Мектеп
«Сарыарқа» шыққаннан бері əр нөмірде-ақ Алаш қаласында оқытушылар даярлайтын курс ашылмағы, Алаш қаласындағы «оқытушылар ұйымының» оқытушыларға орын, оқушыларға мұғалім тауып беруге ыждиһат ететіні жазылып келеді. Міне, оқу уақыты жетті. Ғылымға сусаған жұрттар мектебін, мұғалімін, керекті саймандарын даярлап оқуға белсеніп кірісті. Бұрынғы бар мектебін көркейтіп, жоғын ашпақ. Хүкімет те тұқым, дін айырмасына қарамай ғылым дүкенін молайтпақ.
Басқа жұрт ғылым үшін жанталасып жатқанда, біздің қазақ халқы қайтып жатыр? Мектеп ашу, мұғалім алдыру ойларында бар ма екен? Теңдік, тегістік заманы туғалы жарты жыл болды. Сонан бері қазақ комитеті қазақ жұмысына күндіз күлмей, түнде ұйықтамай қызмет етіп келеді.
Күн сайын «бөлек болыс болсақ екен», «бөлек ауылнай болсақ екен» деп келген арыз толып жатса да, «мектеп ашып беріңдер, балаларымыз оқусыз қалды» деген бір елден бір арыз, бір сөз жоқ.
Жақын арада земство ашылып, қазақтан жиналған ақша қазақтың өз игілігіне ұсталмақ. Сонда да ең алдымен қам қылатын ісіміз тағы мектеп болмақ.
Қырдағы елімізде оқу дүкені жоқ, болғаны дін аздырушы Ильминскийдің жолымен қазақты шоқындыру үшін ашылған школдар. Ол школдарды елдің өз тілегіне лайық халық мектебіне айналдыру керек.
Орыс учительдердің орнына қазақша оқытуға жарайтын мұғалімдер тауып қою керек. Қай жерде қандай мектеп бар, енді қай жерден мектеп ашуды тілейді мұны обласной қазақ комитетінен сұрау əр елдің өз міндеті. Комитет адамдары ауыл сайын «сендерге мектеп керек пе?» деп қыдырып жүре алмайды. Көктен тілегеніңді Құдай жерден берген уақытта сыбағадан құр қалған жұрт малынан да, жерінен де, дінінен де айырылмақ.
Былтыр еңірегенде етегі толған қазақ халқы биыл партиядан басқаны ойламауы үмітіңді кеседі.
М.М.