып кемелерiмiзге қашайық деп кеңес берiп едi, мен сорыма қарай, құлақ аспадым, циклоптың өзiн көргiм келгенi. Ақыры циклоп келдi. Ол таудай ғып буған отынын үңгiрдiң кiре берiсiне тастай салды. Бiз циклопты көргенде зәремiз ұшып, үңгiрдiң ең қараңғы түкпiрiне тығылдық.
Циклоп болса малын үңгiрге айдап кiрiп, үңгiрдiң есiгiн үлкен жартаспен бекiтiп қойды да, ешкiлерi мен қойларын саууға кiрiстi. Сауымды аяқтаған соң от тұтатып, ас әзiрлеуге кiрiстi. Осы кезде ол бiздi байқап қалып, тау құлатар тарғыл дауыспен:
– Сендер кiмсiңдер? Қайдан жұрсiңдер? Бәлкiм, сендер жұмыссыздықтан теңiздi шарлап, жұрттың бәрiне бақытсыздық әкелiп жүрген шығарсыңдар? – дедi барқырап.
– Бiз бәрiмiз де грекпiз, – деп жауап бердiм мен циклопқа. – Троя iргесiнен жүзiп келемiз. Мұнда дауыл айдап әкелдi. Бiздi достық көңiлмен, қонақ деп қабылдауыңды өтiнемiз. Сен ел кезгендерге меймандостық танытып, көмек көрсетпеген кiсiнi найзағай құдайы Зевстiң қалай жазалайтынын бiлетiн боларсың.
– Құдайыңның атын атап менi қорқытуыңа қарағанда сенiң алыстан келгенiң көрiнiп тұр, жатжерлiк, – деп долдана айқай салды циклоп.– Зевсте менiң қандай шаруам бар! Мен сенiң Зевсiңнiң қаҺарынан қорықпаймын! Мен сендердi аяйын деп тұрғаным жоқ. Не iстегiм келсе, соны iстеймiн. Кемелерiң қайда, айт кәне!
Мен циклоптың кемелердi неге сұрап тұрғанын бiле қойдым да, былай деп жауап бердiм.
– Менiң кемемдi дауыл қуып, жағадағы жартасқа ұрып күл-талқанын шығарды. Тек жолдастарыммен мен ғана аман қалдым.
Алып дәу маған үн қатқан жоқ. Ол iлезде дәу қолдарымен менiң екi серiгiмдi iлiп алды да, жерге бiр-ақ соғып мүрдем кетiрдi. Сонан соң олардың етiн асып жеп қойды. Бiздiң зәремiз зәр түбiне кетiп, құтқара көр мына пәледен деп Зевске жалбарына бастадық. Ал циклоп болса өзiнiң жүрек айнытар асын жеп алып, сұлап түсiп ұйқыға кеттi. Мен дәудi өлтiрмек болып қылышымды суырып алған кезде көзiм үңгiрдi бекiткен үлкен жартасқа түскенде бiздiң бұлай құтыла алмайтынымызды түсiндiм. Таң атты. Циклоп менiң екi жолдасымды тағы өлтiрдi. Оларды жеп болғаннан кейiн, малын сыртқа айдап шығарды да, есiктi жартаспен бекiтiп кеттi. Бұдан қалай құтылудың жолын мен ұзақ ойластырдым. Ақыры, бiр тәсiл тапқандай болдым. Үңгiрден кеменiң дiңгегiне ұқсас бiр баған тауып алдым. Циклоп бұдан өзiне таяқ жасамақ болған сияқты. Мен сол бағанның бiр ұшын қылышпен шауып, үшкiр етiп жондым да отқа күйдiрiп, жасырып қойдым. Кешке малын айдап циклоп келдi. Ол менiң тағы екi серiгiмдi өлтiрiп, жүрек айнытатын асын жедi де ұйқыға жатпақ болды. Мен оған жақын барып бiр тостақ шарап ұсынадым. Циклоп шарапты қағып салып, маған:
– Тағы да құйып бершi. Сонан соң атыңды айт, мен саған бiр сыйлық дайындамақпын, – дедi.
Мен оған екiншi тостақты ұсындым. Ол үшiншiсiн талап еттi. Оны да құйып бердiм. Соны ұсынып жатып:
– Сен менiң атымды бiлгiң келе ме? Менiң атым Ешкiм емес, – дедiм.
– Онда тыңда, Ешкiм емес, мен сенi ең соңынан жеймiн, менiң саған арнаған сыйлығым осы, – деп қарқылдап күлдi циклоп.
Ол үшiншi тостағандағы шарапты iшкен соң сылқ құлады да ұйықтап кеттi.
Мен жолдастарыма белгi бердiм. Бiз бағанның үшкiрленген жағын отқа салып, жанып тұрған iстiктi циклоптың көзiне сұғып жiбердiк. Ол ышқына айқай салды, көзiне кiрген түтiнденген қазықты жұлып алып лақтырып жiбердi де басқа циклоптарды көмекке шақыра бастады. Олар жан-жақтан жүгiрiсiп келiп, не болғанын сұрап жатты.
– Не болды саған, Полифем? Кiм тидi? Малыңды ұрлап кеткен жоқ па? Бiздi неге ояттың?
Полифем оларға жанұшыра гүжiлдеп:
– Менi күшiмен емес айламен алдап соққан Ешкiм емес! – деп жауап бердi.
Циклоптар Полифемге ыза боп айқай салды.
– Егер сенi жәбiрлеген ешкiм емес болса, неменеге осынша өкiресiң. Ал егер ауырып қалған болсаң – Зевстiң әмiрi солай шығар, оны ешкiм де өзгерте алмайды.
Осыны айтып циклоптар тарап кеттi.
Таң атты. Үңгiрдi жаңғырықтыра, ыңқылдай ойбайлай жүрiп Полифем үңгiрдiң кiре берiсiндегi жартасты жылжытып, қой-ешкiлерiнiң әрбiреуiнiң арқасынан сыйпап жайылымға жiбере бастады. Мұны көрiп мен қойларды үш – үштен қосақтап, әр қосақтың ортадағысының бауырына бiр-бiр адамнан таңып жiбере бастадым. Өзiм Полифемнiң сүйiктiсi, жүнi қалың дәу қошқардың бауырына жабысып алдым, бауырларына менiң серiктерiм байланған қойлар Полифемнiң жанынан өтiп кеттi. Ең ақырында бауырына мен жабысқан қошқар келе жатты. Полифем оны тоқтатып, үстi-басын сыйпап еркелеттi. Ешкiм еместiң кесiрiнен өз басына түскен қайғыны айтып мұңын шақты. Ақыры ол бұл қошқарды да жiбердi. Төнiп келген ажалдан осылай құтылдық. Бiз Полифемнiң қойларын қуалай, жолдастарымыз күтiп тұрған кемеге қарай айдадық. Мен қаза тапқан серiктерiмiздi жоқтап жылап-сықтауға уақыт бергенiм жоқ. Полифемнiң қойларын кемеге тиедiк те жағадан жүзiп кеттiк. Адам дауысы жететiндей жерге жүзiп барған соң мен артыма қарап айқай салдым:
– Ей, циклоп, тыңда! Сен өзiңнiң қанiшерлiгiңмен Зевстiң кәрiне ұшырадың. Ендi сен бақытсыз жолаушылардың етiн жемейтiн боласың.
Менiң дауысымды естiп, ызаға булыққан циклоп үлкен бiр жартасты көтерiп алып, теңiзге лақтырды. Суға түскен жартас кеменiң тұмсық жағын талқандап жiбере жаздады. Теңiз толқып кеттi. Таудай бiр толқын келiп менiң кемемдi жағаға қарай айдай жөнелдi. Мен жағаға баған тiреп, кеменi кейiн итерiп, ашық теңiзге қайта шығардым. Бiраз алыстаған соң Полифемге дауыстап:
– Есiңде болсын, Полифем, сенiң көзiңдi ағызған Итака патшасы Одиссей!
Циклоп ызадан жарыла жаздап:
– Балгер айтқан сәуегейлiк дәл келдi. Бiрақ мен Одиссейдi қаҺарлы алып деп ойлаушы едiм. Сен секiлдi бейшара жердiң құрты екенiн қайдан бiлейiн! – дедi.
Полифем көзiн соқыр еткенiм үшiн кегiмдi алып бер деп әкесi Посейдонға жалбарына бастады. Ол әлгiден де үлкен бiр жартасты жұлып алып, теңiзге атып жiбердi. Жартас кеменiң арт жағына келiп түстi. Алып толқындар менiң кемемдi айдап, ашық теңiзге шығарып салды. Бiз осылай құтылдық. Әйтеуiр қалған кемелерiмiз күтiп тұрған аралға да аман-сау жеттiк. Мұнда бiз құдайлардың құрметiне көп-көп құрбандық шалдық. Келесi күнi қаза болған жолдастарымызды еске алып, аза тұтып, шетi-шегi жоқ көк теңiзде одан әрi сапар шектiк.

ОДИССЕЙ ЭОЛ АРАЛЫНДА
Көп ұзамай бiз Эол аралына келiп жеттiк. Теңiз бетiнде жүзiп тұрған бұл аралдың жағалауы тұтас мыс қабырғамен қоршалған, айналасы тiк жар, теңiз толқындарынан ыздиып, аспанға шапшып тұр. Осы аралда әйелi, алты ұл, алты қызымен Эол тұрады. Эолдың өмiрi шуақты, бақытты өмiр болатын. Ол күндерiнiң бәрiн отбасымен бiрге аралдың бай, салтанатты орындарында сауық-сайран құрумен өткiзетiн. Эол бiр ай бойы бiздiң құрметiмiзге сауық-сайран құрып, қонақасы бердi. Троя iргесiнде ерлiк көрсеткен батырлар туралы менiң әңгiмелерiмдi елiге тыңдады.
Ақыр соңында мен одан елiмiзге қайтуға рұқсат сұрай бастадым. Эол келiстi. Қоштасарда ол маған аузы күмiс жiппен байланған көрiктей үлкен терi қапшық бердi. Бұның Эолға бағынышты желдер бар едi. Бостандықта жалғыз Зефир желi ғана қалған-ды. Ол менiң кемелерiмдi туған елiм Итакаға қарай айдауға тиiс едi. Эол қапшықтың аузын Итакаға жеткенше шешпеуге бұйырды. Амал не, Зевс менiң отаныма оралуымды қош көрмедi. Сапарымыздың оныншы күнi, Итаканың жағалауы көрiне бастаған уақытта құдайлар менi қалың ұйқыға батырды. Ал менiң серiктерiм болса, жол бойы аузын аштырмауына қарағанда, мына терi-қап Эол сыйлаған алтын мен күмiс болса керек деп, әңгiме етiсе бастайды. Құмарлық құрты құлаған көңiл, ақыры, қапшық аузын аштырды. Iшiндегi жел еркiндiкке шыққан соң, теңiзде сұрапыл дауыл тұрады. Мен осы дауыл шуынан оянып кеттiм. Түңiлгенiм сонша, iлкiде теңiзге қарғып кеткiм келдi, бiрақ тағдырға мойын сұндым, шекпенiме оранып, кеменiң бас жағына барып жатып қалдым.
Дауыл бiздi Эолдың аралына қайыра айдап әкелдi. Мен серiктерiмнiң бiрiн ертiп Эол сарайына тағы келiп, одан елiмiзге қайтаруын тағы сұрап, жалына бастадым. Бiрақ, Эол маған қатты қаҺарланды, ол құдайлар жек көрiп, соңына түскен адамдарға ешуақытта қолғабыс жасамайтынын айтып, менi сарайынан қуып шықты. Көз жасымды көл етiп, Эол сарайынан жасып шықтым.

ОДИССЕЙ ЛЕСТРИГОНДЫҚТАРДА
Бiз тағы да теңiзге шықтық. Алты тәулiк жүзiп отырып, ақыры, белгiсiз бiр аралға келiп тоқтадық. Тып-тыныш шығанаққа кiрдiк. Менiң он бiр кемем жағаға шықты, жiгiттерiм оларды жағадағы құм-қайраңға сүйреп, қайырлатып қойды.
Өз кемемдi шығанақтың кiре берiсiне орналастырдым. Айналаны барлау үшiн бiр жақпар тастың басына көтерiлдiм. Төңiректен мал табыны, не өңделген жер көрiнбейдiө тек алыста, әр-әр жерде аспанға көтерiлiп жатқан түтiн шалынды. Мен бұл аралда кiмдер тұратынын бiлiп келу мақсатымен үш серiгiмдi жiбердiм. Олар жүрiп кеттi. Үлкен қалаға жақын жердегi құдық маңында оларға алып денелi қыз кездеседi. Қыз оларды қалаға, лестригондар әмiршiсi, өз әкесi Антифаттың сарайына ертiп барады. Сарайда олар Антифаттың тау тұлғалы әйелiн көредi. Ол ақсақалдар жиналысында отырған өз жұбайын шақыруға әмiр етедi. Антифат жүгiрiп келiп, жiгiттердiң бiреуiн бассалып өлтiрiп тастайды. Қалған екеуi тұра қашады. Антифат лестригондарды жиып алады. Олар теңiз жағасына ұмтылады. Лестригондар үлкен-үлкен жартастарды жұлып алып, кемелердi атқылай бастады. Кемелердiң қираған сықыры мен өмiрiмен қоштасып жатқандардың жан дауысы шықты. Лестригондар менiң он бiр кемемдегi серiктерiмнiң бәрiн өлтiрiп, қазыққа шаншып алып, қалаларына қайтып кеттi. Мен өз кемеммен әрең қашып құтылдым. Ендi менiң он бiр кемемнен жалғыз-ақ кеме қалды.

ОДИССЕЙ СИҚЫРШЫ КИРКАНЫҢ АРАЛЫНДА
Бiз мерт болған жолдастырымызды ойлап қайғырып, көз жасымызды көл қылып, шетi-шегiне көз жеткiсiз көк теңiзбен ұзақ жүздiк. Ақыры, Гелиос құдайдың қызы, сүмбiл шашты сиқыршы Кирка мекендейтiн Эеи160 аралына келiп жеттiк. Тыныш шығанақтың жағасында екi күн өткiздiк. Үшiншi күнi белiме қылыш, қолыма найза алып аралды аралауға шықтым. Биiк жартастың басынан мен орманның арғы жағында, алыстан шығып жатқан түтiн көрдiм. Кемеге қайта оралып, бiрнеше серiгiмдi аралды кiмдер мекендейтiнiн бiлiп қайтуға жұмсамақ болдым. Кемеге қайтып келе жатқан жолымда найза лақтырып, бiр алып бұғыны өлтiрдiм. Оны кемеге әкелiп етiнен ас дайындап, шарап iштiк те теңiз толқынының шуы астында ұйқыға кеттiк. Ертеңiне мен серiктерiмдi екi топқа бөлдiм. Бiрiншiсiн өзiм, екiншiсiн Эврилох басқарды. Бiз аралдың ортасына кiм баруын анықтау үшiн жеребе тастадық. Жеребе Эврилохқа түстi.
Ол он екi серiгiн ертiп жолға шықты. Кирканың сарайына тез-ақ жетiп барды. Сарай маңында асыранды арыстандар мен қасқырлар жүр екен. Олар менiң серiктерiме жетiп келiп, иесiне еркелеген ит сияқты еркелей бастады. Бұл Кирканың сыйқырлы сусынының құдiретi едi. Осы кезде менiң серiктерiмнiң құлағына сарайдың iшiнде шырқалып жатқан әдемi ән естiледi. Менiң серiктерiм сарайдан Кирканы шақырып алады.
Кирка сыртқа шығып, қонақтарды iлтипатпен сарайына кiргiзедi. Сарайға кiрген соң Кирка оларға iшiне сиқырлы шөптiң шырынын тамызған шарап ұсынады. Менiң серiктерiм шарапты iшедi. Кирка олардың арқайсысын сыйқырлы таяғымен бiр-бiр түртiп, ақыл-естерiн ғана сау қалдырып, шошқаға айналдырып жiбередi. Кирка оларды қораға айдап кiргiзiп, алдарына қарағайдың жаңғағын тастайды. Iштерiнен аман құтылған жалғыз Эврилох. Ол жұртпен бiрге сарайға кiрмеген болатын.
Эврилох кемеге жүгiрiп келiп, жiгiттердiң басына түскен бақытсыздық туралы үрейлене отырып айтып бердi. Мен сол сәтте-ақ Кирканың сарайына жөнелдiм – бар ойым жолдастарымды қалай да құтқару едi. Жолда маған сұлу жас жiгiттiң бейнесiне кiрген Гермес құдай кездестi. Ол маған жолдастарымды Кирканың арбауынан қалай құтқарудың жолын үйретiп, өзiме сиқыршының амалына қарсы әсер ететiн қасиеттi тамыр бердi. Мен Кирканың сарайына келдiм. Ол жарқырай қарсы алып, сарайына шақырды, әшекейленген орындыққа отырғызды да сыйқырлы iшiмдiгiн құйды. Мен iшiмдiктi тартынбай iшiп алдым. Ол сиқырлы таяғын қолына алып, менi түртiп қалды да:
– Ендi шошқа қораға барып, серiктерiңмен бiрге балшыққа аунай бер, – дедi.
Мен Гермес құдайдың әмiрi бойынша, қылышымды суырып сиқыршыға тұра ұмтылдым, өлiммен қорқытып айқай салдым. Кирка аяғыма жығылды.
– Ой, кiм едiң сен? – деп дауыстады ол. – Осы кезге дейiн менiң сиқырлы сусынымнан ешкiм аман құтылып көрген жоқ едi. Ендi түсiндiм: сен айлакер қу Одиссейсiң ғой! Сенiң маған келетiнiңдi Гермес әлдеқашан болжап қойған. Қылышыңды қынабыңа сала ғой.
Мен қылышымды қынабына салып, Кирканы бұдан былай маған зиян ойламайтын болып ант iшуге мәжбүр еттiм. Ол маған бұлжымай орындалатын құдайлардың антын бердi. Кирка ант берген соң өз сарайында қалып, дем алуымды өтiндi. Мен келiстiм. Тынығып жатқан кезiмде Кирканың қызметшiлерi – өзендер мен арықтар құдайларының қыздары бай тағамдар дайындады. Тынығып алған соң, таза киiм киiп, той-думан өткiзетiн болмеге барып, үстi түрлi тағамға толы дастарқанға отырдым да ауыр-ауыр ойға кеттiм. Тамағымнан ас өтпедi. Кирка менiң бұл қайғымның себебiн сұрады. Мен оған серiктерiмдi қайтадан адам қалпына келтiрмейiнше нәр татпайтынымды айттым. Кирка сол заматта шошқаларды қорадан айдап шықты да үстерiне сыйқырлы май жағып, адам бейнесiне кiргiздi, олар тiптi бұрынғы түрлерiнен де сымбатты әрi күштi болып шықты. Менi көрiп серiктерiмнiң жүректерi жарыла қуанды. Олардың қуанышы тiптi Кирканың да көңiлiн босатты. Сиқыршы менен теңiздiң жағасында қалған жiгiттерiмдi де ертiп келуiмдi өтiндi. Мен сол заматта Кирканың өтiнiшiн қабыл алып, қалған серiктерiмдi ертiп келдiм. Эврилохтың зұлым сиқыршыға сенiп қалмаңдар деген үгiтiне қарамастан серiктерiм сарайға келдi. Кирканың сарайына бәрiмiз түгел жиналған соң сиқыршы бiздiң құрметiмiзге бай қонақасы бердi.
Бiз Кирканың сарайында бiр жыл тұрдық. Жыл өткен соң мен Киркадан елiмiзге қайтаруды өтiндiм. Сиқыршы келiсiмiн бердi. Ол маған отаныма оралмас бұрын Аидтың жер асты патшалығына түсiп, фивандық сәуегей Тиресидiң аруағынан өз тағдырымды болжап беруiн өтiнуiм қажет екенiн ескерттi. Кирка маған жер астындағы аруақтар патшалығына ашылатын қақпаны қалай тауып, өлгендердiң аруағына арнап құрбандық шалуды, оларды қалай шақырудың жолын үйреттi. Мен сиқыршының кеңесiн тыңдап болған соң бiз жолға жиналдық. Бiздiң дабыр-дұбырымыздан сарайдың төбесiнде ұйықтап жатқан Эльпенор оянып кеттi. Ол орнынан қарғып тұрып, сарайдың төбесiнде жатқанын ұмытып, жолдастарының дауысына тұра жүгiрдi. Ол сөйтiп, төбеден құлап түсiп, қирап өлдi. Досымыздың қайғылы қазасына бiз көз жасымызды көл етiп төктiк. Бiрақ, бiздiң жолдасымыздың денесiн салт бойынша жерлеп, аза тұтуға мүмкiншiлiгiмiз болмады – бiз жер шетiндегi қара түнек Аид патшалығына бағыт ұстап тез арада жолға шығуға тиiс едiк.

ОДИССЕЙДIҢ АИД ПАТШАЛЫҒЫНА ТҮСУI
Мен өз серiктерiме ендiгi сапарымыздың сырын ашқанда олардың зәресi ұшты, бiрақ әмiрiмдi орындап кемеге отырды, бiз алыс солтүстiкке қарай бет алдық. Сиқыршы Кирка бiздiң желiмiздi оңынан тұрғызды. Жел кемемiздi қуып ала жөнелдi. Ақыры бiз қарт Мұхиттың суларына жетiп, киммериялықтардың161 қамкөңiл елiнiң жағалауына келiп тоқтадық. Мұнда ешқашан Гелиос құдайдың шапағаты түспейдi екен, суық тұманмен тұмшаланған бұл елдi ғұмыр бойы қараңғылық басып жатады. Осында бiз кемемiздi жағаға шығарып, Кирка берген саулық қой мен қара қошқарды алып, құрбандық шалатын жер – Коцит пен Пирифлегетонттың Ахеронтқа162 құятын сағасындағы жартастың түбiне келдiк. Мұнда келген соң мен қылышымның ұшымен терең шұңқыр қазып, оған бал, шарап және су тамызып, бетiне арпаның ұнын сеуiп ырым еттiм де, үстiне құрбан шалдым. Құрбандыққа шалынған қойлардың қаны шұңқырға ақты. Шұңқырға жан-жақтан топ-топ болып өлген адамдардың аруақтары ұшып келе бастады. Олар құрбандықтың қанын бiрiншi болып кiм ауыз тиюi керек дегендi шеше алмай, өзара таласып кеттi. Мұнда қалыңдық пен күйеудiң де, жастар мен қарттардың да, шайқас алаңында қаза тапқан ерлердiң де аруақтары жүр едi. Өзiмдi де, серiктерiмдi де үрей биледi. Бiз құрбандықтарымызды өртеп, қара түнек құдай Аид пен оның жұбайы әйел құдай Персефонаға сыйына бастадық. Мен қылышымды суырып, өлгендердiң аруағын жолатпау үшiн шұңқырдың аузында отырдым. Бiрiншi боп Эльпенордың аруағы келдi. Оның жаны өлгендер патшалығының қақпасына бiзден бұрын жетiптi. Эльпенор маған Аид патшалығындағы тыныштығы үшiн денесiн жерлеп кет деп жалынды. Мен оның өтiнiшiн орындауға уәде бердiм. Шұңқырға менiң анам Антиклеяның да рухы ұшып келдi. Мен Итакадан аттанғанда ол тiрi болатын. Қанша қиналсам да мен шұңқырға оның жанын да жуытпадым, өйткенi ең бiрiншi болып қанды сәуегей Тиресийдiң iшуi керек едi. Ақыры, Тиресийдiң аруағы да келдi. Қанға тойған соң құр сүлдерлi аруақ келiп, өз баласы циклоп Полифемнiң көзiн ойғаным үшiн жер сiлкiндiрушi Посейдон құдайдың маған қаҺар тiгiп жүргенiн айтты. Бiрақ мен Посейдон құдайдың еркiнсiз-ақ өз отаныма жететiнiмдi айттым, тек менiң серiктерiм Тринакрия163 аралындағы Гелиос құдайдың өгiздерiне тимеуi керек. Ал егер олар өгiздердi өлтiретiн болса, бәрi апатқа ұшырайды, тек мен жалғыз өзiм ғана көптеген азап тартып барып, отаныма ораламын. Онда мен күйеу жiгiттерден кек алуым керек, сонан соң қолыма ескек алып, теңiзде жүзудi бiлмейтiн, өмiрiнде кеме көрмеген халыққа кездескенше ел кезiп жүре беруге тиiспiн. Ол халықты мынадан танимын: жолда кездескен бiреу менен, иығыңа күрек салып жүргенiң қалай? – деп сұрауы керек. Осы елде мен Посейдонның жолына құрбандық, шалып, сонан соң ғана үйiме орала аламын. Үйге келген соң құдайлардың бәрiне мол-мол құрбандық шалуға тиiспiн. Сонда ғана мен Итакада өмiрiмнiң соңғы күнiне дейiн тып-тыныш өмiр сүре аламын. Мiне, маған Тиресий осыларды айтты да кетiп қалды. Мен көп аруақты көрдiм. Анамның аруағы қанға қанып алған соң маған өзiнiң көзi тiрiсiнде Итакада болған жағдайды айтты, қарт әкем Лаэрт, Пенелопа, жас ұлым Телемах тiрi екен. Мен мейiрiмдi анамды құшақтамақ болып, үш рет құшағымды жайып ұмтылып едiм, үшеуiнде де жеп-жеңiл көлеңке қолыма iлiнбедi. Аид патшалығында мен көп батырдың аруағын көрдiм, оның бәрiн айтып тауысуға шамам жоқ, түндер де жетпес едi. Уақыт кеш, мен әңгiмемдi тоқтатайын, бәрiңiзге де дем алу керек шығар.
Одиссей осылай дедi. Бiрақ жиналғандар Одиссейден әңгiмесiн жалғастыруды өтiндi. Бұған патшаның жұбайы Арета мен Алкиной патшаның өзi де қосылды. Жұрт Одиссей хикаясын таң атқанша тыңдауға дайын едi. Одиссей әңгiмесiн жалғастырды.
– Аид патшалығында мен Агамемнон патшаның да үрейiн көрдiм. Ол Микены патшасын қайтып оралған күнi өлтiрген өз әйелi Клитемнестра мен Эгисфке қатты наразы екенiн айтып мұңын шақты. Агамемнонның аруағы маған Итакаға оралған кезде өз әйелiм Пенелопаға сенбеуге кеңес бердi. Мен Ахилл, Патрокл, Антилох және Теламонид Аякстың да аруақтарын көрдiм. Мен Ахиллге ұлы Неоптолемнiң көрсеткен асқан ерлiктерiн айтқанымда оның көңiлi бiраз көтерiлiп қалды. Осының алдында ғана ол өлiлер патшалығындағы көңiлсiз өмiрiн айтып мұң шағып мұнда патша болғанша жер бетiнде ең кедей шаруа болып жүргеннiң өзi артық екенiн айтқан. Ахиллдiң сауыт-сайман, қару-жарағын бөлiсу үстiнде көңiлiн қалдырғаным үшiн мен Аякспен татуласпақ болып ниет етiп едiм, ол үн-түнсiз кетiп қалды. Мен өлгендер соты Минос патшаны да көрдiм. Тантал мен Сизифтiң тартып жүрген азабын да байқадым. Ең соңында маған батырлардың батыры ұлы Гераклдiң аруағы жақын келдi. (Өзi Олимптегi мәңгi жасайтын құдайлар қатарында.) Мен өткен кездiң басқа батырларының да аруақтарын көрмек болып күтiп едiм, бiрақ олардың айқай-шуы зәремдi алғаны сонша, орнымнан қарғып тұрып кемеге қарай қаштым. Мен Персефона құдай сұмдық горгона Медузаны жiберiп жүрер деп қорықтым.
Бiз кемемiздi қарт Мұхиттың (Океан) суына түсiрдiк те киммериялықтар елiн тастап шықтық. Көп уақыт өтпей-ақ Эеи аралына жетiп, жағаға тоқтадық та, тыныш ұйқыға кiрiстiк.

ОДИССЕЙДIҢ СИРЕНАЛАР АРАЛЫ МАҢЫНАН ЖӘНЕ СЦИЛЛА МЕН ХАРИБДАНЫҢ ҚАСЫНАН ЖҮЗIП ӨТУI
Келесi күнi бiз Эльпенордың денесiн жерлеп, бейiтiнiң үстiне үлкен қорған ұйдiк. Бiздiң қайтып оралғанымызды көрiп жағаға сиқыршы Кирка келдi. Оның соңынан ере келген қызметшi қыздары кемеге көптеген тағам мен меске құйып шарап әкелдi. Теңiздiң жағасында бiз түнге дейiн думандаттық. Серiктерiм ұйқыға кеткен кезде сиқыршы Кирка жолда менi тағы қандай қауiп-қатер күтiп тұрғанын айтты, содан қалай құтылу амалын үйреттi.
Таң қылаң бере мен жолдастарымды ояттым. Бiз кеменi теңiзге түсiрдiк, ескекшiлер жұмыла қимылдады, ашық теңiзге шықтық. Желкендердi оңынан тұрған жел кернеп, тыныш теңiзбен жүзе бердiк. Сиреналардың аралына жақындағанда мен серiктерiме үн қаттым:
– Достар! Бiз қазiр сиреналар аралын жанай жүзiп өтуiмiз керек. Олар маңына жақындаған теңiзшiлердi әндерiмен арбап шақырып алып, азаппен өлтiредi. Арал топырағы солар өлтiрген адамдардың сүйектерiнен көрiнбейдi. Мен сиреналардың әндерiн сендерге есiтiртпеу үшiн құлақтарыңды тығындап қоямын, ал менi кеменiң дiңгегiне байлап қойыңдар – сиқыршы Кирка маған сиреналардың әнiн есiтуге рұқсат берген. Егер мен олардың әнiне елiтiп, байлауды шешiңдер деп бұйрық берсем – сендер, керiсiнше, қаттырақ шанди түсiңдер.
Менiң осыны айтуым мұң екен, жел басылды да қалды. Жiгiттер желкендi түсiрiп, ескекке отырды. Сиреналар аралы да көзге шалынды. Мен серiктерiмнiң құлағын балауызбен бекiттiм, ал олар менi дiңгекке қатты байлағаны сонша, бiрдебiр бұлшық етiмдi қозғалта алмадым. Бiздiң кемемiз арал тұсынан жылжып өте бастады, ал аралдан сиреналардың ғажайып әндерi естiлдi.
– О, ұлы Одиссей, кемеңнiң тұмсығын берi бұр! – деп ән салды сиреналар. – Бiздiң әнiмiздi тыңдап, көңiлiңдi көтерiп кет. Тұсымыздан әнiмiздi тыңдамай бiрде-бiр теңiзшi өткен емес. Әрбiр теңiзшi құлақ құрышын әнмен әбден қандырып, көп нәрсенi бiлген соң сапарын жалғастырады. Бiз құдайлардың әмiрiмен гректердiң Троя iргесiнде қандай қиыншылық көргенiн де, жер бетiнде не болып жатқанын да түгел бiлемiз.
Олардың әнiне елiткен мен жолдастарыма арқанды шешiңдер деп белгi бердiм. Бiрақ, әлгiнде айтқанымды естерiне мықтап ұстаған серiктерiм менi дiңгекке бұрынғыдан да қысыңқырап шанди түстi. Бiз сиреналар аралы тұсынан өткен соң ғана жолдастар менi шешiп, құлақтарындағы тығынды алды.
Кеме әрi қарай жылжи бердi. Кенет мен керемет бiр шуыл естiдiм, әлдеқайдан көтерiлiп жатқан түтiн көрдiм. Мен мұның Харибда екенiн бiле қойдым. Жолдастарымның зәресi ұшып, қолдарындағы ескектерiн тастап жiбердi, кеме тұрып қалды. Мен серiктерiмдi жiгерлендiре бастадым.
– Достар! Бiз талай-талай қатерден аман өтiп, көп азап шектiк, – дедiм мен, – мына кездескенiмiз: Полифем үңгiрiндегiден қатерлi емес, еңселерiң түспесiн, ескекке жұмыла түсiңдер! Бiздiң өлiмнен аман құтылуымызға Зевс көмектеседi. Кеменi шуыл естiлiп, түтiн көрiнген жерден аулағырақ бұрыңдар. Жартасқа жақын жүрiңдер!
Серiктерiме өстiп дем бердiм. Олар ескекке бар күштерiн салды. Мен оларға Сцилла жөнiнде ештеңе айтқаным жоқ.
Сцилланың бiздiң iшiмiзден алты адамды ғана алып қалатынын, ал Харибда түгелiмiзбен мерт қылатынын бiлетiнмiн. Мен Кирканың кеңесiн ұмытып кетiп, қолыма найза алып Сцилланың шабуылын күттiм. Мен оны көзiммен босқа iздедiм.
Кеме тар бұғаздан сырғып өтiп келе жатты. Бiз Харибданың теңiз суын қалай жұтып жатқанын көрдiк. Оның кемейiнде толқындар аласұрып, ал iшiнде теңiз шөп-шаламы мен құм-топырақ қазандай қайнап жатыр. Ол жұтқан суын қайта құсып жiбергенде айналаның бәрi бұрқырап, бұрқ-сарқ етедi, ал аспанға шапшыған су жартастың ұшар басына дейiн шайып кетедi. Қорыққаннан қаным қашып, мен Харибдаға қараумен болдым. Осы кезде Сцилла өзiнiң алты мойнын бiрдей көтерiп, үш қатардан тiсi бар алты аузымен менiң алты серiгiмдi тiстеп алды. Мен олардың қылт етiп бiр көрiнген қолдары мен аяқтарын байқап үлгiрдiм, көмек сұрап айқайлаған дауыстарын естiдiм. Өз үңгiрiнiң аузында Сцилла олардың бәрiн де жеп қойды. Бақытсыз бейшаралар көмек сұрап босқа жалбарынды. Бiз көп қиыншылық көрiп, Харибда мен Сцилланың қасынан етiп, Гелиос құдайдың аралы Тринакрияға қарай жүзiп келе жаттық.

ОДИССЕЙ ТРИНАКРИЯ АРАЛЫНДА. ОДИССЕЙ КЕМЕСIНIҢ АПАТҚА ҰШЫРАУЫ
Көп ұзамай алыстан Гелиос құдайдың аралы көрiндi. Бiз аралға бiрте-бiрте жақындай түстiк. Мен Гелиостың қойларының маңырағаны мен өгiздерiнiң өкiргенiн анық ести бастадым. Сәуегей Тиресийдiң кеңесi мен сиқыршы Кирканың ескертулерiн еске алып, серiктерiме бұл аралға соқпай өтейiк деп ақыл бердiм. Бiздi мұнда да күтiп тұрған қатерден құтылып кетудiң жолын айтып едiм, бiрақ Эврилох маған былай дедi:
– Неткен қатал едiң, Одиссей! Өзiң қоладан құйылған адам сияқтысың – шаршап-шалдығу дегендi бiлмейсiң. Бiздiң ұйқы көрмегенiмiзге неше түн болды, ал сен бiзге жағаға түсiп тынығып, тамақ iшiп әлденiп алуға рұқсат етпейсiң. Теңiзде түнде жүзу үлкен қауiп. Қатты жел тұрған түндерi дауылға кездесiп қалған кемелер құдайлардың ықтиярынсыз-ақ қирап жатады. Жоқ, бiз жағаға тоқтауымыз керек, ал ертең таң саз бере жолға шығамыз.
Эврилохтың сөзiн қалғандары қуаттады. Менiң бәледен аман құтылмайтынымызға көзiм жеттi. Бiз жағаға тоқтап, кеменi қайраңға шығарып қойдық. Серiктерiмдi Гелиостың өгiздерiне тиiспеймiз деп ант етуге мәжбүр еттiм. Бiз ас дайындап, Сцилла алып қалған жолдастарымызды еске түсiрiп бiраз күңiрендiк. Жағада ас iшiп болған соң тыныш жатып ұйқыға кеттiк.
Түнде Зевс бiзге сұмдық күштi дауыл жiбердi. Боран бет қаратпай, жел екпiндей жөнелдi, аспанды бұлт қаптап, онсыз да қараңғы түн көзге тұртсе көргiсiз болып кеттi. Ертеңгiсiн бiз дауылдан сақтанып, кемемiздi жағадағы үңгiрге кiргiзiп қойдық. Мен жолдастарымды Гелиостың өгiздерiне тимеңдер деп қайыра ескерттiм, олар бұл өтiнiштi бұлжытпай орындайтындықтарын бiлдiрдi. Жел тура бiр ай соқты, бiз теңiзге шыға алмадық. Ақырында азық-түлiгiмiз түгел таусылды. Бiздiң аң аулап, балық ұстап, қолға түскенмен күн көруiмiзге тура келдi. Жiгiттерiмдi аштық күннен-күнге күштiрек азаптап, әлсiрете бастады. Бiр жолы мен құдайлардан оң жел тiлеп, жеке жалбарынып көру үшiн аралға кеттiм. Мен олимп құдайларына тiлегiмiздi қабыл ете гөр деп жалындым. Құдайлар менi қалың ұйқыға қалай бөлегенiн аңғармай да қалдым. Ұйықтап жатқан кезiмде Эврилох серiктерiмдi Гелиос өгiздерiнiң бiрнешеуiн союға көндiрiптi. Ол жiгiттердi елге оралған соң Гелиосқа арнап ғибадатхана соғып, құрбандық шалып, қымбат сыйлықтармен көңiлiн жiбiтiп аламыз деп азғырыпты. Тiптi құдайлар әлгi өгiздерге бола шынымен жазалаған күннiң өзiнде аштан өлгенше, етке бiр қарқ болғанның өзi жақсы деп үгiттептi.
Менiң серiктерiм Эврилохтың айтқанына көнiп қалған, олар табынның iшiнен таңдап алып, бiрнеше өгiздi сояды. Еттiң бiразын құдайларға құрбандыққа арнайды. Құрбандыққа қажет ұнның орнына емен жапырағын, ал шарап орнына суды пайдаланады, өйткенi бiзде ұн да, шарап та таусылған болатын. Құдайларға құрбандық берген соң олар еттi отқа қақтай бастайды. Осы кезде мен де оянып кетiп кемеге келдiм. Алыстан мұрныма күйген еттiң иiсi келдi, не болғанын сезе қойдым. Қорыққаннан төбе шашым тiк тұрып, айқай салдым:
– О, Олимптiң құдайлары! Маған неге ұйқы жiбердiңдер? Менiң серiктерiм Гелиостың өгiздерiн сойып, сұмдық күнәға батты.
Бұл кезде үр қызы Лампетия болған оқиғаны Гелиосқа хабарлап та қойған екен. Ұлы құдай ызаға булығады. Ол құдайларға менiң серiктерiмнен көрген қорлығын шағып, қара түнек Аид патшалығына бiржола түсiп, ендi қайтып құдайларға да, адамдарға да жарық түсiрмеймiн деп қорқытады. ҚаҺарына мiнген күн құдайын сабасына түсiру үшiн Зевс жай отын тастап кеменi өртеп жiберуге, сөйтiп, менiң серiктерiмнiң бәрiн құртып жiберуге уәде бередi.
Iстеген бассыздықтары үшiн серiктерiме ұрысыпзекiруiм босқа кеттi. Құдайлар бiзге сұмдық белгi бердi: өгiздердiң терiлерi жан бiткендей қимылдай бастады, еттерi мөңiреп, бiртүрлi аянышты дауыс шығарды. Дауыл тынбастан алты күн соқты, осы алты күн бойы серiктерiм Гелиостың өгiздерiн қырумен болды. Жетiншi күнi дауыл басылып, жел оңынан тұрды. Бiз сол сәттеақ, жолға шықтық. Тринакрия аралы көзден таса бола бере найзағай құдайы Зевс бiздiң төбемiзге қаҺар бұлтын үйiре бастады. Зефир екпiндей ұрып, қара дауыл көтерiлдi. Кеме дiңгегi шарт сынып, үстiмiзге құлады. Дiңгек жол бастаушымыздың басын мылжа-мылжа еттi, өлiгi суға кеттi. Зевстiң найзағайы жалт етiп, кеменiң күл-талқанын шығарды. Серiктерiмнiң бәрiн теңiз жұтты. Жалғыз қалдым. Жан-дәрмен күн, дiңгектiң сынығы мен кеменiң табан бөренесiн (килiн) ұстап алып, бiрiне-бiрiн байластырдым. Дауыл басылды. Нот желi соға бастады. Ол менi тiке Харибдаға қарай айдай женелдi. Бұл кезде ол теңiз суын боздата жұтып жатқан. Мен жартаста өскен бiр бұтаға жармасып үлгiрдiм де, Харибданың дәл үстiнде асылып тұрдым. Содан Харибданың дiңгек пен килдi сумен бiрге қайта құсуын ұзақ күттiм. Ақыры киль мен дiңгек Харибданың аранынан ытқып қайта шықты. Мен бiрден бұтаны қоя берiп, қираған кемемнiң жаңқасының үстiне секiрдiм. Харибданың ажалды аранынан осылай аман қалдым. Зевстiң жебеуiнiң арқасында мен Сцилладан да құтылдым. Ол буырқанып жатқан теңiздiң толқынында жүзiп бара жатқан менi байқаған жоқ.
Ұшы-қиырсыз көк теңiзде тоғыз күн жүздiм, ақыры, менi толқындар үр қызы Калипсоның аралына алып келдi. Ал бұл жөнiнде мен сiздерге, Алкиной, Арета, бұған дейiн айтқан болатынмын, оған қоса аралдарыңызға қандай қауiп-қатерден өтiп жеткенiмдi де айтқанмын.
Олардың бәрiн тағы қайталап айтып жатуым орынсыз, әрi ол әңгiме сiздердi де жалықтырып жiберер едi. Одиссей өз басынан өткен таңғажайып уақиғаларды баяндауды осымен бiтiрдi.

ОДИССЕЙДIҢ ИТАКАҒА ОРАЛУЫ
Гомердiң «Одиссея» поэмасы бойынша баяндалған.

Келесi күнi феакийлiктер теңiзге шығуға дайындалды. Олар кемеге Одиссейге тартылған мол тарту-таралғыларды тиедi. Дайындық жұмыстарының бәрiн Алкинойдың өзi басқарды. Дайындық бiткен соң Алкинойдың сарайында Зевс құрметiне құрбан шалынып, қоштасу қонақасы берiлдi. Күннiң батуын Одиссей тағатсыздана күттi. Ол күн батысқа қарай аунап, кеш жақындағанын көргенде қатты қуанды. Ымырт үйiрiле Одиссей Алкиной патша мен оның жұбайы тәңiрiдей Аретамен қоштасып, кемеге қарай аяңдады. Одиссей кемеге көтерiлiп, өзiне дайындалған төсекке барып жатты. Ескекшiлер жұмыла қимылдап, кеме ашық теңiзге шықты. Құдайлар Одиссейге қалың ұйқы жiбердi, ол бүкiл жол бойы ұйықтаумен болды. Кеме су бетiнде сұңқардай қалықтап ұшып келедi. Ақыры, ол таңғы шапақпен бiрге Итака жағалауына келiп тоқтады. Феакийлiктер ұйықтап жатқан Одиссейдi ақырын көтерiп алып, жағалаудағы құмдауытқа әкелiп жатқызды. Феакийлiктер сыйлықтарының бәрiн жанына үйдi де өздерi қайтар жолға шықты. Елдерiне қайтып бара жатқан феакийлiктердi көрген Посейдон олардың құдай әмiрiне құлақ аспай, Одиссейдi отанына апарып салғаны үшiн қатты қаҺарланды. Посейдон олардың үстiнен Зевске шағым айта бастады. Зевс iнiсiне феакийлiктердiң кемесi өз айлағына кiре бергенде жартасқа айналдырып жiбер деп кеңес бердi. Посейдон, асығыс феакийлiктердiң аралына барып, кеменiң керi оралуын күттi. Мiне, алыстан, теңiз қиырынан кеме көрiндi. Теңiзшiлердi қарсы алу үшiн жағаға көп адам жиналды. Әне, кеме айлаққа кiре бастады. Кенет ол жартасқа айналды да кеттi. Бұл ғажайып оқиға жөнiнде Алкиной патшаға хабар берiлдi. Ол Посейдонның жиҺанкездердiң өз елдерiне жетуiне көмек көрсеткенi үшiн феакийлiктердi жазалаймын деген уәдесiн iске асырғанын түсiндi. Алкиной барлық тұрғындарды жинап ап қаланың теңiзге шығатын жолы мүлде жабылып қалмасын деп Посейдонның құрметiне құрбан шалуға әмiр еттi. Феакийлiктер Посейдонның қаҺарын жұмсарту үшiн жалбарынып, бұдан былай ешқандай жиҺанкездi елiне апармауға уәде еттi.
Бұл кезде теңiздiң жағасында қалған Одиссей ұйқысынан оянған болатын. Ол өзiнiң туған елi Итакасын танымады, өйткенi әйел құдай Афина айналаның бәрiн қалың тұманға орап қойған-ды. Одиссей дүниеден түңiлiп кеттi. Ол өзiн феакийлiктер белгiсiз бiр қиырдағы аралға әкелiп тастаған болар деп ойлады. Өзiнiң ауыр тағдырына шағынып, дауыстай бастады.
Айналасына қарап барып ол феакийлiктердiң сыйтартуын көрдi. Бәрi қаз-қалпында. Қайғылы Одиссей теңiздi жағалап жүрiп бiр сымбатты жiгiтке кездестi. Содан бұл не ел екенiн сұрағанда әзiнiң Итакада тұрғанын бiлдi. Жас жiгiт Одиссейдiң де аты-жөнiн сұрады. Өмiр соқпағын көп көрген Одиссей өзiн Идоменейдiң ұлы Архилохты өлтiрiп, қашып жүрген Криттiк кезбемiн деп таныстырды, Финикиялықтардың кемесiне мiнiп Пилос немесе Элидаға бармақ болып сапарға шыққан, бiрақ финикиялықтар бұған опасыздық жасап, ұйықтап жатқанда бар дүниесiн тонап алып, өзiн осы аралға тастап кетiптi деп соқты. Жас жiгiт осы әңгiмелердi есiткен соң күлiмсiреп тұрды да, бiрден түрiн өзгертiп жiбердi. Одиссейдiң алдында ендi бiр сәтте әйел құдай АфинаПаллада тұрды. Ол Одиссейдiң жасаған сақтық әрекетiн құптап, бұдан былай көмектесiп тұруға уәде бердi. Ал осы кезге дейiн барлық, уақытта көмектесе алмаса – ол Посейдонның қаҺарын түсiре бермейiн деп жасаған әдiсi екенiн түсiндiрдi. Афина Одиссейге өзiнiң кiм екенiн ешкiмге жария етпе деп әмiр еттi. Бiрақ Одиссей өзiнiң Итакада екенiне әлi сенбей тұр едi. Сондықтан Афина Итаканы қаптап тұрған тұманнан айықтырып жiбердi, Одиссей туған елiн бiрден таныды. Ол қара жерге етпеттей жығылып, топырағын сүйе бердi. Афина Одиссейдi бейшара қайыршының бейнесiне енгiздi. Одиссейдiң омыртқалары шодырайып, бет терiсi қыртыстанып, басынан әдемi бұйра шашы жидiп түстi, көзi кiртиiп, маңдайын әжiм басты, сөйтiп, итиiп шыға келдi. Афина оған кiр-кiр жалба-жұлба киiм кигiзiп, иығына жамаулы дорба асып, қолына таяқ ұстатты. Ол Одиссейге феакийлiктердiң тартуын үңгiрге тығып тастап, қайыршының қалпында шошқа бағушы Эвмейге баруға әмiр еттi. Өзi Одиссейдiң ұлы Телемахты қайтарып әкелу үшiн Спартаға қайтты.

ОДИССЕЙДIҢ ЭВМЕЙГЕ КЕЛУI
Гомердiң «Одиссея» поэмасы бойынша баяндалған.

Одиссей шошқашының үйiне таяп келдi, Эвмей, жалғыз өзi есiгiнiң алдында жұмыс iстеп отырған. Одиссейдi көрiсiмен бiр топ ит шабалана үрiп, алдынан шықты. Эвмей келiп қуып жiбермегенде олар Одиссейдi талап тастайтындай едi.
– Жолаушы,– дедi Эвмей қайыршының киiмiн киген Одиссейдi танымай.– Сен мерт болсаң бұрынғыма тағы да бiр қайғы қосылып менiң де ажал табуым мүмкiн едi. Онсыз да, Одиссей қазасының қайғысы маған аз болып отырған жоқ, кәне, жүр үйге, тамақтанып, тынығып ал.
Одиссей қырналмаған кесек тастардан қашалмай қалана салған Эвмейдiң үйiне кiрдi. Ауласында шошқа қоралар тұр. Эвмей Одиссейдi ертiп үйге кiрдi. Ол жолаушыны бетiне аң терiсi жабылған шөптiң үстiне отырғызды. Сонан соң өзi торайлар қамалған қораға барып, екеуiн әкелiп сойды да етiн қуырды. Сусын орнына iшiлетiн шарапты ағаш тостаққа құйып, бәрiн әкелiп дастарқанға қойды. Эвмей ас дайындай жүрiп Одиссейдiң үйiн тонап, талан-таражға салып, қора-қора малын аяусыз қырып жатқан, қылықтары жөнiнен теңiз қарақшыларынан да өткен топ-топ күйеу жiгiттердiң бассыздығын айтып, шағынумен болды. Одиссей мұның бәрiн мұқият тыңдап алды, сол күйеулерден ендi кек алудың жолын қарастырып отыр. Ac үстiнде Одиссей Эвмейден қожасының қайда кеткенiн сұрап бiлдi, шошқашы өлдiге жоритынын есiткенде оны жұбатуға кiрiстi. Одиссей жоғалған кожайынның тiрi екенiн, оның жақын арада қайта оралатынын айтып ант iштi. Бiрақ оның сөзiне Эвмей сенген жоқ. Эвмей жолаушыдан кiм екенiн сұрады, Одиссей өз өмiрi туралы ойдан құрастырған хикаяны айтып бердi. Ол мұра бөлiскен кезде ағаларының бұған тиесiнi түгел бермей ренжiткенiн, бiрақ бұл бай мұраға ие болған қызға үйленiп өзiнiң де байығанын, Троя түбiнде болғанын, ал, одан оралған соң Египетке аттанғанын айтты. Египеттiктер қалаларын тонағаны үшiн мұның серiктерiнiң бәрiн қырып салғанын айтты. Ал, өз қара басы Египет патшасына жалынып жүрiп қана аман қалған. Египетте жетi жыл тұрып, сол жақтан Финикияға аттанған.
Бiр финикиялық оны Ливияға баруға үгiттейдi. Бұл сонымен бiрге Ливияға аттаныпты-мыс, бiрақ Зевс жолда жай тастап, бұлардың кемесiн өртеп жiбередi. Аман қалған жалғыз өзiн толқын феспроттар164 елiнiң жағалауына шығарып тастайды. Сол аралдың патшасы бұған Одиссей көп олжамен өз елiне қайтып бара жатқанын айтыпты-мыс. Ақыры, феспроттардың кемесiмен бұл Дулихияға аттанады. Бiрақ феспроттар мұны құлдыққа сатпақ болды. Сөйтiп, олар Итаканың жағалауына тоқтаған кезде бұл әрең қашып құтылады. Эвмей осы ойдан шығарылған әңгiменiң бәрiне сендi, тек феспроттар патшасы айтты делiнген Одиссей жөнiндегi сөздерге
сенген жоқ.
Ол жолаушыны Итакадағы Одиссейдiң жақындарынан ол туралы, өтiрiк болса да жылы сөз айтып, мол сыйлық алмақшысың деп кiнәлады.
Бiрақ Одиссей оған былай дедi:
– Эвмей, тыңдап ал, егер Одиссей аман оралса маған жаңа киiм-кешек беремiн деп уәде ет. Ал егер мен сенi алдаған болсам малшыларды жинап келiп, менi жартастың басынан теңiзге лақтыр. Бұдан былай кез келген қайыршы аузына келгенiн көкiп, жұртты шатастырмайтын болсын.
Kөп ұзамай өрiстен малшылар да оралды. Олар бiр семiз шошқаны сойып кешкi асқа отырды. Ac үстiнде Эвмей жолаушыға мейман ретiнде, еттiң ең шұрайлы кесегiн берiп, шарап құйған ыдысты алдымен соған ұсынды.
Олар тамақтанып отырған кезде сыртта жаңбыр аралас қатты дауыл тұрды. Ауа суық тартты. Одиссейдiң, ең болмаса, жатқанда үстiне жамылатын шекпенi де жоқ едi. Сондықтан сөзiнiң астарын түсiнiп, шапан берер ме екен деген ниетпен Эвмей мен малшыларға мынадай әңгiме айтты.
– Құлақ сал, Эвмей, сендер де тыңдаңдар,– деп бастады Одиссей.– Бiрде Трояның iргесiнде Мевалай, Одиссей және мен үшеумiз торуылда жатқанбыз. Қамыстың арасында түн салқын болатын, оның үстiне жапалақтап қар жауып тұр, ал мен болсам шекпенiмдi ұмытып тастап кетiппiн, суыққа шыдай алмаған соң мен Одиссейге шынымды айттым. Ол табан астында мынадай айла тапты. Орнынан тұрып, қасында ұйықтап жатқан жауынгердi оятып, жаман түс көргенiн, өздерiнiң кемеден тым алыс жатқанын, демек, Агамемнонға көмек жiбер деп хабар беру керек екенiн айтты. Табан астында бiр жауынгер қарғып тұрып, сырт киiмiн сыпырып тастады да кемеге жөнелдi. Мен әлгi шапанды алып жамылдым да таң атқанша тыныш ұйықтадым.
Эвмей сөздiң астарын түсiндi. Одиссейге төсектi ол ошақтың қасына салды, астына қой, ешкiнiң бөстегiн төсеп, үстiне өзiнiң қыста киетiн шапанын жапты. Одиссей тәттi ұйқыға сүңгiдi. Эвмейдiң өзi үйден шығып кеттi. Белiне қылыш байлап, қолына найза ұстап, шекпенiн жамылып малды күзетуге кеттi.

ТЕЛЕМАХТЫҢ ИТАКАҒА ОРАЛУЫ
Гомердiң «Одиссея» поэмасы бойынша баяндалған.

Қайыршының кейпiне енген Одиссейдi тастап Спартаға бет алған Афина-Паллада оған тез жеттi. Ол Менелай патшаның сарайына келiп, Телемах пен Писистрат ұйықтап жатқан бөлмеге кiрдi. Писистрат жайбарақат ұйықтап жатыр, ал Телемахтың ұйқысы тынышсыз, ол әкесiн түсiнде де көрiп, көп ойлап қайғырулы едi. Афина Одиссей ұлының басына келiп:
– Телемах, бар мал-мүлкiңдi тастап кеткен отаныңа қайтатын уақыт жеттi. Есерсоқ күйеу жiгiттер дүниеңдi талан-таражға салып жатыр, егер сен оралмасаң, түгiн қалдырмай таратып әкетедi. Сен әйел көңiлiнiң айнығыш екенiн де ұмытпа. Егер сенiң анаң Эвримахқа тұрмысқа шығуға келiсiм берсе, онда сенi мүлде ұмытып, екiншi күйеуiнен тапқан балаларына көңiлi ауып кетедi. Үйiңе тезiрек қайт. Бiрақ бiр нәрсе есiңде болсын: күйеусымақтар саған тосқауыл құрып жатыр. Одан аман құтылу үшiн аралдың жанынан түнде жүзiп өтiп кет, ал ертеңiне таң сәрiде Итаканың жағасына, тасалау жерге барып тоқта. Алдымен шошқашы Эвмейге бар, сол жерден өзiңнiң келгенiңдi айтып, Пенелопаға хабар жiбер, – дедi.
Афина осыны айтып кетiп қалды.
Телемах сол сәтте Писистратты оятты да, Пилосқа тезiрек керi қайтуға асықтыра бастады. Бiрақ Писистрат оны таң атуын күтуге көндiрдi. Менелаймен қоштаспай түнде кетiп қалуға болмайтын едi. Телемах Писистраттың ақылына құлақ асты. Аздан соң аспанға нұр шапақ құдайы Эос көтерiлдi. Таң атты. Жас жiгiттерге Менелай патша келдi. Одиссейдiң ұлы Менелайды есiк алдында қарсы алып, өздерiн Итакаға тез қайтаруын өтiндi. Менелай Телемахтың өтiнiшiне қарсы болған жоқ, тек ұзақ сапардың алдында ас iшiп, әлденiп алуын өтiндi. Сонан соң сыйлықтар әзiрледi.
Менелай ас дайындауға бұйрық беру үшiн құлдарға кетiп қалды. Ол Елена мен ұлы Мегапенттi шақырып алып, қазынаханасына барды. Одан Телемахқа сыйлықтар таңдап алды. Елена сұлу да жеке тарту жасалмақ боп Телемахтың болашақ қалыңдығына арнап өз қолымен тоқыған сәндi киiм-кешегiн шығарды.
Ac iшiп алған соң Менелайдың сыйлықтарын қабылдап, жас батырлар жолға дайындалды. Менелай сарайдан шарап құйған кесенi алып шықты да, құдайлардың құрметiне шарап шашып, жастардан Нестор қартқа өз сәлемiн жеткiзудi өтiндi. Телемах қос доңғалақты арбаға отырып, делбенi қолына алды.
Кенет сарайдың үстiн айналып, тырнағына қаз iлген бүркiт ұшты. Менелайдың қызметшiлерi айқай салып аспандағы бүркiттiң соңынан жүгiрдi. Бүркiт биiк көтерiлдi де көзден ғайып болды. Жұрттың бәрi бұл құдайдың көрсеткен кереметi – белгi беруi деп түсiндi, ал Телемах Менелайдан мұның сырын түсiндiрудi өтiндi. Спарта патшасы ойланып қалды. Ол үшiн Елена сұлу жауап бердi.
– Бәрiң менiң сөзiме құлақ салыңдар. Маған олимп құдайлары белгi бердi: Бүркiт қазды қалай мылжалаған болса, Одиссей де елiне оралып тап солай құда түсушi жiгiттердiң жұлма-жұлмасын шығарады. Бәлкiм, қазiр келiп қалып, күйеулерден кек алудың жолын қарастырып та жатқан болар.
– Уай, хор қызындай сұлу Елена! – дедi Телемах. – Егер Зевс сенiң осы айтқаныңды орындай қалса, мен үйiме барған соң саған құдайдай табынатын боламын.
Осы сөздердi айта сап Телемах аттарға қамшы басып, Пилосқа қарай ұшырта жөнелдi.
Жiгiттер жолда Ферада Диокл батырдың үйiне бiр түнеп, келесi күнi Пилосқа келiп жеттi. Телемах Писистратты Нестордың сарайына кiрмеуге көндiрдi, өйткенi қария өзiн тағы бiр күнге ұстап қалар деп қауiптендi. Писистрат әкесiнiң ренжитiнiн бiле тұра досының айтқанына көнiп, оны тура кемеге алып келдi. Писистрат, тiптi бұлардың оралған хабарын естiп Нестор жағаға келiп, бөгеп қалар деп, Телемахты тезiрек аттануға асықтырды. Телемахтың серiктерi жылдам қимылдап, кеменiң дiңгегiн орнатып, жағадан жүзiп кетейiн деп тұрғанда кемеге көреген Феоклимен келдi. Ол кiсi өлтiрiп, соның салдарынан қорқып Аргостан қашып шыққан болатын. Феоклимен Телемахтан оны кемесiнс отырғызып, Итакаға жеткiзiп салуын өтiндi. Осылай етсем, өлген кiсiнiң туыстарының қуғынынан құтылармын деп ойлады. Кеме жағадан ұзап, оңнан соққан желдiң екпiнiмен ашық теңiзге шығып сырғи жөнелдi.
Бұл кезде Одиссей әлi Эвмейдiң үйiнде едi. Ол таңертең қалаға барып, қайыр сұрамақ болды. Батыр, тiптi күйеу жiгiттерден өзiн қызметшi етiп алуды өтiнбекке де оқталды. Бiрақ Эвмей күйеулердiң қаталдығы мен есерсоқтығын айтып, оны бұл ойынан қайтарды. Сонда ғана Одиссей одан әкесi Лаэрт пен әйелi Пенелопа туралы сұрады. Эвмей өз әңгiмесiн тыңдап отырған жиҺанкез емес, Одиссейдiң өзi екенiн бiлмей, бәрiн түгел айтты. Ең соңында Одиссей Эвмейден өзiнiң Итакаға қалай тап болғанын сұрады. Эвмей Одиссейдiң өтiнiшiн ықыласымен қабылдап, өзiнiң туған елi Сира аралы екенiн, сондағы патша Ктесияның ұлы екенiн айтты. Бiр жолы аралға финикиялық саудагерлер келедi. Олар мұның әкесiнiң күңi финикиялық әйелдi патшаның баласын ұрлап әперуге көндiрдi. Бұл үшiн олар әйелдi өзiнiң туған елi Финикияға апарып салмақ болып уәде бередi. Күң осыған көнiп, жас баланы сарайдан жасырын алып шығып, кемеге алып келедi. Финикиялықтар өз аралына бағыт алып, теңiзге шығады. Бұлар алты күн жүзедi. Жетiншi күнi әйел құдай Артемида жебесiмен опасыз күңдi өлтiредi. Ал финикиялықтар Итаканың жағасына тоқтап, сәби Эвмейдi Лаэртқа сатып кетедi.
Одиссей Эвмейдiң әңгiмесiн құлай тыңдады. Шошқашы өз хикаясын аяқтағанда түннiң ортасы болып қалған едi. Одиссей мен Эвмей ұйықтағалы жатты, бiрақ олар ұзақ ұйықтай алмады, шығыстан таң қылаң берiп, бұлардың төсектен тұратын мезгiлi де жақындап қалды.
Осы таңда Итакаға Телемах та келiп жеттi. Ол Афинаның кеңесi бойынша, жағаның көзден таса, байқаусыз жерiне келiп тоқтады. Досы Перайдан Феоклименге уақытша баспана бере тұруды өтiндi де, Эвмейге баруға жиналды. Дәл осы кезде бұлардың төбесiнде тырнағына көгершiн iлген сұққар көрiндi. Феоклимен Телемахтың қолынан ұстап, баяу ғана:
– Бұл жақсылықтың нышаны, Телемах – дедi. – Итакада ендi сенiң руыңнан күштi ру жоқ. Сендер бүкiл Итаканы мәңгi билейтiн боласыңдар.
Бұған Телемах қуанып қалды. Ол серiктерiн кемеге отырғызып, қалалық айлаққа жiбердi де, өзi шошқашы Эвмейге кеттi.

ТЕЛЕМАХТЫҢ ЭВМЕЙГЕ КЕЛУI. ОДИССЕЙ МЕН ТЕЛЕМАХ
Гомердiң «Одиссея» поэмасы бойынша баяндалған.

Одиссей мен Эвмей ерте оянды. Олар ас дайындап, соны iшiп әлденiп алды. Кенет Эвмейдiң иттерi шәуiлдей үрiп Телемахтың алдынан шығып, оған еркелей бастады. Одиссей әлдекiмнiң аяқ тысырын естiп есiкке қарағанда кiрiп келе жатқан Телемахты көрдi. Шошқашы қарғып тұрып қарсы ұмтылды. Ол Телемахты құшақтай алып, қуаныш жасын парлатып, аймалап сүйе бастады. Эвмейдiң Телемахты көргендегi қуанышы әкесiнiң жалғыз ұлын ұзақ уақыт күтiп барып кездескенi секiлдi едi. Одиссей орнынан тұрып, өз орнын ұлына ұсынды.
– Отыра бер, жолаушы, – дедi Телемах оған биязы дауыспен үн қатып. – Мазаланбаңыз, маған орынды Эвмей дайындар.
Эвмей Телемахқа жедел орын дайындап, алдына ас пен шарап қойды. Тамақтанып отырып Телемах Эвмейден бұл жиҺанкездiң кiм екенiн, оны Итакаға кiм әкелгенiн сұрады. Эвмей Одиссейдiң өз аузынан естiген ойдан шығарылған хикаяны қайталап айтып бердi де, Телемахтан жолаушыны өз үйiнде қабылдауын өтiндi. Бiрақ Телемах мұндай уәде бере алмады. Бозбала басымен үйiндегi есуас күйеу жiгiттермен қайдан күш сынассын? Оның қолынан келетiнi жолаушыға сый ретiнде жаңа киiм кигiзiп, қылыш берiп, елiне қайтаруға көмектесу уәдесi ғана. Одиссейдiң Телемахқа жаны ашыды, дегенмен ешнәрсе бiлмейтiн адам болып, одан күйеулердiң әулекi әрекеттерiн айтып берудi, өзiне Итака халқы мен туғантуысқандарының қалай қарайтынын сұрады.
– Бар мал-мүлiктi талан-таражға түсiрiп, есек дәмелi күйеусымақтардың келемежiн көтерiп, қор болып жүргенше, солармен шайқасып, өз үйiнде, қылыш жүзiнде өлген жақсы шығар, – деп бiтiрдi сөзiн Одиссей. Бұған Телемах не жауап берсiн? Оның берер жауабы, әкесiнiң жалғыз ұлына құтырған күйеу жiгiттер тобырымен күресудiң өзi өте қиын екенiн, оның үстiне олардың мұны өлтiрмек болып әрекет етiп жатқанын айту ғана болды. Телемах тiптi Пенелопаға қайта оралғанын хабарлаудың өзiнен қауiптенедi. Ол Эвмейдi қалаға жiберiп, анасына өзiнiң қайтып келгенiн жасырын ғана айтуды тапсырды. Немересiнiң тағдырына алаңдап отырған Лаэрт қартқа хабар берудi бiр сенiмдi күңi арқылы Пенелопа ұйымдастыру керек.
Телемахтың тапсырмасын орындау үшiн Эвмей асығыс аттанып кеттi. Эвмей үйден шығысымен Одиссейге Телемахтың көзiне көрiнбей әйел құдай Афина-Паллада келдi. Ол Одиссейдi лашықтан шығарып алып, қора түкпiрiне ертiп барды, оны бұрынғы өз бейнесiне түсiрдi де, Телемахқа шын сырын айтуды бұйырды.
Одиссей үйге қайта кiргенде Телемах таңдана қарады: Одиссейдiң сымбаттылығы сонша, жас жiгiт мына келiп тұрған мәңгi тiрi құдайлардың бiрi екен деп қалды.
– Ой, жолаушы! – деп дауыстап жiбердi Телемах! – Табан астында түрiңдi өзгертiп келiп тұрсың ғой! Сен – мәңгi жасайтын құдайлардың бiрiсiң бе? Бiзге мейiрiм ете гөр! Бiз саған арнап ұлы құрбан шаламыз.
– Жоқ, құдай емеспiн мен! – дедi Одиссей.– Мен сенiң әкең Одиссеймiн, сен сол үшiн құтырған күйеусымақтардан қорлық көрiп жүрсiң.
Одиссей ұлын мейiрлене құшақтап, көзiнен жасы сорғалай тұрып бетiнен сұйдi. Бiрақ Телемах әкесiнiң ақыры елiне аман оралғанына бiрден сене алмады.
Мына алдында тұрған адамды әлгiнде ғана бейшара, кәрi жолаушының бейнесiнде көрген жоқ па едi? Қалайша ол бiр сәтте өзгерiп кеттi. Мұндай құдiрет құдай болмаса, жай адамның қолынан келмейтiн шаруа ғой? Телемахтың көңiлiне күдiк кiрдi. Одиссей өзiн жолаушының бейнесiне түсiрген әйел құдай Афина екенiн, өз бейнесiн қайтып берген де соның өзi екенiн айтып Телемахтың күдiгiн сейiлттi. Телемах алдында тұрған адамның өз әкесi екенiне ендi иланды. Әкесiн құшақтай алды. Екеуiнiң де қуаныштан көздерiнен жас шықты. Қауышудың алғашқы қуанышы басылған соң Телемах әкесiнiң отанына қалай оралғанын, оны Итакаға кiм жеткiзгенiн сұрады. Одиссей ұлына өзiн феакийлiктердiң қалай әкелгенiн, олардың берген сыйлықтарын үңгiрге тығып қойғанын, содан соң Афина құдай кездесiп Эвмейге соғуға кеңес бергенiн айтты. Одиссей Телемахтан дәмелi күйеу жiгiттердiң жайын сұрап алды. Көкiрегiнде ыза қайнап, Одиссей күйеусымақтардың көрсеткен барлық жәбiр-жапасы үшiн кек алмақ болды. Бiрақ бұл мүмкiн бе? Олар өте көп қой. Жалпы саны жүз он алты адам. Одиссей Телемах екеуi ашық шайқаста олардың бәрiне қарсы төтеп бере ал ма? Бiрақ Одиссейдiң құдiреттi көмекшiлерi бар. Олар найзағай құдайы Зевс пен оның қызы АфинаПаллада. Ол екеуiмен жай адам тiресе алмайды.
Солардың көмегiне сүйенген Одиссей былай шештi: Телемах қалаға, күйеулерге барады, соңынан қайыр сұраған болып кезбе-қайыршының түрiне енген Одиссей мен Эвмей келедi. Одиссей күйеулердiң бар жәбiрiне шыдап бағады. Сонан соң Одиссейдiң белгiсi бойынша, Телемах қонақ залынан әкесi мен өзiне ғана қару қалдырып, қалғанының бәрiн алып шығып кетедi. Ең бастысы: Одиссейдiң келгенiн ешкiм бiлмеуi керек. Тiптi Пенелопа да бейхабар қалуға тиiс. Өйткенi құлдар мен күңдер арасында Одиссейге опасыздық жасап, сатылып кеткендерi бар. Одиссей мен Телемах ұзақ ақылдасты.
Осы кезде қалаға Телемахтың кемесi де келiп кiрдi. Оның серiктерi ұлының оралғанын хабарлап Пенелопаға кiсi жiбердi. Эвмей осы хабаршымен тура Одиссей сарайының iргесiнде кездестi. Олар Пенелопаға бiрге кiрдi. Хабаршы Пенелопаға ұлының оралғаны туралы хабарды айқайлап тұрып айтты. Ал Эвмей болса, оның құлағына сыбырлап, Телемахтың тапсырмасын түгел жеткiздi. Пенелопа ұлының қайта оралғанына қатты қуанды.
Телемахтың оралғаны жөнiндегi хабар күйеулердiң де құлағына тез шалынды. Олардың үрейi ұшты. Барлық дәмелi күйеулер алаңға жиналып, не iстеу керек екенiн ақылдаса бастады. Антиной, жолдарындағы жалғыз бөгет сол болғандықтан, Телемахты өлтiрудi ұсынды. Бiрақ Амфином бұған келiспедi. Ол Зевстiң қаҺарына iлiгiп қалармыз деп қорықты, сондықтан алдымен құдайлардың көңiлiн алайық деп ұсыныс жасады. Егер құдайлар бұлардың әрекетiн мақұлдап белгi берсе Амфином Телемахты өз қолымен өлтiруге дайын, ал егер бұлай болмаса онда Телемахқа тиiсуге ешкiмге де кеңес бермейдi. Күйеулер Амфиномның ұсынысын мақұлдап, Одиссейдiң сарайына қарай аяңдады.
Жаршы Медонт күйеу жiгiттердiң ойға алған әрекеттерiн Пенелопаға хабарлады. Пенелопа дәмелiлерге жолығып, әлгiндей ойлары үшiн қатты жазғырды. Пенелопа, әсiресе бiр кезде әкесiн халық қаҺарынан қорғап, Одиссей аман алып қалған Антинойды айыптады. Эвримах Пенелопаны жұбата бастады. Ол күйеу жiгiттердiң еш уақытта Телемахқа қол көтермейтiнiн айтты. Бұл сөздердi Эвримахтың тiлi ғана айтып тұр едi, ал ойы Телемахты қалай мерт етудiң жолын қарастырып, шартарапты шарқ ұрып жүрген.
Бұл кезде Эвмей күркесiне қайтып оралған-ды. Әйел құдай Афина Эвмей танып қалмасын деп Одиссейдi қайтадан жолаушының бейнесiне енгiздi. Шошқашы қалада не көргенiн түгел айтып, ас дайындауға кiрiстi.

ЖОЛАУШЫ КЕЙПIНЕ ЕНГЕН ОДИССЕЙДIҢ ӨЗ САРАЙЫНА КЕЛУI
Гомердiң «Одиссея» поэмасы бойынша баяндалған.

Келесi күнi аспан күмбезiнiң қиыр шетi қызыл шапаққа бояла бастаған кезде Телемах қалаға жөнелдi. Кетiп бара жатып Телемах Эвмейге қайыр сұрап, жол азық табу үшiн жолаушыны қалаға ертiп баруды тапсырды. Телемах үйiне келген соң өзiнiң кәрi тәрбиешiсi Эвриклеяға кездестi. Ол кiрiп келе жатқан Телемахты көргенде көз жасын көл қылып, құшақтай алды. Одиссейдiң ұлы алдынан құлдар мен күңдердiң бәрi шықты. Телемахтың келгенiн естiп Пенелопа да келдi. Ол баласын құшақтап, сапарда не көрiп, не бiлгенiн сұрай бастады. Бiрақ Телемах оған еш нәрсе айтқан жоқ – ол Феоклимендi үйiне ертiп келу үшiн қалалық алаңға жетуге асығып тұр едi. Телемах қалалық алаңға келгенде оны күйеу жiгiттер қоршап алды, бәрi жапа-тармағай жарамсақтанып, iзгi ниет тiлеп жатты, ал жүректерiнiң түкпiрiнде оған ажал тiлеп тұрды. Аздан соң алаңға Телемах қалада жоқ кезде өз үйiнен баспана берген Перай мен Феоклимен келдi.
Телемах Феоклимендi өз үйiне шақырып, тез ертiп кеттi. Үйде мәрмәрмен көмкерiлген әуiзге суға түсiп алып, екеуi асқа отырды. Өз бөлмесiнен Пенелопа шығып, бұлардың қасына келiп отырды. Телемах анасына Пилос пен Спартаға барған сапары жөнiнде әңгiмелеп бердi. Телемахтың әкесi жөнiнде ешқандай хабар бiлмей оралғанын есiткенде Пенелопа қатты күйзелдi. Феоклимен оның көңiлiн жұбатуға кiрiстi. Одиссейдiң қазiр Итакада болуы да мүмкiн, тек дәмегөй күйеулердiң сазайын тартқызғалы жасырынып жүрген шығар деген пiкiрiн зор сенiммен айтты. Феоклимен егер Одиссей Итакаға келмеген болса, Телемах сапардан оралғанда құдайлар белгi бермеген болар едi дедi.
Пенелопа Телемах пен Феоклимен екеуiмен әңгiмелесiп отырған кезде күйеу жiгiттер аулада дискi мен найза лақтырысып, мәз-мәйрам болып жатқан. Көп ұзамай малшылар күйеулердiң қонақасысы үшiн сойғалы қойлар мен ешкiлердi айдап әкелдi. Күйеулер Одисеейдiң үйiне жапырлай кiрiп, асқа дайындала бастады. Жаршы Медонт оларды қонақ қабылдайтын залға шақырды.
Бұл тұста Одиссей мен Эвмей қалаға қарай асықпай аяңдап келе жатқан. Таяққа сүйенген Одиссей қауқарсыз қарт қайыршының түрiнде. Олар қалаға жақындай бере қала халқы су алатын бұлақтың басында бұларға малшы Мелантий кездестi. Қасына қаңғыбас жолаушыны ерткен Эвмейдi көре сала даңғой Мелантий бұларды келемеждеп айғай салды:
– Мiне, бiр оңбаған екiншiсiн жетелеп келедi! Ей, есуас Эвмей, мына қайыршыны қайда ертiп барасың? Абайла, мынауың Одиссейдiң үйiне жолай қалса, күйеу жiгiттер қабырғасын санап қиратып бередi.
Осыны айтып Мелантий Одиссейдi бар пәрменiмен теуiп қалды, бiрақ Одиссей оны шыбын қонған ғұрлы көрген жоқ. Ол мына арсыздың басын жерге ұрып мылжа-мылжасын шығара жаздап, өзiн-өзi әрең ұстап қалды. Эвмей Мелантийге Одиссей келiп қалса халiң мүшкiл болар дегендi айтты. Бiрақ бұған Мелантий Одиссейдiң оралуын босқа күтiп жүрсiң, ол түгiл жақында күйеулер Телемахтың өзiн де өлтiредi, ал сенi тағы бiр жат жерлiкке сатып жiбередi деп кекете жауап бердi. Мелантий осыны айтып кетiп қалды.
Эвмей мен Одиссей жай аяңдап, алға жылжи бердi. Ақыры, олар Одиссейдiң сарайына жақындады. Сарай iшiнен кифараның үнi мен ән естiлiп жатты. Күйеу жiгiттер ойын-сауығының нағыз қызған кезi едi. Эвмей мен Одиссей дабырласа сөйлесiп, аулаға кiрдi. Қақпаның нақ аузында Одиссейдiң кәрi итi Арсуг жатқан. Ол иесiнiң дауысын ести салып, құлағын түре қойды. Иесiнiң сенiмдi серiгi Аргус құйрығын бұлғаңдатып, орнынан қарғып тұрып, еркелемек едi, жатқан жерiнен қозғала алмады. Жұрттың бәрi ұмыт қалдырған кәрi ит өмiрiнiң соңғы күндерiн өткiзiп жатқан-ды. Өзiнiң сенiмдi Аргусын Одиссей де таныды. Көзiнен жас ыршып кеттi. Эвмейге байқатпай тез сүртiп тастады. Аргус бiр дiр етiп жан тапсырды. Ол өз иесiн жиырма жыл күтiп едi, қайыршының түрiне енiп келсе де оны бiрден таныды.
Эвмей қонақ бөлмеге бiрiншi болып кiрiп, Телемахтың қасына отырды. Эвмейден соң Одиссей кiрдi. Бiрақ ол қонақтарға жақындаған жоқ, есiкке сүйенiп, табалдырықтың алдына отырды. Телемах нан мен ет алып, Одиссейге апарып беруге әмiр еттi де оның қонақтарға батыл барып, қайыр сұрай беруiне болатынын ескерттi. Одиссей орнынан тұрып, қонақтарды жағалай бастады. Бәрi де садақа берiп жатыр, тек Антиной ғана түк бермедi. Бiрақ Одиссей оның алдынан кетпей қойды. Қайырымсыз, даңғой Антиной ашуланып, Одиссейдi қасынан қуып жiбердi. Одиссей оның қасынан кетiп бара жатып жәбiрленген үнмен:
– Иә, сенiң бетiң жылтыр болғанмен, ақылың кемтар екенi көрiнiп тұр, маған кiсi нанының да бiр үзiмiн қимадың! – дедi.
Антиной түтiгiп кетiп, ағаш орындықты көтерiп алып Одиссейдiң арқасына жiберiп ұрды. Бiрақ Одиссей осы қатты тиген соққыны шыбын шаққан құрлы көрген жоқ, толқын ұрған жартас құсап былқ етпей тұра бердi. Тек басын қаҺарлана сiлкiп қалды да, табалдырықтың қасына қайта барып отырып былай дедi:
– Егер әлдекiм өз мүлкiн қорғап таяқ жеп жатса, оның айыбы жоқ. Егер кек құдайлары Эриниялардың қайыршыларды да жебейтiнi рас болса, Антинойдың бұл жерде некесi қиылудың орнына иманы үйiрiлерi хақ.
Антиной Одиссейдiң сөзiн естiп әлгiндегiден де бетер ызаға булықты, бiрақ, басқа күйеу жiгiттер оны үйге кiрген қайыршыны жәбiрлегенi үшiн кiнәлай бастады. Өйткенi жиҺанкездiң түрiне енiп адамдарға мәңгi жасайтын құдайлардың да келген кездерi болған. Антинойдың әкесiн жәбiрлеп жатқанын көрiп отыру Телемах үшiн ауыр азап едi, бiрақ уәденi бұзбау керектiгiн есiне алып, төзiп бақты.
Бейшара жолаушыны Антинойдың жәбiрлегенiн Пенелопа да естiдi. Ол есерсоқ Антинойды бұрынғыдан бетер жек көре бастады. Ол Эвмейдi шақырып алып жиҺанкездiң кiм екенiн сұрады. Бiр кезде Одиссейдiң осы жолаушының әкесiнiң үйiнде қонақ болғанын естiгенде:
– О жаратқан, мен Одиссей келген соң Телемах екеуi мына күйеусымақтардан қанды кек алатынына сенем!– деп дуыстады.
Пенелопа осы сөздердi айтқанда Телемах түшкiрiп кеп қалды. Пенелопа бұған қатты қуанды, ендi ол ерте ме, кеш пе, әйтеуiр мына күйеусымақтардың өз ерiнiң қолынан қаза табатынына кәмiл сендi.
Пенелопа Одиссей жөнiнде сұрау салу үшiн Эвмейге жолаушыны ертiп кел деп тапсырды. Бiрақ Одиссей күйеулердiң қытығына көп тие бермеу үшiн дәл қазiр бара алмайтынын, кешке дейiн күте тұруын өтiндi. Пенелопа бұған келiсiм бердi.
Күйеулердiң сауық-сайраны бұрынғысынан да қыза түстi.
Түн болды. Эвмей әлдеқашан үйiне кетiп қалған.
Күйеулер әлi тарай қойған жоқ-ты. Кенет есiктен маскүнемдiк пен тамақсаулықтан бүкiл Итакаға аты шыққан бiр қайыршы көрiндi. Оның аты Ир болатын. Есiкте отырған жолаушыны көрген Ир оны қуа бастады, бiрақ Одиссей кетпей қойды. Ир ендi кетпесе сабап тастайтынын айтып әкiреңдедi. Ерегiс басталды. Мұны естiген Антиной өзiн де, өзгелердi де күлкiге батырмақ болып Ирдi жолаушыға қарсы өшiктiре түстi. Жеңiп шыққанына ешкiнiң қуырылған қарнын бермек болды. Оның үстiне қайыр сұрау үшiн сарайға күнде келiп тұруына рұқсат етемiн дедi. Күйеулер Одиссей мек Ирдi қоршап алып, араларын ушықтыра түстi. Екеуiң күш сынасыңдар деп үгiттедi. Одиссей, егер күйеулер Ирге көмек бермеуге ант етсе, өзiнiң күш сынасуға дайын екенiн айтты. Күйеулер ант бердi. Сонда ғана Одиссей жейдесiн шешiп белiн буынды. Күйеулер Одиссейдiң сымбатты денесiне, бұлшықты бiлектерiне, алпамсадай көкiрегi мен қақпақтай жауырынына қарап таңданысты. Ирдiң зәресi ұшты, бiрақ, Одиссеймен жекпе-жекке шықпауға оның ешбiр амалы қалған жоқ едi, өйткенi құлдар оны шешiндiрiп, белiн буып, Одиссейдiң алдына әкелiп қойған. Ир үрейi ұшып, аяғынан әрең тұр. Одиссей оның бетiне қарап ойланып қалды: жұдырықпен бiр ұрып жанын жаҺаннамға жiбере ме, әлде құлап түсетiндей етiп қана соға ма? Одиссей қатты соқса, күйеулердiң көңiлiнде күдiк туып жүрер деп ойлады, сондықтан Ир өзiн иықтан ұрғанда бұл құлақ шекесiнен қойып жiбердi. Ир еденге жалп ете түсiп, ойбай салды. Одиссей оны аяғынан сүйреп аулаға алып шықты да қақпаның қасындағы дуалға сүйеп отырғызып, жыртық дорбасын мойнына асып, қолына таяғын ұстатты. Одиссей өз үйiнен өзiн қуып шықпақ болған Ирдi осылай тәубесiне келтiрдi. Күйеу жiгiттер Одиссейдiң арқасында мылжың Ирден құтылғандарына мәз болды. Олар Одиссейдi жапа-тармағай құттықтап, Амфином шарап құйып ұсынып, құдайлар жарылқап, байлыққа, бақытқа кенел деп тiледi. Амфином күйеулердiң есерсоқ қылықтарына жиiжиi басу айтып, Телемахты қорғап жүрдi. Одиссей мұны бiлетiн, сондықтан Амфиномды аман алып қалу үшiн кешiкпей Одиссей келсе күйеулердiң бәрiнiң құритынын ескертiп, үйiне қайтуын өтiндi. Бiрақ Амфином Одиссейдiң кеңесiне құлақ аспады, сөйтiп, ол өз ажалына өзi асығып қарсы келе жатты.
Осы кезде Афина-Паллада үмiткер күйеулердiң қанын қыздыра түсу үшiн, сол арқылы Пенелопаның адалдығы мен махаббатына берiктiгiн Одиссей мен Телемахқа көрсете түсу үшiн оны қонақ қабылдайтын бөлмеге жетеледi. Пенелопа сол замат Эвриноманы шақырып алып, өзiн думан өтiп жатқан залға ертiп апару үшiн екi күңiн шақыруды бұйырды. Эвринома шығып кеткен соң әйел құдай Афина Пенелопаны аз уақытқа ұйықтатып тастады да, оның жүзiн бұрынғыдан да сұлуландырып, махаббат құдайы Афродитадай үлбiреттi де қойды. Бөлмеге кiрген күңдер Пенелопаны оятты. Пенелопа орнынан тұрып күйеу жiгiттерге келдi. Олар кiрiп келген Пенелопадан көздерiн айыра алмады. Пенелопа Телемахты шақырып алып, өз үйiнде бейшара жолаушыны жәбiрлеуге жол бердiң деп айыптады. Телемах анасының сөзiн үн-түнсiз тыңдады. Дәмелiлердiң бiрi Эвримах Пенелопаға тiл қатып, оның көркiн мадақтай бастады. Пенелопа оның сөзiн тыңдап болып өзiнде ешқандай көрiк қалмағанын, оның бәрi Одиссей аттанып кеткен бойда семiп қалғанын айтты. Тек Одиссей қайта оралған кезде ғана бұрынғы ажары қалпына келедi деп жауап қайырды. Ол күйеулердi өзiн тұрмысқа шық деп, жексұрын некеге итермелеп қинайтындарына, өздерiнiң сауықсайрандарымен Одиссейдiң мал-мүлкiн судай шашып жатқанына қатты налитынын айтты. Баяғы кезде мұндай болмайтынын, қайта күйеулер қалыңдықтың көңiлiн аулау үшiн өздерi тарту тартатынын басқа бiреудiң есебiнен дүние шығындамайтын айтты. Күйеулер Пенелопаның бетiн берi қарату үшiн өздерiнiң қызметшiлерiн жұмсап, мол-мол сыйлықтар алдырып, Пенелопаға тартты. Пенелопа бұл сыйлықтарды үн-түнсiз алды да, өз бөлмесiне кетiп қалды.
Пенелопа залдан шығысымен, күйеу жiгiттер өздерi отырған залдың жарығын үстей түсу үшiн күңдердi үлкен үш шырағдан алып келуге жұмсады. Күңдер бұйрықты бұлжытпай орындады. Одиссей шырақтарға бас-көз болып өзi тұратынын айтып, күңдердiң әрқайсысы өз iсiмен айналыса беруiн өтiндi. Бiрақ күңдердiң бiрi Меланто мұны мазақтап тiл тигiзе бастады. Одиссей Мелантоны Пенелопаға шағым жасаймын деп қорқытты. Күңдер асып-сасып кетiп қалысты. Одиссей болса шырақтардың отына көз салып тұрды. Эвримах күйеу жiгiттердiң көңiлiн көтермек болып, Одиссейдi әжуалап былай дедi.
– Менiң шамалауымша, бiздiң дастарқанымыздың үстi жарығырақ болу үшiн құдайлардың бiрi бiзге мына қаңғыбасты әдейi жiберсе керек. Өйткенi, жарық шамнан емес, бiр тал шашы жоқ осының басынан түсiп тұр.
Күйеулер ду күлдi, ал Эвримах Одиссейдi одан әрi келемеждей түстi. Одиссей оған байыппен жауап бердi:
– Эвримах! Сенiң көкiрегiң көк тiреп тұр, бiрақ сенiң күштi көрiнiп тұрғаның айналаңдағы адамдардың әлсiздiгiнiң арқасы. Егер сорыңа осы қазiр Одиссей кiрiп келсе, мына кең есiк сен үшiн тар болып, тұра қашқанда жолыңды таба алмай қалар едiң.
Ыза болған Эвримах орындықты көтерiп алып, Одиссейге лақтырды. Бiрақ Одиссей бұғып қалды. Орындық шарап тасып жүрген құлға тиiп, ол жалпасынан түстi. Қолындағы кесе жерге түсiп, қирап қалды. Күйеу жiгiттер шу ете түстi. Олар мына жолаушы келгелi берi мәжiлiс үстiнде жиi-жиi жанжал шығып, өздерiнiң де шырқы бұзылғанына ренжiстi. Бiрақ Телемах ұрыскерiстiң себебi бұдан емес, жұрттың мас болып қалуынан, сондықтан мәжiлiстi доғару жөн дегендi айтты. Телемахтың сөзi күйеулердiң көңiлiне қонбаса да, амал жоқ, отырысты аяқтауға мәжбүр болды.
Күйеулердiң бәрi тарап кеткен соң Одиссей Телемахқа қонақ залынан ендi барлық қару-жарақты алып шығу керек екенiн айтты. Телемах Эвриклеяны шақырып алып, қару-жарақ тасып жатқанын көрсетпеу үшiн барлық қызметшi әйелдердi өз бөлмелерiне қамап қоюға әмiр еттi. Эвриклея Телемахтың бұйрығын заматында орындады. Телемах пен Одиссей қару-жарақтарды шығара бастады, ал әйел құдай Афина шырағын жағып бұлардың жолын жарық етiп тұрды. Айналаның бәрiн нұрға бөлеп тұрған, өзi көрiнбейтiн шырақтың жарығын көрген Телемах таң қалып, Одиссейден бұл сәуленiң қайдан түсiп тұрғанын сұрады. Телемах өз сұрақтарымен құдайдың көңiлiне тиiп жүрер деп қорыққан Одиссей баласының мұндай сауал беруiне тыйым салды. Барлық қаруды шығарып болған соң Одиссей Пенелопаның бөлмесiне қарай жүрдi. Ол жолаушыны тағатсыздана күтiп отырған. Телемах өз бөлмесiне барып ұйықтап қалды.

ОДИССЕЙ МЕН ПЕНЕЛОПА
Гомердiң «Одиссея» поэмасы бойынша баяндалған.

Телемах жатуға кеткен соң салтанат залына күңдерiн ертiп Пенелопа келдi. Күңдер ханымға арнап ошақтың қасына пiл сүйегiнен жасалып, күмiспен әшекейленген орындық қойды да, өздерi күйеу жiгiттер ассу iшкен столдың үстiн жинастыруға кiрiстi. Меланто күң Одиссейдi тағы да балағаттап, егер тез тайып тұрмаса, шоқ лақтырып күйдiретiнiн айтып, қорқыта бастады. Одиссей оған түйiле қарап:
– Сен маған неге ашуланасың? Рас, мен қайыршымын! Менiң маңдайыма жазылғаны осы болды, бiрақ бiр кезде мен де аса бай болғанмын. Оның бәрiнен мен Зевстiң қалауымен айырылдым. Бәлкiм, жақын күндерде сен де бар көркiңнен айырыларсың, сонда сенi де ханымын жек көретiн болады. Абайла, Одиссей қайта оралып, осы сөздерiң үшiн опық жеп, қылығың үшiн қан жұтып жүрме. Ал, тiптен ол оралмаған күннiң өзiнде Телемах бар ғой. Ол күңдердiң өздерiн қалай ұстап жүргенiн жақсы бiледi. Оның назарынан еш нәрсе қағас қалмайды!
Одиссейдiң сөзiн естiген Пенелопа Мелантоға жекiрдi:
– Сен байлаудағы кәнден сияқты, әркiмге бiр шабаланасың. Бiлемiн, мен сенiң өзiңдi қалай ұстайтыныңды! Сен мына мiнезiң үшiн басыңмен жауап беретiн түрiң бар. Мына жолаушыны осында өзiм шақырып алғанымды бiлмейсiң бе әлде?
Пенелопа ошақ қасына жолаушыға арнап орындық қоюға бұйырды. ЖиҺанкез жанына отырған соң одан Одиссей жөнiнде сұрай бастады. Жолаушы Пенелопаға бiр кезде Трояға бара жатқан жолда дауыл айдап, Криттiң жағалауына амалсыз тоқтаған Одиссейдi өзi қонақ ретiнде, қабылдағанын айтты. Жолаушының Одиссейдi бұдан жиырма жыл бұрын көрдiм деген сөзiнiң өзiн естiгенде Пенелопа жылап жiбердi. Жолаушы сөзiнiң шындығын тексеру үшiн әйел Одиссейдiң киген киiмiн сұрады. Ал жолаушы үшiн өзi киген киiмдi түстеп айтып беруден оңай еш нәрсе жоқ едi. Ол Одиссейдiң үстiндегiнiң бәрiн тәптiштеп айтып бердi, Пенелопа сендi. Жолаушы Одиссейдiң тiрi екенiн, жуық арада оның феспроттар елiнде болғанын, содан ары Зевстiң абызына жалбарыну үшiн Додонға кеткенiн айтты.
– Одиссей жақында оралады! – дедi жолаушы. – Осы жыл аяқталмай, тiптi, жаңа ай толыспай жатып-ақ келiп қалады Одиссей.
Пенелопа бұған қанша сенгiсi келсе де сене алмады. Өйткенi ол Одиссейдi күткелi қашан, алайда ол оралмай-ақ қойды. Пенелопа күңдерiне қонаққа жұмсақ төсек салып берудi бұйырды. Одиссей бұл үшiн алғыс айтып, тек кәрi Эвриклея аяғын жуып беруiн өтiндi.
Эвриклея оның аяғын жууға шын ықыласымен келiстi. Өйткенi, жолаушы бойымен, бар түрiмен, тiптi даусымен де бiр кезде өзi алақанына салып өсiрген Одиссейдi есiне түсiре бердi. Эвриклея жолаушының аяғын жуғалы мыс шылапшынға су құйып әкелiп, еңкейе бердi. Осы кезде оның көзi жолаушының аяғындағы бiлеуленiп бiткен тыртыққа түстi. Ол бұл жарақатты жақсы бiлетiн. Бiр кезде Автоликтiң ұлдарымен бiрге Парнастың бауырында аң аулап жүргенде осындай жарақатты Одиссейдiң аяғына жабайы қабан салған болатын. Осы жарақатқа қарап Эвриклея Одиссейдi таныды. Ол таң қалғанынан шылапшындағы суды төгiп алды. Оның көзi қуаныш жасына толып даусы дiрiлдеп:
– Одиссей, сенбiсiң бұл, менiң қымбатты сәбиiм?
Қалайша мен сенi бұрын танымағанмын! – дедi.
Эвриклея мұны Пенелопаға да айтпақ болып едi, Одиссей оның аузын басып, баяу ғана:
– Иә, мен өзiң алақаныңа салып өсiрген Одиссеймiн! Бiрақ үнiңдi шығарма, менiң құпиямды ешкiмге жария ете көрме, әйтпесе, қатерге байлап бересiң. Менiң оралғаным жөнiнде ешкiмге де сыр ашпа. Егер осыны орындамасаң маған емшек сүтiн берiп асыраған тәрбиешiм болғаныңа қарамай қатты жазалаймын! – дедi.
Эвриклея сыр сақтауға ант еттi. Одиссейдiң оралғанына қуанған ол тағы да су әкелiп аяғын жуды. Пенелопа ештеңе байқаған жоқ, өйткенi оның ойын әйел құдай басқа жаққа аударып жiберген едi.
Одиссей ошақ қасына қайта келiп отырғанда Пенелопа өзiнiң ауыр тағдырын шағып, жақында көрген түсiн айтып бердi. Оның түсiнде бiр бүркiт ұшып келiп, өзiнiң шағаладай аппақ асыранды қаздарын қырып салыпты, бұл қырғынға бүкiл Итаканың әйелдерi қайғырыпты. Бiр кезде бүркiт қайта ұшып келiп, сарайдың төбесiне қонып, кәдiмгi адамның тiлiмен: «Пенелопа, бұл түс емес, бұл саған берiлген белгi. Қаздар – күйеулер, ал мен – жақында қайта оралатын Одисееймiн» – дептi.
Одиссей Пенелопаға мына көрген түсi айдан анық болғандықтан, оны жорып жатудың қажетi де жоқ дедi. Бiрақ Пенелопа Одиссейдiң ақыры қайта оралатынына сенген жоқ. Ол Одиссейге ертең күйеулердi сынап көрмекке бекiнгенiн айтты. Ол Одиссейдiң садағын алып шығып, сонымен жебе тартып, нысанаға дәл тигiзудi ұсынбақ. Осы талабын кiм бұлжытпай орындай алса, соған тұрмысқа шықпақ. Жолаушы Пенелопаға осы сынауды тезiрек өткiзуге кеңес бере тұрып:
– Күйеулердiң iшiнен садақты тартып, нысанаға дәл тигiзетiн бiреуi табылғанша, Одиссей де келiп қалады, – дедi.
Өзiнiң Одиссеймен сөйлесiп отырғанын Пенелопа сезген де жоқ. Мезгiл кеш едi. Пенелопа орнынан тұрып, өз бөлмесiне кеттi. Төсекке жатқан бойда оны әйел құдай Афина қатты ұйқыға бөледi.
Өгiздiң терiсi мен қойдың жүнiнен жасалған бөстек төселген орынға жатқан Одиссей көпке дейiн көз iлмедi. Ол күйеулерден қалай кек алуды ойлады. Сол кезде төсегiне әйел құдай Афина келiп, көмек беретiнiн, жақында бар азаптан бiржола құтылатынын айтып, көңiлiн жұбатып кеттi.
Ақыры әйел құдай Афина Одиссейдi де ұйықтатып тастады. Бiрақ ол ұзақ ұйықтай алмады. Оны ерiнiң оралмағанына қайғырып, дауыс етiп отырған Пенелопаның үнi оятып жiбердi. Одиссей орнынан тұрып, төсегiн жинады да аулаға шықты, бүгiн таңда алғашқы есiтетiн сөздерi арқылы белгi ет деп Зевске жалбарына бастады. Зевс Одиссейдiң тiлегiн қабыл еттi – аспанда күн күркiреп, найзағай жарқылдады. Одиссейдiң алғашқы естiген сөзi қол диiрменге ұн тартып отырған күңнiң сөздерi едi. Ол бүгiнгi күн күйеулердiң Одиссей үйiнде сайран салуының соңғы күнi болса екен деп тiлеп отыр екен. Одиссей қуанып кеттi. Ендi оған күйеулерден кек алу жолында найзағай құдайы Зевстiң көмек көрсететiнi анық болды.

ОДИССЕЙДIҢ КҮЙЕУ ЖIГIТТЕРДЕН КЕК АЛУЫ
Гомердiң «Одиссея» поэмасы бойынша баяндалған.

Ертеңгiсiн салтанат залына күңдер жапырыла кiрiп, оны күйеулердiң сауық-сайранына даярлай бастады. Эвриклея күңдердi суға жұмсап, едендi тазалап жууды, орындықтардың үстiне жаңа алқызыл жамылғылар жауып, ыдыс-аяқты даярлап қоюды бұйырды. Аздан соң өз бөлмесiнен шыққан Телемах Эвриклеядан жолаушының түндi қалай өткiзгенiн сұрады да, өзi қалалық алаңға бет алды. Күйеулердiң сауық-сайраны үшiн сойғалы Эвмей, Филотий, Мелантийлер ешкi, қой, шошқа және сиыр айдап әкелдi. Эвмей мен Филотий баспанасы жоқ, қаңғырып жүрген жолаушыны аяп, онымен жылы амандасты. Филотийдiң есiне Одиссей түстi, ол да осылай тентiреп жүр-ау деген ой келгенде өз қожасына жаны ашып кеттi. Эвмей мен Филотий Одиссейдi үйiне қайтарыңдар деп, құдайларға жалбарына бастады. Одиссей өзiнiң сенiмдi қызметшiлерiнiң көңiлдерiн көтермек болып, Филотийге қарап:
– Саған ұлы Зевстi ұлылығына Одиссейдiң қасиеттi ошағын атап ант етейiн, сен осы жерден кеткенше Одиссей үйiне оралады, сен оның құтырған күйеулерден кек алуының куәсы боласың, – дедi.
Эвмей мен Филотий жолаушыға мүсiркей қараса, дарақы мiнездi Мелантий тез арада тайып тұрмаса сабап тастайтынын айтып тағы қоқаңдай бастады. Одиссей Мелантийге ешқандай жауал қайырған жоқ, тек қабағын түкситтi де қойды.
Бiртiндеп күйеу жiгiттер де жинала бастады. Оларды Телемахты өлтiрмек болған ниетiнен тек құдайлардың берген белгiсi ғана қайтарды. Күйеулер столға шалқайыса отырған кезде сауық-сайран басталды. Телемах есiктiң алдына стол мен орындық қойды, Одиссейдi соған отырғызып, тамақ пен шарап берудi бұйырды. Сонан соң Одиссейдiң баласы қаҺарлы үнмен былай дедi:
– Жолаушы! Осында еркiн отырып менiң қонақтарыммен ас-су iше бер. Есiңде болсын, мен сенi ешкiмге жәбiрлетпеймiн. Менiң үйiм қайдағы бiр басбұзарлар жиналатын шарапхана емес, Одиссей патшаның салтанатты сарайы.
Телемахтың сөздерiн есiткенде Антиной дарақылана айқай салды.
– Достар! Қажет деп тапса, Телемах қоқан-лоқылай берсiн. Егер Зевс белгi бермегенде бiз оны әлдеқашан жуасытып қояр едiк, онда бұл әлгiндей жексұрын көкiмелiгiнен мәңгi құтылатын едi.
Телемах бұған еш жауап қайырған жоқ. Ол Одиссей беруге тиiс белгiнi күтiп үн-түнсiз отыра бердi. Одиссей көкiрегiндегi кектi өршiте түсу үшiн әйел құдай Афина күйеу жiгiттердiң жарымес қылықтарын қыздыра бердi. Афинаның айтағымен көтерiлiп алған күйеулердiң бiреуi Ктесипп айқай салды.
– Тыңдаңдар менiң сөзiмдi! Телемах жолаушыға үйiп-төгiп ас пен шарап ұсынды. Бiз де оған бiрдеңе беруiмiз керек қой. Мен оған лайықты садақа дайындап қойдым.
Ктесипп осыны айтып, сиырдың қу сирағын алды да, бар пәрменiмен Одиссейге жiберiп кеп қалды. Одиссей қатты соққыны өзiне дарытпай, әрең бұғып үлгiрдi. Телемах Ктесиппке өктем дауыспен:
– Бақытыңа қарай, мүлт кеттiң! Әйтпесе мен саған найзамды дәлiрек лақтыратын едiм. Онда сенiң әкең той емес, жерлеу жабдығына кiрiсiп әлек болатын едi. Бәрiңе тағы да ескертемiн: мен қонағымды ешкiмге жәбiрлетпеймiн! – дедi. Күйеулер ештеңе деген жоқ, Агелай болса жолаушыға тиiспеңдер деп, жолдастарына кеңес бердi.
Кенет Афина күйеулердiң бәрiн шектен тыс күлегеш етiп, ақыл естерiнен ауыстырып жiбердi. Олар жан түршiгерлiк дауыспен қарқылдап күле бастады. Бетәлпеттерi бозарып, кездерiне жас iркiлдi, көкiректерiне қайғы үйiрiлдi. Кәдiмгi жабайы аңдар құсап шикi еттi жұлмалап жеуге кiрiстi. Олар осындай ессiз күйде Телемахты келекелей бастады. Бiрақ Телемах олардың әжуасына көңiл аудармай, үн-түнсiз отыра бердi. Күйеулердiң айқай-сүреңiн өз бөлмесiнде Пенелопа да естiп отырды.
Бiр кезде Пенелопа орнынан тұрып, Одиссейдiң қазынасы сақтаулы тұрған қоймаға келдi. Одиссейдiң бауыры қатты садағын алды. Бұл бiр кезде Эвриттiң садағы болатын, Одиссейге оны Эвриттiң ұлы Ифит тарту еткен. Садақ пен жебе толы қорамсақты ұстап Пенелопа той-думан болып жатқан залға кiрдi. Залдағы тас бағанның жанына келiп тұрды да, дәмелi жiгiттерге қарап:
– Сөз тыңдаңдар! Мен сендерге Одиссейдiң садағын алып келдiм. Кiмде-кiм осы садақты тартып, жебенi он екi сақинаның көзiнен дәл өткiзсе соған тұрмысқа шығамын, – дедi.
Пенелопа Одиссейдiң садағын Эвмейге бердi. Қожасының садағын ұстаған ол көз жасын көл қылып, күйеулерге әкеп бердi. Иесiнiң сенiмдi қызметшiсi Филотий де көзiне жас алды. Одиссейдi естерiне түсiрiп, көздерiне жас алғандары үшiн күйеулер оларға кейiс бiлдiрдi. Телемах басына сақина iлiнген қазықтарды жерге қадай бастады. Ол садақты алдымен өзi тартып байқамақ болды. Садақтың екi ұшын үш рет игенiмен, кернеуiн тарта алмады. Төртiншi рет әрекет жасай бастағанда, Одиссейдiң басын изеп жасаған ишаратын байқап, қоя қойды. Күйеу жiгiттер бауыры қатты садақты иiп кермек боп, кезек-кезек күш сынасты. Ең алдымен байқап көрген Леиод садақтың екi ұшын имек түгiлi, сәл-пәл да майыстыра алмады. Мұны көрген Антиной садақты жұмсартпақ болып, Мелантийдi шақырып алып құрық май әкелуге жұмсады. Антиной май жұмсартқан садақ тез иiлер деп ойлады. Бiрақ күйеулердiң бар әрекетi босқа кеттi – садақты ешкiм ие алмады.
Осы кезде Эвмей мен Филотий залдан шықты, соларға iлесе Одиссей де кеттi. Аулаға шыққан соң аяғындағы қабан салған жарақатты көрсетiп, Одиссей сенiмдi қызметкерлерiне өзiнiң кiм екенiн танытты. Жүректерi жарыла қуанған Эвмей мен Филотий оның қол-аяғын сүйе бердi. Одиссей оларды сабырмен басып, садақты өз қолына алған сәтте Эвмей тез Эвриклеяға барып, қызметшi әйелдердiң бәрiн бөлмелерiне қамап, ешкiмдi сыртқа шығармауды тапсырды. Ал Филотийге қақпаны мықтап жабуды бұйырды. Осы бұйрықтарды берiп болған соң ол залға қайта кiрiп, есiк жанында өз орнына жайғасты.
Одиссей кiрген кезде Эвримах садақты майлап алып, отқа қыздырып отыр едi. Эвримах қызған садақты имек болып күштенiп көрiп едi, ештеңе шықпады. Бар әрекеттерi босқа кетiп жатқанын байқаған күйеулер бүгiнше садақты жайына қалдырып, ертеңiне қайта кiрiспек болды да, сауық-сайрандарын қайта жалғастыруға кiрiстi. Осы кезде Одиссей күйеулерден садақты мұның да иiп көруiне рұқсат етуiн өтiндi. Мына сөздi есiткен күйеулер оны күлкiге айналдырды. Бiрақ олар мына жолаушы сағымызды сындырып кете ме деп iштерiнен қобалжып та тұр едi. Пенелопа садақты жолаушыға берудi талап еттi. Оның сөзiн Телемах бөлiп жiбердi. Ол анасынан өз бөлмесiне кетуiн өтiнiп, Эвмейге садақты Одиссейге бер дел бұйырды. Эвмей садақты Одиссейге апара бергенде күйеулер шулап қоя бердi. Эвмей қорқа соғып едi, Телемах бар сұсымен ақырып қалды. Эвмей садақты Одиссейге бере салып, оның бұйрығын жеткiзу үшiн Эвриклеяға жүгiрдi. Филотий қақпаны тарс жапты.
Одиссей садағын қолына алып, байыптап қарап шықты. Кифарасын алған әншi де нақ осылай ететiн. Одиссей еш қиналмай садақтың екi басын идi де, кернеуiн тартты, оны қолымен шертiп көрдi. Кернеуден қаҺарлы үн шықты. Күйеулердiң түсi бұзылды. Аспанда күн күркiредi. Бұл Зевстiң Одиссейге берген белгiсi едi. Оның жүрегiн қуаныш кернеп кеттi. Одиссей садаққа жебе салып, отырған орнынан қозғалмай-ақ, нысанаға қарай тартып қалды. Жебе он екi сақинаның көзiнен түгел өттi. Одиссей Телемахқа дауыстап жiбердi:
– Телемах! Сенiң қонағың сағыңды сындырған жоқ. Байқадың ғой, өзiң, мен садақты игенде онша қиналғаным жоқ. Жоқ, менiң қайратым әлi қайтқан жоқ екен! Бiз ендi күйеулерге қонақасыны басқаша әзiрлеймiз. Ендi бұл салтанат кифарасы басқаша сайрайды! – дедi.
Одиссей Телемахқа қабағын шытып белгi бердi. Телемах белiне қылыш асынып, қолына найза ұстап, Одиссейдiң қатарына келiп тұрды.
Одиссей үстiндегi алба-жұлба киiмiн лақтырып тастап, табалдырықтың қасына келiп тұрды да, қорамсақтағы жебелердi аяғының астына төгiп, күйеулерге қарап айқай салды.
– Алғашқы нысанаға мен дәл тигiздiм. Ендi мен бұған дейiн ешкiм жебе жұмсамаған екiншi нысананы қарауылға алдым. Бұған да менiң жебемнiң дәл тиюiне жебе тәңiрiсi Апполлон жар болады! – дедi.
Осыны айтып Одиссей жебесiн Антинойға жiбердi. Жебе Антиной шарап iшпек болып, ыдысты аузына апара берген мезгiлде тура кеңiрдегiнен қадалды. Қанына шашалған Антиной столды төңкере, етпеттей құлап, тiл тартпай кеттi. Күйеулер үрейлене, орындарынан қопарыла түрегелiстi. Олар қабырғада iлулi тұратын қаружараққа ұмтылды, бiрақ қару-жарақ жоқ болатын. Одиссей күйеу жiгiттерге қаҺарлана айқай салды.
– Солай ма екен, сұмелек иттер! Сендер менi қайтып оралмайды деп ойладыңдар ғой, ә? Өстiп сайрандай беремiз дедiңдер-ау? Жоқ, ендi сендердiң дәурендерiң бiттi, ендi бәрiңдi ажал күтiп тұр!
Эвримах аяй көр, шашылған дүниеңнiң орнын артығымен толтырамыз деп Одиссейге босқа жалынды, Одиссейдiң құлағы ештеңе есiткiсi келмедi. Оның бойын кек билеп алған едi. Күйеулер ендi тек қана корғануға тура келетiнiн түсiндi. Олар қылыштарын жалаңдатып Одиссей жебелерiнен столмен қорғанып, жан сауғалауға әрекет жасады. Эвримах қылышын ала Одиссейге ұмтылып едi, көкiрегiне қадалған жебе тiл тартқызбай, етпетiнен түсiрдi. Одиссейге ұмтылған Амфиномды Телемах найзамен шаншып тастады. Амфиномды өлтiрген соң Телемах қару-жарақ әкелуге жүгiрдi. Ол қоймадан Одиссейге, өзiне және Эвмей мен Филотий үшiн төрт дулыға, төрт қалқан және сегiз найза алып келдi. Одиссей Телемах қару-жарақ әкелуге кеткен кезде күйеулерге жебесiнiң бiрiнен соң бiрiн жiберiп жатты. Оның атқан әрбiр жебесi дөп тиiп, күйеулер бiрiнен соң бiрi құлады. Miнe, ендi қару көтерiп Телемах та келдi. Одиссей қаружарақ асынып алды. Қатарына найзаларын кезеп Телемах, Эвмей және Филотий тұрды.
Сатқын Мелантий Телемахтың қаруды қайдан әкелгенiн байқап қалған-ды. Ол жасырын қоймаға барып, Телемахтың асығып жүрiп, есiктi ашық тастап кеткенiн пайдаланып, он екi қалқан мен найза алып келдi. Күйеулер де қаруланып үлгiрдi. Бұны көргенде Одиссей шошып кеттi. Ол бұларға бiреу көмектесiп жүр деп ойлады. Бақытқа қарай, қару әкелуге жасырынып кетiп бара жатқан Мелантийдi байқап қалған Эвмей Одиссейге хабарлады. Одиссей Эвмей мен Филотийге Мелантийдi қойманың iшiнде ұстап алып, аяқ-қолын байлап, қамап тастауға бұйырды. Эвмей мен Филотий қоймаға байқатпай келдi де Мелантий қару алып шыға бергенде бас салып, алып ұрды да аяқ-қолын байлап тастады, сол жiптiң бiр ұшымен оны қойманың бел ағашына асып қойды.
– Ал, ендi, Мелантий, қаруды күзете бер! Бiз сенiң төсегiңдi жайлы етiп салдық, таңды ұйықтап қалмай, мезгiлiнде қарсы алатын боласың, – деп мысқылдады олар. Осыны айтып олар қару-жарақты алып күйеулердiң шабуылына қарсы тұрған Одиссей мен Телемахқа көмекке ұмтылды.
Осы минутта Одиссейге Ментордың бейнесiне енген Афина-Паллада келдi. Одиссей Менторды көмекке шақырды, ал күйеулер оған Одиссейге көмектессең өлтiремiз деп қоқаңдады.
Афина күйеулерге бұрынғыдан бетер ыза болды. Ол Одиссейдi күйеулермен ұрыста Троя iргесiнде көрсеткен қайратыңды жұмсамай жүрсiң деп айыптап, өзi қарлығашқа айналып, шарықтап көтерiлдi де күйеулердiң үстiңгi жағындағы үргiге барып қонды. Күйеулер Одиссей мен Телемахқа, олардың сенiмдi серiктерiне найза лақтырып үш рет шабуыл жасады, бiрақ Афина олардың найзасын дарытпай қағып тастады.
Ал, Одиссей мен оның серiктерi ұмтылған сайын төрт кiсiнi сұлатып отырды. Филотий найзасын Ктесиппке дәл тигiзiп, мұрттай ұшырғанда масаттана айқай салды.
– Ендi үнiң өшедi сенiң, оңбаған дөрекi қырт! Мен саған өзiң Одиссейге ұсынған сиырдың сирағы үшiн тамаша сый бердiм.
Күйеулер бiрiнен соң бiрi мерт болып жатты. Кенет Афина күйеулердiң төбесiнде өзiнiң Эгидасын үйiрiп көрсеттi. Күйеу-жiгiттер жаздыгүнi сәйгел тиген бұқалардай жандарын қоярға жер таппай аласұрды. Одиссей, Телемах, Эвмей мен Филотий бұларды көгершiнге тиген қырандай жайпады. Аттаса-ақ ажал құшып жатқан күйеулер шыңғыра құлап жатыр. Олар жандарын қояр жер таба алмады. Лейод жүгiрiп келiп Одиссейдiң аяғына жығылып, жан сауға сұрап едi, Одиссей кешiрiм етпедi. Ол Телемахтың өтiнiшi бойынша күйеу жiгiттердiң алдында амалсыздан ән салған әншi Фемий мен сиыр терiсiн жамылып жасырынған жаршы Медонтқа ғана кешiрiм жасады. Ол Фемий мен Медонтқа аулаға шығып, күте тұруға бұйырды. Одиссей күйеу жiгiттерден бiреу-мiреу қалып кетпедi ме деп бөлме-бөлменi түгел қарап шықты. Күйеулердiң бiр де бiрi зауалдан құтылмады, бәрi ажал құшты.
Содан кейiн Одиссей Эвриклеяны шақыртты. Өз қожасының шақыруымен заматында келген Эвриклея өгiздердi жайратып салған арыстан құсап, сұлап жатқан күйеулердiң ортасында үстi-басы қан-қан болып тұрған Одиссейдi көрдi. Одиссей Эвриклеяға күйеулерге көмектесiп жүрген күңдердi шақыруға бұйырды. Эвриклея он екi күңдi шақырып келдi. Олар күңiрене жүрiп күйеулердiң денелерiн сыртқа шығарып, сарай iргесiне бiрiнiң үстiне бiрiн үйiп жатты. Одан соң күңдер той-думан залын түгел жуып шықты. Осы қызметтiң бәрiн атқарып болған соң Одиссей оларды Пенелопа екеуiне жасаған жауыздықтары үшiн өлiм жазасына кестi. Одиссей опасыз Мелантийдi де дарға асуға бұйырды.
Одиссей Эвриклеяға қош иiстi шөп әкелдiрiп түтiн түтеттiрдi, сөйтiп, бүкiл сарайды аластап шықты. Одиссейдiң күңдерi жиналып келдi. Олар өз қожасын қоршап алып, аман оралғанына қуанып, аяқ-қолдарын сүйе бастады. Үй-iшiн аман көрген Одиссейдiң өзi де көзiне жас алды.

ОДИССЕЙДIҢ ПЕНЕЛОПАҒА СЫР АШУЫ
Гомердiң «Одиссея» поэмасы бойынша баяндалған.

Одиссеймен үй-iшi көрiсiп, мәз-мейрам болып жатқан кезде Эвриклея Пенелопаның бөлмесiне жүгiрдi. Ол Пенелопаға жұбайының есен-сау оралып, күйеулердiң бәрiн қырып салған қуанышты хабарды жеткiздi. Пенелопа бұған сенген жоқ. Ол өзiн Эвриклея мазақ қып тұр деп ойлады. Эвриклея Одиссейдiң шыныменен оралғанын, Пенелопаның өзiмен сөйлескен жолаушының Одиссей екенiн, оны аяғын жудырған кезiнде тыртығына қарап өзiнiң бiрден танығанын, тек Одиссейдiң бұйрығы бойынша бұл сырды Пенелопадан да жасырғанын айтып ұзақ дәлелдедi. Бiрақ Пенелопа Одиссейдiң жалғыз өзi барлық күйеу жiгiттердi қырып салды дегенге тiптi сене алмады. Ақыры, Пенелопа салтанат залына баруға келiсiм бердi. Мұнда келген соң Пенелопа бiрден Одиссейдiң мойнына асыла кетудiң немесе жолаушының шынымен өз жұбайы екенiне әбден көзi жеткенше тексере түсудiң қайсысы қажет екенiн бiлмей әрi-сәрi болды. Пенелопа жолаушының қасына келiп отырды. Ол Одиссейге қадала қарады, қараған сайын жолаушы бiрде Одиссейге ұқсаса, бiрде ұқсамайтын сияқты көрiндi. Пенелопаның толқып отырғанын байқаған Телемах ренiш бiлдiрдi:
– Оу, сүйiктi анам,– дедi Телемах, – сенiң жүрегiң шынымен тастан жаралған ба едi? Зарығып күткен жұбайың, ақыры, мiне, қасыңа келiп отыр, ал сен үн де қатпайсың. Бұл дүниеде ұзақ сапардан оралған жұбайын тап осылай қарсы алатын екiншi әйел жоқ шығар.
– Ұлым, көрмейсiң бе көңiл толқуынан тiлiм күрмелiп отырғанын – деп жауап қатты Пенелопа Телемахқа.– Егер мына жолаушы шынымен Одиссей болса, Одиссей екеумiздiң бiр-бiрiмiздi бiрден танитын құпия сырымыз бар.
Одиссей күлiмсiреп, Телемахқа қарады.
– Ұлым! Анаңды абыржытпа, сұраса келе менiң шын Одиссей екенiме өзiнiң де көзi жетедi. Менi мына түрiмде бiрден тану қиын болып отыр ғой. Әзiрше бiздiң шешiп алатын мәселемiз: бүлiк шығып кетпес үшiн күйеу жiгiттердiң қырылғанын қала халқынан уақытша қалай жасыра тұру керек? Бiз ең танымал, аты белгiлi жастарды өлтiрдiк, олардың туған-туысқандары бiзден кек алмаққа ұмтылары сөзсiз.
Жұрт сарайда сауық-сайран жалғасып жатыр екен деп ойлауы үшiн Одиссей барлық құлдар мен күңдерге Фермийдiң кифарасына қосылып ән салып, би билеуге бұйырды. Оның бұйрығы сол заматта орындалды. Көшедегi жұрт шынында да сарайда Пенелопаның күйеу жiгiттердiң бiрiмен некелесу тойы өтiп жатқан ғой деп ойлады. Одиссей жуынып, асыл киiм киiп, бөлмеге қайта кiрiп, Пенелопаның қарсысына отырды. Афина оның түрiн құдайдай сұлу етiп жiбердi. Одиссей Пенелопаның өзiнiң расында Одиссей екенiне бiржола сендiру үшiн екеуiне ғана белгiлi құпияны ашпақ болды. Ол Эвриклеяны шақырып алып, өзiне төсек дайындауға бұйырды. Ал Пенелопа Эвриклеяға:
– Жарайды, төсек дайындай ғой Эвриклея, – тек төсектi Одиссейдiң өзi тұрғызған бөлмеге салма. Сол бөлмедегi кереуеттi алып шығып, төсектi соған сал.
– О, патша-ханым! – дедi Одиссей. – Мен өзiм жасаған төсектi сол орнынан қозғалту кiмнiң қолынан келушi едi? Өзiң бiлесiң ғой, мен оны сарай жанында өсiп тұрған алып май-шетеннiң дiңiнен жасағанмын. Ағашты өзiм кесiп, айналасына қабырға тұрғызып, дiңдi кереуетке айналдырып едiм, алтын, күмiс және пiл сүйегiмен әшекейлеген де өзiм, әлде мен жоқта бiреу түбiрдi аралап кесiп, төсектi орнынан қозғалтып қойып па едi?
Пенелопа оның Одиссей екенiне ендi сендi. Төсектiң қалай жасалғанын тек екеуi ғана бiлетiн. Пенелопа Одиссейдiң мойнына асылып, еңiреп сүйе бастады. Одиссей де босап, адал жарын құшақтай алды, көкiрегiне қысып, құшырлана сұйдi. Бұл дауылдан әрең құтылған ескекшiнiң жағаға аман жеткендегi топырақты сүйгенi секiлдi едi. Одиссей мен Пенелопа бiрiн-бiрi құшақтап ұзақ жылады. Таң жарығы бұларды осы күйiнде қарсы алар едi, бiрақ әйел құдай Афина тұндi ұзартып, қызғылт саусақты шапақ құдайы Эостың аспанға көтерiлуiн кiдiрте тұрды.
Одиссей мен Пенелопа салтанат залынан шығып, жатар орындарына кеттi. Телемах құлдар мен күңдерге ән мен бидi тоқтатуды бұйырды, ендi бiр сәтте бүкiл сарай жым-жырт ұйқы құшағына ендi. Тек Одиссей мен Пенелопа ғана көз iлмедi. Одиссей әйелiне басынан өткен оқиғаларды баяндады, Пенелопа зейiн қоя тыңдады. Ол да жұбайына Одиссей жоқта дәмегөй жiгiттерден көрген азаптарын айтты.

КҮЙЕУЛЕР ЖАНЫ АИД ПАТШАЛЫҒЫНДА
Гомердiң «Одиссея» поэмасы бойынша баяндалған.

Гермес құдай адамдардың кiрпiгiн iлiндiрiп, ұйқы келтiретiн әрi ұйқыны қашыратын алтын таяғымен күйеулердiң жанын шақырып алды. Олардың жандары құдайдың соңынан шағына зарлап, ере жөнелдi. Олардың дауыстары жарға жабысып отырған жерiнен бiреуi құлап кетсе, қараңғы үңгiрде бәрi үрей шақыратын жарқанаттардың шиқылдаған дауыстарына ұқсас едi.
Герместiң соңынан күйеу жiгiттердiң жандары түнек жол мен тiзiлiп ұша бердi. Гермес оларды қарт Мұхиттың бетiмен, күн құдайы Гелиос қақпасының жанымен Левкада165 жартасының үстiмен ұйқы құдайларының елi арқылы алып өттi. Ақыры, олар асфодела өсiп кеткен шалғынға жеттi. Бұл жердi өлген адамдардың жаны жайлайтын. Күйеулердiң жанын ең алдымен Ахиллдiң жаны қарсы алды. Оның қасында Патроклдың, Антилохтың және Аякс Теламонидтiң аруақтары жүр едi. Бұларды күйлеулердiң жандары қоршап алды. Бұл жерге Агамемнон патшаның да көлеңкесi келдi. Күйеулер аруақтарының арасынан Амфимедонттың жанын Агамемнон сүлдесi бiрден таныды. Өйткенi ол Одиссейдi Трояға қарсы жорыққа шақыру үшiн Итакаға келгенде Амфимедонт оны қонақ етiп қабылдаған болатын. Агамемнонның сүлдесi Амфимедонттың жанынан:
– Сен маған бәрiң бiрдей жөңкiлiп бұл түнек патшалығына неге келгендерiңдi айтшы? Сендер немене, дауылға тап келiп бiрге опат болдыңдар ма әлде бiреулердiң үйiн тонап, дүние-мүлкiн талан-таражға саламыз деп жүргенде өздерiңдi бiреу түгел қырып жiбердi ме? – деп сұрады.
Амфимедонт өздерiнiң Одиссейдi ендi келмейдiге жорып, Пенелопаға сөз салғанын, бiрақ оның бұлардың ұсынысына құлақ аспағанын, өз ерiне шын берiлген жан екенiн, ақыры Одиссей қайта оралып, өз үйiнде бассыздық жасап, дүние-мүлкiн талан-таражға түсiргенi үшiн аяусыз кек алғанын айтып бердi. Одиссейдiң барлық кедергiнi кесiп өтiп, аман оралғанын естiгенде Агамемнонның жаны қуанып кетiп былай дедi:
– Неткен бақытты едiң сен, сүйiктi Одиссей! Сенiң сенiмдi жарың Пенелопаның даңқы алысқа кетедi, оның есiмi мәңгi ұмытылмайды, оны жұрт әнге қосып айтатын болады. Менiң тағдырым басқаша болды. Маған әйелiм опасыздық жасады, оның опасыздығы да жұрттың есiнен мәңгi шықпайды!

ОДИССЕЙДIҢ ЛАЭРТКЕ КЕЛУI
Гомердiң «Одиссея» поэмасы бойынша баяндалған.

Таң сәрiде қару-жарақ асынып, қолдарына қалқан мен найза ұстаған Одиссей, Телемах, Эвмей және Филотий Лаэртке бару үшiн жолға шықты. Күйеулердiң қырғын тапқаны жөнiнде хабар қалаға тез-ақ тарайтынын сезген Одиссей Пенелопаға сарайдан аттап шықпауды тапсырды. Қалың тұманға оранған Одиссей мен оның серiктерi қаладан тез шығып, жолға түстi. Аздан соң олар Лаэрттiң үйiне жеттi. Лаэрт мұнда өзiнiң құлдары және қарт қызметшiсiмен тұратын.
Одиссей серiктерiн ас дайындай беру үшiн үйге жiбердi де, өзi Лаэрттi iздеп баққа кiрдi. Одиссей өзiнiң қартайған әкесiн жұмыс үстiнде көрдi. Ол бiр жас ағаштың түбiн көмiп жүр едi. Лаэрттiң үстiндегi бар киiмi жамау-жасқау болатын, аяғында шарық, басында тозығы жеткен терi бөрiк, қолында қолқап. Әкесiн көргенде Одиссей жылап жiбердi. Ол қайыршының киiмiн киген әкесiн аяп кеттi. Одиссей әкесiмен көрiсудiң жолын iздеп бiраз ойланды: өзiнiң кiм екенiн бiрден айту керек пе, әлде әкесiнiң өзi танығанша қоя тұру кере пе?
Ақыры, ол мынадай шешiмге келдi: ол әкесiнiң қасына келдi де, бейтаныс кiсiмен сөйлескендей болып, бұл бақтың иесi кiм екенiн, оның аты-жөнiн сұрай бастады. Ол өзiн жатжерлiк деп таныстырып, ойдан шығарылған тарихын айтып бердi де, мынаны қосты:
– Бiр кезде мен өз үйiме Одиссейдi конақ қып қабылдап, қымбат тартулар тартып ем. Ендi мен оның қонақжайлылығын пайдаланайын деп келдiм. Мен осы шынымен Итака аралына келдiм бе, соны айтыңызшы? – деп сұрады.
Қарт Лаэрттың көзiнен бiр тамшы жас домалап түстi.
– Жатжерлiк! Сен рас Итакадасың, бiрақ мұнда Одиссейге кездесе алмайсың. Оның үйiн арам ниеттi адамдар жайлап алды. Одиссей, сiрә, мерт болған шығар. Мен соның әкесiмiн. Ал ендi өз жөнiңдi айтшы: Кiмсiң? Қайдан келдiң? – деп сұрады қарт Лаэрт.
Одиссей өзiн жалған есiммен таныстырды да, әңгiменi тағы да Итака патшасына бұрып, Одиссей қонақ болғаннан берi бес жыл өткенiн айтты. Мұны естiгенде Лаэрт қатты қайғырды. Ол жерден қос уыс топырақ алып, басына шашып, ауыр қасiретке шыдай алмай еңiреп жiбердi. Одиссей әкесiнiң азабына бұдан ары шыдай алмады. Ол әкесiн бас салып құшақтай алды.
– Әке! Мен ұлың Одиссеймiн! Құдайлардың көмегiмен Итакаға қайта оралдым. Көз жасыңды тый! Мен үйiмдi ойрандап жүрген күйеу жiгiттерден кегiмдi де алдым.
Лаэрт бұған бiрден сене қоймады, алдында тұрған бейтаныстың өз ұлы Одиссей екенiн дәлелдеудi талап еттi. Одиссей оған аяғындағы тыртығын көрсеттi. Бала кездегi өзiне әкесi сыйлаған жемiс ағаштарының атын түгел тiзiп шықты. Қарт қуанғанынан тағы жылады, Одисеейдi құшағына алып, былай деп дауыстады:
– Оу, ұлы баба Зевс! Қарабеттердiң ниетi қанмен жуылған болса, күн сәулелi Олимпте құдайлардың әлi де бар болғаны ғой. Тек мен Итаканың барлық халқы өз туысқандарының кегiн жоқтап, осында келетiн шығар деп қорқамын.
Одиссей әкесiн жұбатып, дастарқаны дайын үйге ертiп кiрдi, Үйде Лаэрт жуынып, жаңа киiм кидi. Әйел құдай Афина оның бойына қуат берiп, реңiн жасартты. Барлығы асқа отырды. Осы кезде өз ұлдарымен кәрi құл Долий келдi. Ол үйге кiрiп, төрдегi қонақты көрiп, iркiлiп қалды да, артынша Одиссейдi тани кеттi. Ол қожасының аяғына жығылып, қолын сүйдi, Одиссейге шапағат нұрын сеп деп құдайларға жалбарынды. Қарт Лаэрттiң үйiндегi қонақасы көңiлдi болды.

ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ КӨТЕРIЛIСI ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ОДИССЕЙМЕН ТАТУЛАСУЫ
Гомердiң «Одиссея» поэмасы бойынша баяндалған.

Бұл кезде қалада қайта оралған Одиссей күйеулердiң бәрiн қырып салыпты деген қауесет тарап жатқан. Ойбай салып, шу көтерген күйеу жiгiттердiң туыстары халықты жинап, Одиссей сарайынан мүрделердi шығарып жатты. Сонан соң олар қалалық алаңға жиналып, не iстеу керек екенiн ақылдаса бастады. Антинойдың әкесi қарт Эвпейт халықты Одиссейге қарсы азғырып, күйеулердiң кегiн алуға үгiттей бастады. Тек әншi Фелий мен жаршы Медонт азаматтарды Одиссейге қарсы көтермеуге үндедi, өйткенi олар құдайлардың Одиссейдi қолдайтынын көздерiмен көрген едi, ал күйеулер болса Зевстiң әмiрiмен қаза тапты. Одиссейдi сәуегей Галиферс те жақтап шықты. Ол Ментор екеуiнiң Одиссей үйiнде күйеу жiгiттердiң бассыздық жасауына жол бермейiк деп кеңес бергендерiн жұрттың есiне салды. Ендi өздерiнiң айыпты екендiктерiн айтты. Өз бастарыңа бұдан да зор бәле тiлеп алмай тұрғанда Одиссейге мойын ұсыну керек. Азаматтардың бiр тобы Галиферстiң ақылына тоқтады, ал Эвпейт бастаған екiншi тобы қаружарақтарына жармасты.
Осының бәрiн Олимп биiгiнен көрiп тұрған әйел құдай Афина найзағай құдайы Зевстен:
– Зевс әке! Маған пiкiрiңдi бiлдiршi, қалай шештiң? Тағы бiр қырғын соғысқа жол бересiң бе, әлде мына жауласқандарды жарастырасың ба? – деп сұрады.
– Сүйiктi қызым! – деп жауап қатты Зевс Афинаға.
– Одиссей күйеулерден кек алу керек деген шешiмiмдi қабылдаған өзiң емес пе едiң. Ол кек алды, солай етуге хақысы бар едi. Одиссей Итаканың патшасы болып қала бередi. Бiз күйеу жiгiттердiң қазасын ұмыттырамыз. Итакада бұрынғыша махаббат салтанат құрып, онда бай тұрмыс, бейбiт өмiр орнауға тиiс.
Зевс осылай дедi. Афина сол заматта-ақ, Итакаға самғап кеттi. Азаматтар үлкен топ құрап Лаэрттiң үйiне таяп келе жатқан. Оларды Долий ұлдарының бiрi көрiп қалды. Үйдегiлер тегiс қаруланды. Тiптi, қарттар Лаэрт пен Долий де қолдарына қару алды. Олар үйден аулаға шықты. Одиссейге Ментордың бейнесiне енген әйел құдай Афина келдi. Одиссей оны танып қуанып кеттi, Телемахқа қарап:
– Ұлым! Сенiң де ерлiгiмен даңқы шыққан әулеттiң тұқымы екенiңдi дәлелдейтiн кезiң келдi, – дедi.
– Сүйiктi әке! – деп көтерiңкi үн қатты Телемах. – Менiң бүкiл әулетiңнiң даңқына даңқ түсiрмейтiнiме көзiңдi жеткiземiн.
Бұл сөздердi Лаэрт те есiттi. Оның көкiрегiн қуаныш кернедi.
– Ой, қандай қуанышты күнге жеткiздiңдер менi, құдайлар! Қуанышымда шек жоқ! Ұлым мен немерем бiр-бiрiмен батылдық таластырып тұр! – деп масаттанды Лаэрт.
Афина Лаэртке жақын келдi де әйел құдай Афина мен Зевске сиынып, қолындағы найзасын жауларына қарай көздемей-ақ лақтыр деп бұйырды. Лаэрт найзасын ырғап-ырғап атып жiбердi. Найза Эвпейттiң мыс дулығасын тесiп өтiп, бас сүйегiн быт-шыт қылды, ол тiл тартпай кеттi. Жауларына қарсы Одиссей мен Телемах ұмтылды. Егер әйел құдай Афина өктем дауыспен айғай салмаса, Итаканың азаматтары түгел қырылатын едi.
– Шайқасты тоқтатыңдар, Итака азаматтары! Қан төгiлмей тұрғанда тез тараңдар! – дедi ол.
Итака азаматтарының бәрiн үрей билеп алды. Әйел құдайдың өктем үнiн естiгенде қолдарынан қарулары түсiп, өздерi жер бауырлап жата-жата қалысты. Өздерiне өздерi келген соң келген iздерiмен керi қашты. Одиссей айқай салып қашқандардың соңына түстi. Бiрақ, Зевс найзағайын жарқ еткiзiп, жасын түсiрдi. Найзағай жарқылдап келiп Афинаның алдына түстi. Афина:
– Лаэрттiң құдайға бара-бар ұлы! Ашуыңды бас! Қан төгiске барма, әйтпесе найзағай құдайы Зевстiң қаҺарына iлiгiп жүрерсiң! – деп Одиссейдi тоқтатты.
Одиссей бұл шешiмге қуанып, Итаканың қашып бара жатқан азаматтарының соңына түспей, сол орнында тұрып қалды. Аздан соң Афина-Паллада Ментордың бейнесiне енiп, Одиссей патша мен халықты бiр-бiрiне ант бергiзiп, екеуiнiң арасында баянды бейбiтшiлiк орнатты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *