Мұсылмандар тіршілігіне тиісті мəселелер

Мұсылмандар тіршілігіне тиісті мəселелер Қазақ халқынан бір-екі сөз
Бұл дүниеде неше түрлі халық бар. Осылардың ең өнерсізі, ынтымақсызы біздің қазақ халқы деп айтуға жарайды. Не үшін десеңіз, бізден басқа халықтар өздерінің дінін, миллəтін қуаттап, халін шамалап, аяқтың астында қалмаудың қамын ойлап өнерлі, ғылымды болып жатыр. Біздің ноғай қарындастарымыз да əр түрлі адамдарға ой беретұғын жақсыжақсы əңгімелер, кітап жазып, өз тілінде баспахана (мəтбұғат) ашып, басып таратуда. Екінші, əртүрлі жердегілер, газеттер басып күнбе-күн алтын таудай пайдасына, күміс таудай хайласына қалып тұр.
Үшінші шаһар сайын ер балалар, қыз балалар үшін арнап тəртіпті мектептер жасап, оған ұсұл тағылымынан хабары барырақ мұғалім, мұғалималар əкеліп, жан-жақтан шəкірттер жиылып, оқып мұғалім, мұғалималары оқытып мағаріптің (ғылым-білім) бірінші басқышына шығуға ұмтылып жатыр. Мінеки, осындай мағаріптің (ғылым) заманында бейхабар қараңғ ыда (біздің халықтың – С. Д.) ұйықтап жатуы себепті біздің қазақта жоғарғы айтқандардың бірі де жоқ. Құры сахараның кеңдігіне қуанып, мал бағып, қыс күйлі, жаз жайлы болса, май айларында қымыз шығып «əй не қыласың» бірін-бірі шақырысып, қымыз ішіп, шекелері қызарып:
Бұл жылы бəленше болыстықтан түседі деген қауесет бар білем. Міне, біздің бəленше болыс боламын деп түр білем. Жаңа талаптың өнерін көрерміз, дейді. Тағы да кім жарлы, кім бай? Жер дауын даулап, осы бəленше жерді сіңіріп тұра ма? Əуелі жақсылықпенен жерді сұрау керек. Егерде жерді бермеймін десе, бөлемді содан соң көрерміз деп, арты үзілмейтін дау-жанжалға ұшырайды. Тағы да ел ішінде бір ауыл жеңіл шала-пұла оқыған надан молданы ұстап, «Құран» оқығанда мақамы бек жақсы болса, «уа шіркін, мына молдадай дүниеде оңды молда болмас, үні жеті қабат жер астындағы көк өгізге естіледі ғой. Үні қалай қадірлі» деп ауыл мен ауыл күмпілдей бастайды. Егерде өзі жеңіл оқыған, дауысы жоқ болса, ол мұғалімді тұрған ауыл өсек қылып, осы молданы білмеймін, сірə, қалпы, жүрісі тым жаман көрінген сықылды болып, өзі бір өнер тауып алса керек. Келген əзірде балаларды ерте тұрып оқытушы еді. Енді тапа-тал түсте тұрып, балаларды оқыта ма, оқытпай ма шығарып жібереді деп өсектей бастайды. Осындай өсектер ол ауылға таралып, əлгі бейшара мұғалімнің надандықпенен есімі шыға бастады. Мұғалімнің ұрған аулындағы бір кісі:
Осы молда өзі мұндай болып, менің балама дұрыстықпенен оқу оқытып, молда қыла алмас, осы оқыған оқуы да жетер, – деп мұғалімнің алдынан оқып жүрген бейшара миллəт балаларын өзі надан, надандығының үстіне тағы бір надандық жаман:
Баламды оқытпаймын, – деп шығарып алып кетеді. Бірден мұғалімнің хақысын жеп, бірден баласын да надан қылып алып қалады. Қайтіп енді біздің қазақ өнерлі ғылымды, мағырпəтлі, ынтымақты болып кете алсын?! Қайтіп балалары əдепті, ғақылды болып, ғылым тауып, жазу жаза білсін? Міне, біздің артта қалғанымыз. Осы жаман тағылымызды тастасақ, біріміздің айтқанымыздан біріміз шықсақ, орынсыз жерге құтымызды сарп қылмасақ, халық пайдасын ойлап, ортаға мешіт-медресе салдырып, балаларды ұсұл тағылым жөнімен оқыттырсақ, кітаптар, газеттер, журналдар шығарсақ, мағаріптің бірінші баспалдағына басқан болар едік.
Қайтеміз, өз қылығымызды білмей битке өкпелеп тонымызды отқа саламыз ба? Əлде болса тырысып, əр істің оңына келуін бір Алладан тілеп, бас көтеру керек. Онан басқа қайрат жоқ. Байбатыр бин.
Ержан Кұлақбаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *