Мүфти сайлау

Мүфти сайлау
Ай жарымнан артық татар дүниесінде қайнаған мүфтилік мəселесі шешілді. Петроград Ахонды Сапа Баязидов үкімет тарапынан мүфти сайланған хабары білінді. Өткен іс сынауға оңай. Егер ноғай орныңда осы мүфтилік мəселесі біздің қазақ халқының басына келген болса, аузында тілі, қолында қаламы бар əр ноғай: «Қазақ халқы талас-тартысқа үйренген, бəсеке қанына сіңіп қалған, мүфти түгіл болыс сайлауында бір ынтымаққа келе алмайтын қазақ мүфтилік мəселесінде біріге алмас» дер еді. Бұған біз де мойындар едік. Мүфтилік мəселесін ноғай қолға алғанда, біз ойладық, ноғай халқы біздің қазақтай емес, ерте көзі ашылған мəдени халық қой, əлеумет пікірін бір жерден шығарып, салмақты хүкіметке артар деп. Бастапқы ойымыз дұрыс болса да, соңғымыз қате болып шықты. Мүфтилік мəселесінде ноғай халқы «қазақшылық» қылды. Алдымен руханилар мен зиялылар пікірі екіге айырылды. Бірі мүфти руханидан болсын, екіншісі зиялыдан болсын десті. Газеталары бірін-бірі қақты, мінеді, сынады. Хатты Қазан молдалары рұқсат алып ашқан мəжілісінен газета жазушыларын һəм зиялыларды қуып шығарғандай қылды. Ақырында «молла көп болса, қой арам өледі» деген қазақ мақалының кебі келді. Ноғайлар балық үлескендей бажылдасып жатқанда, мүфти қоймақ түгіл, жай имам болып тұрғанын көпсініп жүрген Сырат Алмустахимшы Сапа Баязидов ішкі Россия мұсылмандарының рухани бастығы болып, духовный собраниенің төріне шығып отырып алды.
Енді іс өнді, өкініштен пайда жоқ. Бірақ келешек үшін бұл бəрімізге бір жақсы сабақ болды. Соңы күндерде мүфтилікке Сапа Баязидов сайланады екен деген хабар естілген соң Уфа мұсылмандары Г.Дума члендері Құтлув Мұхамед Тепкелевке һəм атақты орыс депутаттары Гуднов, Ефремов, Шингаров, Керенскилерге мынадай телеграмм берген: «Уфа мұсылмандары арасында Петроград Ахонды Сапа Баязидов мүфтилікке тағайын етіледі екен деген хабар тарады. Баязидов əпендінің мұсылмандар арасында жексұрындығы белгілі болғандығынан, мүмкін қазір тезірек ішкі министрге оның мүфтилікке лайықсыз адам екендігін білдіруіңізді өтінеміз». Сапа Баязидов мүфтилікке сайланғаннан кейін Петроградған ноғай газеталарына мынадай телеграмм берілді: «Сапа Баязидовтың мүфти тағайын етілуіне астана мұсылмандары қатты күйінді».
М.Д.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *