Ішкі хабарлар
Дін бостандығы
Ішкі іс министрінің «мемлекет негізі өзгеріп, жаңарғанда əр адам өз пікірін сөйлеп, жүрегі сенген жолға түсуге ерікті болсын» деп жасаған закон жобасын уақытша хүкімет 14-ші июльде қарастырып бекітті һəм дін туралы жасалған ескі закондарды толықтырып, өзгертіп, қалдырып, мына қаулыларды жасады:
1. Россия мемлекетінің əрбір адамы дін жолында нағыз қағусыз бос болсын. Адамдық һəм азаматтық хұқықтарымен пайдалану қай дінде екендігінен болмасын. Қай дінде де, не пікірде де болса да ешкім кемшілік, қысымшылық көрмесін.
2. 9-жасқа толмаған балалардың қай дінде болуын əке-шешесі айырсын. Баласы қай дінде болуға таласса, бала əкесінің дінінде болсын. Əкешешесі айырылып кеткенде бала кімнің қолында қалса, соның дінінде болсын.
3. 9-жасқа толмаған баланың əке-шешесі өліп қалса, яки кім екендігі білінбесе һəм баланың қай дінде екені табылмаса, асырап бауырына басқан адамдардың яки қамқорлардың дініне кірсін.
4. 17-жасқа келгендер бір діннен екінші дінге шықпақшы болса, яки ешбір дінді сүймеуші болса, хəкімнен рұқсат сұрамай-ақ, арыз бермейақ қойсын. Ұстаған діннің салатын міндеттерін атқармауды жеріндегі судьяға ауызша яки жазуша мəлім қылып тоқтасын.
5. Əке-шешесі бір діннен екінші дінге ауғанда 9 жасқа толмаған болса, о да сол дінге аусын һəм əке-шешесінің қай тірі тұрғанының дінін тұтсын. Егерде əке-шешесінің бірі басқа дінге шықса һəм келіспесе 9 жасқа толмаған бала бұрынғы дінінде қалсын.
6. 9-жастан асқан бала еріксіз екінші дінге шығарылмасын.
7. Ешбір дінді керек қылмайтын адамдар кім екенін айыратын қағаз 17-ші октябрьде 1906 жылғы жарлықтың 2-ші бөлімінде көрсетілген жолымен алсын.
Мұсылмандар, ынтымақтан айырылмаңыздар!
Шаһар думасының жұртқа керектігі, оның істейтін істері һəм думаға кісі сайлау туралы күн бұрын мұсылмандардың бірге ақылдасып ынтымақпен іс қылуы тиісті екені 5-ші нөмер «Сарыарқада» жазылған еді.
2-ші айт күні Семейдің барлық мұсылмандары 6-ші мешітте де кеңесіп сайлау жабдығын басқаруға һəм халыққа пайда келтіретін адамдарды дума ағзасының списогіне кіргізуге 10 кісі комиссия сайлаған еді. Сол комиссия көпке, əсіресе, мұсылмандарға кешегі таршылық заманда шын көңілімен қызмет қылып, қорғаушы болған адамдарды салыстырып, салмақтап список жасады. Бұл списокті көптің алдына салғанды олар да ұнатты. Енді сол списоктегі адамдарды 6-шы август күні сайлап, шардан өткізу қалды.
Жүрегінде иманы, тамырында ата-бабасының адал қаны бар əр мұсылман ынтымақтан шықпас деп сенеміз. Семей мұсылмандарының əзірге арнаулы партиясы жоқ. Орыс партиясының қайсысы болса да мұсылмандардың мақсұтына дəл келмейді.
Шаһар халқының мектеп-медіресесі, діни жұмыстары, қысқасы, халықтың бақыт тізгіні думаға сайланған кісілердің қолына тапсырылмақ. 6-шы август болғанша қапы қалмай, 20 жасқа толған əйел-еркек сайлау қағаздарын алып, мұсылман дауысын көбейту тиіс. Бала-шағасының қамын ойлап, қарғысына қалмайын деген мұсылман бұл сайлауға салақтық қылмас.
Мұсылмандар жағынан ынтымақпен көрсетілген 1-ші списоктегі адамдарды шардан оздырмай қоймас.
Мұстақым
Дін мəселесі
Ақмола, Жетісу, Семей, Орал, Торғай, Закаспий (Маңғышлақ үйезі) облыстары уақытша Орынбор мүфтилігіне қосылсын. Духовный собраниеге қандай мəселелерді беру тиістігін жалпы қазақ сотының комиссиясы айырсын. Духовный собраниеде қазақ бөлімі болсын. Қазаққа қатыс барша жұмыс мүфти алдында қазақ бөлімінде қаралсын. Ортақ мəселелерді мүфти алдында қазақ пен ноғай қазилары қосылып қарасын. Маңғышлақтан басқа əр облыстан бір қазидан сайлансын. Қазақ бөліміндегі жұмыстар таза қазақ тілінде жүрілсін. Қазақ бөлімінде 5 қази, 1 секретарь болсын. Бұлардың əр қайсысы жылына 4800 сом ақы алсын. Кеңсе расходына 10 мың сом берілсін. Əр облыстан жылына қазиға 4800 сом, секретарьға 1 мың сом, кеңсеге 2 мың сом, барлығы 7 мың сом жиылып берілсін. Секретарьды қазақ қазиларының жалпы жиылысы сайласын. Қазидан төменгі рухани адамдар тұрған жерінен ақы алсын. Ақы мөлшерін жергілікті обласной сиездер кессін. Дін туралы жалпы қазақ сиезінің жасаған қаулысын обласной комитеттер орындасын.
Мұғалім-молла сиезінің пəтуасы
Біздің қазақты ел есебіне қосып, адам ретіне санатпай, басқа атаның ұлына құл есебінде қалдырған кім ғылымсыздық, өнерсіздік. Əуелі, Алланы сипаттағанда ғылым деген сипатпен сипаттаймыз. Бұл ғылым барша камалат, толықтықтың басшысы екеніне дəлел.
Екінші, пайғамбар ғалайһсаламның хадисында айтады: «Ғылымды туғаннан өлгенше ізде, ғылымды кəпірдің кəпірі қытай халқында көрсең де ал», «Адамның ең жақсысы ғалым» деп.
Үшінші, бүгінгі дүниеден ғибраттанып қарасақ, дүниеге патша боп барша ғаламды таңырқатып тұрған ел де, адам да ғалым. Артта қалып құл есебінде қорлықта мысал боп жүрген ел де, адам да надан. Бұл дүниеде ғылымсыз ел ел болып жүре алмайды.
Енді біздің қазақ ел болайын, сағымша жоғалмайын деп үміт, тілеу қылса, мал түгіл, жаңды жолынан аямау керек.
Ғылымның бірінші мақсат екеніне ешкім дау қылмас. Бірақ жалпақ ел болып, оқуға жабдығы қалай табылмақ? Сол жағын қарастырып, біз Павлодар үйезінің молла-мұғалім сиезінде алғашқы халыққа пайдасыз орындарда тарап жүрген зекет, құсыр, пітір, нəзір, кіфарат, өсиет һəм федия сияқты уəжіп-садақаларды мектеп-медіресе сықылды ғылым жолына ұстамақтың шариғатта дұрыс екеніне бердік.
Бұл айтылмыш садақалардың шариғатта арналған орны екі түрлі: бірінші, күн көріп еңбек етуге жарамайтын кем-кетікке беру; екінші, жалпы жұрт пайдасы табыларлық орынға жарату.
Енді əуелі дін, екінші күн ғылымсыз болмайтынына илансаңыздар, мына Алланың уəжіп қылған садақаларын мағынасыз орындарға жоғалтпай, əр ел осы садақаларды реттеп жиятын кісі сайлап, бір жерге жиып, ғылым қазынасы қылып, ғылым жабдығына жарату тиіс. Мұның жөні 8-ші нөмер «Сарыарқада» басылды, сонан қаралсын.
Қол қоюшы атақты молла-мұғалімдер:
Мұхаммед қажы Дүржанбайұлы, Ахметжан хазірет пен молла Қожан,
Мешітбай қажы Кенжекейұлы, Хабиболла Лекерұлы, Нығметолла Күзенбаев, Ғұмархан қажы Күзенбайұлы, Ғабдалрахман Сұлтанұлы, Сəдуақас Сатыбалдыұлы һəм басқалар.
Қамсыз ел
Өткен 8-ші августе Өскемен үйезі Нарын өлкесінде инструктор шығып, жан қисабынша сайлайсыңдар деп бұйрық беріп, 4 поселке казак, 6 мұжық қаласы, 5 болыс қазақ бір районға бірігіп, районный жер комитетіне һəм районный продовольственный комитетке делегат сайлады. Он қала орыстан, 5 болыс қазақтан делегат болды. Адам санына қарай болса, орыстан қазақ 5 есе көп еді, қисабына қарай сыбаға ала алмады. Жоғарғы алтыдан қорынып, жер комитетіне бір қазақ, продовольственный комитетке бір қазақ əрең кірді. Дауысы аз сөзде дауа жоқ екені жұртқа мəлім. Бұл екі комитет алтай елінің тіршілігінің жан комитеті десе болар. Жер туралы ата қонысынан айырылып, малдың өсімі жебір майына таусылып, қалған басы расходына ұсталып, жылдан жылға құрып бара жатқан ел осы. Азық-түлік комитеті туралы айтып та керек емес. Мына құдайдың ғадалат күні туған заманда теңдікке жетіп, ата қонысына енісіп, еңбек етіп қалалық деген бір адам жоқ. Болысной комитетте кім жеңіпті, кім болыпты деп көзі ежірейіп, құлағы ербейіп, жер-су түгіл, иманды, жиғанды ұмытып жүрген бір ел. Əттең, ата қоныс малдың қыдыры алтыбай өзгемен ісі жоқ, өзетіңде өзді-өзімен жауласып, жақ-жақ боп, қырқысып жатқандардан денең жиіркеніп, тітіреп, сілкініп, үстіне құлап кетер ме едің!
А. Ж.