ДИОНИСТIҢ ДҮНИЕГЕ КЕЛУI ЖӘНЕ ТӘРБИЕСI

ДИОНИСТIҢ ДҮНИЕГЕ КЕЛУI ЖӘНЕ ТӘРБИЕСI
Найзағай құдайы Зевс Фиван патшасы Кадмның қызы сұлу Семеланы сүйетiн едi. Бiрде ол Семеланың кез келген бiр өтiнiшiн орындауға уәде еттi, бұл үшiн құдайлардың бұзылмайтын антымен, жер астындағы Стикс өзенiнiң киелi суымен серт бердi. Алайда әйел құдай Гера Семеланы жек көрiп, мерт еткiсi келдi. Семелаға ол былай дедi:
– Сен найзағай құдайы, Олимп патшасы Зевстiң бүкiл сән-салтанатымен өзi келуiн сұра. Егер ол сенi шын сүйсе, бұл өтiнiшiңдi орындаудан бас тартпайды.
Гера Семелены осылай азғырды да, Семела Зевстiң нақ осы өтiнiштi орындауын өтiндi. Зевс бұл өтiнiштi орындаудан бас тарта алмады. Найзағай құдайы оған өзiнiң бүкiл абырой-беделi мен атақ-даңқын паш етiп, сән-салтанатымен келдi. Зевс қолында көз қаритын найзағай жарқыл қақты. Айналадағының бәрi Зевс найзағайынан лап ете түстi. От жалыны сарайды шарпып, Семела етпетiнен құлап түстi, жалын оның өн бойын орап алды. Ол өзiнiң құтылар жолы жоқ екенiн, Гера үйреткен өтiнiштiң ақыры өкiнiшке айналып, өз түбiне жеткенiн көрдi.
Сөйтiп, өлiп бара жатқан Семеладан ұлы Дионис туды, ол әлжуаз, өмiр сүруге қабiлетсiз бала едi. Тағдыр оған да от-жалында өлуге жазған сияқты болып көрiндi.
Бiрақ Зевстiң ұлы өлуi мүмкiн бе едi? Сиқырлы таяқ өмiр бергендей, жан-жақтан қалың жасыл шырмауық өсiп шықты. Ол өзiнiң жасыл желегi мен бақытсыз баланы оттан қалқалап, өлiмнен аман сақтап қалды.
Зевс құтқарылған ұлын қолына алды, ал ол әрi кiшкентай әрi әлсiз болғандықтан, баланы өзiнiң белiне таңып алды. Дионис Зевстiң денесiнде ширап, нығайған соң, найзағай құдайының белiнен екiншi рет дүниеге келдi. Сол кезде Зевс Герместi шақырып алып, оған кiшкентай Дионистi Семеланың апасы Иноға және оның ерi Орхомен49 патшасы Атамантқа апарып беруге әмiр еттi. Дионистi солар тәрбиелеуге тиiс едi.
Әйел құдай Гера өзi жек көретiн Семеланың ұлын тәрбиелеуге алғаны үшiн Ино мен Атамантқа қатты ашуланды да, оларды жазалауға бел буды. Ол Атамантты жындандырып жiбердi. Қояншығы ұстаған Атамант өз ұлы Леархты өлтiрiп тастады. Ино өзiнiң екiншi ұлы Меликертпен бiрге ажалдан әрең деп қашып құтылды. Ерi оның соңынан қуа жөнелдi, тiптi өкшелеп жетiп те қалды. Алда тiк жар, құлама жағалау, төменде буырқанған теңiз, арт жағында есуас ерi өкшелеп келе жатыр. Иноның құтылар жолы қалмады. Шарасы қалмаған Ино ұлымен бiрге жағалаудағы жартастан теңiзге қойып кеттi. Теңiзде Ино мен Меликерттi нереидалар қарсы алды. Дионистiң тәрбиешiсi мен оның ұлы теңiз тәңiрiлерiне айналдырылды, сөйтiп, олар сол кезден берi теңiз тұңғиығында тұрады.
Ал Дионистi жынданған Атаманттан Гермес құтқарды. Ол оны қас қағымда Нисей ойпатына жеткiздi де, хор қыздарының тәрбиесiне бердi.
Дионис адамдарға күш пен қуаныш, жерге құнарлылық беретiн сұлу, құдiреттi құдай болып өстi. Дионистi тәрбиелеп өсiрген хор қыздарын Зевс аспанға алды, сөйтiп олар қараңғы түнде басқа шоқ жұлдыздардың арасында Гиадалар50 деген атпен жарқырап тұрады.

ДИОНИС ПЕН ОНЫҢ Н8КЕРЛЕРI
Жасыл желектi менадалар мен сатирлердiң көңiлдi тобымен бiрге Дионис бүкiл жарық дүниенi аралап, елден елге өтiп жүредi. Жүзiмнен шiр тағып қолында шырмауық желегiмен безендiрiлген таяғы бар ол алда келе жатады. Жас менадалар ән салып, улап-шулап оны шыр көбелек айналып, ұйтқи билеп жүредi, шараптан мас болған, құйрығы мен ешкiаяғы бар ебедейсiз сатирлер секiрiп келедi. Шерудiң соңынан Дионистiң ақылды ұстазы Силен қартты есекке отырғызып әкеле жатады. Қатты мас ол, есектiң үстiнде жанындағы шарап толы торсыққа сүйенiп әрең отырады. Шырмауықтан өрiлген шiр оның қасқа басынан бiр жағына қарай қисайып түсiп кеткен. Ол есектiң үстiнде шайқалақтап келе жатып, жан-жағына күлiмдей көз тастайды. Жас сатирлер ақырын келе жатқан есектiң қасында жүрiп, құлап қалмауы үшiн шалды абайлап ұстап келе жатады. Сырнайлардың, сыбызғылардың, тимпандардың дабылды үнiмен шулы шеру тау баурайларында, саялы ормандар iшiнде, көк орай шалғынды жерде көңiлдi думан құрады. Дионис – Вакх бәрiн де өз билiгiне бағындыра отырып, жер үстiнде шат-шадыман шалқып жүрiп жатады. Ол адамдарға жүзiм өсiрудi және оның пiскен ауыр жемiстерiнен шарап жасауды үйретедi.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *