«Дін» үйреткенге

«Дін» үйреткенге
Қарманбай қарап жатып бақ күтуге,
Ізденбай аласұрып тақ күтуге.
Тағдырда, бір тақтайда жазулы деп,
Əр іске кім үйретті шақ күтуге?
Шарқ ұрып ерікке ұмтылған ұшқыр жанды,
Қайнаған тамырдағы ыстық Қанды,
Тұтқын қып кім қамады, кім суытты?
Кім алды қалың қайрат, күшті өлді?
Кешегі арыстанды айбыны зор,
Жүректі жолбарысты қайраты мол,
Айырып ар-намыстан, күштен, істен,
Қылды шала жансар бір қорқақ құл?
Ақылға, жан-жүрекке кісен салды,
Көрмейтін көзді қор қып артты алды.
Үйретіп дін деп құлдық, қорқақтықты.
Қай… бізге молла бола қалды?
Ойламай қорқақ құлдың тіліне еріп,
Жай жатып тəуекелге тізгін беріп,
Мінекей айырылдың қой бақтан, тоқтан,
Қайтейін, əсіресе есіл ерік.
Жоқ енді жату болмас бос еңбексіз,
Жалбарынып жатасың деп жас төкпеспіз.
Өзің де, сөзің де кет бізден аулақ,
Жаны өлген, жүрегі өлген мұндар кексіз.
Біз жаңа көрдік таңның желі ескенін,
Салқынмен сескендірмек боп ескенін.
Салдырлап су, сыбдырлап жапырақтар,
Есің жи енді, алаш, тұр дескенін.
Міне күн, сəулесі алтын жерді құшты,
Жарыққа қуанысып құстар ұшты.
Ізгі оймен ерік тілеп, жарық тілеп.
Ұшамыз біз де жиып есті, күшті.
Мағжан

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *