Маржани

Маржани
Осы январь жұлдызының тоғызында Россия мұсылмандарының арасында атағы шыққан Шəһəбулдин хазіреттің дүниеге келгеніне жүз жыл толып өтті. Европа жұрттарының рəсімдері бойынша жұрт адамы болған марқұм Шəһəбулдин хазіреттің туғанына жүз жыл толған күн – ноғай бауырларымыз юбилей жасамақ еді. Бірақ мынау болып жатқан зор соғыс мезтілінде ондай үй ішінің жұмыстарыменен айналысудың жөні келмейтұғын болған соң, екінші бір қолайлы мезгілге кешіктірілді.
Сөйтсе де марқұм Шəһəбулдин хазіреттің мекен етіп тұрған һəм дүниеден қайтқан шаһары Қазанда һəм басқа кейбір шаһарларда марқұмның ғұмырнамасы, халқына еткен қызметі, өзінің даналығы, адамшылығы баяндалып, рухына құран оқылып, бата қылысып, мəжіліс жасалды. Қазан мектептерінде шəкірт балаларға марқұмның ғұмырнамасы оқылып, халыққа қадірі – қымбаты қандай екендігі түсіндірілді. Сол күні қабіріне қаншама халық жиылып, құран оқып рухына дұға қылған. Бұл жиылған халықтың арасында ноғай, қазақ, кавказ һəм Түркістаннан келген жолаушылар һəм ғалым іздеген жастар да көп болған. Шаш самайы ағарған кəрі шал, сəлдесі қазандай молдадан бастап, үстіне форма киген студентке щейін қабірге келгендердің арасында бар еді. Шəһəбулдин хазірет Бəһаулдин Хазіретұлы 1818 жылы 9 ғинуарда Қазан уезінде… дүниеге келген. Россияда біраз заман ғылым тахсил еткен соң, 1883 жылдарда Бұқараға барып ғылым алып, 1848 жылда Россияға қайтып, 1849 жылы Қазан шаһарындағы бірінші мұхалла мешітіне имам уа мүдіріс сайланған. 1880 жылда хаж сапарына барып қайтқан.
Бұл кісі мұсылман дүниесінің мүфтилігімен басы айналып жатқанда дүниеге шығып, ол заманда жұрттың мұрнына иісі де кірмеген тарих ғылымына көп зейін жұмсаған. Əр нəрсеге сақ көзіменен назар салған Ғараб жұртына барып тұрмай-ақ, Россия мен Бұқарада жүрсе де, ғараб тілін ғарабтың ең жүйрік шешендерінен кем білмеген бір адам еді…
Марқұм Ақмолда бұ кісі хақында шығарған өлеңінде:
Қазанда бір фазыл шықты алмас болып,
Көбейді хасыдылары ғам-хас болып.
Мағыналы жауһарын қолына ілген,
Хақиқат теңізінде хауас болып, – деп бұл кісінің дəрежесін түп-түгел қылып баян еткен.
Ноғай бауырларымыз өздерінің жұртқа бас болған адамдарының қадірін біліп, тиісті құрмет ететіндігі осы жоғарыда айтылған сөздерден біраз білінсе керек.
Өзімізді сол ноғай бауырларымыздан кемге санамай жүрген біз Алаш ұранды қазақ жұрты біз не ғып жүрміз? Өткен 1914 жылы, он бесінші июльде алтыбас Ыбырай Алтынсариннің дүниеден қайтқанына жиырма бес жыл толып өтті. Қазақ жұрты үшін Алтынсариннің еткен қызметі көп еді. Соны есіне алған қазақ болды ма? Жоқ. Біз культурный жұрт қатарына кіруден алыс жатырмыз.
М. С.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *