Жалпы қазақ-қырғыз сиезінің Қаулысы
Сиез Орынборда 5-13 декабрьде болып өтті.
Бөкейліктен: Fұбайдолла Мұқашұлы, Мəуби Жұмалыұлы, Айжан Көшекұлы, Ибраһим Мөлкешұлы һəм Сейітхан Əжікерейұлы.
Орал облысынан: Дəулетшаһ Көсемғалиұлы, Нұрғали Ипмағамбетұлы, Хасен Нұрмұхаммедұлы, Тағыберген Жамашұлы, Керей Есенқұлұлы, Ғұбайдолла
Досжанұлы, Аспандияр Кенжеұлы, Нұрмұхаммед Кəлменұлы, Ғұбайдолла Əлібекұлы һəм Дəулетжар Айсарыұлы.
Торғай облысынан: Сейдəзім Кəдірбайұлы, Ғұмар Алмасұлы, Намазбай Шəуменұлы, Сағынай Елшіұлы, Сұлтанғазы Ысқақұлы, Керім Бəтішұлы, Хасен Бекентайұлы һəм Əбубəкір Алдиярұлы.
Ақмола облысынан: Жаналы Мырзалыұлы, Жəнібек Исаұлы, Иса Малдыбайұлы, Балға Көрлеуітұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Сейітжан Жақанұлы, Есет Жанбайұлы, Камалалдин Ғұбайдоллаұлы һəм Құл Бəуенұлы.
Семей облысынан: Жүміке Оразалыұлы, Тұрағұл Ибраһимұлы, Əлімхан Ермекұлы, Халел Fаббасұлы, Ахмет Шегірұлы, Қабыш Бердалыұлы һəм Ахметолла Барлыбайұлы.
Жетісу облысынан: Өмірəлі Айдабосынұлы, Жарылғасын Отарбайұлы, Мəнке Смайылұлы, Иса Тергеусізұлы, Сатылған Сабатайұлы, Тəжип Хамит-ұлы һəм Нүсіпбек Жақыпбайұлы.
Сырдария облысынан: Əзімхан Кенесарыұлы, Имамбек Сарымсақұлы, Имамберді Ержігітұлы, Серіқұл Алдабергенұлы һəм Мəуленқұл Байрақұлы.
Самарқант облысынан: Сағадат Шаһмарданұлы.
Сиез шақырушылар: Əлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омарұлы, Сағындық Досжанұлы һəм Міржақып Дулатұлы.
Түрлі ұйымдардан һəм газеттерден: Мəрзи Нұрсейітұлы, Ғабдалрахман Мəрзиұлы, Ғабдолғазиз Үлкешұлы, Бернияз Күлейұлы, Ғабдолхамит Жүндібайұлы, Ғабдолғазиз Мосыұлы, Қошмұхаммед Кемеңгерұлы һəм Хайретдин Болғанбайұлы.
Арнап шақырылғандар: Бақыткерей Құлманұлы, Жиһаншаһ Досмұхаммедұлы, Ғұмар қазы Қарашұлы, Ғұбайдолла қазы Ешмұхаммедұлы, Маһди қазы Мақұлұлы, Хайыршаһқазы Ахметжанұлы, Халел Досмұхаммедұлы, Ишанғали Арабайұлы, Ахметкерей Қосуақұлы, Уəлитхан Танашев, Жанқожа Мергенұлы, Салих Қарпықұлы, Отарбай қажы Қондыбайұлы, Мұстафа Шоқайұлы һəм Ілияс Жанқараұлы.
Сиез бастығына сайланғандар: председатель – Бақыткерей Құлманұлы; серіктері: Əлихан Бөкейхан, Халел Досмұхаммедұлы, Əзімхан Кенесарин, Ғұмар Қарашұлы; секретарлар: Дəулетшаһ Көсемғалиұлы, Міржақып Дулатұлы, Сейдəзім Кəдірбайұлы.
Мəжіліс ашылар алдында Əлихан былтырдан бері шаршы топта сөйлеп, бəйге алған, осы сиезге де шақырылған ардақты шешен Ораз ақсақал Тəтіұлы опат болды, мəжілісті марқұм Оразға дұға қылып басталық дейді. Жиылған жұрт марқұм Ораздың рухына дұға қылып, кеңеске кірісті.
Мəжіліс ашылған соң, өкілдер елдерінде болып жатқан оқиғалар жайынан мағлұмат беріп, мұнан кейін түрлі жерден сиезді құттықтаған телеграмдар һəм Орынбор мүфтиі Fалымжан хазіреттің құттықтау хаты оқылды. Жер-жерде болып жатқан оқиғалардың түрі мынадай екендігі білінді: қазақ халқы земство һəм учредительное собрание сайлауына артықша көңіл қойып кірісіпті. Көп жерде үйезный земство сайлаулары біткен, көп үйездерде учредительное собрание сайлауы да біткен. Сырдария облысының қазақтары учредительное собрание сайлауы тақырыпты біріге алмапты. Партияға бөлініп, бірнеше список кіргізген. Сондықтан Сырдария облысынан қазақ депутаты біреу-ақ болатын түрі бар. Былтырғы 25-ші июнь жарлығы тақырыпты ескі хүкіметке қарсылық қыламын деп жанжал шығарып, босқан Жетісудің қазақ-қырғызының күйі нашар. Аштан қырлып, қатын-баласын сатып жатыр екен. Əулиеата һəм Пішпек үйездерінде ашаршылық (ұнның пұты 125 сом). Бұлар астықты Ақмола облысының жақын үйездерінен алады екен. Бірақ тасуға көлік жетпей, қиын болып тұрған көрінеді. Хиуа қоластындағы қазақтар да түрікмендерден шапқыншылық көріп, ашаршылықтан Темір һəм Ақтөбе үйездеріне ауып келіпті. Жəрдемге өте мұқтаж Жизақ үйезінде тəртіп жоқ: қазақтың өзі бір-біріне шауып, малдарын қуып алысып, бөлініп жатыр. Жергілікті хəкімдердің тоқтау салу қолынан келетін емес. Жизақ үйезіне қараған арғындар Түркістан автономиясынан шығып, Алаш автономиясына қосылуды тілейтіндігі мағлұм болды. Башқұрт өкілі Ахметзəки Валиди, Орынбор мұсылман əскері шура өкілі прапорщик Бəшіров, «Жаңа уақыт» газетінің бас жазушысы Фатих Каримов, Орынбор əскери округінің өкілдері Тимофей, Сейделников, Ғабдалзақ Бағдатов һəм басқалар сиезді құттықтап, қазақ халқын бірлікке үндеді. Жер-жерде болған оқиғаларды тексергеннен кейін, сиез мынадай қаулылар шығарды:
I
Халық арасындағы алалық, партиялықты жою үшін бірлікке үндеуге сиез атынан жұртқа баспасөз таратылсын. Мұны жазуды сиез Міржақып пен Ахметке тапсырды.
ІІ
Бүліншілікке, ашаршылыққа ұшыраған Жетісу қазақ-қырғызына һəм түрікпеннен талан-тараж көрген қазақтарға бүкіл қазақ облыстары болып жан басы бір сомнан жəрдем берсін. Бұл ақша байға байша, жарлыға жарлыша əділдікпен бөлініп жиналсын. Бұл ақшаны тез жиып тапсыру жергілікті управаларға міндет.
III
Ақмола облысынан астық тасу үшін Пішпек һəм Əулиеата үйездерінің қазақтарына көлігінің майын алып, Қарқаралы, Ақмола, Атбасар, Көкшетау һəм Қызылжар үйездерінің қазақтары түйе берсін.
IV
Жизақ үйезіндегі бүліншілік, тəртіпсіздікті тоқтатсаңыз екен деп Түркістан автономиясының хүкіметінен өтінуге.
V
Учредительное собрание сайлауында бір ғана списокке тас салуды өтініп, Сырдария облысының халқына телеграм беруге.
VI
Жизақ үйезіндегі арғындардың Алаш автономиясына қосыламыз деген тілегін мақұлдап, бұл туралы Түркістан автономиясының хүкіметімен сөйлесуге қазақ-қырғыз істерін билейтін ұйымға тапсырылатын болды.
VII
Түркістан автономиясын құттықтауға һəм Орынбор мүфтиінің сиезді құттықтаған хатына қарсы телеграм беруге.
Сиезде қаралуға қойылған мəселелер:
1. Сібір, Түркістан автономиясы туралы һəм Юго-восточный союз туралы.
2. Қазақ-қырғыз автономиясы.
3. Милиция.
4. Ұлт кеңесі.
5. Оқу мəселесі.
6. Ұлт қазынасы.
7. Мүфтилік мəселесі.
8. Народный сот.
9. Ауылный управление.
10. Азық-түлік мəселесі.
Əлихан Бөкейхан Сібір, Түркістан автономиясы һəм Юго-восточный союз туралы доклад қылды. Əлихан докладын тексеріп, һəм бұл туралы сөйлеушілерді тыңдағаннан кейін сиез қаулы қылды: Əлихан докладын, қазақ автономиясы, милиция һəм ұлт кеңесін құру мəселелерін қарауға 7 кісілік комиссияға беруге; бұл комиссия өзіне тағы да мағлұматты адамдар қосып алуға ерікті делінді.
Мұнан кейін оқу мəселесі қаралды. Бұл туралы Міржақып Дулатұлы доклад қылып, қазіргі уақытта қазақ-қырғыздың мектеп-медіресесі, оқытушы һəм əдебиет құралы аздығын айтып, ұлт мектебін көбейту һəм оқытатын құрал молайту керектігін көрсетті.
Сиез Міржақып докладын бап-бабымен тексеріп, ұлт мектебін көркейтуге ешкімнің таласы жоқ екенін еске алып, алдымен қазақ тілінде бастауыш һəм орта мектепте оқытатын оқу құралдарын жетістіру үшін білікті адамдардан айырықша оқу комиссиясын құруды мəслихат көріп, һəм бұл туралы сөйлеушілердің пікірін айтып, қаулы қылды: қазақ-қырғыз тілінде бастауыш һəм орта мектептер үшін оқу құралдарын шығаруға 5 кісіден комиссия құрылсын; шет кісіден комиссия өзіне жолдас қосып алуға ерікті болсын. Комиссия ұлт кеңесі қайда болса, сонда тұрсын. Оқу құралдарынан басқа комиссияның істейтін істері:
1) Ұлт мектептеріне программа жасау.
2) Мұғалімдерге қалай оқыту тəртіптерін үйрететін жолбасшы кітаптар жазу.
3) Тəрбие жайынан кітап жазу.
4) Бүкіл қазақ-қырғызға оқу ісін қалай жүргізу туралы жоба шығару.
5) «Қазақ» емлесін тексеріп, түзету.
6) Қазақ-қырғыз тіліне пайдалы кітаптарды тəржіме ету.
Комиссия 1918 жылдың басында іске кіріссін. Комиссия жиналысы мен істейтін істеріне толық программа жасап, мəтбұғат арқылы жария қылсын. Комиссия іске кіріскен күнінен бастап, əрбір жарты жылда мəтбұғат арқылы не істегені туралы халыққа есеп беріп отырсын. Əрбір жазылып, даяр болған кітап тоқтаусыз басылып отырсын. Жазылған кітаптардың неше дана басылатынын һəм оларды бастыру үшін қанша ақша керек болатынын комиссия мөлшерлесін. Кітап басу үшін комиссия керек қылған мөлшердегі ақшаны обласной земстволар тоқтаусыз жинап тапсыруға міндетті болсын, яки бұл ақша халық қазынасынан алынатын болсын. Комиссия ағзаларынан басқа өзге кісілердің жазған оқу кітаптары комиссияның ұнатуымен ғана мектептерде қолданылсын. Шет кісілердің мұндай ұнамды кітаптарын жазушылардың ризалығымен комиссия алып бастырсын. Шет кісілердің кітаптарын комиссия ұнатпаса, не себептен ұнатпағандығын газет жүзінде жария қылсын. Шет кісілердің кітабын комиссия тексергенде мəжіліске жазушының өзі де ағза есебінде болып, кіріссін. Комиссия шығарған кітаптар алғашқы үш жылда неше рет басылса да халық мүлкі болсын. Үш жылдан кейін жазушылардың өз мүлкі болсын.
Комиссия программадағы міндетті қызметтерін бітіргеннен кейін халыққа есеп беріп, тарасын. Тарарда қолындағы кітаптарын һəм қалған ақшасын бүкіл қазақ-қырғыз істерін басқаратын мекеменің көрсеткен орнына тапсырсын.
Комиссияның 1918 жылғы шығыны мынадай: бес ағзаның əр қайсысына айға 800 сомнан, бəріне бір жылға 48 мың сом, жылдық пəтеріне 1800 сом, материал үшін 6000 сом, кеңсе шығыны 2400 сом, барлығы – 58 мың 200 сом.
Автономия мəселесі.
Түркістан автономиясының министрі Мұстафа Шоқайұлы Түркістан автономиясы жайын баяндады. Мұстафаның сөзіне қарағанда Жетісу һəм Сырдария облысының қазақтары Түркістан автономиясына əлі қосылмағандығы байқалды. Түркістан уалаятының өкілдері қазақ-қырғыз баласының басы қосылатын кез осы екенін һəм Алаш автономиясы иғлан етілсе, өздерінің қосылатынын білдірді.
Орынбор қазақ əскерінің үшінші округ өкілі Меншилин сиезді құттықтап, қазіргі бүліншіліктен құтылу үшін Юго-восточный союзға қосылыңдар дейді. Комиссия атынан Халел Ғаббасұлы автономия, милиция һəм ұлт кеңесі туралы доклад қылды. Автономия туралы Халел докладын тексеріп, октябрь аяғында Уақытша Хүкімет түскенін, Россия мемлекетінде халыққа сенімді һəм беделді хүкіметтің жоқтығын, хəкімшілік жоқ болған соң, халық арасы бұзылып, пышақтасып кететіндігі, бассыздық күшейіп, бүкіл мемлекет бүліншілікке ұшырап, күннен-күнге халықтың күйі нашарлауын һəм бұл бүліншілік біздің қазаққырғыздың басына да келу ықтималын ойлап, бүкіл қазақ-қырғызды билейтін хүкімет керектігін ескеріп, сиез бірауыздан қаулы қылды:
I Бөкей елі, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары, Фергана, Самарқант облыстарындағы һəм Амудария бөліміндегі қазақ үйездері, Закаспий облысындағы һəм Алтай гүбірнесіндегі іргелес болыстардың жері бірыңғай, іргелі халқы қазақ-қырғыз, қаны, тұрмысы, тілі бір болғандықтан өз алдына ұлттық жерлі автономия құруға.
II Қазақ-қырғыз автономиясы Алаш деп аталсын.
III Алаш автономиясының жері – үстіндегі түгі, суы, астындағы кені алаш мүлкі болсын.
IV Алаш автономиясының низамын бүкіл Россиялық учредительное собрание бекітеді.
V Қазақ-қырғыз арасында тұрған аз халықтардың құқықтары теңгеріледі. Алаш автономиясына кірген ұлттардың бəрі бүкіл мекемелерде санына қарай орын алады. Алаш автономиясының қоластында жерсіз халықтар болса, оларға ұлт һəм мəдени автономия беріледі.
VI Алаш облыстарын қазіргі бүліншіліктен қорғау мақсатымен уақытша Ұлт кеңесін құруға, мұның аты Алашорда болсын. Алашорданың ағзасы 25 болып, 10 орын қазақ-қырғыз арасындағы басқа халықтарға қалдырылды. Алашорданың уақытша тұратын орны Семей қаласы. Алашорда бүгіннен бастап қазақ-қырғыз халқының билігін өз қолына алады.
VII Алашорда халық милициясын құруға ыһтиһадпен кірісуге міндетті.
VIII Алашорда тез уақытта Алаш автономиясының учредительное собраниесін (құрылтай) шақыруға міндетті болсын. Алаш құрылтайының сайлау тəртібі жалпы Россиялық құрылтай сайлауы ретінше болсын.
IX Алашордаға сиез тапсырады: 1) ұлт қазынасына қарыз ақша алуға; 2) өзге автономиялы көрші халықтармен одақтасу жайын сөйлесуге.
Бірақ мұның шарттарын бекітуші алаш құрылтайы.
X Ұлт құрылтайына Алашорда автономия низамының жобасын даярлап кіргізеді.
Автономияны қашан иғлан ету тақырыпты сиез екі пікірге айырылды. Бірсыпыра өкілдер автономияны қазір иғлан етелік дейді. Екінші жағы автономияны ресми иғлан етуді Алашордаға тапсыралық. Əуелі милициямызды құрып алалық, Түркістан қазағымен сөйлеселік һəм арамыздағы жат жұрттармен келіселік, мұнымыз саяси əдіс болар дейді.
Бұл мəселені шешу үшін өкілдердің аттары аталып, тас салынды. Алаш автономиясы күні бүгін ресми иғлан етілсін деп тас салғандар:
1. Ғабдолғазиз Мосы,
2. Ғабдалхамит Жүндібайұлы,
3. Ғабдолғазиз Үлкешұлы,
4. Ғабдалрахман Мəрзиұлы,
5. Сейітхан Əжікерейұлы,
6. Ибраһим Мөлкешұлы,
7. Айжан Көшекұлы,
8. Мəуби Жұмалы,
9. Ғұбайдолла Мұқашұлы,
10. Мəуленқұл Байзақұлы,
11. Серіқұл Алдабергенұлы,
12. Имамберді Ержігітұлы,
13. Дəулетжар Айсарыұлы,
14. Нұрмұхаммед Кəлменұлы,
15. Аспандияр Кенжеұлы,
16. Ғұбайдолла Досжанұлы,
17. Керей Есенқұлұлы,
18. Тағыберген Жамашұлы,
19. Хасен Нұрмұхаммедұлы,
20. Нұрғали Ипмағамбетұлы,
21. Дəулетшаһ Көсеуғали,
22. Сағынай Елшіұлы,
23. Намазбай Шəуменұлы,
24. Жанқожа Мергенұлы,
25. Уəлитхан Танашев,
26. Ахметкерей Қосуақұлы,
27. Халел Досмұхаммедұлы,
28. Ғұбайдолла Əлібекұлы,
29. Ғұмар Қарашұлы,
30. Ғұбайдолла Ешмұхаммедұлы,
31. Жиһаншаһ Досмұхаммедұлы,
32. Бақыткерей Құлманұлы,
33. Сағындық Досжанұлы.
Автономияны ресми иғлан етуді арамыздағы жат жұрттармен сөйлескенше һəм милициямызды құрып алғанша тоқтата тұруды лайық көріп тас салғандар:
1. Нүсіпбек Жақыпбайұлы,
2. Хайредин Болғанбайұлы,
3. Қошмұхаммед Кемеңгерұлы,
4. Мəрзи Нұрсейітұлы,
5. Ахметолла Барлыбайұлы,
6. Қабыш Бердалыұлы,
7. Халел Fаббасұлы,
8. Əлімхан Ермекұлы,
9. Тұрағұл Ибраһимұлы,
10. Жүміке Оразалыұлы,
11. Сағадат Шаһмарданұлы,
12. Есеп Ақжолұлы,
13. Нəжип Хамитұлы,
14. Сатылған Сабатайұлы,
15. Иса Тергеусізұлы,
16. Мəнке Смайылұлы,
17. Жарылқасын Отарбайұлы,
18. Өмірəлі Айдабосынұлы,
19. Құл Бəуенұлы,
20. Камалалдин Ғұбайдоллаұлы,
21. Есет Жанбайұлы,
22. Сейітжан Жақанұлы,
23. Мағжан Жұмабайұлы,
24. Балға Көрлеуітұлы,
25. Иса Малдыбайұлы,
26. Жəнібек Исаұлы,
27. Жаналы Мырзалыұлы,
28. Əбубəкір Алдиярұлы,
29. Хасен Бикентайұлы,
30. Кəрім Бəтішұлы,
31. Сатанғазы Ысқақұлы,
32. Ғұмар Алмасұлы,
33. Сейдəзім Кəдірбайұлы,
34. Ілияс Жанқараұлы,
35. Отарбай Қондыбайұлы,
36. Салих Қарпықұлы,
37. Ишанғали Арабайұлы,
38. Маһди Мақұлұлы,
39. Міржақып Дулатұлы,
40. Елдес Омарұлы,
41. Ахмет Байтұрсынұлы,
42. Əлихан Бөкейхан.
Екі жаққа да тас салудан тартынғандар:
1. Ахмет Шегірұлы,
2. Мұстафа Шоқайұлы һəм,
3. Əзімхан Кенесарин.
Азшылықта қалған өкілдер көпшіліктің қабыл еткен қаулысына көнбей, автономияны қазір ресми иғлан ет дейді. Егер қазір иғлан етілмесе, біз Түркістан автономиясына қосыламыз дейді. Сонан кейін сиезде алаш баласының бытырамауын абзал көріп, қазір бытыраса, түбінде қосыла алуы қиын болатынын ойлап, бірауыздан мынадай қаулы қылды:
1. Бір айдың ішінде Алашорда Түркістан қазағын бүкіл алашқа қосып алады. Қосып алса да, алмаса да бір айдан кейін халыққа білдіреді.
2. Бір айда Түркістан қазағын алашқа қосып ала алмаса, өз алдына автономия ресми иғлан етуге ерікті.
3. Егер бір айдан кейін алаш баласы қосылмаса һəм қалған алашқа автономия иғлан етілмесе, əркім өз күнін өзі көреді.
4. Егер Түркістан қазағы бір айда бізге қосылса, автономияны қашан иғлан ету ықтияры Алашордаға берілсін.
Милиция мəселесі.
Бұл мəселе хақындағы докладты тексеріп қарап, һəм осы күні мемлекет ішінде бассыздық, талан-тараж, қырылыс, талас болып жатқанын ескеріп, қазақ-қырғызды мұндай бүліншіліктен қорғау үшін сиез төмендегі қаулыны қабыл етті: ешбір тоқтаусыз милиция түзуге кірісу тиіс. Милиция түзудің уақытша тəртібі мынадай:
1. Милиция қызметіне алынады жасы 20 мен 35 арасындағы қызметке жарайтын азаматтар.
2. Милицияға азаматтар ақымен жалданып алынады. Егер жалдатушы шықпаса, талонмен алынады.
3. Милиция қызметіне алынған азаматтарға ақымен болсын, талонмен болсын ұлт қазынасынан тиісті жалованье беріледі. Онан соң ол жалованьенің шамасын əр жердегі милицияны түзеуші халық ұйымдары ретіне қарай өздері белгілейді.
4. Əрбір облысқа белгіленген милицияның санын үйез-үйезге ыдырату – сол облыстардағы обласной ұйымдардың міндетінде. Əрбір үйезге түскен милицияның санын болыс һəм ауылнай басына ыдырату – үйездегі ұйымдардың міндетінде.
5. Əрбір үйезге түскен милицияның санын толтырып түзеу үйез қауымдарының міндетінде.
6. Талонмен милицияға алынған азаматтар өз орнына басқа біреуді жалдап жіберуге ерікті. Бірақ жалдаған адамның жасы 20 мен 35-тің арасында болу шарт.
7. Талонға бір үйден бірнеше кісі алынса, милиция қызметіне олардың біреуі ғана алынады. Милицияға талонмен алынған адамдарға толық үй шаруасына қарай, басқа себептермен мəулет беру жергілікті ұйымдардың міндетінде.
8. Алғашқы кезде һəм əрбір ауылнай өзінен милицияға алынған азаматтарға ат-тұрман, киім-кешек түзеп беруге міндетті.
9. Милицияға керек болған қару-жарақты Алашорда ұлт қазынасы есебіне салып алып, тиісті орындарға таратады.
10. Милиция қызметін үйрету үшін 100 милиционерге бір офицер, 50 милиционерге бір инструктор шақырылады.
11. Бөкейлік, Орал, Торғай, Ақмола, Семей һəм Жетісу облыстарында милиция саны 13500 болуға тиіс. Əрбір облыста бұлардың саны мынадай болуға тиіс:
Бөкейлікте 1000
Оралда 2000
Торғайда 3000
Ақмолада 4000
Семейде 1500
Жетісуда 2000
1. Милиция түзуге мынадай шығын керек: Қару-жарақ сатып алу үшін 80100, 000 сом, милиционердің бір жылғы жалованьесі, өзінің тамағы, пəтері, атының жемі – 33 миллион 2100 сом. Офицерлердің жалованьесі 324000 сом, инструкторлардың жалованьесі 982000 сом, милицияны басқарып тұратын мекемелердің расходы 180000 сом, офицерлік өнерін үйрететін азаматтар расходы 100000 сом. Барлығы – 42 миллион 886 мың сом. Бұған оқу комиссиясы мен Алашорданың өз һəм бөгде шығынын қосқанда жоғарыдағымен барлығы 44 миллион сом.
Осы айтылған 44 миллион сом əрбір облысқа халқының санына қарай бұлайша бөлінеді:
Бөкейлікке 3, 542, 050
Оралға 7, 556, 000
Торғайға 6, 601, 500
Ақмолаға 6, 705, 000
Семейге 9, 729, 500
Жетісуға 9, 867, 50
Бұл айтылған сомалар əрбір үйезге һəм болыстарға халқының санына қарай бөлінеді. Əр болысқа түскен ақша байға байша, жарлыға жарлыша бөлінеді. Алашордаға сайланғандарға сиез кісі басына 800 сом айлық жалованье кесті.
Алашорданың пəтер, мекеме, жүріс-тұрыс һəм басқа расходтарын белгілеу Алашорданың өз міндетінде. Алашордаға сайланды:
1. Бөкейліктен Уəлитхан Танашев,
2. Оралдан Халел Досмұхаммедов,
3. Ақмоладан Айдархан Тұрлыбаев,
4. Торғайдан Ахмет Бірімжанов,
5. Семейден Халел Ғаббасов,
6. Жетісудан Садық Аманжолов,
7. Сырдариядан Мұстафа Шоқаев,
Облыстан тысқары:
1. Əлихан Бөкейхан,
2. Жиһаншаһ Досмұхаммедұлы,
3. Əлімхан Ермекұлы,
4. Мұхаметжан Тынышбайұлы,
5. Бақыткерей Құлманұлы,
6. Жақып Ақбайұлы,
7. Базарбай Мəметұлы,
8. Отыншы Əлжанұлы,
Бұларға орынбасарлыққа сайланды:
1. Иса Қашқынбайұлы,
2. Нүсіпбек Жақыпбайұлы,
3. Ережеп Итбайұлы,
4. Сатылған Сабатайұлы,
5. Есенғали Қасаболатұлы,
6. Батыр Қайырниязұлы,
7. Мұқыш Поштайұлы,
8. Сейілбек Жанайдарұлы,
9. Сəлімгерей Нұралыханұлы,
10. Ғұмар Алмасұлы,
11. Сейдəзім Кəдірбайұлы,
12. Асфендияр Кенжеұлы,
13. Штабс капитан Бекшұлы,
14. Есен Тұрмұхаммедұлы,
15. Жəнек Сұлтанайұлы.
Алашорда бастығына Əлихан Бөкейхан, Бақыткерей Құлманов һəм Айдархан Тұрлыбаев тасқа салынды.
Сөйтіп, Алашорданың бастығына Əлихан Бөкейхан сайланды. Оқу комиссиясына сайланды:
1. Ахмет Байтұрсынұлы,
2. Мағжан Жұмабайұлы,
3. Елдес Омарұлы,
4. Биахмет Сəрсенұлы,
5. Телжан Шонанұлы.
Халықтан милиция, оқу комиссиясы һəм Алашорданың расходына жиылатын ақша əзірге ұлт қазынасы болып табылады. Түпкілікті ұлт қазынасын түзеу Алашорданың міндетінде. Азық-түлік мəселесін һəм өкілдердің бұл туралы берген мағлұматын тексеріп, сиез мынадай қаулы қылды:
1. Азық-түлік жұмысын сайланған земстволар ешбір тоқтаусыз өз қолына алады.
2. Алашорда əрбір облыстағы астықтың ұзын санын біліп, астығы жоқ жерге астығы мол облыстардан астық алып беруге міндеткер.
3. Қазақ-қырғызға сатып алынған астықты, азық-түлік комитеттері тоқтатпас үшін Алашорда қам қылады. Алаш автономиясы жақын арада иғлан етілетін болған соң, програмда көрсетілген мүфтилік, народный сот, ауылный управление мəселелері сиезде қаралмай кейінге қалды.
Уақытша автономия иғлан етіліп, алаш құрылтайы жиылғанша қазақ-қырғыз Орынбор мүфтилігі қарауында болады. Болашақ алаш құрылтайына Орынбор мүфтилігіне сайланған қазақ қазилары қазаққырғыз мекеме шарһиясын құру хақында жоба кіргізуге міндеткер. Ел ішіндегі народный сот ешбір іс бітіре алмайды һəм халыққа сенімді емес. Ел ішінде ұрлық күннен күнге күшейіп бара жатыр. Соның үшін ұрлықты тиятын уақытша сот құру һəм бұл соттың тəртібін түзеу Алашорданың міндетінде.
Сиез жабылды 13 декабрьде 1917 жылда.
«Қазақ»