ДЕВКАЛИОН МЕН ПИРРА56
Мыс ғасырының адамдары көптеген қылмыс жасады. Тәкәббар әрi арам пиғылды, олар олимпиялық құдайларға бағынбады. Найзағай құдайы Зевс оларға қатты ашуланды. Ал Зевстi әсiресе қатты ызаландырған Аркадиядағы57 Ликосура патшасы Ликаон болды. Бiрде Зевс жай қарапайым адамның кейпiне кiрiп, Ликосураға келдi. Тұрғындар өзiнiң құдай екенiн бiлуi үшiн Зевс белгi берген, тұрғындардың бәрi де өзiнiң алдында етпетiнен жатып, оны құдай ретiнде құрметтедi. Тек жалғыз Ликаон ғана оған құдай ретiнде iзет көрсетпей, Зевстi құрмет тұтқандардың бәрiн жазалаумен болды. Ликаон Зевстiң құдай екенiн сынап көруге ұйғарды. Ол өз сарайындағы аманат ретiнде ұсталып келген адамды өлтiрiп, оның денесiнен пiсiрiлген тағамды ұлы найзағай құдайына ұсынды. Зевс бұған қатты ашуланды. Ол найзағайымен Ликаонның сарайын күл-талқан еттi де, ал оның өзiн қасқырға айналдырып жiбердi.
Адамдар барған сайын арам пиғылды бола түстi, сондықтан Зевс олардың бүкiл ұрпағын құртып жiберудi ойлады. Ол бәрi де суға батып қарық боп кетсiн деп жерге күштi нөсер жаңбыр жiберудi шештi. Зевс барлық желдiң соғуына тыйым салды: тек дымқыл оңтүстiк желi Нот қана аспанда жаңбырдың қара бұлтын айдаумен болды. Жерге нөсер төпеп жауды да кеттi. Теңiздер мен өзендердiң суы барған сайын лықсып жоғары көтерiле бердi. Қабырғалары, үйлерi, сарайларымен бүкiл қалалар су астына кеттi. Бiрте-бiрте су бәрiн де – орман өскен төбелердi де, заңғар тауларды да көрсетпей басып қалды. Бүкiл Грекия буырқанған толқындардың астында топансуға қарық болды. Толқын арасында екi басты Парнастың шыңы ғана состиып жападан-жалғыз көрiнiп тұрды. Бұрын шаруалар егiн егiп, пiскен жемiстi, мәуелеп тұрған желектi жүзiмдiктердiң орнында балықтар жүзiп жүрдi, ал су басып қалған ормандарда дельфиндер ойнақ салды.
Мыс ғасыр адамдары босылайша қаза тапты. Тек екiақ адам – Прометейдiң ұлы Девкалион мен оның әйелi Пирра ғана аман қалды. Прометейдiң ақылы бойынша Девкалион үлкен жәшiк жасап, iшiне азық-түлiк салды да, оған әйелiмен бiрге кiрдi. Девкалионның жәшiгi тоғыз тәулiк бойы бүкiл құрылықты басып кеткен теңiз толқындарында шайқалып жүзiп жүрдi. Ақырында толқындар оны Парнастың екi басты шыңына айдап әкелдi. Зевс жiберген нөсер басылды. Девкалион мен Пирра жәшiктен шықты да, Зевске ризалық бiлдiрiп, құрмандық бердi. Су қайтып, толқынның астынан шөл дала сияқты құлазып қалған жер көрiндi.
Сол кезде Зевс Девкалионға Герместi жiбердi. Құлазып қалған даланың үстiнен тез самғап ұшқан құдайлар хабаршысы Девкалионға жетiп, былай дедi:
– Құдайлар мен адамдар әмiршiсi Зевс сенiң адал ниеттi жан екенiңдi бiлiп, өзiңе сыйлық таңдап алуыңа әмiр бердiө көкейiңдегi тiлегiңдi айт, оны Кронның ұлы орындайды.
Девкалион Гермеске былай деп жауап бердi:
– Оу, ұлы Гермес, мен Зевстен бiр-ақ нәрсенi ғана жалбарынып сұраймын: ол жерге тағы да адамдар мекендетсiншi.
Гермес қайтадан Олимпке құйындай ұшып жеттi де, Зевске Девкалионның өтiнiшiн айтты. Зевс Дивкалион мен Пирраға жерден тас жинап алып, оларды артына бұрылып қарамастан басынан асырып, кейiн қарай лақтыра беруге бұйырды. Девкалион Зевстiң әмiрiн айнытпай орындады. Сөйтiп, ол лақтырған тастардан ерлер, ал оның зайыбы Пирра лақтырған тастардан әйелдер пайда болды. Осылай топан суынан кейiн жердi тастан пайда болған адамдардың жаңа ұрпағы мекендедi.