ЕУРОПА

ЕУРОПА76
Мосхтың «Жан рақаты» поэмасы бойынша баяндалған.

Финикияның бай қаласы Сидонның патшасы Агенордың үш ұлы мен мәңгi жасайтын әйел құдайлар сияқты сұлу қызы болды. Жас сұлудың аты Еуропа едi. Бiрде Агенордың қызы ұйықтап жатып түс көрдi. Ол Азияның және Азиядан теңiзбен бөлiнген құрылықтың екi әйел түрiнде осы құрылық үшiн күресiп жатқанын көрдi. Екi әйелдiң әрқайсысы да Еуропаға ие болғысы келдi. Азия жеңiлiп қалды, сөйтiп Еуропаны тәрбиелеп, асырап күткен бұл әйелдiң оны басқа бiреуге беруiне тура келдi. Еуропа қорқыныштан оянып кеттi, ол бұл түстiң мәнiсiне түсiне алмады. Агенордың жас қызы бақытсыздыққа душар ете көрме деп құдайларға кiшiлiкпен бас ұра жалбарынып, дұға оқумен болды. Содан соң алтын жiптен тоқылған жарқырауық киiмдерiн киiнiп, құрбыларымен бiрге теңiз жағалауына, гүл атқан шалғынға келдi. Сонда ойын-сауық құра жүрiп, Сидон қыздары хош иiстi аппақ қардай нарцисс, алабажақ жылан қияқ, сүттiген мен лала гүлдерiн жинады. Ал Агенордың қызы болса, хариталар қоршаған Афродита тәрiздi құрбыларының арасында сұлулығымен елден ерек жалт-жұлт етiп, өзiнiң шағын ғана алтын себетiне тек алқызыл раушан гүлдерiн ғана жинаумен болды. Гүл жинап болған соң, қыздар алқа-қотан қол ұстасып, шат күлкiмен көңiлдi ойынға кiрiстi. Олардың дауыстары көгiлдiр теңiз суының баяу, ерке сыбдырын басып, гүл жапқан шалғын мен теңiздi бойлап алысқа естiлiп жатты.
Бiрақ сұлу Еуропаның қайғы-мұңсыз өмiрмен ұзақ рақаттануына тура келген жоқ. Кронның ұлы, құдiреттi бұлт айдаушы Зевс оны көрiп қалды да, ұрлап әкетудi ұйғарды. Жас Еуропаны өзi тосыннан көрiнiп шошытып алмау үшiн ол ғажайып бұқа бейнесiне ендi. Бұқаға айналған Зевстiң бүкiл жүнi алтындай жалтырады, тек маңдайында ғана ай сәулесiндей жарқылдаған ақтаңдақ бар едiө ал бұқаның алтын мүйiздерi күн батар кезде тұңғыш рет қызғылт қошқыл тартып көрiнетiн иiлiп жаңа туған ай тәрiздi болатын. Ғажайып бұқа алқапта пайда болды да, аяғы шөпке тиер-тимес боп, жеп-жеңiл сызып қыздардың қасына келдi. Сидон қыздары одан қорыққан жоқ, ғажайып жануарды қоршап алып, алақандарымен сипап, еркелеттi. Бұқа Еуропаға келiп, қолын жалап, еркелегендей болды. Бұқаның демiнен мәңгiлiк жүзiмнiң жұпар иiсi шығып тұрды, бүкiл ауа осы хош иiске толып кеттi. Еуропа өзiнiң нәзiк қолдарымен бұқаның алтын жүнiн сипалап, басын аймалап, сүюмен болды. Бұқа сұлу қыздың алдына жата қалды да, оған менiң арқама отыр дегендей болды.
Еуропа күлдi де, бұқаның жон арқасына отырды. Басқа қыздар да онымен қатар отырмақ едi. Кенет бұқа орнынан атып тұрып, теңiзге қарай құйғыта жөнелдi. Сидон қыздары қорқыныштан қатты айқайлап жiбердi. Ал Еуропа болса, оларға қолың созып, көмектесулерiн өтiндi, бiрақ олар жәрдемдесе алмады. Алтын мүйiздi бұқа желдей жүйткiп келе жатты. Ол теңiзге қойып кеттi де, көгiлдiр айдынмен дельфин тәрiздi тез жүзе жөнелдi. Ал теңiз толқындары жол берiп, оның шашыраған тамшылары бұқаның жүнiн тiптi дымқылдатпастан iнжу құсап сусып түсiп жатты. Теңiз тұңғиығынан әсем нереидалар су бетiне жүзiп шықтыө олар бұқаны айнала қоршап алды да, соңынан жүзiп келе жатты. Теңiз тәңiрiлерi қоршап алған теңiз құдайы Посейдонның өзi күймесiне отырып, алда жүзiп бара жатты, ол үш ашалы аса таяғымен толқындарды тыныштандырып қояды. Бұқаның арқасында Еуропа қорқыныштан дiрiлдеп отыр. Ол бiр қолымен бұқаның алтын мүйiзiнен ұстап, екiншi қолымен теңiз толқындары сулап тастамасын дегендей өзiнiң жарқырауық көйлегiнiң етегiн көтерiп қояды. Бiрақ босқа қорқып отыр: теңiз жайымен ғана шуылдап тербелiп жатыр, тұзды тамшылар қызға жетер емес. Теңiз желi Еуропаның бұйра шашын еркелете сипалап, жеңiл жамылғысын желпiп қана қояды. Жағалау барған сайын алыстап барады, мiне, жол көгiлдiр сағымнан көрiнбей де кеттi. Айналада тек теңiз бен көгiлдiр аспан ғана. Көп ұзамай теңiз көк жиегiнен Крит жағалауы көрiндi. Зевс өзiнiң арқалап алған асыл қазынасымен оған тез жүзiп жеттi де, жағаға шықты. Еуропа Зевстiң әйелi болды, ол сол кезден бастап Критте тұрып қалды. Зевстен ол: Минос, Радамант және Сарпедон атты үш ұл туды. Найзағай құдайы Зевстiң құдiреттi әрi кемеңгер ұлдарының даңқы бүкiл әлемге тарады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *