НИОБА
Овидийдiң «Метаморфоза» поэмасы бойынша баяндалған.
Фивы патшасы Амфионның әйелi Ниобаның жетi ұлы, жетi қызы болды. Тантал қызы балаларын мақтан ететiн. Оның балалары, жас құдайлар сияқты өте сұлу едi. Құдайлар бақыт, байлық әрi аса көрiктi балалар бердi, бiрақ Тантал қызы мұның бiрiн де мiсе тұтпады.
Бiрде соқыр сәуегей Тиресийдiң қызы көрiпкел Манто жетi қақпалы Фивы көшелерiн аралап жүрiп, қаланың барлық әйелдерiн Латона мен оның балалары: бұйра бас, алтын шашты, алыстан шалатын Аполлон мен қыз қылықты Артемидаға құрбандық шалуға шақырды. Манто жарлығын жазбай орындайтын фивы әйелдерi бастарына әсем лавр жапырақтарын орап, құдайларға құрбандық шалатын жерге жиналды. Тек өзiнiң құдiретi мен құдайлар берген бақытқа масаттанған Ниобаның ғана Латонаға құрбандық шалғысы келмедi.
Фивы әйелдерi Ниобаның менменсiген сөздерiне қатты қысылды. Фивы әйелдерi ұлы Латонаға бас ұра жалбарынып, ашу шақырмауын өтiндi.
Әйел құдай Латона Ниобаның тәкаппарсыған сөздерiнiң бәрiн естiдi. Ол балалары Аполлон мен Артемиданы шақырып алды да, Ниобаға назаланып былай дедi:
– Танталдың тәкаппар қызы, сендердiң аналарың маған жан түршiгерлiк тiл тигiздi. Ол менiң әйел құдай екенiме шүбә келтiредi. Құдiрет пен даңқ жөнiнен Зевстiң ұлы әйелi Герадан ғана кем түсетiнiме қарамастан, Ниоба менi мойындамай отыр. Балаларым-ау, осынша қорлыққа қалайша шыдамақсыңдар? Егер сендер Ниобадан кек қайтармайтын болсаңдар, онда адамдар маған әйел құдай ретiнде құлшылық етулерiн доғарады да, менiң михрабымның тас-талқанын шығарады. Тiптi, Тантал қызы сендердi де қорлап отыр ғой! Ол мәңгiлiк құдайлар сендердi – өзiнiң қарапайым балаларына теңейдi. Ол да әкесi Тантал сияқты тәкаппар!
Жебе тәңiрiсi Аполлон анасының сөзiн бөлiп жiбердi:
– ОҺ, тезiрек бiтiр ендi! Артық ештеме де айтпай-ақ қой! Өзiңнiң шағымыңмен сен оның жазасын ұзартып тұрсың!
– Жеттi! Ендi үндеме! – деп шаңқ еттi Артемида да. Бұлт құрсанып, ызаға булыққан ағасы мен қарындасы Кинт80 шыңдарынан Фивыға қарай жөңкiдi. Қорамсақтарында алтын жебелерi қаҺар шаша салдырлайды. Олар жүйткiп жетi қақпалы Фивыға жеттi. Аполлон көрiнбей келiп, Фивыға жастар соғыс ойындарына жаттығатын қала қабырғаларының iргесiндегi тегiс алаңға тоқтады. Бұлт бүркенiп, алыстан атып түсiретiн Аполлон Фивы қабырғаларының iргесiне келiп тоқтағанда Ниобаның екi баласы – Исмен мен Сипил қан қызыл шекпен киiп, жүйрiк аттармен жүйткiп жүр едi. Исмен кенеттен шыңғырып жiбердi. Аполлонның алтын жебесi оның кеудесiне қадалған-ды. Ол атының шылбырын қоя берiп, жан тәсiлiм жерге құлап түстi. Аполлон адырнасының үрейлi даусын Сипил де есiттi: ол үрейiн ұшырған қауiптен жүйрiк атымен қашып құтылмақ болды. Сипил бейне кемесiнiң барлық желкенiн көтерiп, қорқынышты қара бұлттан қашып айдың бетiнде жүйткiген теңiзшi сияқты айдалада ағызып келедi. Алайда Ниобаның баласын ажал оғы құтқармады. Ниобаның ұлдары Файдим мен Тантал бiрiн-бiрi айқара құшақтап алысып жатты. Жебе ауада жарқ еттi де, екеуiн де түйреп өттi. Екеуi де ыңырси құлады. Ажал олардың жанарынан өмiр шырағын бiр уақытта сөндiрiп, бiр мезгiлде соңғы демдерiн қатар шығарды. Олардың қасына жүгiрiп ағасы Альпенор жеттi. Ол iнiлерiн көтермек болып, олардың суи бастаған денелерiн аймалады, бiрақ Аполлон жебесi оның да жүрегiне тiке қадалып, iнiлерiнiң тыныссыз қалған денелерiнiң үстiне құлады. Аполлон тартқан садақ оғы Дамасихтонның жамбасына кiрiп, тап тiзесiнен бiрақ шықтыө Ниобаның баласы жарадан алтын жебенi суырып алмақ болып жатқанда, кенет екiншi жебе ысқырып келiп алқымына қадалды. Ниобаның ең соңғы ұлы, жас Илионей аспанға екi қолын жайып, құдайларға жалбарынды:
– О, олимп құдайлары, есiркей көрiңiздер, есiркей көрiңiздер!
Оның жалбарынған даусы Аполлонның ашуын басты. Бiрақ кеш қалды! Қорамсақтан алтын жебе ұшып-ақ кеткен едi, оны керi қайтаруға болмайды. Оқ Ниобанның соңғы ұлының да жүрегiне шаншыды. Адам айтқысыз бұл қасiрет хабары Ниобаға тез жеттi. Қызметшiлерi көздерiнен жас парлап ағып тұрып балаларының қазасын Амфионға да естiрттi.
Балаларынан айырылған Амфион шыдай алмай, өз кеудесiне өзi өткiр семсер қадады.
Ниоба балалары мен күйеуiнiң денелерiн аймалап, зарланады. Олардың суып қалған ерiндерiнен сүйедi. Ниобаның көкiрегi қайғыдан қарс айырылды. Қасiрет кеудесiн кеулеген бақытсыз әйел екi қолын көкке жайды. Бiрақ ол рақым күтiп жалбарынбады. Қайғы оның жүрегiн жiбiте алмады.
– Шаттан ендi, қатыгез Латона! Көкiрегiң менiң қайғыма қанғанша қуан! Бақталасым, сен жеңдiң! О, жоқ, мен не деп тұрмын, сен жеңе алған жоқсың! Бақытсыз менiң балаларым бақытты сенен әлi де көп! Мейлi, айналам толған балаларымның тыныссыз мүрдесi болғанымен, бәрiбiр мен жеңдiм сенi, бәрiбiр саған қарағанда менiң балаларым әлi де көп қалды, – деп ызалана дауыстады Ниоба.
Ниоба ызалы қарғысын аяқтағаны сол едi, садақ адырнасының үрейлi зыңылы естiлдi. Жұрттың бәрiнiң үрейi ұшты. Тек бақытсыздық батылдандыра түскен Ниоба ғана сазарған қалпында қалды.
Артемида садағының адырнасы бостан-босқа зыңылдаған жоқ екен. Ағаларының денесi жанында қайғыға батып тұрған Ниоба қыздарының бiрiне жебе қадалып, құлап түстi. Мiне, садақ адырнасы тағы да зың еттi, Ниобаның тағы бiр қызы құлады. Артемида садағынан бiрiнен соң бiрiн алты алтын жебе атылды да, Ниобаның көрiктi де жап-жас алты қызын баудай түсiрдi. Тек кiшi қызы ғана қалды. Ол жанталаса анасына жетiп, оның тiзесiне жабысып, көйлегiнiң етегiне жасырынды.
Қасiрет Ниобаның тәкаппар жүрегiн де жасытты.
– Тым болмаса кiшi қызымды қалдыр, ұлы Латона! – деп жалбарынды шерлi дауыспен Ниоба. – Тым болмаса бiреуiн қалдыра гөр маған!
Бiрақ әйел құдай илiкпедi, Ниобаның кiшi қызын да түйреп өттi.
Қыздары мен ұлдарының және күйеуiнiң мүрделерi ортасында құр сүлдесi қалған Ниоба тұр. Қасiрет естүссiз сiлейтiп тастапты. Шаштарын жел желпiр емес. Бетiнде қан-сөл жоқ құп-қу, жанарынан өмiр ұшқыны байқалмайды, кеудесiнде жүрегi де соқпай қалған, тек көздерiнен шерлi жас сорғалайды. Тұла бойы мұздай тас болып қатып қалды. Орасан зор құйын көтерiлiп, Ниобаны өзiнiң отаны Лидияға алып барды. Онда, Сипил тауының ұшар басында көздерiнен мәңгi-бақи жас сорғалап, тасқа айналған Ниоба тұр.